Тікелей эфир

"Қазақстан халқынан ит пен мысықты өлтірмеуді өтінемін". Брижит Бардомен эксклюзив сұхбат

Брижит Бардо. Фото: foxnews.com сайты
Брижит Бардо. Фото: foxnews.com сайты
Әлемге танымал француз актрисасы бүгінде 87 жаста.

Француз актрисасы Брижит Бардо 39 жасында актриса мансабын аяқтап, жануарларды қорғау саласына біржола бет бұрған. 1986 жылы осы мақсатта "Брижит Бардо қорын" құрды. Брижит Бардо Информбюро тілшісі жолдаған сұрақтарға жауап беріп, әлем елдеріндегі және Қазақстандағы жануарларды қорғау шараларына өз бағасын берді. 

Брижит ханым, Сіз 39 жасыңызда актриса ретінде карьераңызды аяқтап, жануарларды қорғау саласына бет бұрдыңыз. Бұған не себеп болды? Сіздің жануарларды қорғаумен айналысуыңызға Николетта атты ешкіні қонақ үйге кіргізбей қою оқиғасы түрткі болды деген мәліметті оқыдым. Бұл қаншалықты рас?

– Жануарларға деген сүйіспеншілік бойымда кішкентай кезімнен бері бар. Егер мен мансабымды 39 жасымда аяқтауды таңдасам, бұған осы салада табысты болуым әсер етті. Енді өмірде жетістікке жетуім керек болды, себебі менің өмірім – жануарлар әлемі! Иә, соңғы фильмнің түсірілімінде бір лақты құтқарып қалдым және бұл менің түпкілікті шешім қабылдауыма әсер еткен оқиға болды. Лақтың иесі одан барбекю жасағысы келген еді. Мен сол жануарды сатып алдым да, қонақ үйдегі бөлмеме əкелдім. Бастық мені ақымақ деп ойлаған шығар, бірақ қабылдады.

Жануарларды қорғау шараларын бастаған кезде қоғамның қатты қарсылық танытқаны рас па?

– Жануарлар үшін күреске кіріскенде мен туралы небір сын айтылды. Кейбіреулер менің бұл әрекетімді жарнама деп ойласа, басқалары жұлдыздың кезекті еркелігі деп айтып жатты. Бұған қарсы тұру үшін көп батылдық қажет болды. Жеңілгенді жек көремін. Сондықтан, бұл қиыншылықпен күрестім жəне адамдар ниетімнің шынайылығын, жануарларға деген адалдығымды өте тез түсінді. Қазір олар менің ең күшті одақтастарыма айналды. Мені қолдап, кейде батылдығым жетпей жатса, демеді. Өйткені, бұл – қатігездікке төзбейтін, өте қиын күрес. Бүгінде мен құрған қордың 80 мыңнан астам мүшесі бар және бүкіл əлемге танымал. Командамдағы 150-ден астам қызметкер жəне жүздеген ерікті өз қызметіне адал. Олар – менің ең үлкен мақтанышым.

Фото Брижит Бардоның жеке архивінен алынды

 


Оқи отырыңыз: 2024 жылға дейін Алматыда 45 мың үй жануарына микрочип орнатылады


Жануарларды қорғаумен айналысып келе жатқаныңызға жарты ғасырдан асыпты. Содан бері жағдай қалай өзгерді деп ойлайсыз? Адамдардың ой-санасы өзгерді ме?

– Қазір көпшілік қордың жұмысына көбірек жұмыла бастады. Олар бізді билеп-төстейтін "ұлылардың" немқұрайдылығының салдарынан жануарлардың күн сайын, сағат сайын қатігездікпен құрбандыққа шалынып жатқанын білді және оларды қорғаудың маңызын түсінді.

"Адам" деп аталатын жаратылыстың мұндай құлдырауға, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына шыдап отыруы ойға қонымсыз. Бұл енді тек экологияның емес, өмір сүрудің де мəселесіне айналды.

Сіздердің әлем елдеріндегі жануарлармен қарым-қатынас мәселесіне сараптама жасайтындарыңызды білеміз. Бұл туралы сіздерге жан-жақтан хат жазатындар көп. Салыстырмалы түрде қай елдерде жануарларға жақсы қарым-қатынас жасайтынын, ал қай елдерде аяушылық танытпайтынын айта аласыз ба?

– Барлық елде жануарларды қорғауға тырысатын жəне ол үшін үлкен құрбандыққа дайын керемет адамдар бар. Оларды жер бетінде кедейлік жəне басқа да мəселелер бар кезде жануарларға көмектескені үшін айыптайтындар жиі кездеседі. Бірақ, адамдар тек жүрегі бар немесе жүрегі жоқ болып екіге ғана бөлінеді. Жануарларға көмектесетіндер басқаларға жəне жалпы қоғамға көмектесуге бейім. Үндістанда кедейшілік үлесі басым болса да, ондағы иттер мен мысықтар көшеде еркін жүре алады. Оларды Орталық Азия елдері немесе Беларусьтегідей ешкім ұстап әкетпейді. 2005 жылы біздің жəне Vets Beyond Borders ұйымының жұмысы арқасында Үндістандағы Сикким штатының басшылығы жануарларды аяусыз өлтіруді тоқтатты. Бүгінде олар əлемдегі ең танымал туристік бағыттардың бірі болып отыр. Өйткені, қоғам мен жануарлар арасында үйлесім бар жəне штат қорғау жəне күш қолданбау саясатын ұстана бастады. Бұл жаңалық барлық деңгейде көрініс тапқан. Бұл – өте жақсы мысал.

