Балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салу. Шетел тәжірибесі мен сарапшылар пікірі

Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Францияда бұл заң нормасы конституцияға қайшы болғаны үшін күшін жойды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 тамызда Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Үкіметтің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң жүзінде тыйым салу туралы бастамасын қолдайтынын айтты. 

"Біз өскелең ұрпақтың қолайлы және, ең бастысы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес", – деді мемлекет басшысы.

Әлем елдерінде балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектеу тәсілдері әртүрлі. Кей мемлекеттерде жас шектеуі күшіне енсе, кейбірінде заң жобасы әзірленіп немесе талқыланып жатыр.

Аустралияда 16 жасқа дейін желіге тіркелуге болмайды

Аустралияда 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына қатысты шектеу 2025 жылғы 10 желтоқсанда күшіне енді.

Заң бойынша жас шектеуі қолданылатын платформалар 16 жасқа толмаған адамдардың аккаунт ашуына немесе бұрыннан бар аккаунтын пайдалануына жол бермеу үшін шара қабылдауы тиіс. Жауапкершілік балалар мен олардың ата-аналарына емес, платформаларға жүктелген.

Аустралияның eSafety реттеушісі жыл басында 2025 жылғы желтоқсанның ортасына дейін 16 жасқа толмағандарға тиесілі 4,7 миллион аккаунт бұғатталғанын хабарлады. 

Сонымен бірге шектеудің орындалуына қатысты зерттеулер де жарияланып жатыр. 2026 жылғы зерттеулердің бірінде сауалнамаға қатысқан 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің шамамен 85 пайызы шектеу енгізілгелі үш ай болса да әлеуметтік желілерді әлі де пайдаланатынын айтқан. Зерттеу авторлары жас тексеру тетіктеріндегі мәселелерді негізгі факторлардың бірі ретінде атаған.

Аустралия билігі кейіннен талаптардың орындалуын күшейтуге бағытталған қосымша шараларды ұсынды. Оның ішінде платформаларға салынатын ең жоғары айыппұл мөлшерін арттыру және eSafety комиссарының өкілеттігін кеңейту қарастырылған.

Франция қабылданған нормалардың күшін жойды

Франция парламенті шілде айында 15 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеуге бағытталған заң қабылдады. Бастапқы жоспар бойынша талап қыркүйекте күшіне енуі тиіс болған.

Алайда 14 тамызда Францияның Конституциялық кеңесі заңдағы әлеуметтік желілерге қатысты негізгі норманы конституцияға қайшы деп таныды. Кеңес бұл шектеу сөз және ақпарат тарату еркіндігіне шамадан тыс әсер етуі мүмкін деген қорытындыға келген. Сондай-ақ жас тексеру кезінде жеке деректерді қорғауға қатысты құқықтық кепілдіктер жеткіліксіз деп көрсетілген.

Осы шешімнен кейін заң күшіне енген жоқ. Франция президенті Эммануэль Макрон заң жобасын қайта әзірлеуді тапсырған.

Ұлыбританияда шектеу 2027 жылы енгізілуі мүмкін

Ұлыбритания үкіметі 2026 жылғы маусымда 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салу жоспарын жариялады. Жоспарға сәйкес, жаңа талаптар 2027 жылдың көктемінен бастап енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар 18 жасқа толмағандарға қатысты әлеуметтік желілердегі тікелей эфир сияқты кейбір функцияларға қосымша шектеулер қойылмақ.

Ұлыбритания бұл үшін Аустралиядағы жас шектеуіне ұқсас модельді пайдалануды жоспарлап отыр. Бірақ нақты талаптар заңнаманы әзірлеу және енгізу барысында нақтыланады.

Еуропада жас тексеру тетігі әзірленіп жатыр

Еуропалық одақта барлық мемлекетке ортақ 16 жасқа дейінгі әлеуметтік желілерге тыйым салатын бірыңғай талап жоқ. Жекелеген елдер ұлттық деңгейде өз шектеулерін әзірлеп жатыр.

