Тікелей эфир

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев: "Қазақстан қоғамы демократияға дайын емес" деген пікір – миф

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев
Серік Бейсембаев – әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі.

Informburo.kz әлеуметтанушыдан Қазақстандағы азаматтық қоғамның белсенділігі, әлеуметтік топтардың көңіл-күйі және әлеуметтік зерттеулерді жүргізу процесі туралы сұрап білді. 


Қазақстан қоғамы біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі

– Серік мырза, Қазақстандағы әлеуметтік топтарды қазір не нәрсе көбірек толғандырады?

– Қоғамдағы ең өзекті мәселелерді әлеуметтанушылар үздіксіз зерттейді. Біздің соңғы жүргізген зерттеуіміз қазақстандықтардың саяси құндылықтарына арналды. Біздің түсінуімізше, біз өзіміз тұратын қоғамды өте аз білеміз. Әсіресе, адамдардың саяси ұстанымдары жайлы, олардың қай идеологияны қолдап-қолдамайтыны жайлы қоғамда көптеген мифтер мен стереотиптер қалыптасқанын байқаймыз. Оның ішінде ең жиі айтылатын мифтің бірі – "Қазақстан қоғамы демократияға дайын емес" деген пікір. Яғни, "халықтың басым көпшілігі авторитар режимді қолдайды" деген стереотип ел арасында кең тарап кеткен. Өз зерттеуімізде осы сөздер шындыққа қаншалықты жақын не алыс екенін анықтап көрдік. Сауалнама жасап, фокустық топ жүргіздік. Сондағы байқағанымыз, біздің қоғам біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі, ол жалпы медиадағы көрінісінен де алыс жатыр.

Зерттеу барысында адамдардың саяси құндылықтарына байланысты 6 сегментті, яғни 6 құндылықтық кластерді анықтадық.Осы 6 құндылықтық кластердің елдегі саяси жүйеге байланысты көзқарасы әртүрлі.

Бірінші кластерді (респонденттердің шамамен 25 пайызы) прогрессив реформаторлар деп атадық. Олар елде күрделі өзгерістер болғанын қалайтын, билікке сыни көзбен қарайтын, либерал-демократиялық құндылықтарға жақын топ. Бұл – шамамен халықтың төрттен бір бөлігі. Прогрессив реформаторлар "Қазақстанда әкімдерді халық өзі сайлауы керек, президент биліктің басқа тармақтарына тәуелді болуы қажет, мемлекет халықтың әл-ауқатына жауап беріп, бағаларды реттеуі тиіс" дегендей талаптар қояды. Келесі топты этноцентристік консерваторлар деп атадық. Бұл – "Қазақстанда қазақ ұлтына басымдық берілу керек" деген идеяны қолдайтын топ (сауалнамаға қатысушылардың шамамен 16-18 пайызы). Тағы бір кластерді либерал прагматиктер деп атадық. Бұлар – оң либерал көзқарастарды ұстанатын, бірақ "мемлекетте саяси билік өте күшті болып қалуы керек" деген ұстанымдағы азаматтар. Келесі бір кластер авторитарлық режимді қолдайтын жандардан тұрады (шамамен 20 пайыз).

– Ал, саясатқа мүлдем қызықпайтын, немқұрайлы жандардың үлесін анықтай алдыңыздар ма?

– Жоғарыда аталған прогрессив реформатор, этноцентристік консерватор мен авторитаризмді қолдайтын кластер салыстырмалы түрде белсенді, нақты саяси ұстанымы бар, позициясы айқын топтар қатарына жатады. Ал қалған 3 кластердің белсенділігі салыстырмалы түрде төмен.

Мысалы, біз осы 3 кластердің бірін скептикалық конформистер деп атадық. Олар билікке сын көзбен қарайды, бірақ елде қандайда бір өзгерістің болатынына сенбейді. Олардың саяси жүйеден әбден көңілі қалған, сәйкесінше сайлауға, тағы басқа шараларға қатысу деңгейі де төмен.

Одан кейінгі тағы бір кластер – құбылмалы абсентеистер халықтың шамамен 10-12 пайызын құрайды. Бұл топтың өзіндік пікірі жоқ, көпшілік не десе, соны қолдайтын, басқаның ығына жығыла кететін азаматтар.

