Үлкен спорт – тек жарқ-жұрқ еткен алтын медальдар мен шабыт сыйлайтын жеңіс тұғыры емес. Мұның тасасында көз көріп, құлақ естімеген алапат психологиялық қысым мен сан қилы тағдырлардың күрделі шиеленісі жатыр. Кеше ғана жасын болып жарқылдап, әлемдік ареналарда көк байрағымызды желбірете жүріп әнұранды шырқатқан, дүйім жұрттың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген талай тарланбоздың спортпен қоштасқаннан кейінгі тағдыры, өкінішке қарай, күйзеліс құрдымы мен заң бұзушылықтың соқпағына түсіп кетіп жатады. Әрине, бұл тұңғиыққа жұтылмай, спортпен тамырлас өзге салаларда бағы жанып, табысты еңбек етіп жүрген саңлақтарымыз да жоқ емес. Десек те, төменде сөз болатын отандық танымал спортшылардың басынан өткен келеңсіз жағдайлар мен соңғы уақыттағы даулы оқиғалар бұл түйткілдің тамыры тым тереңде жатқанын аңғартады. Осы орайда, чемпиондардың "шыңнан құлау" феноменінің шынайы себебін психолог мамандардан да сұрап көрдік.
Данияр Елеусіновтің ұсталуы: боксшы жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кетпек болды
Астана қаласының Полиция департаменті бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновті мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін қамауға алды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол Toyota Land Cruiser тізгінінде болып, басқа машиналармен соқтығысқан және оқиға болған жерден бой тасаламақ болған. Алайда көп ұзамай қолға түсті.
Әлеуметтік желілерде оған тиесілі қою түсті Toyota Land Cruiser 250 Prado көлігінің алдыңғы сол жақ бөлігі, бампері, қанаты мен капоты қатты зақымдалғаны белгілі болды. Астананың әкімшілік соты Елеусіновті 20 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарды.
Данияр Елеусінов – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы (2010, 2014) және Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015). Кәсіпқой бокста IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы (2021-2024) және IBF Inter-Continental чемпионы (2020-2022) болған. Ол осыған дейін қаңтар айында берген сұхбатында мансабындағы ең ауыр кезеңді еске алған еді.
Серік Сәпиев пен орынбасарының кейсі: Спорт басқармасындағы жанжал
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері Дәурен Есімханов арасында болған жанжал мен төбелес туралы ақпарат қоғам назарын тағы бір өткір мәселеге аударды.
Осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасаған Серік Сәпиев бұл кикілжіңді жеке араздық емес, таза "қызметтік қақтығыс" деп сипаттады. Басқарма басшысының сөзінше, аймақтағы спорт ұйымдарының жетекшілерін заңсыз ротациялау әрекеттері байқалған және ол бұл процеске тоқтау салған. Жанжалдың тұтануына да дәл осы шешім түрткі болған көрінеді.
"Бұл жеке сипаттағы немесе тұрмыстық жанжал емес. Мен аймақта жасырын ықпал иесіне айналған кейбір тұлғалар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан болатын. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді", – деп түсіндірді Серік Сәпиев.
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда әйгілі актер Джеки Чан қатысатын халықаралық фильмнің түсірілімі басталды
Аталған оқиғаға қатысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та пікір білдіріп, мәселеге қатысты асығыс баға беріп, жедел қорытынды жасауға болмайтынын қадап айтты. Әкім Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалып, қатысушылардың әрбір әрекетіне құқықтық баға берілетінін айтты.
"Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет", – деп ескертті Ермағанбет Бөлекпаев.
Дегенмен бұл оқиға бір ғана тұлғаның төңірегіндегі даумен шектелмейді. Бұл жағдай мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жиі кездесетін, бірақ ашық талқылана бермейтін маңызды мәселені – қызмет барысындағы кикілжіңдер мен Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің сақталмауын қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Алмас Өтешовтің ағынан жарылуы: Допинг дауы мен ауыр тағдыр
Лондон Олимпиадасына қатысқан, ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының "күміс" жүлдегері Алмас Өтешов бір кездері күзетші болып жұмыс істеді. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұқбатында ол үлкен спорттағы жүйе мен жемқорлықты, допинг қолдану тәжірибесін ашық айтты. Оның сөзінше, бас бапкер Алексей Ни берген медициналық препараттарсыз (тестостерон, пропианат, тренболон, т.б.) жоғары нәтиже көрсету мүмкін емес болған.
