Оның осы іспен айналысуына алғашқы сәбиінің дүниеге келуі себепші болыпты.
Жұлдыз – мамандығы бойынша білім саласының маманы. Англияның Уорик университетінің магистратурасын "Educational Leadership and management" мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзінің декреттік демалысында бір күн де бос отырмаған жас ананың қазақша альбомды жасап, таратып келе жатқанына биыл төртінші жыл.
"2018 жылы тұңғышымды дүниеге әкелген кезде әпкем маған сәбидің альбомын сыйға тартты. Ол орыс тілінде жасалған альбом екен, Павлодардан тапсырыспен алдырыпты. Ішінде түрлі-түсті сурет аз, қарапайым альбом екен. Сонда маған "неге осындай қазақша бір альбом жасамасқа?" деген ой келді. Ол кезде Назарбаев зияткерлік мектебінде аз айлыққа жұмыс істеп жүргенмін. Сонымен бұл ойым идея күйінде қалды. Кейінірек жолдасым екеуміз "Болашақ" бағдарламасымен Англияға оқуға түстік. Сол жақта жүргенде иллюстратор тауып, жұмысты бастап кеттім. Альбомның іші-сыртындағы суреттерді салуға тура бір жыл жұмсалды. Одан соң, альбомның стилін ойластырып, электрондық нұсқасын жасадық. Сонымен, "Бөпе альбом" 2020 жылдың соңында толықтай дайын болды. Идеяның пісіп-жетілуіне, альбомның жарыққа шыққанға дейінгі процесіне бас-аяғы 2 жыл, 2 ай уақыт кетті" дейді Жұлдыз.
"Бөпе альбомы" 64-беттен тұрады. Оның ішінде сәбидің 3 жасқа дейінгі қызық деректерін (ең алғашқы сөзі, ең алғаш қадам басқан күні) жазып, естелік суреттерін жапсыруға болады. Альбомда сәбидің перзентханадағы білезігін, қарын шашы мен тырнағын сақтайтын арнайы орындар бар.
"Бөпе альбомының" әр бетінде қазақтың қырқынан шығару, бесік той, тұсаукесер, сүндет той сияқты салт-дәстүрлері бейнеленген. Сондай-ақ, альбомның қыз балаға және ұл балаға арналған екі түрі бар. Ішіндегі иллюстрациялар баланың даму кезеңдерін бейнелейді. Альбомға бүлдіршіннің сүйікті кітаптары мен сүйікті кейіпкерлерінің тізімін жазуға болады.
Жұлдыздың айтуынша, баспа өнімдерін жарыққа шығаратын адамдар құқықтық жағынан сауатты болғаны өте маңызды.
"Алғаш осы альбомды шығара бастаған кезімде плагиат мәселесіне тап болдым. Маған бір ресейлік альбом шығаратын компания хабарласып, "біздің альбом бетіне әліпбиден әріп жапсыру идеясын ұрладыңыз, сізді сотқа береміз" деді. Содан мен жан-жақты ізденіп, заңгердің көмегіне жүгіндім. Әліпби деген нәрсе бүкіл әлемге ортақ нәрсе екенін заң жүзінде дәлелдеуіме тура келді. Осы процеске бір миллион теңгедей ақшам кетті. Өзімді толықтай қорғап шыққандықтан, әлгі компания маған ештеңе дей алмады. Кейін анықталғандай, Ресейдің авторлық құқығы Қазақстанның тауарларына жүрмейді екен. Осындай проблемаға кезікпес үшін өз өніміңді шығарар алдында оның заң тұрғысынан қорғалғанына сенімді болғаның дұрыс" дейді жеке кәсіпкер.
Жұлдыз отандық өнімдерді интернет арқылы тұрақты түрде сату негізінен таргетке, жарнамаға байланысты екенін айтады:
"Әр кәсіпкердің өзінің көздеген аудиториясы болады. Қазақстанда жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Біздің аудиториямыз – осы сәбилердің ата-анасы. Таргет, жарнама арқылы осы кісілердің назарына ілігуіміз қажет. Бір жақсысы, соңғы кезде қазақстандық өнімдерге деген қызығушылықтың өскені байқалады. Сол себепті біз қазақы нақыш, ұлттық салт-дәстүр тақырыбын жарнамаға міндетті түрде қосамыз".
Сондай-ақ, кәсіпкер интернет арқылы өнім сатудың өзіндік қиындықтарына да тоқталды:
"Қазір әлеуметтік желілер қолданушыларға көп мүмкіндік беріп отыр. Желі арқылы танымал болуға, табыс табуға болады. Дегенмен, өзім байқаған бір нәрсені атап өткім келеді: желідегі контент сапасы күшейген сайын аудиторияның да талабы, сұранысы күннен-күнге өсіп бара жатқандай. Өніміңді жарнамалау үшін сан түрлі контент түсіресің. Бірақ, оның қайсысы көбірек қаралым жинайтынын, қайсысының жарнамасы халыққа өтетінін болжап білу қиын. Сен бір идеяларды ойластырып, ойша пісіріп жүргенде басқа бір тренд шығады. Яғни, қазір трендтер көз ілеспес жылдамдықпен ауысып жатыр. Оған ілесіп отыру оңай емес. Әлеуметтік желілердегі бәсеке өскен. Өсіп келе жатқан жастар жаңа технологияға, өзгеріске жақын. Солардан қалыспай кәсіп жасауға барынша тырысып келеміз".
"Бөпе альбом" авторы алдағы уақытта кішкентай сәбилерге арналған Flip Flap кітаптарын жарыққа шығарғысы келеді.
"Әзірше Қазақстанда мұндай кітаптарды шығаратын мүмкіндік жоқ. Оны дәл қазір Қытайда басып шығаруға болады. Себебі, өз елімізде жасалса, оның өзіндік құны қымбатқа шығып кетеді. Қазақстанда зауыттар, фабрикалар аз. Әртүрлі затты жарыққа шығару үшін басқа елдерден соны жасайтын арнайы станоктар алдыру қажет. Ал мұндай станоктар арзан тұрмайтыны белгілі. Бұйырса, болашақта арнайы станоктар алдырып, балаларға арналған отандық кітаптарды өз елімізде жарыққа шығарамын деп үміттенемін" дейді Жұлдыз.