Тікелей эфир

Әр ойынқұмардың орташа қарызы – 10 млн теңге. Құмар ойынның құрбаны болмаудың жолы қандай?

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Психолог Назира Бурханова лудоманияны бір тәуелділікті екіншісіне алмастыру арқылы ғана емдеуге болады.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда құмар ойындарға тәуелді 350 мыңға жуық адам бар. Олардың әрқайсысының орташа қарызы шамамен 10 миллион теңгені құрайды.

Құмар ойындарға тәуелділік – қауіпті ауру. Қарызды өтей алмау көбінесе ерлі-зайыптылардың ажырасуына және құмар ойындарға әуестенгендердің өз-өзіне қол жұмсауына әкеледі. Сондықтан бұл мәселе бүгінгі таңда аса өзекті әрі мемлекеттің назарында. Осы орайда психолог, МBI коуч және халықаралық "Времена" институтының түлегі Назира Бурхановадан ойынқұмарлықтың себебі, ойынға тәуелді болу фазалары және оның емі туралы сұрап көрдік. 

Қай кезде адамды құмар ойынға тәуелді деп айтуға болады?

Психолог Назира Бурханованың айтуынша, адамды "ойын құмар" деп келесі төрт жағдайда айтуға болады:

  1. Соңғы 12 айдың ішінде бірнеше күн немесе бірнеше ай қатарынан екі реттен көп ойнайтын адамдарды ойын құмарлар деп атай аламыз. 
  2. Олар материалдық жағдайының нашар екенін көріп тұрса да, тапқан ақшасының барлығын ойынға жұмсайды. 
  3. Дер кезінде ойыннан бас тарта алмайды, өзін тоқтата алмайды. 
  4. Ойынқұмарлар ойында үнемі барлығын құмар ойындармен байланыстырады. 

"Бүгінде елімізде құмар ойындардан келетін қауіп үлкен мәселеге айналып отыр. Мұндай ойын түрі күн өткен сайын түрленіп, қоғамға келтіретін зияны ұлғайып келеді. Оңай жолмен табыс табуға құныққан адам әртүрлі қиындықтарға душар болып, қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, яғни тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Жасыратыны жоқ, құмар ойын адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізіп жатыр. Бұдан да сорақысы, құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін және басқа да қажеттіліктерін бәске тігушілер кездесіп жатады. Осының салдарынан бейкүнә балалар жапа шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсіп отыр", – деді психолог, МBI коуч және халықаралық "Времена" институтының түлегі Назира Бурханова. 

Ары қарай маман ойын құмарлықтың бірнеше фазасы болатынына тоқталды. 


Оқи отырыңыз: Алаяқтықтар саны 3000% өсті. Deepfake жасаған фото мен видеоны қалай ажыратамыз?


  • "Өзін ұстап тұру" фазасында адамды ақшаның жоқтығы, жеңілістен кейін өзін нашар сезінуі немесе айналасындағылардың қысымы тежейді.
  • Екінші фаза – "өздігінен келетін фантазиялар". Бұл кезеңде адам жеңісті аңсап, үнемі ойын туралы ойлайды. Өз ойын басқара алмайды, ойынға қатысты бірнәрсе көріп қалса болды, бар ойы сол туралы болады.
  • "Эмоциялық қысымның өсу" кезеңінде физикалық және интеллектуалдық жүктемені, тән қалауын қанағаттандыруды аңсап тұрады.
  • "Шешім қабылдау" фазасында жеңіске жету жолының нақты қадамдарын ойластыра бастайды. Тіпті, жеңіле салысымен қайтадан ойнап, жеңгісі келіп тұрады.
  • "Қабылданған шешімді" жоққа шығару фазасы. Бұл кезеңде адам өзін басқара аламын деп қателеседі. Яғни кез келген уақытта тоқтай аламын, ойынға еш тәуелді емеспін деп ойлайды. Алайда ақыры соңында көп ақша алған соң ішімдік ішіп, ары қарай жай ғана көңіл көтеру үшін ойнайды.
  • "Қабылданған шешімді жүзеге асыру" фазасы. Бұл кезеңде адам қатты толқып, жақында болатын ойын туралы ойлай береді. Ақша мен күш-қуаты кеткенше басқа ешнәрсе туралы ойламайды. Алайда ойнаған соң өзін жек көріп, ұрыса бастайды. Кейін араға уақыт салып өзін кешіріп, қайтадан ойнауға кіріседі. 

Оқи отырыңыз: Сіз үнемі кешігіп жүресіз бе? Прокрастинацияны жеңуге арналған 5 әдіс


Адамның ойынқұмар болуының себебі не?

Психологтың айтуынша, белгілі бір нәрсеге құмарлық адам өз-өзін басқара алмаудан, өз әрекетіне жауап бере алмаудан туындайды. Медицинада бұл термин химиялық, психологиялық тәуелділік түрлеріне байланысты қолданылады. Жалпы тәуелділікті екі санатқа бөлуге болады: химиялық және іс-қимыл тәуелділігі. Оның алғашқысына маскүнемдік пен есірткі құмарлық жатса, екіншісіне біз сөз етіп отырған ойын құмарлық, лудомания, гэмблинг жатады. 

Лудомания – өте кең таралған тәуелділік. Адамның өмірге деген қызығушылығы азайып, өмірінің тізгінін жоғалтып, әртүрлі эмоция көрсетеді. Ол тұлғаның әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби жұмысына, жеке өміріне және қаржы жағдайына ауыр әсер етеді. Көбіне психоактив заттарға тәуелділікпен бірге қатар жүреді. Құмар ойынның диагнозы клиникалық көріністеріне байланысты белгіленеді. Емдеу тәсілі – психотерапия, дәрілік терапия, қолдау топтарына қатысу


Оқи отырыңыз: "Кәсіби күю" синдромының себебі не және одан арылуға көмектесетін 3 тәсіл


"Лудомания ауруы адамның тәнінен гөрі жанына кері әсерін көп тигізеді. Ойын кезіндегі толқулар адреналин және басқа күйзеліс гормондарының, ал жеңіске жеткен кезде дофамин мен серотониннің бөлінуін тудырады. Осылардың барлығы адамды бірде күйзеліске, енді бірде ләззат алып жатқандай сезімге түсіреді. Бірте-бірте тән ләззаты мен ойындағы жеңістен алған ләззатты шатастырып алады. Дегенмен өзін қалай сезінсе де, міндетті түрде ойын автоматтарына оралады. Лудомания сөзінің тікелей аудармасы "ойынға ессіз құнығу" деген мағынаны береді. Яғни адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Түрлі ойынға ақша тігіп, тоқтай алмау – бұл лудоманияның бір белгісі", – деді маман. 

Осы орайда, қазақстандық маман психологиялық зерттеулер барысында анықталған құмар ойындарға тәуелділіктің ең жиі кездесетін 5 себебін атады. Сондай-ақ олардың әрқайсысын жеке-жеке түсіндіріп өтті. 

  • Бірінші себебі – қашу, түптеп келгенде "өзінен-өзі қашу". 1930 жылдардың соңында ағылшындардың сөздік қорына тәуелділікке қатысты термин енген екен.  Ағылшын тілінде "escape" – қашу деген мағынаны білдіреді. "Эскапизм, эскейпизм" – адамның ағзасының түрлі күйзелістен немесе шешілмеген түйіткілдерден қорғанудың амалы. Өмірінде қандай да ауыр оқиға болып жатқан адам сол сезімнен қашады және сол түйткелден шығудың жолы осы құмар ойындары деп ойлайды. Яғни құмар ойындар да адамды өміріндегі ең қиын сәттердің бірін еске алудан сақтандыратын қорғаныш механизмі ретінде қолданылуы мүмкін. Әсіресе, күні-түні ойнайтын адамдар үшін. Ондай адамдар үшін өмір шындығын қабылдау қиын және олар үшін құмар ойын проблемаларды ұмытудың бір жолы.
  • Екінші себебі ішкі жалғыздық. Бұл қорқынышты сезім болғандықтан, адам барынша оны сезінбеуге тырысады. Жалғыз қала алмайтын адамдар бар, олар бұдан қорқады, бірақ олар қорқыныштың өзін мойындамайды. Өзіңізбен жалғыз қалудан қорқудың сыртқы белгілері – адам үнемі музыка, теледидар қосып қояды немесе жай ғана кітап оқиды. Әрине, жалғыздықтан қорықпайтын адамдар да қалаған кезінде музыка, теледидар қосып, кітап оқиды. Жалқыздықтан қашудың, қорқудың көптеген себебі бар. Бірақ ол түптеп келгенде отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс емес екенін, осының себебінен әлеуметтік дағдыларды жетік меңгермегенін, мейірім көрмегенін білдіреді.
  • Үшінші себеп  – ішіндегі бос вакуумды толтыруға ұмтылу. Адам әрқашан бос орынды толтыруға асығады. Ішкі  вакуум – бұл махаббат жетіспеушілігінен туындаған психикалық күй. Әдетте бұл сезімді бастан кешіретін адамдар өзін ешкімге керек еместей сезінеді.
  • Төртінші себеп – адамның өзіне көңілі толмау сезімі. Өмірінің шындығын, өміріндегі статусын қабылдай алмаған адамдар ойында жеңімпаз атану арқылы қорғанады. Ойындағы жетістіктері неғұрлым көп болса, соғұрлым осы ойынға қайта-қайта оралғысы келіп тұрады.
  • Бесінші себеп  – оңай олжа немесе инфантилизм. Отбасында көп қиындық көрген адам "регрессияға" ұшырайды. Яғни жасы қырықты алқымдаса да, емшектегі баладан еш айырмашылығы болмайды. Іштей өзін бала сезінеді, жауапкершілік алғысы келмейді, "бұйырғаны болады, менің қолымда емес" деген сөздерді жиі айтады. Регрессияға ұшыраған адам өз күшімен мақсатына, жетістікке жете алатынына сенбейді. Мұның орнына таңғажайыпты күтеді. Яғни ұтыс ойындары ол үшін таңжайыппен тең. 

