Тікелей эфир

70 мың студентке жатақханада орын жоқ. Басқа елдер бұл мәселені қалай шешіп отыр?

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Былтыр Қазақстан бойынша 69 мың студентке жатақханадан орын табылмады.

Биыл республика бойынша жалпы 23 686 студентке жатақханада орын жетпеді. ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның мәліметінше, былтыр 69 мың төсек-орын жетпеген. Осы орайда жатақхана жеткіліксіздігі мәселесінің шетелдерде қалай шешіліп жатқанын қарастырып көрдік. 

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің 2023 жылғы қыркүйекте берген мәліметіне сәйкес, елде 380 бірлік жатақхана, 106 203 төсек-орын бар. Сондай-ақ, 182 объектіде 24 560 төсек-орын жалға алынды. 

Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында бұл мәселе жатақханалар мен хостелдерді жалға алу арқылы шешіліп отыр. Ақмола, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында 60-тан 695-ке дейін орын жетпейді. 

Ал ең үлкен тапшылық келесі қалаларда:

  • Алматы – 14 мың;
  • Астана – 5300;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 2300 орын. 

Ал басқа мемлекеттерде қалай?

Куала-Лумпур қаласы / depositphotos.com

Малайзия: Университеттер кампусқа жақын маңнан пәтер жалдау мүмкіндігін ұсынады

Daryn Dreams компаниясының Малайзияда оқу бойынша сарапшысы Доктор Али Шер аталған елде жатақхана проблемасы нақты жағдайлар мен талаптарға байланысты туындайтынын айтады. Дегенмен жатақханалар барынша жабдықталған, студенттер ешнәрседен қысылмайды. 

Бүгінгі таңда Малайзияда 80 университет пен 590 колледж бар. Жатақханадағы бөлмелер бір, екі және төрт адамға арналған. Ішінде ортақ ас үй мен кір жуатын бөлме болады. Ал бағасы сыйымдылығымен байланысты: бір орындық бөлме құны бір айға 250-300 доллар. Көршілері бар бөлме құны айына – 100-250 доллар. 

Жатақханалар халықаралық стандарттарға сәйкес басқарылады, тұрақты түрде тазаланады және техникалық қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ жатақхана ғимараттары әйелдерге, ерлерге арналған деп бөлінеді. 

Университеттен пәтер жалдау: Кейде университеттер кампусқа жақын жерде орналасқан пәтерлерді жалға алудың баламасын ұсынады. Бұл студенттерге тәуелсіз әрі университет өміріне жақын ортада өмір сүруге мүмкіндік береді. Мұндай пәтерлерде тұру құны орналасқан жері мен жағдайына байланысты айына 200 доллардан 400 долларға дейін барады. 


Оқи отырыңыз: ТЖД дерегінше, Алматыда 202 жатақхана бар. Ал 2Gis арқылы 253-ін табуға болады


Тәуелсіз пәтерлерді жалға алу: Студенттер өз бетінше тәуелсіз пәтерлерді жалдап тұра алады. Олар таңдайтын пәтерлердің бағасы 600-800 доллар көлемінде болады. 

Сидней қаласы \ depositphotos.com

Аустралия: Пандемиядан соң шетелдік студенттер саны өскен

Аустралияда 43 университет бар: оның 37-сі мемлекеттік, 4-еуі жекеменшік және 2-еуі халықаралық жекеменшік университет. 

COVID пандемиясы аяқталған соң елге қайтып оралған және жаңадан келген шетелдік студенттер саны артқан. Осының себебінен студенттерге жатақханада орын жетпей жатыр. Ал қала орталығынан бос пәтер табу қиын. 

CBRE Australia жуырда жария еткен есепке сәйкес, студенттік жатақханаларға жер бөлу мәселесі және құрылыс бағасының өсуімен байланысты ұсыныс сұранысқа сай келмей отыр. Вuildaustralia.com мәліметінше, студенттерді жайғастыру бойынша кеңес ұсыныстың 7% өскеніне қарамастан, студенттердің әлі де жатақханамен толық қамтылмағанына алаңдаушылық білдіріп отыр. 


Оқи отырыңыз: Бір оқушы үшін – 920 мың теңге. Мектеп не жатақхана салған кәсіпкер мемлекеттен қанша қаржы алады?


CBRE Pacific зерттеу бөлімінің жетекшісі Самир Чопраның айтуынша, COVID пандемиясынан кейін шетелдік студенттер Аустралияға қайта оралып, қала ортасында тұрғын үйге деген сұраныс пен ұсыныс арасында теңсіздік орнаған. Сондай-ақ студенттерге арналған жатақхана ақысы бір жылда орташа есеппен 5,5% өскен. Брисбен, Мельбурн және Сиднейде жатақханаға бір апта үшін төлейтін ақы 405 доллардан 530 долларға дейін өскен. 

