Тікелей эфир

Қазақстандық nepo baby кімдер және жұлдыздың баласы болудың жауапкершілігі қандай?

Иллюстрация newthinking.com сайтынан алынды. Авторы: Nikky Muller
Иллюстрация newthinking.com сайтынан алынды. Авторы: Nikky Muller
Nepo baby термині халық арасында жетістікке тамыр-таныстық арқылы, оңай жолмен жетті делінген адамдарды төмендету мақсатында айтылады

Таяуда әлеуметтік желіде әнші, музыкант Әли Оқаповтың төңірегіндегі дау қызу талқыланды. Бәрі Оқаповқа "Құрмет" ордені берілгенінен басталды. Әнші өзінің "Инстаграмдағы" парақшасына орден таққан суретін салғанда, оған жапатармағай "сен бұл марапатқа лайық емессің" деп жаза жөнелгендердің қарасы көп болды. Көпшілігінің алға тартқан аргументі біреу, "сен бұл марапатты сіңірген еңбегің үшін емес, Роза Рымбаеваның баласы болғаның үшін алдың" дейді. Осы тұста былтыр ғаламторды шулатқан бір тренд еске түсті. Ол Nepo baby деп аталады.

Nepo baby ұғымы қайдан келді?

Nepo baby (nepotism baby сөзінен қысқартылып алынған) – бұл атақты ата-анасының мансабы арқылы жетістікке жеткен балаларға қатысты айтылатын термин. Яғни, ата-анасының белгілі бір салада тамыр-таныстығы болса, бала сол салада оңай танылады дейді. Халық арасында бұл термин атақ-даңққа лайықсыз, жетістікке оңай жолмен жетті делінген адамдарды төмендету мақсатында айтылады.

Nepo baby термині туралы алғаш 2022 жылдың ақпан айында айтыла бастады. Twitter желісінің (қазір X) бір қолданушысы режиссер Джад Апатоу мен актриса Лесли Манның қызы Мод Апатоудың "Эйфория" деген телешоуға түсіп жатқаны туралы твит жариялады. Ол өз твитінде "Мод Апатоу nepotism baby екен ғой" деп таңғалысын жасырмады. Яғни, осы твитімен ол Мод Апатоудың шоу-бизнес әлеміне тамыр-таныстықпен келгеніне назар аударды. "Непотизм бэйби" тіркесі кейін бара-бара қысқарып, "непо бэйбиге" айналды.

Бәрі осы "твиттен" басталды
Бәрі осы твиттен басталды

Осы твиттің тез таралғаны соншалық, TikTok желісінің қолданушылары ата-анасының арқасында танымал болған балаларды жаппай белгілей бастады. Бұл терминнің жыры мұнымен біткен жоқ. Жыл соңында New York Magazine журналы жұлдыздардың балаларының тізімін жариялап, 2022 жылды nepo baby жылы деп атады. New York Magazine қандай танымал адамдардың туыстарының арқасында танылғанын, олардың қандай мектепке барғанын зерттеп жазды. Журналда продюсерлер мен студияларға да nepo baby-лермен жұмыс істеу қолайлы екені де айтылды. Себебі, атақты адамдардың балаларын сахнаға шығарып не фильмге түсіргенде, премьераға олардың ата-анасы міндетті түрде келеді. Ал бұл ақпарат БАҚ бетіне шығады, осылайша аудиторияны қызықтыру да оңай деп түсіндіріледі. 

New York Magazine журналының иллюстрациясы. Авторы: Joe Darrow

Бұл басылымнан бөлек, The New York Times, Vox, Forbes, CNN сияқты ақпарат құралдары осы тақырыпта материалдар берді. Бұл тақырып Голливудта кәдімгідей шу көтерді. Зои Кравиц, Лили-Роуз Депп, Гвинет Пэлтроу сияқты актрисалар өздерінің осы тақырыпқа қатысы туралы пікір білдірді. 16 жасында Chanel сән үйінің жарнамасында жарқ еткен Лили-Роуз Депп (актер Джонни Депп пен Ванесса Парадидің қызы) жұрттың айтқанына қарсы пікір айтам деп хейттің астында қалды. "Дәрігерлер отбасында дүниеге келген бала дәрігер болуды таңдаса, оны ешкім сөкпейді ғой?" деген Лили-Роузға көпшілік "олар сен сияқты аспаннан салбырап түскен жоқ, дәрігер болу үшін жылдар бойы оқиды" деп бас салды.

