Қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкин Халықаралық бокстың Даңқ Залына қабылданды. Осылайша ол бұл мәртебеге ие болған Қазақстан тарихындағы алғашқы спортшы атанды, деп хабарлайды ҰОК.
Салтанатты рәсім АҚШ-та өтіп, Головкиннің есімі әлемдік бокстың ең ұлы тұлғаларының қатарына қосылды. Енді ол Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді аңыздардың қатарында тұр.
Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, Головкиннің Даңқ Залына енуі оның әуесқой және кәсіпқой рингтегі ерекше жетістіктеріне байланысты. Әуесқой бокста ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болды.
"Кәсіпқой мансабында Геннадий Головкин 45 кездесу өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Соның 37-сін нокаутпен аяқтады. Ол WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының чемпиондық белбеуін иеленді. Боксшы ұзақ уақыт бойы әлемнің салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшыларының рейтингісінде көш бастап, орта салмақ тарихындағы бірнеше рекордтың авторы атанды. Оның қатарынан 23 нокауттық жеңісі дивизион тарихындағы ең ұзақ сериялардың бірі саналады. Сондай-ақ Головкин әлем чемпионы атағын 21 рет сәтті қорғап, мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер көрсеткіші бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген", – делінген хабарламада.
Қазір Геннадий Головкин Қазақстанның халықаралық спорттағы беделін басқарушылық деңгейде де нығайтып келеді. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті президенті және World Boxing ұйымының президенті қызметтерін атқарады.
Осылайша ол халықаралық спорт федерациясын басқарған Қазақстанның алғашқы өкілі ретінде де тарихқа енді.