Әлеуметтік желіде заң бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған блогерлер мен танымал тұлғалар аз емес. Олар мұндай әрекеттің соңы айыппұлмен немесе қамаумен аяқталуы мүмкін екенін біледі. Соған қарамастан, қоғамдық орында балағат сөз айту, қауіпті трюктер жасау, жол ережесін бұзу немесе қоғамды әдейі елең еткізетін видео жариялау тоқтар емес. Неліктен? Айыппұл мұндай әрекеттердің алдын алуға жеткіліксіз бе, әлде кейбір контент авторлары үшін ол қаралым мен танымалдықтың "құнына" айналып кеткен бе? Informburo.kz сарапшылардың пікірін білді.
Қоғамдық резонансқа айналған бірнеше оқиға
Шілде айының басында аралас жекпе-жек шебері әрі боксшы Мұхит Амантаев қатысқан видео әлеуметтік желіде кең тарады. Ол Алматыда өткен IBA Nomad 15 турнирі қарсаңында түсірілген.
Видеода спортшының қоғамдық орында былапыт сөз айтып, қарсыласына қоқан-лоқы сипатындағы сөздер айтқаны көрінеді. Осыдан кейін Астана қаласының полиция департаменті оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ұсақ бұзақылық бабымен іс қозғап, материалды сотқа жолдады. Боксшы мұны да контентке айналдырды.
@mukhit_amantayevvv ♬ оригинальный звук - Mukhit_Amantayev
Сот Амантаевты кінәлі деп танып, 86,5 мың теңге (20 АЕК) көлемінде айыппұл салды. Сот барысында спортшы кінәсін мойындады.
Кейін әлеуметтік желідегі парақшасында "боғауыз айтпаңдар" деп, тағы "қаралым жинады".
@mukhit_amantayevvv ♬ оригинальный звук - Mukhit_Amantayev
Резонанс тудырған тағы бір оқиға – блогер Жузефина (Жұлдыз Жауынбаева) төңірегінде өрбіді. Ол тікелей эфирде кішкентай кезінде әкесі зорлағанын мәлімдеген. Полиция тексеру жүргізіп, ақпараттың жалған екенін, блогердің есірткі қолданғанын анықтаған. Нәтижесінде блогерге ұсақ бұзақылық және өзге әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 10 тәулікке қамауға алынып, 108 мың теңге көлемінде (25 АЕК) айыппұл төлеуге міндеттелді.
@shyndyqkz_ «ӘКЕМ 8 ЖЫЛ ЗОРЛАДЫ» ДЕГЕН БЛОГЕРДІҢ ҮСТІНЕН АНАСЫ АРЫЗДАНДЫ Блогер Жуззефина тікелей эфирде әкесінен бірнеше жыл бойы зорлық көргенін мәлімдеп, қоғамда қызу талқыланған болатын. Сонымен қатар ол жеке өмірі мен шоу-бизнес өкілдеріне қатысты бірқатар даулы мәлімдемелер жасады. Атап айтқанда, ол Заңғар Нұртаспен қарым-қатынасы болғанын айтып, Таиландта бірге болғандарын жеткізді. Сондай-ақ әнші Мейрамбек Беспаевпен бірге отырып ішімдік ішкенін де мәлімдеген. Блогердің бұл сөздері әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, түрлі пікірлер туғызды. Ал соңғы мәліметтерге сәйкес, Жуззефинаның анасы қызының үстінен құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. #блогер #жуззефина #шоу #рек #рекомендации ♬ оригинальный звук - shyndyq.kz
Полицияның назарын аударған тағы бір видео – Талдықорған қаласындағы суши сататын мекеменің жарнамасы. Онда 19 жастағы блогер жүріп бара жатқан көліктің терезесінен қоқыс лақтырып, түсірілім аяқталған соң оны жинамаған. Полиция блогерді қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапкершілікке тартты, ал көлік жүргізушісіне жолаушы тасымалдау ережесін және жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл салынды.
Осыған ұқсас жағдай Атырауда да тіркелді. Онда 37 жастағы жолаушы көлік қозғалып келе жатқанда терезеден шығып, қатар келе жатқан көліктегі адамға сусын құйып берген. Видео әлеуметтік желіде кең тарап, полиция оларға бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салды.
Семейде де көлік жүретін көпірге жатып, әлеуметтік желіге фото және видео түсірген 35 жастағы әйел де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция оған 8 650 теңге көлемінде айыппұл салды.