Осы терминді қолданушылар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмысшы тап өкілдерінің балаларына қарағанда "nepo балалар" көбірек көлбеңдейтініне назар аударды. Ал, бұл құбылыс меритократияның жоқ екенін, жетістікке жету үшін тек қана еңбек етудің жеткіліксіз екенін анық көрсетеді дейді. Мәселен, Vox журналында берілген мақалада Колумбия университетінің професссоры Шай Давидай непотизм (тамыр-таныстық) дискурсы "Америкада, оның ішінде Голливудта теңдік бар" деген сенімді жоққа шығаратынын айтады. Оның сөзінше, отбасы байлығы мен байланысын жетістікке жету үшін қолданатын nepo baby концепциясы "америкалық арман" туралы әдемі хикаяның быт-шытын шығарады екен.

Әлеуметтік желіде nepo baby тақырыбын көтерген қолданушылар тек Голливуд жұлдыздарымен шектелмей, саясатта жүрген кісілердің де тамыр-таныстықпен көтерілген балаларын сөз қылды. Олардың қатарында АҚШ-тың 43-президенті Джордж Буш, Дональд Трамптың қызы Иванка Трамп және басқалар бар.

Қазақстандық nepo baby кімдер?

Ал, енді Қазақстанға келейік. Қазақстандық желі қолданушылары nepo baby деп атамаса да, желіде жұлдыздардың балаларын бөліп-жарып жататыны байқалады. Сондай балалардың қатарында күйші Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева, әнші Нағима Есқалиеваның ұлы Диас Аблаев, әнші Роза Рымбаеваның ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев, актриса Лидия Кәденованың ұлы Дидар Кәден, композитор Марат Омаровтың қызы Зарина Омарова, әнші Жанар Айжанованың қызы Айжұлдыз Адайбекова, опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның қызы Қарлығаш Мұхамеджанова, продюсер Баян Алагөзованың қызы Айсәуле Бақытбек-Қайдарова бар.

Коллаж авторы: Нұрлыжан Орынбасар

ҚР Халық әртістері Есқалиева мен Рымбаевалар өз сұхбаттарында балаларының әртіс болғанын қаламағанын жиі айтады. Мысалы, бір сұхбатында Нағима Есқалиева ұлы туралы мынадай пікір айтады:

"Басында мен баламның өнер жолына келуіне қарсы болдым. Бірақ, ол мені әйтіп-бүйтіп көндірді. Мен оның тіпті ән айтатынын білмейтінмін. Алғаш ән шырқап шыққанда, шок болдым. Әуелгі екі әні ағылшын тілінде болды. Ал қазақша ән салғанда, мен көзіме жас алдым. Қазір Диас жақсы вокалист, оның ән айту стилі маған ұнайды. Бәлкім, оның әндері елдің бәріне бірдей ұнай бермейтін шығар. Сондықтан, Диас маған әлеуметтік желіде өзіне жазылып жатқан негатив пікірлерді оқытпауға тырысады. Сонысына рахмет".

Айтпақшы, заманында актер Асанәлі Әшімовті де "өзінің ұлы Сағи Әшімовті Шоқанның рөліне бекітті" деп сөккендер көп болған. Асанәлі Әшімовтің өзі бір сұхбатында бұл кезеңді былайша еске алады:

"Сағидың киноға келуі де тосын құбылыс болды. "Шоқанды" түсірмек болып, кастинг жариялағанбыз. Үміткерлердің бірде-бірі ойдан шықпай, біраз уақыт жүріп алдық. Өзім сыйлайтын Сәбира Майқанованың «Алыстан іздеме. Сағи тұр ғой. Түрі келіп тұр Шоқанға» деген сөзіне мән берген жоқпын. Сөзден қорықтым. Бірде операторлар менің жоқтығымды пайдаланып, Сағиды дайындапты. Аңдап қарасам, мұрты қиылып, Шоқанның өзінен аумай қалыпты. Орталық Комитет те Сағиға тоқтады". 