"Біздің зерттеуімізше, Аустралияда 76 500-ден астам студент 200 арнайы жатақханада тұрып жатыр. Бұл жатақханалардың басым бөлігінде бос орын жоқ. (...). Жергілікті және шетелдік студенттерге арналған жатақхана санын көбейтпесек, жағдайы ушығып барады", – деді Студенттерді жайғастыру бойынша кеңестің директоры Адина Сирсон.

Сондай-ақ Сирсон Аустралияда білім алған студенттердің 16 пайызының сол жерде жұмыс істеуге қалатынын атап өтті. Осылайша ел жұмыс күші жетіспеушілігі мәселесін шешіп отыр. 

Мұнымен қатар, ол 2019 жылы 300 мың шетелдік туристің Аустралияда оқып жатқан студенттің жағдайын білу үшін келгенін атап өтті. Сол жылы туристер Аутралия экономикасына 1 миллиард доллар әкелген. 

Будапешт қаласы \ depositphotos.com

Венгрия: BBUSH студенттеріне тегін жатақхана не 120 еуро жатақхана жарнасын ұсынады

Венгрияда барлығы 38 университет және 29 колледж бар. Daryn Dreams компаниясының жетекшісі Алуа Болатқызы Еуропаның ірі қалалары сияқты Будапешт те жатақхана жетіспеушілігі мәселесімен бетпе-бет келіп отырғанын айтады. Басты екі себеп – жалға берілетін пәтерлердің жылдам өтіп кетуі және қала орталығындағы үйлердің бос болмауы. Ал студенттер мүмкіндігінше қала ортасында тұрғысы келеді. 

"BBU қосылған студенттердің көпшілігі өз өмірін Будапештегі жатақханалардың бірінде бастайды. Оны әдетте "3S" арқылы сипаттауға болады: қарапайым, шағын және ортақ. Бұл виза рәсіміне қажет құжаттарды алудың ең оңай жолы. Кейінірек студенттер дос тауып, жалдамалы пәтерге көшеді", – деді Алуа Болатқызы. 

Сондай-ақ ол кей жатақханалардың студенттерден алдын ала депозит сұрайтынын атап өтті. Студенттерге болашақ кампустардың мекенжайын екі рет тексеріп барып таңдау жасау ұсынылады. Мысалы, Будапешт іскерлік университетінде 3 басты кампус бар. Кез келген келісімге қол қоймас бұрын кампусқа баратын және қайтып келетін тура қоғамдық көлік бар ма, жоқ па тексеріп аласыз. 


Оқи отырыңыз: БҚО-да Республика күніне орай 500 орындық жатақхана қолданысқа берілді


Budapest Business University Stipendium Hungaricum студенттеріне тегін жатақхана немесе 120 еуро көлемінде жатақхана жарнасын ұсынады. Орналасқан жеріне, көлеміне және сапасына байланысты Будапеште пәтер жалдау ақысы шамамен 250-350 еуро болады.

Стамбұл қаласы \ depositphotos.com

Түркия: Жекеменшік университеттің студенті мемлекеттік жатақханада тұра алады

Шетелде білім алуға көмектесетін Bilim world компаниясының негізін қалаушы Балзада Ақылсерік салыстырмалы түрде Түркияда студенттердің жатақханамен жақсы қамтылғанын айтады.

Anadolu Ajansı сайтының мәліметіне сәйкес, Түркияда барлығы 208 жоғары оқу орны бар. 2002 жылы жатақхана сыйымдылығы 182 мың төсек-орын болған. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 850 мыңға жетіп, 4,6 есе артқан. Жаңадан салынған жатақханалар спорт алаңдары, кітапхана және тегін интернетпен жабдықталған. Алдыңғы жылы студенттерді жатақханамен қамту көрсеткіші 90 пайыздан асқан. Ал былтыр жатақханаға сұраныс артып, бұл көрсеткіш 80 пайызды құрады. 

2002 жылы 451 мың студент мемлекеттен шәкіртақы мен несиеге мүмкіндік алды. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 1 миллион 383 мыңға жетті, оның ішінде – 503 мың шәкіртақы және 880 мың несие.


Оқи отырыңыз: Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақхана тапшылығы туралы: Биыл қолымыздан келгеннің барлығын жасадық


Мұнымен қатар, былтыр жаңа оқу жылының қарсаңында ел президенті Режеп Тайып Ердоған жатақхана ақысының көтерілмейтінін мәлімдеді. Тиісінше, айына 250 мен 450 лира аралығында өзгеретін жатақхана ақысында ешқандай өзгеріс болмады.