Жалпы алғанда, қазақстандықтардың 30-40 пайызының саяси белсенділігі төмен, немқұрайлы деуге болады. Бірақ, бұл халықтың басым көпшілігі болып саналмайды. Олар сайлаудың әділ өтетініне сенбеуі мүмкін, алайда бұл сол азаматтардың саяси ұстанымдары, көзқарасы жоқ дегенді білдірмейді. Бұл жерде бастысы азаматтардың немқұрайдылығының табиғатын түсіну өте маңызды. Немқұрайлық көбіне сенімсіздіктен, билікке сенбеуден, "мен ештеңе өзгерте алмаймын" деген ұстанымнан туындайды.

– Бұл зерттеудің маңызы неде деп ойлайсыз?

– "Біздің қоғамда азаматтарды тек қатаң бақылау арқылы басқаруға болады" деген түсінік әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Әсіресе шенеуніктермен сөйлесе қалсаңыз, олардың осыған кәдімгідей сенетінін байқайсыз. Өйткені, қоғам жайлы түсінік ескірген, ол өзекті, релевант емес білімге негізделген. Яғни шенеуніктердің қоғам жайлы түсінігі өздері араласатын ортасының тәжірибесінен ары аспайды. Сондықтан да біздің зерттеуіміздің маңызы Қазақстан қоғамында құндылықтық, идеологиялық тұрғыдан әртүрлі топтар бар екенін анықтағанында болып отыр деуге болады.

Қазір елімізде ашық саяси жүйе болатын болса, сайлаулар әділ өтетін болса, онда біз кем дегенде 3-4 партия электоратының арасындағы бәсекелестікті көретін едік. Олар жоғарыда аталған ұлтшылдар партиясы, қатаң орталықтандырылған билікті қалайтын электорат және оң либерал партия болар еді.

Зерттеудің негізі қорытындысы Қазақстанда әртүрлі саяси идеологияға, құндылыққа деген сұраныс барын көрсетті. Әзірге ол көпшілік алаңда, медиада жеткілікті деңгейде көрініс таппай отыр. Сонымен қатар, зерттеу барысында халықтың басым бөлігі авторитарлық ұстанымдағы топтардан ғана тұрмайтыны белгілі болды.

Қоғамның белсенділігі әрқашан белгілі бір саяси контекстке, саяси оқиғаға байланысты болады

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда Қазақстандағы азаматтық қоғамның 2019-2022 жылдардағы белсенділігі туралы жазыпсыз. Сол жылдарда азаматтық қоғамның белсенділігі артып, қазір бәсең тартып қалғандай көрінеді. Осы туралы не айтар едіңіз?

– Қоғамның белсенділігі әрқашан белгілі бір саяси контекстке, саяси оқиғаға байланысты болады. 2019 жылдардағы белсенділік Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетуі және президент сайлауының өтуіне байланысты өсті. Сол кезеңді азаматтық қоғам өзгерістер мүмкіндігі ретінде қабылдады, халық арасында "осы күнге жеттік-ау" деген бір серпіліс, үміт пайда болды. Қоғамдағы осы көңіл-күй 2022 жылдың қаңтарына дейін жалғасты.

Елдегі митингілердің статистикасына қарасақ, осы аралықта митингілердің саны екі есеге артқан. Әлеуметтік желідегі қолданушылар белсенді бола түсті, ел арасында түрлі қоғамдық лидерлер пайда болды, ұйқыда жатқан түрлі партиялар қайта ояна бастады. Болат Әбілев, Ғалымжан Жақиянов секілді қайраткерлердің қайтадан қоғамдық-саяси өмірге араласа бастауы да – сол кездегі саяси контекске деген реакцияның белгісі.

2022 жылдың қаңтарында сол өзгерістерге көңілі толмаған халық көшеге шығады да, шынайы өзгерістерді талап ете бастайды. Оның соңы не болғанын өзіңіз де көрдіңіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "біз жаңа Қазақстанды құрамыз, саяси реформалар жасаймыз, монополистермен күресеміз, байлықтың әділ түрде бөлінуін қайтарамыз" деді. Бұл риторика қоғамда шамамен жарты жылдай уақыт бір үміт отын ұстап тұрды.

Бірақ одан кейін халық әділетсіз сотталған белсенділерді көрді, ал сотталған бұрынғы биліктің жақындары еркіндікке шыққанын көрді, көңілі қалды. Дәл қазір қоғамда апатия басым дер едім. Халықтың көкейінде "біз ештеңе өзгерте алмаймыз" деген бір пассивті-апатиялық күй бар, оптимизм сарқылған, қоғамның көңілі жабырқау. Мен оны осы Қаңтардан кейін болып жатқан оқиғалармен байланыстырамын.