Кейінірек «Шоқан Уәлиханов» фильмі мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған тұста ел арасында «әкелі-балалы Әшімовтер өздерін сыйлыққа ұсынып жатыр» деген әңгіме шыққан. Комитеттегілер «екі Әшімовті қатар ұсына алмаймыз» деп талап қойғанда, Асанәлі Әшімов "Сағиға сөз келмесін" деп тізімнен өзін сыздыртып тастағанын айтады. Ал, Асанәлінің ұлы, актер Сағи Әшімов өзінің 1999 жылы берген соңғы сұхбатында аяқтан тұруына әкесінің көмектескенін былай баяндайды:

"Әрине, отбасыма, тұрмыс жағдайыма, өз аяғымнан тұруыма әкемнің көмегі болды. Әрі-беріден соң ол әкелік парызы ғой. Институтқа түсуге де көмектескенін жасыра алмаймын. Оқуға түскеннен кейін өзімнің кездейсоқ адам емес екенімді дәлелдеуге тырыстым. Институтты қызыл дипломға бітіріп, дипломдық спектакльдің бәрінде басты рөлде ойнауым өзімнің табандылығымның арқасында болған еді. Актердің айлығымен күн көру де қиын. Кафе ашуға тура келді. Бұл іске әкем араласқан жоқ. Әкімшілік пен СЭС-ке барған бетімде-ақ өнер адамдарын қадірлейтін азаматтардың өзі қолтаңба беруімді өтініп, есесіне қызметін көрсетті. Әрине, кімнің баласы екенімнің де пайдасы болған шығар. 1989 жылдан бері МАИ-ға айыппұл төлеп көрген жоқпын. Бұл да бәлкім әке даңқының жемісі болар".

Енді қазіргі кезеңге қайта оралайық. Осыдан бірнеше ай бұрын продюсер Баян Алагөзованың қызы Айсәуле Бақытбек-Қайдарова The chai show бағдарламасына қазақстандық nepo baby ретінде қонаққа шақырылды. Сол жерде Айсәуле былай дейді:

 "Мен өзімнің өзіндік артықшылықтары бар отбасында дүниеге келгенімді бала күнімнен біліп өстім. Алайда, непотизм деген түсінікке біртүрлі қараймын. Батыста адамдар жұлдыздардың балаларына аяқ астынан жабыла кеткендей әсер қалдырды. Негізі, одан басқа салаларда да тамыр-таныстықпен көтерілген қаншама адам бар ғой. Әсіресе, қазір Қазақстанда таныс арқылы шаруа шешу деген өте өзекті мәселе болып отыр. Менің нағашы атам өз заманында өте танымал композитор болған. Анам одан басқа университетке ауыстырып беруін өтінген кезде атам "сен талантты болсаң, бір жерді жарып шығасың. Болмаса, менің атыма кір келтірме" деп айтқан екен. Сол сияқты, мен де анама "мені әнші қылшы, "Кешью" тобына алшы" деп ешқашан айтып көрмегенмін. Актриса болуға да талпынбағанмын. Менің ойымша, жұрт танымал адамдардың баласына қатысты пікірін оларды танымай тұрып қалыптастырып қояды. "Таяқтың екі ұшы бар" дегендей, мен мұның теріс жағын да байқадым. Мемлекеттік мектепте оқыған кезде буллингке ұшырадым".

Айсәуле кішкентай күнінде анасы Баян Алагөзованың бағдарламасының бір айдарын жүргізген. Ал, оқушы кезінде анасы түсірген "Тракторшының махаббаты" телехикаясында ойнады. Айсәуленің сөзінше, танымал адамның баласы болудың жауапкершілігі ауыр.