"Түркия студенттерді жатақханамен жақсы қамтыған деп айтатын себебім мемлекеттік жатақханалар жеткілікті. Жекеменшік университетте білім алып жатқан студенттер де осы жатақханаларда тұра алады. Түркия мемлекетінің азаматы жатақханаға айына 700 лира төлейді, бұған үш мезгіл тамақ кіреді. Ал шетел азаматтарына кішкене қымбаттау. Екіншіден, арнайы студенттерге арналған "қонақ үйлер" салынған. Мұнда кітапхана, бассейн, компьютер класы, спорт алаңы және т.б. бар. Бір айға шамамен 80 мың теңгедей болады", – деді Балзада Ақылсерік. 

Амстердам қаласы \ depositphotos.com

Нидерландтар: 2029-30 жылдарға қарай жатақханаларда 45 мың төсек-орын жетпейтін болады

Мonitor.icef.com мәліметінше, 2022 жылы Нидерландыда студенттерге жатақханада 27 мың төсек-орын жетпеген болатын. Болжам бойынша, 2029-30 жылдары бұл көрсеткіш 45 мың төсек-орынға дейін жетеді. Бұл сандар жария болғанға дейін ұлттық жоспарға сәйкес, 2025 жылға қарай Амстердам, Лейден, Неймеген, Роттердам, Ден Бош және Утрехті қоса алғанда 16 500 жаңа төсек-орын салынады деп жоспарланған-ды. Енді елде 2030 жылға қарай 60 мың студент үйі салынады. 

Жақында ұлттық тұрғын үй жоспары жобасының директоры Ардин Моурик 2030 жылға дейін қажет студенттер үйінің үштен бірінен астамы үшін жоспарлар бар екенін, олардың көпшілігінде құрылыс алаңдары бекітілгенін хабарлады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 24 мың студент жатақханаға мұқтаж


Студенттерді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары осы онжылдықтың қалған бөлігінде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы үкімет, тұрғын үй провайдерлері, университеттер және студенттік кәсіподақтар арасындағы келісімдерді қамтиды. Қол қойғандар арасында Нидерланды университеттері, Голландиялық білім қала желісі, "Кенцс", "Вастгоед Беланг", The Class Foundation, Голландиялық студенттер одағы, Landelijk Overleg Studentenhuurders, Ішкі істер және Корольдік қатынастар министрлігі, Білім, мәдениет және ғылым министрлігі бар. 

Душанбе қаласы / depositphotos.com

Тәжікстан: Студенттер көбінесе су, жеделсаты және жылудың жоқтығына шағымданады

"Азия-Плюс" басылымының жуырда жариялаған мәліметіне сәйкес, Тәжікстанда 50 университет, институт және 70 колледж бар. Жыл сайын 50 мың студент жоғары оқу орнына түседі. 

Барлық жоғары мектептің жанында жатақхана салынған. Жатақханада бір жыл тұру ақысы әртүрлі. Мысалы, Тәжікстан ұлттық университетінің студенттері 700 сомони (29 610 теңге), Тәжікстан мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің студенттері 720 сомони (30 456 теңге) төлейді. Ал Тәжікстан мемлекеттік педагогикалық университетінің шәкірттері 850 сомони (35 955 теңге) төлеуге мәжбүр. Егер 700 сомониді (29 610 теңге) 10 айға бөлетін болсақ, әр студент айына 70 сомони (2961 теңге) төлейді. Алайда жатақханалар дұрыс жабдықталмаған, студенттер су, жеделсаты және жылудың жоқтығына шағымданады. 

Дәл қазір Душанбе қаласында студенттер пәтерді кемінде 300-400 сомониге жалдап тұрады. Ал Худжанд, Бохтар және Хорогта – 200-250 сомони.


Оқи отырыңыз: Алматыда жатақхана салған кәсіпкерлер әр орын үшін мемлекеттен 144 АЕК алады


Студенттердің тамаққа жұмсайтын ақшасы отбасының экономикалық жағдайымен тікелей байланысты. Мысалы, студент өңірден келген болса, оған ең қажет азық-түлікті үйінен жіберіп тұрады. Жалпы студенттер көбіне үйінде тамақтанады, азық-түлік сатып алуға айына 200 сомони төлейді. Бұдан өзге студент сыртта орташа есеппен айына 15 рет тамақтанады, бұл 300 сомони жұмсайды деген сөз. Сонда айына тамаққа жалпы 500 сомони (21 150 теңге) жұмсайды. 

Ал түгелдей сыртта тамақтанатын студенттер күнделікті 60-70 сомони, айына 2 мың сомони (84 600 теңге) жұмсайды. 

Серіктестер жаңалықтары