– Мен айтып отырған жазбаңызда сіз "елдегі азаматтық қоғам белсенділігінің бір циклі 2022 жылдың Қаңтарында аяқталды, енді келесі кезең одан қысқарақ болады" депсіз. Бұл жерде нені меңзедіңіз?

– Қазақстан қоғамы Қаңтарға дейін жету үшін кемінде 15-20 жыл тоқырауда өмір сүрді. Бұл сол 2000-жылдардың ортасынан басталған, Назарбаев заманындағы тоқырау болатын. 2004 жылы елде соңғы рет салыстырмалы түрде әділетті, ашық сайлау өтті, содан кейін бізде тоқырау орнады. Ол тоқырау 2019 жылға дейін жалғасты. 2019 жылы елде бір серпіліс болып, ол 2022 жылы қайта жанданды. Ал дәл қазір біз постназарбаевтық стагнация заманында өмір сүріп жатырмыз. Биліктегі кейбір персонаждар өзгерді, Назарбаевтың кей туыстары биліктен кетті. 

Ендігі цикл 15 жылға жалғасады деп ойламаймын. Өйткені біздің жоғарыдағы зерттеуіміз көрсеткендей, қазір азаматтардың қоғамдағы өзгерістерді талап ету деңгейі өте жоғары. Кейінгі жылдарда халықтың онлайн-петицияға қол жинау белсенділігі өсті. Осы секілді түрлі индикаторларға қарап қоғамдағы наразылықтың жоғары екенін байқауға болады. Сондықтан да, протестік мобилизацияның келесі кезеңі әлдеқайда ертерек болады деп ойлаймын.


Оқи отырыңыз: Қазақстан қоғамы неге жаңа субмәдениеттерді қабылдай алмайды? Әлеуметтік талдау


– Қаңтар трагедиясына қатысты зерттеу жасадыңыздар. Респонденттердің жауабына қарап қандай қорытындыға келдіңіздер?

– Зерттеу соңында біз "Қаңтар – 2019 жылы болмай қалған өзгерістердің салдары" деген қорытындыға келдік. Өйткені  әртүрлі қалада әртүрлі адамдардан сұхбат алған кезде қатысушылардың көбі 2019 жылғы президент сайлауында Әміржан Қосановқа дауыс беріп, кейін Қосановтан көңілі қалғанын анықтадық. Яғни, олар 2019 жылы биліктің өзгеруін қалап, альтернатив кандидатқа, Қосановқа дауыс береді де, кейін Қосанов оларды алдап кетеді. Содан қатты көңілі қалған азаматтар кейінірек митингілерге шыға бастайды. Азаматтардың ашу-ызасы 2022 жылдың қаңтарына дейін әбден пісіп-жетілген.

Оған қоса осы кезде 2011 жылғы Жаңаөзен травмасы қайтадан алға шығады. Өйткені, қазір қоғамда әртүрлі журналист, документалистердің арқасында "Жаңаөзен трагедиясына билік жауапты, алайда жауапкершіліктің бір бөлігі – қоғамның үнсіз қалғандығында, селқостығында" деген бір нарратив қалыптасқан. Сондай көңіл-күйде жүрген азаматтар 2022 жылы жаңаөзендіктердің алаңға шыққанын көреді де, "бұл жолы біз үнсіз қала алмаймыз" деген оймен протестке қосылады. Менің ойымша, азаматтарды көшеге итермелеген ең негізгі идея – осы.

Сұхбат кезінде павлодарлық бір белсенді бізге "Жаңаөзеннің травмасы – Қазақстан қоғамы үшін Wi-Fi болды, бізді біріктірді. Мен сол үшін алаңға шықтым" деді. Қарап тұрсаңыз, мәселе газ бағасының қымбаттауында емес еді. Ол жай ғана түрткі болды. Бұл жағдай қазақстандықтардың өзара ынтымақтастығы, пікірлестігі қалыптасқанын көрсетті.

Респонденттердің сауалнамаға қатысу деңгейі жылдан-жылға төмендеп бара жатыр

– Енді әлеуметтік зерттеулер тақырыбына қарай ойыссақ. Зерттеулер қалай жүргізіледі? Азаматтардың сауалнамаға қатысу белсенділігі қандай?

