Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент бұл мәселені республикалық Тамыз конференциясында көтерді. Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеген.
"Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын әзірледі. Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын", – деді президент.
Мемлекет басшысы мұндай шараларды көптеген дамыған елдер қабылдағанын атап өтті.
"Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді", – деді Тоқаев.
Президент Үкіметке балаларды зиянды ақпараттан қорғау үшін контентті сүзу шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар мемлекет басшысы балаларды цифрлық ортадағы қауіптен қорғау үшін арнайы SIM-карталарды енгізу тәжірибесін кеңінен қолдануды ұсынды.
"Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің бұл ұсынысы Құрылтайдың бірінші сессиясында депутаттардың қарауына ұсынылмақ.