"Біреулер анам туралы жаман сөз айтып жатқан кезде оларға қарсы шығып, төбелесе кеткім келетін кездер болады. Алайда, мен өз жауапкершілігімді түсінемін. Танымал отбасының баласы болу оңай емес. Себебі, жұрттың маған деген көзқарасы басқаша екенін білемін. Сондықтан, көп жерде артық сөйлемеуге, пікір білдірмеуге тырысамын. Мені жүрген жерімде "мынау Баянның қызы ғой" деп айтатындар көп. Оған ренжімеймін. Күндердің күнінде мені де "мынау Айсәуле ғой" деп шақыратын күнге жетермін. Әзірше ондай деңгейге жетпеген шығармын" дейді Айсәуле Бақытбек-Қайдарова.

"Туғалы бері сынның астында жүрген баламын"

Анасы туралы жаман сөз айтылса, қарап тұра алмайтындардың бірі – Әли Оқапов. Ол 2014 жылы "Сырласу" бағдарламасына берген сұхбатында анасы туралы негатив пікір жазған адамдарды "мәдениетсіз, топас адамдар" дегені үшін сынға қалған еді. Халық "бізді топас дейтіндей сен кімсің?" деп өре түрегелгенде, Әли "қатты кетіп қалыппын" деп көпшіліктен кешірім сұрады. Одан кейін "Димаш Құдайбергеннің репертуарында хит әні жоқ" деген пікірі үшін тағы да сынға ұшырады. Ал, бірер жыл бұрын Роза Рымбаева "Грэмми" сыйлығын жеңіп алған диджей Иманбек Зейкенов туралы "ему просто повезло" деп пікір білдіргенде, таяқтың бір ұшы оның екі ұлына тиді.

Фото: Instagram/@aliokapov

Таяуда "Құрмет" ордені берілген кезде Әли Оқапов тағы да хейттің астында қалды. Желіде Әлиді құттықтап жатқандармен қатар, "ол "Құрмет" орденін алатындай қандай еңбек сіңірді?", "қазір тәрбиелі, мәдениетті жігіт болғаны үшін ғана марапат беретін болған ба?" деп сұрақ қойғандар көп болды. Олардың арасында блогшылар да, қарапайым тыңдармандар да бар. Осы тақырып бірнеше күн қатарынан талқыланған соң, Әли Оқапов өзінің осы күнге дейін алған барлық марапатынан бас тартатынын мәлімдеді. Сол сәтте оған өнердегі әріптестері қолдау білдіріп, халықтың сынын орынсыз деп санап, буллингке теңеп жатты. Сол аралықта журналистер Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаеваның осы дауға қатысты пікірін сұрап білді. Министр мұндай мемлекеттік марапаттар кері қайтарылмайтынын айтты.

"Соңғы кезде әлеуметтік желі қолданушыларының көрінген нәрсенің бәрін жоққа шығарғысы келетіні алаңдатады (cancel culture терминін айтып отыр – ред). Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Елдің бәрі бір сәтте барлық саланы білетін сарапшыға айналып шыға келді. Негізі, белгілі бір салаға қатысты пікірді сол саланың білікті, кәсіби маманы білдіргені маңызды. "Оқаповқа бұл орден не үшін берілді?" деген сұрақтың қойылуын орынсыз деп санаймын" деді министр.

Ал, көпшілік арасында "мұндай резонанс Роза Рымбаева баласын әр жерге тықпалап, басқа әншілер туралы өткір пікір білдіргені үшін болып жатыр" деп топшылағандар да болды. "Баласын әр жерге тықпалады" демекші, мына бір оқиға еске оралып отыр. 2012 жылы ресейлік "Пусть говорят" бағдарламасының бір саны "А-студио" тобының мерейтойына арналды. Бағдарламаға "А-студио" тобы туралы пікір білдіру үшін Қазақстаннан Роза Рымбаева арнайы шақырылды. Сол жерде Роза Қуанышқызы студияға кіре сала "мен бүгін Мәскеуге жалғыз келген жоқпын. Өзімнің үлкен ұлым Әлиді ерте келдім. Ол – "Арай" мен "А-студионың" әндерін тыңдап өскен бала. Әли менің балам ғана емес, ол ең алдымен пианист, музыкант, өзінің шығармашылық жолын енді бастап жатқан әнші. Өзі ән жазады, өзі биін дайындайды, өзі бейнебаянын түсіреді. Бәрін өзі нөлден бастап жатыр" деп, үлкен ұлын халыққа таныстырды. Сол кезде көрермен қауым арасында Рымбаеваның бұл әрекетін "баласын өнер әлеміне орынсыз тықпалау" деп жақтырмай, пікір жазғандар көп болды.