Спортшы биіктен құлаған сәтте қасында ешкім қалмағанын, қазір белінде төрт жерден грыжа бар екенін айтып налыды. Ол Будапеште соттасып, 50 мың доллар төлеген. Сондай-ақ осы психологиялық қысым мен сәтсіздікке шыдамай Седов пен Линдердің дарға асылып өліп қалғанын мәлімдеді. Кезінде Нижат Рахимов сияқты атлеттер мемлекеттен 250 мың доллар сыйақы, пәтер, көлік алғанымен, кейін допингпен ұсталғанда билік бұл сыйақыларды кейін қайтармаған.
2025 жылы басқарма басшысы Бақтияр Артаевтың бұйрығына сәйкес, 12 маусымнан бастап Өтешов Алмас Дәулетярұлы басқармаға қарасты "Олимпиадалық резерв даярлау орталығы" КММ директорының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Теміртас Жүсіповтің оқиғасы: Отбасылық дау мен татуласу
Бокстан әлем және Азия чемпионы, қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов әйелін аяусыз соққыға жықты деп айыпталды. Бұл оқиға туралы жәбірленушінің әпкесі айтып берді.
"Көкшетау. Барынша қоғамдық резонанс тудыруды сұраймын. Мен жәбірленушінің әпкесі ретінде үндеу жолдап отырмын. 29 маусымнан 30 маусымға қараған түні немесе 1 шілдеде әпкемді жолдасы – 1988 жылы туған Жүсіпов Теміртас Берікұлы аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан ол ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Медициналық құжаттарда асфиксия, бастың ашық жарақаты, құрысу және бас миының ісінуі тіркелген. Ол ес-түссіз жатты", – деп жазды бойжеткен.
Жәбірленушінің жақындары тергеу барысына алаңдаушылық білдірді, себебі спортшы ұсталғаннан кейін шамамен бес сағаттан соң босатылған. Әйелдің әпкесінің айтуынша, бостандыққа шыққан соң ол жұбайына қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған. Бойжеткеннің сөзіне қарағанда, күйеуі ажырасатын болса өлтіретінін айтып қорқытқан, таныс-тамырлары бар екенін алға тартып, балаларды тартып алу үшін әйелін "психикалық ауытқуы бар" етіп көрсетуге қауқарлы екенін мәлімдеген.
Ақмола облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, 30 маусымда Көкшетау тұрғыны отбасылық жанжал кезінде жұбайына дене жарақатын салған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп, содан кейін қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Оқи отырыңыз: Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, және Геннадий Головкин: қазақ боксшысы аңыздар қатарына қосылды
Кейіннен бокшы мен оның жұбайы бірге видеоүндеу жасап, отбасын сақтап қалу үшін татуласқанын хабарлады. Әйелі өз еркімен, ешкімнің қысымынсыз арызын қайтарып алып, істі тоқтатуды сұраған.
Белгілі боксшы Теміртас Жүсіпов – Қазақстанның ең көп марапатқа ие спортшыларының бірі. Ол елдің 8 дүркін чемпионы және 2018 жылы Қазақстанның үздік боксшысы деп танылған. Оның басты жетістіктерінің қатарында Азия чемпионатындағы, Бүкіләлемдік әскери ойындардағы, әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатындағы жеңістері, сондай-ақ Astana Arlans құрамында World Series of Boxing чемпионы атағы бар.
Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев клубта қыз баланы ұрып жіберді
Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев бойжеткенге дене жарақатын салды деп айыпталды. Бұл туралы Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
"2014 жылғы 29 маусымда Астана қалалық ІІД-не азаматша арызданып, 28 маусымнан 29-ына қараған түні елордалық дәмханалардың бірінде бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев өзіне дене жарақатын салғанын мәлімдеді", – деп хабарлады Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Кейін осы дерек бойынша тергеу алды тексеру амалдары жүргізіліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Осы оқиғаға байланысты жәбірленуші Айсұлу Ибрашованың өзі мән-жайды егжей-тегжейлі айтып берді.
"Ол мені кәсіби түрде ұрды. Дәрігердің айтуынша, оның бар күшін салмағаны менің бағым екен. Оқиға Меңдіқұлов көшесіндегі Fashion түнгі клубында болды. Құрбым екеуміз сол жерге көңіл көтеріп, тынығып қайту үшін барғанбыз, мұндай сұмдық болады деп үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Үстімізде шалбар мен кофта болды, туфли де, белдемше де киген жоқпыз, яғни еліктіретіндей ештеңе болмады, өзіміз де сау едік. Шеткеріректе ешкімге кедергі жасамай билеп тұрғанбыз. Осы кезде қасымыздан бір ер адам өтіп бара жатып, менің бөксемнен шапалақпен тартып қалды. Мен оны ұстап алу үшін артыма бұрылғанда, әлгі жігіт жалт беріп: "Кешір" деді. Сонда құрбым маған: "Бұл – Бақтияр Артаев, бокстан Олимпиада чемпионы, мен оны танимын, мұнда жиі келеді" деді. Мен бұрылып, үстінен шағымданатынымды айтып үлгердім. Сол сәтте жағымнан періп жіберді. Артаевтың қасында жүрген жігіт мені ұстап тұрды, ал Артаевтың өзі қашып кетті", – деп атап өтті ол.
Бойжеткеннің айтуынша, айналадағылар бұл жағдайға ешқандай реакция білдірмеген.
"Күзет те, айналадағы адамдар да үнсіз тұрды, ешкім араша түскен жоқ, тіпті не болғанын да сұрамады. Оны оқиға болған жерде таныды, Артаевтың өзі маған екі рет қоңырау шалды. Бірінші рет алдыңғы күні хабарласып, кездесуді өтінді, бірақ мен кездесуге тек куәгерлермен баратынымды айттым. Ал ол маған: "Оңаша кездесейік" деді. Мен одан қорыққандықтан келіспедім. Ол маған немқұрайлы ғана: "Қаламасаң, қой" деді де, тұтқаны тастай салды. Кейін мен СПК-ға (спорттық кәсіби клуб) қоңырау шалдым, олар Артаевтың қайта хабарласатынына уәде берді. Осыдан кейін түнде Артаев телефон соғып, кешірім сұрай бастады, ал мен одан: "Мені не үшін соқтыңыз?" деп сұрадым. Ол болса: "Сен маған аяқ көтердің" деді, бірақ олай болған жоқ. Сосын аяныш тудыруға тырысты. Енді менің ең басында қалағанымдай, куәгерлердің көзінше кездесуді ұсынып отыр. Барлығы оның сау кезінде мұндай әрекетке бармайтынын айтады. Сот-медициналық сараптамадан өттім, соққы іздерін тіркеді. Бетім көгерген, төменгі жағымның буындары ығысып кеткен, жұмысқа шыға алмай отырмын, тіпті тамақ та іше алмаймын, қарным сұмдық ашып барады", – деді жәбірленуші.
Артынша бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың қатысуымен болған оқиға бойынша қылмыстық іс тоқтатылды.
"Қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", – деп жауап берді адвокат.
Оқи отырыңыз: "Жалақым үш есе қысқарды". Бибісара Асаубаева Тоқаевқа үндеу жасады
Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі де бұл ақпаратты растады.
"Қажетті тергеу амалдары жүргізілді. Бақтияр Артаевтың әрекетінен қылмыстық жауапкершілікке тартылатындай іс-әрекет анықталмады. Қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", – деп хабарлады баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Instagram қолданушыларының бірі Бақтияр Артаевтың әуежайда түскен суретін жариялады. Сурет астындағы жазбада істің оң шешілгені және Артаевтың Лондонға оқуға аттанғалы жатқаны айтылған.
Бақтияр Артаев 2004 жылы Афины Олимпиадасының соңғы күні Қазақстан қоржынына жалғыз алтын медальды салып, сол жолы Олимпиаданың үздік боксшысы ретінде Вэл Баркер кубогын иеленген болатын. Жартылай финалдық жекпе-жекте ол екі дүркін Олимпиада чемпионы, ресейлік боксшы Олег Саитовты жеңген еді. 2004 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан Президентінің Жарлығымен "2004 жылы Афины қаласында (Грекия) өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері және дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін" Бақтияр Артаев І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.
Дәулет Шабанбайдың ісі: Сарбаздарға шабуыл және сот үкімі
Еркін күрес балуаны, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай Павлодарда дәмхана жанында мас күйінде өзін тоқтатып, құжат сұраған 5512 әскери бөлімінің сарбаздарын соққыға жыққан.
Сотта Шабанбай кінәсін толық мойындап, өкінді. Оның асырауында кішкентай балалары (біреуінің мүмкіндігі шектеулі) және қарт ата-анасы бары, сондай-ақ мемлекет алдындағы спорттық еңбегі ескеріле отырып, сот оны 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Дәулет Шабанбай – Азия чемпионатының күміс және төрт дүркін қола жүлдегері. 2012 жылғы Олимпиаданың қола медалі оған 2019 жылы грузин балуаны Давид Модзманашвили допинг үшін дисквалификацияланған соң берілген болатын.
Психологтар не дейді?
Психолог Жанаргүл Нұржанқызының пайымдауынша, кешегі саңлақтардың үлкен спорттан кеткенде тосылып, күйзеліс құрдымына жұтылып кетуінің басты себебі – өз тағдырын тек спортпен шектеп қоюында жатыр. Бүкіл өмірінің мәнін тек жарыс жолы мен жеңіс тұғырынан іздеген спортшылар мансабы аяқталған сәтте өзін бейне бір тамырынан ажыраған бәйтеректей сезінеді. Олар үшін спорт – жай ғана кәсіп емес, бүкіл тыныс-тіршілігінің күретамыры болғандықтан, ол тоқтаған сәтте ішкі дүниесі қаңырап бос қалады.
"Менің ойымша, спорттан кеткеннен кейін кейбір спортшылардың күйзеліске ұшырауын немесе өмірде қиындықтарға тап болуын тек спортпен байланыстыру дұрыс емес. Әр адамның өз өмір жолы, өз психологиялық тарихы бар. Сондықтан нақты адамдардың жағдайына сырттай баға беру дұрыс болмайды. Дегенмен кәсіби спорттың өзіндік психологиялық ерекшелігі бар. Көптеген спортшы үшін спорт жай ғана мамандық емес, олардың тұлғасының бір бөлігі. Уақыт өте келе "Мен кіммін?" деген сұрақтың жауабы "Мен – спортшымын" деген бір ғана рөлмен байланысып қалады. Адам өзін жеңістерімен, медальдарымен, қоғамның мойындауымен бағалай бастайды. Ал спорттық мансап аяқталғанда адамның алдында "Енді мен кіммін?" деген маңызды сұрақ туады. Егер адам өзін тек спортшы ретінде қабылдап келсе, онда бұл кезеңде өзін жоғалтып алғандай сезінуі, жалғыздықты бастан кешіруі немесе өмірдің мәнін жоғалтқандай күй кешуі мүмкін", – деді Жанаргүл Нұржанқызы.
Сонымен бірге, маман спортшыларға спорттық жолдың жабылуы – өмірдің біткенін білдірмейтінін жеткізудің өміршеңдік мәні бар екенін алға тартты. Көкжиектің кең екенін, спорттан кейін де бақытты, мағыналы ғұмыр кешуге болатынын түйсінген жан ғана күйзеліс шырмауына түспей, жаңа өмірге нық қадам баса алады.
"Спорттан кейін адамның жаңа өмірлік тіректерді табуы өте маңызды. Ол өзінің тек спортшы емес екенін, сонымен қатар әке, ана, жар, ұл немесе қыз, аға, бауыр, дос екенін де сезінуі қажет. Жаңа білім алу, басқа мамандықты меңгеру, тәжірибесін жастармен бөлісу немесе өзін басқа салада дамыту – мұның бәрі адамның жаңа қырларын ашуға көмектеседі. Ең бастысы – адамның құндылығы спортпен бірге аяқталмайтынын түсіну. Медальдар мен жеңістер адам өмірінің бір бөлігі ғана. Ал адамның өзі – одан әлдеқайда кең тұлға. Сондықтан спортшыларды тек жарысқа емес, спорттан кейінгі өмірге де психологиялық тұрғыдан дайындау маңызды деп есептеймін", – деп түйіндеді сөзін Жанаргүл Нұржанқызы.
Оқи отырыңыз: "5 айдан бері жалақы алмадым". Михаил Шайдоров неге чемпионға тиесілі қаражатты ала алмай отыр
Қырғызстандық психоаналитик Гульнара Малабаеваның айтуынша, спортшының өмірі – бұл адреналин, үнемі мақсатқа ұмтылу және мыңдаған жанкүйердің қошеметі. Осының бәрі бір күнде тоқтаған кезде, кеудеде орнын ешнәрсе толтыра алмайтындай көрінетін қуыс пайда болады. Психоанализде осы "қуыс" – символикалық "өліммен" тең. Спортшы бұрынғы даңқты, белсенді бейнесін жоғалтады да, соның қайғысын шегеді. Нәтижесінде "ішкі мені" құлдырап, депрессиялық фаза басталады.
