Қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева беделді Norway Chess турнирінде жеңіске жеткеннен кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жариялады.
Спортшының айтуынша, ол турнирде мерзімінен бұрын чемпион атанғанымен, жарысқа дайындыққа қажет шығындарды өз қаражаты мен ата-анасының көмегі арқылы жапқан.
"Бүгін ең ірі турнирлердің бірі – Norway Chess аяқталды, мен мәреге бір тур қалғанда бірінші орынды жеңіп алдым. Осы маңызды жарыстың алдындағы оқу-жаттығу жиындарын өзімнің жеке жүлделік қаражатыма және ата-анамның ақшасына өткіздім. Бұл турнирде көмектескен секунданттар мен аналитиктердің еңбекақысы да әлі төленген жоқ", – деді шахматшы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеосында.
Бибісара Асаубаева қазіргі уақытта әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте бесінші орында тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, рейтингте өзін тек қытайлық шахматшылар ғана басып озған.
Сонымен қатар спортшы спорт саласындағы қолдау мәселесіне де тоқталды. Ол бұған дейін Спорт министрлігінен ай сайын шамамен 1 миллион теңге көлемінде жалақы алғанын, алайда министр Ербол Мырзабосынов қызметке келгеннен кейін бұл төлем көлемі үш есеге қысқарғанын мәлімдеді.
Шахматшы сондай-ақ әлем чемпионаттарындағы жетістіктер үшін берілетін сыйақы көлеміне назар аударды.
"Шахматтан әлем чемпионатын жеңгені үшін берілетін сыйақы шамамен 2 мың долларды құрайды. Ал Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың долларға дейін төленеді. Шахматшыларды қолдаудың қазіргі жүйесі өте әлсіз", – деді ол.
Президентке жолдаған үндеуінде Асаубаева ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрген спортшыларға көрсетілетін қолдауды күшейту қажеттігін айтты.
"Президент мырза, сіздің сөзіңізше, мен елдің алтын қорына жатамын. Менің медальдарым орасан зор еңбекпен, денсаулықпен және төзімділікпен келеді. Барлық кедергілерге қарамастан, Қазақстанның абыройын биік ұстап келемін", – деді гроссмейстер.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева жуырда Norway Chess әйелдер турнирінде жеңіске жетіп, FIDE Women’s Circuit рейтингінде бірінші орынға көтерілген болатын.