Еуропалық комиссия интернеттегі жас шектеулерін тексеруге арналған цифрлық құрал әзірлеп жатыр. Оның көмегімен пайдаланушы өзінің нақты туған күнін немесе жеке басына қатысты барлық деректі платформаға бермей, белгілі бір жас шегінен асқанын растай алады.

Яғни Еуропада талқыланып отырған мәселелердің бірі – балалардың жасын онлайн ортада қалай тексеру.

Қазақстанда не ұсынылып отыр?

Қазақстандағы бастама да осы халықаралық талқылаулар аясында қаралып жатыр.

Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірледі. Құжат 2026 жылғы маусымда Парламент қарауына енгізілген.

Ұсынылып отырған норма жедел хабар алмасу сервистеріндегі тіркеуге қолданылмайды. Яғни заң жобасында әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардағы аккаунттарға жас шектеуін енгізу қарастырылғанымен, мессенджерлер бөлек қаралады.

Президент бұған дейін балаларды зиянды ақпараттан қорғауға қатысты 2018 жылы қабылданған заңнаманы да қайта қарау қажеттігін айтқан.

Сарапшылар не дейді?

Балалар психологы Ақгүл Құсайынның пікірінше, балаларға желіні қолдануға тыйым салар кезде бірнеше психологиялық фактіні ескеру қажет:

– Ең бірінші, бұл жас – баланың "Мені", яғни жеке даралығы қалыптасуы жылдамдайтын, тәуелсіздікке деген ұмтылысы артатын және достарымен қарым-қатынас орнататын кезең. Ал желі – мектеп тапсырмаларын орындау, ақпарат алу, өз қызығушылықтарын зерттеу және өзін таныту үшін пайдаланатын бір әлемі. Сондықтан телефонға толықтай тыйым салуды жасөспірім жай ғана бір құрылғының тартып алынуы емес, әлеуметтік ортасымен байланысының үзілуі ретінде қабылдауы мүмкін.

Екіншіден, әлеуметтік желілерде көбіне шынайылықтан алыс көріністер өте көп және олар баланың жас деңгейін ескермейді. Көбіне өзіндік бейнесі жаңа қалыптасып келе жатқан балалар үшін өзіне сын көзбен қарау онсыз да болатын жағдай. Оның үстіне, олар өздерінің күнделікті өмірін әлеуметтік желідегі мінсіз бейнелермен салыстырған кезде, сыртқы келбеті, жетістіктері немесе әлеуметтік өмірі туралы жағымсыз ойлар қалыптасуы мүмкін. Балалардың өз мүмкіндігіне қарай емес, сыртқы әлеммен өзін салыстыруы және өзін жеткіліксіз сезінуіне әлеуметтік желілердің үлкен әсері бар. Басқа адамдардың өмірін үнемі бақылау адамның бір нәрседен құр қалып жатқандай сезінуіне әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ, жасөспірімнің миы әлеуметтік марапаттарға, яғни лайк санына, жазылған пікірлерге өте сезімтал болады. Ал әлеуметтік желілердегі лезде берілетін кері байланыс дәл осы даму кезеңіне сәйкес келеді. Бұл да баланың қажеттілігін толықтырып жатқан бір жол ретінде көрінгенімен, тәуелділік тудыратын жағы да бар.

Әрине, бұның жағымсыз жақтары да бар. Мысалы, қазір Қазақстанда ең жиі кездесетін проблемалардың бірі – кибербуллинг. Бұл баланың эмоционалдық төзімділігіне кері әсер етіп, баланың жеке қалуына, жалғыздыққа, тіпті депрессияға дейін әсер етуі мүмкін. Балалардың құрдастарымен қарым-қатынасы онлайн ғана болса, әлеуметтік желіге тыйым салу, әсіресе осындай қарым-қатынаста қиындықтары бар балалар үшін қиындық тудыруы мүмкін.

Сондай-ақ, балаларда тыйым салынған нәрсеге көбірек қызығушылық болады. Бұл жас – баланың "өзім" дейтін, өз күшін сезінетін, өзінің құқығын білетін, "өзім шешім қабылдаймын" дейтін кезі. Бұл да балалардың жасырын жолдарды қарастыруына әкелуі мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, сыныптағы достары белгілі бір платформада араласса, балаға сол қауіпсіз әлеуметтік байланысқа қатысу мүмкіндігін қалдыруды ұсынар едім.