"Егер бұл мәселеге психоанализ тұрғысынан үңілсек, үлкен спортпен қоштасу – адам жаны үшін орны толмас қасірет, ауыр шығын ретінде қабылданады. Себебі, кәсіби спортшы – бүкіл болмысы жинақы, жылдар бойы табандылықпен жаттыққан тұлға. Тіпті, үлкен спортқа қадам басу көбіне ерте балалық шақтан, балдырған немесе жасөспірім шақтан бастау алады. Адам саналы ғұмырын осы жолға арнайды. Уақыт өте келе спорт оның ішкі болмысының, бірегейлігінің ажырамас бөлшегіне айналады. Ол бұдан былай "мен спортпен айналысамын" демейді, "мен спортшымын" деп сөйлейді. Сол себепті, спорттық мансап аяқталған сәтте адам тек үйреншікті өмір салтын ғана емес, өз болмысының бір бөлшегін жоғалтқандай күй кешеді. Психоанализде депрессия, күйзеліс ұғымы жоғалту мен айырылу тақырыбымен өте тығыз байланысты. Спорттан кеткенде адам бір сәтте бәрінен: үйреншікті өмір ағымынан, командасынан, бапкерінен, жанкүйерлердің қошеметі мен ықыласынан айырылады. Ең өкініштісі әрі ең қорқыныштысы – ол өзінің ішкі менін және осы жолға сарп еткен қаншама жылын жоғалтып алады. Егер спорттан қол үзу адамның өз еркінен тыс – жарақат алу, жас ерекшелігі немесе нәтиженің төмендеуі себебінен болса, бұл жағдай тым ауыр соғады. Мұндай сәтте адамның намысы мен менмендігіне сызат түседі, нарциске айналады. Әрдайым мықты, төзімді, жеңімпаз болуға үйренген жан кенеттен өз дәрменсіздігімен бетпе-бет келеді. Осы дәрменсіздікпен бірге ішкі жан дүниесінде ұят, қорлық, кек, ашу-ыза және өзінің ешкімге керексіздігі мен сорлылығы туралы ауыр сезімдер оянады. Сонда іштен бір сұрақ мазалай береді: "Егер мен енді жеңімпаз болмасам, бұл өмірдегі құным қанша? Мен өзі кіммін?" – деп түсіндірді Гульнара Малабаева.
Психологтың айтуынша, кәсіби спортшының өмірі сырт көзге мінсіз, ерлік пен асқан табысқа толы ертегідей көрінуі мүмкін. Алайда, жарқыраған медальдар мен трибуналардың шуының артында өте нәзік әрі осал ішкі әлем жасырынып жатады. Көп жағдайда үлкен спорт адамға тек жетістік қана емес, сонымен бірге оның тұлғалық болмысын шектейтін "алтын тор" да сыйлайды. Спортшының бүкіл өмірін қамтитын бұл жүйенің адам жанына қалай әсер ететінін және оның ішкі тіректерін қалай қалыптастыратынын түсіну үшін оның құрылымына тереңірек үңілу қажет.
"Шын мәнінде, үлкен спорт адамның өзін-өзі бағалауына мықты тірек болады. Жетістіктер, медальдар, елдің назары мен жанкүйерлердің қошеметі – мұның бәрі адамның құндылығын үнемі растап тұратын дүниелер. Егер өзін-өзі бағалау сезімі жылдар бойы тек осы жетістіктерге ғана арқа сүйеп келсе, спорттық мансап біткенде сол ішкі тірек те шайқалып, құлай бастайды. Осыдан кейін іште тағы бір күрделі сауал туындайды: "Егер мен ең мықты болмасам, бұдан былай жеңіске жетпесем, маған ешкім таңданбаса және мен үшін ешкім тақым қыспаса, мен өзімді құнды сезіне аламын ба?". Тағы бір маңызды тұсы: үлкен спорт адам өмірін нақты жүйеге салып береді. Спортшының әр күні кестемен өтеді: жаттығулар, режим, жиындар, жарыстар, қайта қалпына келу, келесі жеңістер мен жаңа мақсаттар. Мұндай адамға "Өмірімді не істеймін?" деген сұрақ мазаламайды, өйткені жауап дайын. Алайда, мұндай тығыз әрі қатал жүйеленген өмір адамның өз-өзімен оңаша қалып, ішкі дүниесіне үңілуіне мұрша бермейді. Тоқтап тұрып: "Осы маған не болып жатыр? Мен не сезініп жүрмін? Менің өз қалауым не?" деп сұрауға уақыт қалдырмайды. Барлық кеңістікті тек қиындықтарды еңсеру мен алға ұмтылу ғана алып жатады. Сол себепті де адам ұзақ уақыт бойы өз ішінде не болып жатқанын және қандай рухани бостық орнағанын байқамай келуі мүмкін. Ал үлкен спорт аяқталғанда, ол осы шындықпен бетпе-бет келеді", – деді психолог.