Ойынқұмар адам емделе ме және оған жақындары қалай көмектесе алады?

"Біріншіден, ол адамның қаржылық проблемаларын шешуге тырыспаңыз. Ерте ме, кеш пе лудоман ақша табу қажеттілігіне тап болады. Көбіне туыстары оның ақшалай проблемасын шешіп бергеннен кейін бәрі жақсы болып кетеді деп ойлайды. Бұл жағдайда проблема тек уақытша шешіледі. Ал тәуелді адам өзінің қарызын біреу төлеп беретінін түсінеді. Бұл ол адамды босаңсытып жібереді. Салдарынан ойыншыда қайтадан қарыз алу деген ой пайда болады. Екіншіден, тәуелді адамды өзіңізбен тең ұстауыңыз керек. Тәуелді адамға аянышпен қараудың қажеті жоқ, өзіңізбен бірдей ұстаңыз. Себебі ойынқұмар адам өзінің назарда екенін, бәрі оған көмектесуге дайын екенін түсінеді. Ал құмар ойыншы дәл сіз секілді адам екенін ұмытпаған дұрыс. Үшіншіден, жақыныңызға эмоцияңыз бен сезіміңіз туралы айтыңыз. Әдетте ата-аналар уайымдап жүргенін ашық айтпауға, эмоциясын жасыруға тырысады. Керісінше ойынға тәуелді адам жағдайдың күрделі екенін түсінуі маңызды. Ойынқұмарлықтың емі тікелей оның қай деңгейде екенімен байланысты. Егер химиялық деңгейде болса, онда дәрі-дәрмекпен емдеу қажеттілігі туындайды. Қалған жағдайда оны психолог маманға жүгіну арқылы ғана емдеуге болады. Тағы бір айта кететін жайт – ойынқұмарлық – бұл отбасылық ауру. Яғни отбасында біреуге бейсаналы түрде осы адамның тәуелді болғаны қажет. Осы отбасындағы адамдар да емделмейінше, ойынқұмарды тоқтату мүмкін емес", – деді Назира Бурханова. 

Психологтың айтуынша, көп жағдайда лудомания дертіне ер адамдар шалдығады.

"Адамның миы толық 21 жасында қалыптасатынын ескерсек, бұл дертке, көбінесе, ақыл-есі толық жетілмеген жастарымыз бен жасөспірімдер шалдығып жатыр. Алғашқы бәсті мектеп оқушылары тіге бастайды. Бұрын бұл ойын автоматтары еді. Ал қазір бәрі оңай, онлайнға көшкен. Орта сынып оқушыларын жоғары сынып оқушылары немесе таныстары үйретеді. Кейде ағасы көрсетеді. Содан үлгі алып, қызыға бастайды. Тәуелділікті емделеді деп те, емделмейді деп те айтуға негіз бар. Себебі тәуелділік бір тәуелділікті екіншісіне алмастыру арқылы емделеді", – деп түсіндірді маман. 


Оқи отырыңыз: Енді ойынқұмар азаматтар мемлекеттік мекемеде тегін емделе алады


 

Серіктестер жаңалықтары