Сонымен қатар, баланың шынайы адамдармен шынайы қарым-қатынас құратын мүмкіндіктерін қарастыру да ересектердің маңызды бір жауапкершілігі деп ойлаймын.

Тәуелді балалармен жұмыс жасағанда, баланың ата-анасынан көрген үлгісінің ықпалы зор екенін көремін. Ата-анасының компьютер алдында немесе телефонда ұзақ уақыт үңіліп отырғанын көріп өскен балалардың өздері де экранды шамадан тыс қолдануға бейім болады. Тағы бір байқағаным – ата-анасымен байланысы әлсіреген бала ашуын білдіру үшін әдейі оларға ұнамайтын әрекеттерді көбірек жасайды. Сондықтан баланың күн сайын интернетте өткізетін уақытына белгілі бір шектеу қойылуы керек. Мұны баламен бірге жасап, оның келісімімен жүзеге асырған дұрыс.

Баланың желіні қандай мақсатта жиі қолданатынын анықтау керек. Қиындықтан қашу ма, әлде жалғыздықты жамау ма? Не себептен қолданатынын анықтап, соған қарай баланың қажеттіліктеріне назар салу қажет. Қолданбайтын уақытта оның орнын баса алатын балама әрекеттер табу керек. Баланың өзін тануына, өзіндік хоббилермен айналысуына, өміршеңдігін, өмір салтын жақсартуға бағытталған жұмыстар жасалуы керек.

Әлеуметтік желінің балаға тигізуі мүмкін зиянды әсерлері туралы, қауіпсіздік, кибербуллинг туралы түсіндіру де керек. Оған қоса, балалардың спортпен айналысуы, шығармашылыққа бейімделуі – осы тәуелділіктің алдын алудың тағы бір жолы.

Ал Қоғамдық даму институтының сарапшысы, медиа және коммуникациялар маманы Рашид Кемелбек бұл бастаманы балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған орынды қадам деп бағалайды:

– Kazakhstan Kids Online зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда 9-10 жастағы балалардың 60%-ының, 11-12 жастағылардың 66%-ының әлеуметтік желілерде немесе ойын платформаларда аккаунты бар. Сонымен қатар балалардың 21%-ы кибербуллингке тап болған. Демек, әлеуметтік желідегі қауіп әлдеқашан теориялық ойлардан нақты мәселеге айналған. Дегенмен, шектеуді жалғыз шешім ретінде қарастырмаған жөн. Балалар жасын өзгертіп көрсету арқылы оны айналып өтуі мүмкін, сондықтан, мақсат – баланы цифрлық ортадан толық оқшаулау емес, жасына сәйкес қауіпсіз орта қалыптастыруға денделуі тиіс.

Баланың цифрлық қауіпсіздігі – барлығына ортақ жауапкершілік. Мемлекет нақты құқықтық талаптар мен қауіпсіздік стандарттарын белгілеу, платформалардағы балалардың аккаунтын қорғау және зиянды контентті шектеу әрекеттерін енгізсе, ата-ана тек бақылап қана қоймай, баламен сенімді қарым-қатынас құруға ұмтылғаны жөн. Қарым-қатынас өте маңызды, өйткені, зерттеу бойынша, балалардың 15%-ы интернетте бейтаныс ересектермен сөйлескен, 11%-ы бейтаныс адамдарға фото немесе видео жіберген. Мемлекет – ережені, платформа – қауіпсіз ортаны, ал отбасы – жауапты цифрлық мінез-құлықты қалыптастыруы қажет.

Шектеумен қатар медиасауаттылықты күшейту керек. Бала жеке деректерін қорғауды, кибербуллинг пен алаяқтықты тануды, жалған ақпаратты ажыратуды және әлеуметтік желідегі алгоритмдердің ықпалын түсінгені абзал. Мәселе әлеуметтік желімен байланыстан бөлек, оны қалай пайдаланудың жолдарында. Сол себепті баланы цифрлық шектеуге салудың орнына, оны цифрлық ортада қауіпсіз әрі саналы әрекет етуге дайындаған дұрыс.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау