Тікелей эфир

"Уәде берді" деу қате, біз тек болжаймыз". Синоптик ауа райын болжау тәсілдері мен қиындықтары туралы әңгімеледі

Синоптик "Қазгидромет" мамандарының Еуропа, Үндістан және Қытайдағы шетелдік әріптестерімен онлайн және офлайн режимде тәжірибе алмасатынын айтады.

ГМО, Ұзақ мерзімді болжау басқармасының басшысы Жұлдыз Қылышбекқызы Исабекова қазіргі және көне ауа райын болжау әдіс-тәсілдері, синоптиктер алдында тұрған қиындықтар және шетелдік әріптестермен тәжірибе, білім алмасу туралы әңгімеледі.  

– Қай уақыттан бері синоптик болып жұмыс атқарасыз және бұл салаға келуіңізге не себеп болды?

– Ауа райын болжау басқармаcында 20 жылдан аса қысқа үзілістермен жұмыс істеймін. Еңбек жолымды 1998 жылы Алматы қаласындағы Қазақ қоршаған орта және климаттық мониторинг ғылыми-зерттеу институтында, ұзақ мерзімді ауа райын болжау зертханасында бастадым. 2001-2009 жылдар аралығында Қазгидрометте, ұзақ мерзімді ауа райын болжау бсқармасында синоптик қызметін атқардым. 2011 жылдан бастап 7 жыл бойы Астана қаласының қысқа мерзімді ауа райын болжау басқармасында жетекші инженер-синоптик болып жұмыс жасадым. 2019 жылдан бастап қазіргі таңға дейін ұзақ мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы қызметін атқарып келе жатырмын.

Мамандық таңдауыма үлкен ағам кеңес берді, оқуға түскен кезімде Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің география-биология мамандығы бойынша оқып жүрген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетіне құжат тапсыруға келгенде маған олардың метеорология мамандығына қатысты тапсыратын емтихандары ұнады, дайындалып жүргенім математика, физика пәндері еді, 1993 жылы сынақ  тесттары емес, емтихандар болатын. Метеорология деген не деп сұрағанымда ағам бұл ғылымның ауа райымен байланысты екенін айтты, содан емтихандарды ойдағыдай тапсырып, оқуға түстім. Мен Қазақстандағы беделді университеттердің біріне, сонымен қатар сирек кездесетін және қызықты мамандыққа оқуға түсіп, үздік аттестатпен аяқтағаныма мақтанамын.

ГМО, Ұзақ мерзімді болжау басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова / Фото: жеке мұрағатынан

– Ауа райын қалай болжайсыздар? Бұл үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыздар?

– Бір айға және маусымға ауа райын болжау кезінде "Қазгидромет" РМК-да ғылыми негізделген болжау әдістерін пайдаланады. Солардың бірі жыл-аналогын таңдауға негізделген синоптикалық-статистикалық әдіс (авторлары: В.Г. Шишков, Б.П. Мультановский, С.Т. Пагава). Гидрометеорологиялық орталықтың ұзақ мерзімді ауа райын болжау басқармасының мамандары соңғы 30 жыл ішінде синоптикалық материалдың орасан зор көлемін (жер беті талдау карталары, қысым топография картасы, атмосфералық циркуляция көрсеткіштері және т.б.) талдау және салыстыру арқылы, аймақтық және дүниежүзілік ауа райы орталықтарымен келісе отырып, ұқсас жыл таңдайды. Таңдалған жыл-аналогы негізінде айлық және маусымдық болмаждар жасалады. 

Сонымен қатар Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның 13 жетекші климаттық орталықтарының гидродинамикалық үлгілері ескеріледі (Ресейдің Гидрометеорологиялық орталығы – ГМО, Солтүстік Еуразиялық Климат Орталығы – СЕКО, А. Н. Воейков атындағы Басты геофизикалық обсерватория, БГО, Ортамерзімді ауа райы болжамының Еуропалық орталығы – ECMWF, Реддинг және т.б.). Жетекші климаттық орталықтар қуатты суперкомпьютерлермен жабдықталған, болжамдар гидротермодинамикалық теңдеулерге негізделген, бірақ айлық және маусымдық болжамдар ауаның орташа айлық температурасының және жауын-шашынның климаттық нормадан ауытқу карталары түрінде ғана шығарылады.


Оқи отырыңыз: Қызыр қамшысы, бесқонақ, бөрісырғақ. Қазақ халқы ауа райын қалай болжаған?


– Мысалы сіздер бір айлық болжам әзірлеген соң, уақыт жақындағанда ол болжамдарға ауа райы сәйкес келмеуі мүмкін бе?

– Айта кету керек, тіпті ең жақсы заманауи модельдер негізінде жасалған ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары жиі қате болып шығады, өйткені болжам қатесі болжам жасалған кезең аралығы ұзақ болған сайын артады. Әлемдегі бірде-бір метеорологиялық қызмет айдың белгілі бір күнінде ауа температурасының немесе жауын-шашынның қандай экстремалды мәндерге жететінін ұзақ уақыт бойы 100% сенімділікпен болжай алмайды. Ғылымның қазіргі жағдайы мұны істеуге мүмкіндік бермейді, өйткені жауын-шашын немесе қардың көп түсуі циклондардың әсерінен болады, олардың өмір сүру ұзақтығы небәрі 5-7 күн. Сондықтан ұзақ мерзімді болжамда ауа райының климаттық нормадан ауытқу мәндері ғана беріледі, т.б. болжанып жатқан ай нормамен салыстырғанда жылырақ немесе суық, жаңбырлы немесе құрғақ болады деп болжанады. 

Ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары ұзақ мерзімді қамтығандықтан, сәйкесінше айтарлықтай қателіктер болуы мүмкін, сол себепті бұл болжамдарды қысқа мерзімді болжамдарымен нақтылау қажет, мысалы, бір айға арналған болжам он күнге, бір аптаға, 2-3 күнге және бір күнге арналған болжамдармен нақтыланады. 

Айға және маусымға арналған болжамдарды консультативтік ретінде пайдаланылуы керек.

– Ауа райы болжамын жасауда қандай қиындықтар бар? Оларды қалай реттейсіздер?

– Бұқаралық ақпарат құралдарында "Болжамшылар уәде береді..." деген сөз жиі айтылады. Бұл мүлдем дұрыс емес – олар "уәде бермейді", болжайды. Бұл жерде "уәде беру" өзіңе тым сенімділік болар еді, ал ауа райын болжауда белгілі бір дәрежеде орын алуы ықтимал процестермен жұмыс жасалады, сол себепті белгісіздік деңгейін елемеу мүмкін емес.

Соңғы онжылдықтарда дүниежүзілік метеорологиялық қауымдастық ауа райын болжаудың сандық технологияларын дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бүгінгі таңда, мысалы, жер беті қысымының үш күндік болжамдары, 20 жыл бұрынғы күнделікті болжамдар сияқты жақсы көрсеткіш көрсетуде. Дегенмен, ауа райы болжамындағы қателерді толығымен жою мүмкін емес. Ғалымдардың пікірінше, бірнеше себептер бар. Оның бірі – атмосфераның қазіргі жағдайы туралы мәліметтердің толық еместігі және нақты болмауы.

Ауа райын болжау үшін ең алдымен атмосферада қазір, уақыттың бастапқы сәтінде не болып жатқанын білу керек. Болжамды бірнеше күн бұрын дайындау үшін бірнеше мың шақырымдық аумақтағы нақты ауа райы туралы деректер болуы керек. Ал апта және одан кейінгі болжам дүние жүзіндегі ауа райына қатысты не өзгерістер болып жатқаны туралы ақпараттарды қажет етеді. Ұзақ мерзімді болжам жасау кезінде атмосфераны, мұхитты және жердің жоғарғы қабатын қамтитын барлық дерлік климаттық жүйені ескеру қажет.


Оқи отырыңыз: Ерекше құбылыс: Көкшетау паркінде сарғылт кестежусан бір жылда екі рет гүлдеді


– Қазақ халқы ертеде ауа райын қалай болжаған? Егер дәл қазір сол әдістерді пайдалансақ, дәл болжай аламыз ба?

– Бұрын, ежелгі уақытта, ауа райын табиғатты, өсімдіктер мен жануарлар әлемін бақылай отырып, мүмкіндігінше болжаған. Ғылым мен техниканың дамуы ең алдымен ауа райы болжамына оң әсер етті. Болжау үшін спутниктік, аэрологиялық, жер беті карталарының мәліметтері, метеорологиялық бақылау желісінің деректері, сандық модельдер қолданылады.

Ауа райы мен климат шекараны білмейтінін ескеру маңызды, сондықтан жаһандық контекстсіз ауа райы болжамдары жай ғана пайымдау болып табылады. Бүгінгі таңда ауа райы мен климатты бақылау жүйелері бүкіл әлемде жұмыс істейді, болжамдар жаһандық деңгейде жасалады, содан кейін  белгілі аймақтар үшін нақтыланады. 

Болжамдардың сапасына ең алдымен спутниктердің және автоматты бақылау пункттерінің есебінен ақпараттық базаны кеңейту айтарлықтай үлес қосуда. Жақсы болжам жасалып, аталған мәліметтер дұрыс талдануы, қортындылануы үшін мамандардың біліктілігі, жеткілікті деңгейде кәсіби болуы маңызды, себебі, соңғы әрі нақты шешімді жоғарыда аталған мәліметтерге сүйене отырып синоптик қабылдайды.

Серіктестер жаңалықтары