Тікелей эфир

"Әлеуметтік желі бар жерде секстинг қатар жүреді". Балаларды педофилдерден қалай құтқарамыз

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Сарапшы қоғамдағы педофилия, Victim blaming және секстинг мәселелері туралы

Батыс Қазақстан облысында блогер әрі балалар шаштаразы Қолғанат Жұмабаевтың оқушы 10-11 жастағы екі оқушы қызға ғашықтық сипатта хат жазғаны әшкере болғалы бұл оқиға әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында резонанс туғызды. Хаттардың скриншотын шаштараздың бұрынғы әйелі Құлпынай Қалменова жариялап, оның қылмыстық жауапкершілікке тартылуын сұрауда.

Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі жедел уәкілі Динара Зәкиева оны өзінің тікелей бақылауына алды. 

Бұл ретт Informburo порталы балалардың жыныстық сауаты жөніндегі сарапшы Ару Сағимен пікірлесіп, осы оқиға негізінде Қазақстандағы педофилия, балаларға зорлық көрсету мәселесін сарапқа салды. 

"Елімізде мұндай оқиғаның болып жатқаны өкінішті. Бұл туралы жекеме хат жазып жатқандар да көп. Ата-аналар мына бір жайтты қаперінде ұстаса екен. Педофил деген алыстан келмейді. Осыны ұмытпай, санаға түйіп алыңыздар. Ғалымдар балаларға зорлық көрсетушілердің 80 пайызы оның айналасындағы адамдар екенін мақұлдап отыр. Педофил баланың әкесі, ағасы, нағашысы, ағасының немесе әкесінің досы, көршісі, отбасымен жақын араласатын кісі болуы мүмкін. Сондықтан, ұл-қыз өсіріп отырған әрбір ата-ана баланың, жалпы отбасының кіммен араласатынын бақылап отырғаны жөн. Педофилдердің әрекеттерін "оқып қоюға" болады. Алғашында олар "құрбанына" күле қарап, жылы сөйлеп, сыйлық беріп, жағымпаздана бастайды. Кейін сеніміне кірген соң, арам пиғылын жүзеге асыруы мүмкін", – дейді Ару Сағи. 

Балалардың жыныстық сауаттылығы мен тұлға ретінде қалыптасуына қатысты талай зерттеу жүргізген маман бұл оқиғада Victim blaming белгілері бар екенін жасырмады. 


Оқи отырыңыз: Баламен жыныстық қатынас туралы қай жастан бастап әңгімелесуге болады


"Елдегі осы бір оқиғада дұрыс қадам жасаған жалғыз адам – шаштараз Жұмабаевтың бұрынғы әйелі Құлпынай Қалменова ғана. Ол күйеуінің осындай әрекеттерін әшкерелеп, қоғамда дабыл қағып отыр. Өкінішке қарай, оқушы қыздардың аналары айналасының кінәлауынан қорқып, ұятты желеу етіп, блогер шаштаразды жақтауда. Олардың әрекетін аға мен қарындастың қарым-қатынасына сай санауда. Бұл жерде ата-ананың ұстанымын да түсінуге болады, өйткені бұл істе құрбанды кінәлау – Victim blaming белгілері айқын байқалады. Victim blaming ағылшын тілінен аударғанда "құрбанды кінәлау" деген сөз. Бұл жерде құрбан кім? Ол – кішкентай қыз. Осыған қатысты пікірлерді де оқып шықтым. Көпшілігі "отбасылы жігітпен сөйлесті, кішкентай болғанына қарамастан, құшақтасып суретке түсті" деген желеумен оқушы қыздарды кінәлуда. Мұндай құрбанды кінәлау деген нәрсе педофилге немесе басқа да қылмыскерге аса қолайлы", – дейді Ару Сағи. 

Сондай-ақ,  маман бұл  оқиғада секстинг белгілері бар екенін де ашық айтты. Секстинг – ұялы телефон, әлеуметтік желілер және электронды пошта арқылы интимдік сипаттағы жеке фотосуреттерді жіберу. 

"Оқиғадағы кейіпкер педофил болмаса да, осы жағдайдың соңы секстингке әкелуі мүмкін. Бұл қоғамда көп айтыла бермейтін проблемалардың бірі. Мұндай кезде үлкен ер адамдар кішкентай оқушы қыздардың тілін тауып, жекесіне хат жазып, олармен жылы сөйлеседі, жақсы араласады. Осылайша сеніміне кірген соң, кішкентай қыздардың ашық түскен суреттерін сұрай бастайды. Кейін бопсалау басталады. "Анаңа жіберемін, мектептің чатына саламын" деген соң, оң-солын танымайтын оқушы ересек адамның басқа да талаптарына көне бастайды. Мұндайда шекарадан шығып кеткен қарым-қатынас болуы мүмкін. Тіпті, суицидке баратындар да бар. Біз мектепте оқып жүргенде ұялы телефон көп  болмағандықтан, қазіргі ата-аналардың көпшілігі бұл ұғыммен таныс емес. Ал қазіргі балаларда телефон, әлеуметтік желі – бәрі бар. Бұлар бар жерде, секстинг мәселесі де қоса жүреді. Оқушы балалар жас болғандықтан, мұның мәнісіне бара бермейді. Ал біз – ата-аналар балаларды осы жағдайдан да қорғауымыз керек", – дейді Ару Сағи.


Оқи отырыңыз: "Секс туралы айтсаң, күле бастайды". Қазақтілді жасөспірімдердің жыныстық сауаты неге төмен 


Сарапшы бұл оқиғадағы басты жауапкершілік кәмелетке толған ересек адамдарда екенін ескертіп, қылмысты жасыруға тырыспау керектігін айтты. 

"Баланың аты – бала. Олар әлі бала болғандықтан, қателесуге хақы бар. Бұл жердегі басты жауапкершілік – ересек адамдарда. Мұндай жағдайда ата-аналар балалармен ашық сөйлесіп, қауіптің қайдан келетінін түсіндіріп, жөн сілтеп отырғаны дұрыс. Бұл істің әрі қарай қалай тексерілетінін, қандай бағыт алатынын білмеймін. Бала құқығы жөніндегі уәкіл де назарына алыпты. Менің айтарым бір-ақ нәрсе – қылмыскер жазалануы керек. Осындай оқиғаларды қоғам болып көтергенде ғана, біз балаларымызды барынша қорғай аламыз. Мұндай қылмыстарды жасырмау керек. Егер сіз жақыныңыздан жат қылықтар байқасаңыз, дереу хабарлаңыз, алдын алыңыз. Осылайша, сіз бір баланы болса да, бақытты балалық шағынан айырмайсыз", – дейді сарапшы.  

Серіктестер жаңалықтары