Бұл оқиғалардың мазмұны әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін бір ортақ белгі бар: алдымен видео әлеуметтік желіде кең тарап, қоғам назарын аударады, содан кейін ғана құқық қорғау органдары әрекет етеді.
Заңнама қатаңдай түсті
Соңғы жылдары интернеттегі құқық бұзушылықтарға қатысты жауапкершілік кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді.
2023 жылдан бастап күшіне енген "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заң интернет кеңістігіндегі жауапкершілік талаптарын нақтылады. Соған сәйкес жалған ақпарат таратқан қарапайым қолданушыға 20 АЕК, ал блогер немесе инфлюенсерге 40 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.
Кейінгі заңнамалық өзгерістерден кейін бірқатар құқық бұзушылық үшін жеке тұлғаларға 20-дан 250 АЕК-ке дейін (шамамен 78 мыңнан 980 мың теңгеге дейін) айыппұл салу мүмкіндігі енгізілді. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге дейін өсіп, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау қолданылуы мүмкін.
Бұл ретте Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында интернетте балағат сөз қолданғандарға қатысты жауапкершілікті күшейту үшін заңнамаға өзгерістер әзірленіп жатқанын мәлімдеген.
Дегенмен заң күшейгенімен, әлеуметтік желідегі даулы контенттің азайғаны байқалмайды.
Мұны сарапшылар қалай түсіндіреді?
Құқық қорғау органдарының тәжірибесіне қарасақ, қоғамдық орында былапыт сөз айту, қауіпті трюк жасау, қоқыс тастау немесе жалған мәлімет тарату сияқты әрекеттер жауапсыз қалмайды. Алайда кейбір жағдайларда айыппұл төленгеннен кейін оқиға одан әрі талқыланып, құқық бұзушының әлеуметтік желідегі танымалдығы арта түсетіндей әсер қалдырады.
Мұндай құбылыс "айыппұл хайптың бағасына айналып кеткен жоқ па?" деген сұрақты туындатады.
Медиа сарапшы Саягүл Әлімбекованың айтуынша, әлеуметтік желідегі хайпты тек айыппұл немесе заңнамамен түсіндіру жеткіліксіз. Оның пікірінше, мәселенің түп-төркіні әлеуметтік желі алгоритмдері, аудиторияның мінез-құлқы және медиасауат деңгейімен тығыз байланысты.
"Әлеуметтік желіге тараған оқиғаға басылған лайк, репост, пікірлер оқиға иесін дофаминді тұзаққа түсіреді. Аудитория назарына ілігу үшін хайпқа бару жағдайлары азаматтық журналистикадағы жауапкершілікті артырудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Алғаш смартфондар шыққанда селфи көп тарады. Салдары көп оқиғалар бар. Көп елде адам өміріне зиян келтіретін селфиге тиым салынған. Қазір ғылыми зерттеулерде "ақпараттық семіздік" деген ұғым бар. Оның алдын алу үшін цифрлық детокс, ақпараттық гигиена керек. Қысқа ақпараттың көптігі адам зейініне кері әсер ететін клиптік ойлауды қалыптастырды. Бұның барлығы медиасауаттылықтың жоқтығынан, ақпаратқа сыни көзқараспен қарай алмаудан. Контент өндірушілер жауапкершілігін арттыру бұл мәселенің толық шешімі емес. Қазір қоғамда FOMO құбылысы жүріп жатыр. Ол ақпараттан, жаңалықтан тыс қалу, трендті жіберіп алу қорқынышы, үрейі. Медиада осы үрейді жеңуге жол көрсету маңызды", – деді Саягүл Әлімбекова.
Айыппұл мөлшерін ұлғайту мұндай құқық бұзушылықтардың санын азайта ма? Заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліптің пікірінше, құқық бұзушылықтың алдын алуда жазаның қатаңдығынан бұрын, оның бұлтартпай қолданылуы шешуші рөл атқарады.
"Айыппұлдың мөлшерінен бұрын, оның бұлтартпастығы маңызды. Егер құқық бұзушылық жасаған әр адам заң алдында міндетті түрде жауап беретінін түсінсе, бұл кез келген қатаң жазадан тиімді профилактикалық құрал бола алады. Ал әлеуметтік желідегі танымалдық құқықтық жауапкершіліктен босатпайды", – деді ол.
Диплом тапсыру рәсіміндегі жаңа трендтер: креатив пе, әлде хайп па
Күйеу бала қайын жұртына сәлем сала ма? Тәжім ету дәстүрі қайдан шықты