– Біздің сауалнамаларымыз негізінен телефон арқылы жүзеге асады. Алдымен кездейсоқ мобильдік нөмірлер базасын жасаймыз. Әрбір мобильдік оператордың нөмірлерінің 3 санын алып, оның қалған сандарын кездейсоқ түрде генерация жасаймыз. Сол нөмірлерге қоңырау шалғанда, бізге кездейсоқ адамдар жауап береді. Бұл – сауалнама жасаудың алтын стандарты. Әлемде зерттеушілер арасында "дәл осындай сауалнама арқылы біз қоғамдық пікірді дұрыс зерттей аламыз" деген консенсус бар.

Ал, респонденттерге келсем, азаматтардың жауап беру деңгейі жылдан-жылға төмендеп бара жатыр. Бұл саяси шектеулерден бұрын телефон алаяқтарының көбеюімен байланысты. Сол себепті қазір таныс емес нөмірден хабарлассаңыз, көп адам телефон тұтқасын көтермейді. Бұл – бірінші мәселе.

Екінші мәселе – адамдардың сезімтал сұрақтардан қорқақтауы. Сондықтан, біз адамдардың қауіпсіздігін ойлап әрі олардың ашық болуын қамтамасыз ету үшін сұрақтарды жалпылама қоюға тырысамыз. Сауалнамалар аноним түрде жүзеге асады. Біз материалдарды жалпылама пайдаланып, кейін анализде адамдардың атын өзгертіп береміз. Тек жасы мен елді мекенін қалдырамыз. Барлығы аноним түрде өтетінін ескертсек те, сауалнамадан бас тартатын адамдар жиі кездеседі. Кейбір жандар фокустық топ кезінде камераға түсуден қорқады. Бірақ, бұл тек біздің емес, жалпы индустрияның мәселесі дер едім.

Зерттеуші ретінде біздің негізгі міндетіміз – респонденттерімізге ешқандай залал келтірмеу. Бұл біздің зерттеуімізден де маңызды нәрсе болып саналады.

Осыған байланысты өз қызметкерлерімізді үнемі оқытып, білімін жетілдіріп отырамыз. Сондай-ақ, респонденттерді ақпараттандырып, оларға зерттеуден кез келген уақытта кетіп қалуға болатынын айтып, келісімін алғаннан кейін ғана біз олардан ақпарат аламыз. Зерттеу осылай жүзеге асады.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық nepo baby кімдер және жұлдыздың баласы болудың жауапкершілігі қандай?


– PaperLab орталығы қашан құрылды және қалай қаржыландырылады?

– PaperLab 2017 жылы ресми түрде тіркелген. Бірақ, толыққанды орталық ретінде 2020 жылдан бастап жұмыс істей бастадық. Бұған дейін өзім елбасы қорының жанындағы әлемдік экономика және саясат институтында 3 жыл жұмыс істедім. 2020 жылы ол жерден кетіп, PaperLab командасын жасақтап, жұмысын жолға қойып, фандрайзинг жасаумен айналыстым. Соңғы жылдағы кірісіміздің шамамен 60 пайызы – гранттар. Донорларымыздың басым бөлігі – елшіліктер мен халықаралық ұйымдар. Ал, қалған 40 пайызы – коммерциялық тапсырыстар.

– Яғни, сіздерге зерттеу жасауға тапсырыс бере ме?

 – Иә, Қазақстандағы мемлекеттік емес ұйымдар, үлкен компаниялар бізге зерттеу жасауға коммерциялық тапсырыс береді. Мысал үшін айтайын, сондай тапсырыс берушілеріміздің бірі – мұғалімдерді даярлайтын Teach for Qazaqstan жобасы.

– Сіз PaperLab орталығын толықтай тәуелсіз деп айта аласыз ба?

– Иә, біз өзімізді толықтай тәуелсіз деп айта аламыз. Кейбір сарапшылар "сіздер халықаралық ұйымдардан грант ала отырып, қалай тәуелсіз боласыздар?" деп сұрақ қойып жатады. Бірақ, біздің тапқан табысымызға қарайтын болсақ, ол жерде доминант қаржы көзі жоқ. 1 жылдың ішінде біз 10-15 шақты донор және тапсырыс берушімен жұмыс істейміз. Олардың әрқайсысының үлесі шамамен 10 пайыздан төмен. Сәйкесінше, бұл нәрсе бізге тәуелсіз болуға мүмкіндік береді.

– Қазіргі кезеңде осындай тәуелсіз орталықта жұмыс істеу, оның жұмысын басқару қаншалықты тиімді?