Сондай-ақ, 2014 жылы "Сырласу" бағдарламасына берген сұхбатында Әли Оқапов анасының ауырып жүрген кезінде "сендерге болашақта көмектеседі" деп, екі ұлын өзінің тегіне ауыстырғанын айтады:

"Анамның денсаулығы нашарлаған кезде ол біздің тегімізді Рымбаев деп ауыстырды. "Мен келешекте қастарыңда бола алмай қалсам, сендерге осы фамилия көмектеседі" деді. Сол кезеңнің бәрінен аман өткен соң, 16 жасымда жеке куәлік алған кезде Оқапов деген тегіме қайта оралдым".

Әлеуметтік желідегі "Құрмет" дауы енді басыла берген кезде Әли Оқаповтың журналист Динара Сәтжанға берген сұхбаты жарыққа шықты. Онда ол "Құрмет" орденінің дауына қатысты ойын былай жеткізеді:

"Маған "Роза Рымбаеваның ұлы болу қиын ба?" деген сұрақ жиі қойылады. Мен қиын деп жауап беремін. Себебі, Тасқын Оқапов пен Роза Рымбаева – олар жеңімпаздар. Сондай тұлғалардың баласы бола тұрып, сенің жеңілуге құқығың жоқ. Сенің жеңілуге де, жеңуге де, қателесуге де хақың жоқ. Себебі, халық "сен Розаның баласысың" дейді. Оның үстіне, мен белгілі бір салада керемет жетістікке жеткен адам емеспін ғой. Ондай болсам, жұрт мен туралы "ол шынымен лайықты" деп айтар еді. Мен қатардағы көп поп-орындаушының бірімін. Өзім ән жазып, соны орындаймын. Ешқашан үлкен байқауларға қатыспағанмын. Себебі, мен байқаудың әншісі емеспін. Әрине, шақыратындар көп, бірақ, мен келіскен емеспін. "Біріншіден, мен жеңіліп қаламын, екіншіден, мұндай байқаулар басқа талантты жастарға трамплин болсын деймін".

Қазақстандық психолог Константин Колобов өнер адамдарының халықтың сынын буллингке балап жатқанына келіспейтінін айтады.

"Халықтың "әнші сондай марапат алу үшін қандай еңбек сіңірді?" деп сұрағанында тұрған ештеңе жоқ. Мен мұны буллинг деп емес, сын деп айтар едім. Халықты емтихан алатын адамға теңеуге болады. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бай, танымал адамдардың балалары қарапайым жұмысшының баласына қарағанда жетістікке оңай жетеді. Халықты ашындыратыны осы нәрсе, олар осындай теңсіздікке төзе алмайды. Мұндай сынға қалмау үшін жұлдыздардың баласына өзін дәлелдеуден басқа жол жоқ.

Психологтың сөзінше, ел алдында жүрген адам бәріне дайын болуы қажет.

"Қошемет көрсеткен кезде халық жақсы да, сын айтқанда бірден жаман бола қала ма? Керісінше, айтылған сын орынды болса, содан қорытынды шығарған дұрыс", – дейді психолог.

Сондай-ақ, психолог Константин Колобов шығармашылық адамдарының жаны нәзік, жараланғыш келетініне тоқталып, реті келсе, мұндай салада жүрген адамдарға тұрақты түрде психотерапияға барып тұру артық болмайтынын айтты. 

Серіктестер жаңалықтары