Мұнымен қатар, Гульнара Малаабева бұл тығырықтан шығар жол – өзіңді қайта күштеуде немесе жаңа белестерді соқыр үмітпен іздеуде емес, мүлдем басқа, бұрын-соңды бастан өткермеген ішкі қабылдауда жатқанын айтты. Депрессиядан айығу мен "ішкі менді" қайта құрастыру үлкен батылдықты – өз әлсіздігіңді мойындау батылдығын талап етеді. Психоанализ бұл процесті өмірдің жаңа кезеңіне өту үшін міндетті түрде жасалуы тиіс рухани трансформация ретінде қарастырады.
"Спортшы бұл кезеңде өз қорқыныштарымен, жалғыздығымен, ішкі бостығымен, жанының ауырсынуымен, тіпті өз отбасымен де алғаш рет қайта табысуы мүмкін. Сондықтан спортшы мансабын аяқтап, осы бір "жоқтау" кезеңінен өтіп жатқанда, баяғы әдетімен өзін күштеп қолға алып, алға ұмтылудың қажеті жоқ. Керісінше, сәл кідіріп, тоқтау керек. Тоқтап, өзінен: "Маған не болып жатыр?" деп сұрағаны жөн. Егер күйзеліс басталып кетсе, психоаналитикалық тұрғыдан алғанда, өткенді қимай қоштасу процесі жүруі тиіс. Өмірдің үлкен әрі маңызды бір бөлігінің шынымен келмеске кеткенін мойындау қажет. Ішкі жан ауруын, дәрменсіздікті, ыза мен ыңғайсыздықты жасырмай, қабылдау керек. Өзінің өткендегі бейнесін қимай, іштей жылап, мұңайып алуға өзіне рұқсат беруі тиіс. Өйткені, үлкен спорттан физикалық тұрғыда бір күнде кетуге болады, ал психологиялық тұрғыда өткен өміріңмен және өзіңнің спортшы болмысыңмен қоштасу айларға, жылдарға созылуы мүмкін. Бұл кезеңдегі ең негізгі әрі маңызды міндет – адамның мына шындықты түсінуі: "Мен ешкімді жеңбесем де, маған ешкім жанкүйер болмаса да, күнделікті қатал режим болмаса да – мен бұл өмірде бармын және өмір сүруге құқылымын. Меңің адамдық құндылығым тек спортшы болуыммен ғана өлшенбейді". Бірақ осы деңгейге жету үшін алдымен іштегі үлкен жоғалтудың болғанын және оның шынымен де өте ауыр екенін ашық мойындай алу керек", – деді Гульнара Малабаева.
"Менің ойымша, спорттан кеткеннен кейін кейбір спортшылардың күйзеліске ұшырауын немесе өмірде қиындықтарға тап болуын тек спортпен байланыстыру дұрыс емес. Әр адамның өз өмір жолы, өз психологиялық тарихы бар. Сондықтан нақты адамдардың жағдайына сырттай баға беру дұрыс болмайды. Дегенмен кәсіби спорттың өзіндік психологиялық ерекшелігі бар. Көптеген спортшы үшін спорт жай ғана мамандық емес, олардың тұлғасының бір бөлігі. Уақыт өте келе "Мен кіммін?" деген сұрақтың жауабы "Мен – спортшымын" деген бір ғана рөлмен байланысып қалады. Адам өзін жеңістерімен, медальдарымен, қоғамның мойындауымен бағалай бастайды. Ал спорттық мансап аяқталғанда адамның алдында "Енді мен кіммін?" деген маңызды сұрақ туады. Егер адам өзін тек спортшы ретінде қабылдап келсе, онда бұл кезеңде өзін жоғалтып алғандай сезінуі, жалғыздықты бастан кешіруі немесе өмірдің мәнін жоғалтқандай күй кешуі мүмкін", – деді Жанаргүл Нұржанқызы.