– Бұл жерде ең басты мәселе ақшада емес екенін айтқым келеді. Әрине, оның маңызын мен жоққа шығара алмаймын. Өйткені, қаржы мәселесі ұжымның тұрақты жұмыс істеуіне, мотивациясына тікелей ықпал етеді. Бірақ біздің осы уақытқа дейін түсінген басты нәрсеміз – компанияның өзіндік миссиясының, құндылықтарының болуы және қызметкерлердің сол құндылықтарға сәйкес жұмыс істеуі. Сіз зерттеушіге қанша жерден көп қаражат төлесеңіз де, ол өзінің істеп жасап жатқан ісінің мағынасын, нақты бір нәтижесін көрмесе, оны жұмыста ұстап тұра алмайсыз. Өзімнің жеке тәжірибемнен айтар болсам, елбасы қорының жанындағы институтта үш жыл жұмыс істедім. Ол жерде жалақым салыстырмалы түрде жоғары болды. Бірақ, мен ол ұжымда өз жұмысымның нәтижесін көрмедім. Әйтеуір бір жүріп жатқан күйбең тіршілік, ешкімге керегі жоқ іспен айналысып жатқандай күй кештім. Сондықтан да,

Біздің орталықтың басты мақсаты зерттеушілерді нақты бір құндылықтар төңірегіне топтастыру дер едім. Бұл құндылықтар – либерал демократия, теңдік идеясы, әділеттілік идеясы, прогресс идеясы. Осы құндылықтар негізінде біз өте мықты команда жинақтадық.

PaperLab командасы

Қазір тұрақты командамызда 15-16 адам бар. Қазақстан контексінде өзімізді осынша қызметкері бар және жұмысты жаңаша ұйымдастырып жатқан бірден-бір орталық деп айта аламыз. Өйткені бізде әлгінде айтқанымдай идеялық-құндылықтық негіз бар. Сонымен қатар, біз өзіміздің жұмысымыз арқылы зерттеу шеңберінен шығып, зерттеуден көбірек нәрсе істеуге талпынамыз. Яғни, қоғамдық дискуссиялар арқылы Қазақстандағы белгілі бір өзгерістерге ықпал етуге тырысып жүрміз.

Зерттеушілердің қоғамдық-саяси өмірге тікелей араласатын белсенді бола алатынын өз мысалымызбен көрсеткіміз келеді

– Соңғы жылдарда өз жұмыстарыңыздың нәтижесін қай жерлерден көріп, байқап жүрсіздер?

– Біз құрған дискуссия алаңы Астанадағы, тіпті Қазақстандағы еркін ой айтылатын бірден-бір алаң деп айта аламыз. Яғни бізде цензура жоқ. Біз билікті ашық түрде сынай аламыз, өзімізді сынай аламыз. Сол арқылы жас буынға, жалпы зерттеушілерге кәсіби ортада еркін ой айырбасын қалай жүзеге асыруға болатынының үлгісін көрсетіп отырмыз. Бұл жас зерттеушілердің Қазақстанда қалуына мотивация беретін нәрсе деп санаймын. Өйткені жас зерттеушілер қазір бұрынғыдай қатаң иерархияларда өмір сүріп, жұмыс істегісі келмейді. Ал біз дискуссия алаңдары арқылы альтернатив нарратив қалыптастырып жатырмыз.

Сонымен қатар, PaperLab орталығының ықпалы туралы айтқан кезде, сауалнамалар жайында айта кету керек. Біз Medianet ұйымымен бірлесе отырып, Demoscope жобасын жүзеге асырамыз. Тақырыпты бірге таңдап, сұрақтарды бірге дайындаймыз, талдауға қатысамыз және оны жариялаймыз. Қоғамда қызу талқыланған ең өзекті мәселелердің бәрін назарға алып, ондаған сауалнама жасадық. Қазіргі Қазақстан контекстінде бұл – ашық түрде жарияланатын және көпшілік сенетін жалғыз сауалнама. Бізге тіпті биліктің кейбір өкілдері "қоғамдағы шынайы картинаны сіздердің сауалнамаларыңыз арқылы біліп отырмыз" деп айтып жатады.


Оқи отырыңыз: "Нурикамал" фильмі неге сынға ұшырады? Шығармашылық топ пен ән сөзінің авторы Ханбибі Есенқарақызымен сұхбат


– Өз командаңыздағы зерттеушілердің миссиясы туралы не айтар едіңіз?

– Жалпы, орталық ретінде біз зерттеушілердің болып жатқан жағдайларды сырттай бақылап отыратын бақылаушы ғана емес, қоғамдық-саяси өмірге тікелей араласатын белсенді де бола алатынын көрсеткіміз келеді. Өйткені, қазірге дейін "сарапшы нейтрал болуы қажет, оның азаматтық позициясы зерттеулерінен бөлек болуы керек" деген түсінік қалыптасқан. Біз осы түсінікті жоққа шығарғымыз келеді. Яғни, өзіміздің миссиямызды жұмысымыз арқылы көрсетеміз.

Сарапшы деген тек техникалық сараптама жасайтын адам емес, ол қоғамдық-саяси өмірді қалыптастырушы, азаматтық белсенді бола алатынын өз мысалымызбен дәлелдегіміз келеді. Мен мұны Қаңтардан кейін түсіндім. Қаңтар трагедиясының болғанына өзімді белгілі бір деңгейде жауапты сезіндім. Өйткені, мен бұрын билікке қатысы бар орталықтарда жұмыс істедім. Жалпы саясат туралы, елдегі жағдай туралы сараптамалар дайындадым. Сәйкесінше, осы режимнің қалыптасуына, күшеюіне өз үлесімді қосқандай бір сезімдемін.

2020 жылы жұмыстан кетіп қалғанымның себебі де сол. Қаңтар трагедиясынан кейін азаматтық позициямды жасырын ұстайтын болсам, мұндай оқиға қайталанған кезде тағы да өзімнің жауапты болатынымды түсіндім. Интелектуалдардың жауапкершілігі деген нәрсені сол кезде айқын сезінген болатынмын. Азаматтық позициям мен зерттеушілік позициямды енді бөлек қоя алмайтынымды, екеуі тікелей байланысты дүние екенін түсіндім. Сондықтан, қазір менің азаматтық позициям зерттеулерімде көрініс береді.

– Билікті ашық сынай аламыз деп отырсыз. Сіздерге қандайда бір сын айтылып, қысым жасалған кез болды ма?

– Осы уақытқа дейін тікелей қысым болған жоқ. Өйткені, заң жүзінде біздің зерттеуші ретінде айтар ойымыз мен сараптамамыздың негіздемесі бар. Ешбір нәрсені ойдан шығармаймыз. Екіншіден, біздің мақсатымыз – билікті сынасақ та, билікпен диалог жасауға алаң ұсыну. Үнемі дискуссия алаңына биліктен кем дегенде 1 адам шақырып отырамыз. Бірақ, біз шақырғанда келмейтін, талқыдан қашқақтайтын шенеуніктер бар, келетіндері де бар. Мысалы, кейінгі дискуссияларымыздың біріне Парламент депутаты келіп, өзінің ой-пікірін білдірді.

Айтқым келетін тағы бір нәрсе, кейде біздің әріптестеріміз билік ұйымдастыратын алаңдарға шақырылмай жатады. Тізімде бар болғанның өзінде кейінірек сызып тастау деген нәрсе бар. Бұл билік өкілдерінің ашық дискуссияға дайын еместігін көрсетеді деп ойлаймын.  

– Аймақтардағы дискуссия алаңдарын ашу идеясы туралы айтып берсеңіз. Бұл шешімге не түрткі болды?

– PaperLab командасының ең үлкен привилегиясы Астанада орналасуы дер едім. Сонымен қатар, ұжымымызда үш тілді жақсы меңгерген, әлемнің беделді оқу орындарын бітірген мамандар көп. Өзіміздің осы артықшылығымызды түсіне отырып, басқа аймақтарға да өрісімізді кеңейтуді көздейміз. Өзіміз тек осы Астана қаласында отырып, ақпараттық көпіршік құрып алсақ, онда біз де жоғарғы билік секілді шынайылықпен байланысымызды жоғалтып алар едік деп ойлаймыз. Сондықтан, біздің қазіргі мақсатымыз – жұмысымызды Орталық Азия деңгейінде, сосын аймақтық деңгейде кеңейту. Өйткені аймақтарда жаңа білімге деген сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндік аз.

Біршама уақыт бұрын біз Петропавлға барып, сол жерде кішігірім дискуссия ұйымдастырдық. Одан бөлек, подкастер Айнель Әмірханмен бірге бір жобаны бастап жатырмыз. Алдағы 5-6 айдың ішінде Қазақстанның үш қаласына барып, жария фокус-группа құрып, қарапайым адамдармен олардың өміріндегі мәселелер туралы ашық дискуссия жасаймыз. Кейінірек оны медиада жариялаймыз. Менің ойымша, бұл да бір қызық, маңызды жобалардың бірі болайын деп тұр.

Серіктестер жаңалықтары