Көшелерді жануарлардан тазарту – ілгерілеудің белгісі емес. Барлық тіршілік иесімен, төрт аяқты достарымызды қоса алғанда, үйлесімді қоғам құру – ілгерілеудің белгісі.

Жүйелі түрде президенттерге ашық хат жазып отырасыз. Бүгінгі күнге дейін қай елдердің президентімен жануарларды қорғау туралы ынтымақтастыққа келдіңіздер?

– Менің қорым 70-тен астам елдегі жобаларға көмектесті. Францияда 1850 жылы жануарларды қорғау туралы алғашқы заң – Грамон заңы қабылданды. Дегенмен, мен əлі күнге дейін ең көп хатты Франция үкіметіне жіберемін. Біз жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Бірақ, қазіргі қоғам жануарларға зорлық-зомбылық көрсетуді тоқтатқан жоқ, сондықтан күрес əлі аяқталмады. Соның бәріне қарамастан, ынтымақтастық бар, өйткені біздің сөзіміз естіле бастады.

Немқұрайдылық пен сыбайлас жемқорлық – қиянат пен надандық, оның ішінде діни мəтіндерді түсіндірудегі надандық жайлаған елдерде жиі кездесетін екі фактор.

Менталитет өзгеріп, үкіметтер өзгеріс енгізуге саяси ерік-жігер көрсеткенде жəне оны қалай жүзеге асыруды білгенде ынтымақтастық мүмкін болады. Қазақстанда да солай болып, жануарларды қорғау туралы заң нақты қорғау шарасына айналады деп сенемін.

Брижит Бардо. Фото: hln.be сайты

Қазақстанмен диалог қалай жүріп жатыр? Бастамаларға көңіліңіз тола ма?

– Нақты шаралар қабылданбайынша, бір нәрсе айту қиын. Қазақстан бұл істе Орталық Азияның басқа елдеріне жол көрсетсе, жақсы болар еді. Үмітім бар, өйткені Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза бұл туралы көпшілік алдында бірнеше рет айтты.

Жазылған хатқа назар аудармаған, жауап бермеген президенттер болды ма?

– Жалпы, президенттер менің 40 жылдан астам күресімді жəне қордың бұл жолдағы тəжірибесін мойындайды. Мен хат жолдасам, оның еліндегі адамгершілікті арттырып, құрметін өсіру үшін шынайы жəне ізгі ниеттен жазатынымды біледі. Сіздің Президентіңіз мұны жақсы түсінді жəне Қазақстан өз балаларына қаншалықты қамқор болса, жануарларына да сондай қамқор екенін əлемге танытқысы келетінін айтып, хатыма көпшілік алдында жауап берді. Сол себепті, қорымыздың халықаралық жобалар жөніндегі жетекшісі иесіз жануарлармен күресудегі зорлық-зомбылықсыз стратегия туралы билікпен сөйлесу үшін Қазақстанға барды.


Оқи отырыңыз: Брижит Олуа, Бардо қорының жетекшісі: Иесіз жануарларды панажайда ұстау нәтиже бермейді


Иә, қордың халықаралық жобалар жөніндегі жетекшісі Брижит Олуа Қазақстанға іссапармен келіп қайтты. Біздің елдегі жағдайдың мән-жайына қаныққан боларсыз. Қандай баға бересіз? Жалпы Қазақстан туралы не ойлайсыз?

– Өкінішке қарай, Қазақстанда, бұрынғы кеңестік республикалардың көпшілігі сияқты, жануарларды қорғау тәсілі əлі қалыптаспаған. Семейдегі жəне елдің басқа аймақтарындағы иесіз жануарларды өлтіру əдістері өте қорқынышты. Кейбір әкімшіліктер өзгеріс енгізуге тырысып жатыр. Бірақ, бұл үшін менталитет өзгеруі керек, ұлттық серпін қажет. Мысықтар мен иттерді аяусыз өлтіруге көршілер арасындағы жанжалдың жеткілікті болуы, азаматтардың иесіз жануарлардың көзін құртуға шақыруы мүмкін емес сияқты көрінеді.

Қазақстанның жауапты мекемелері мен халқына қандай үндеу жасайсыз? Жануарларға қамқорлық танытудың маңызы қандай?

– Көшедегі мысықтар мен иттерді өлтіруді доғарыңыздар деп өтінемін. Олар – кəрі немесе ауру жануарларды, марғаулар мен күшіктерді көшеге тастап кететін жауапсыз азаматтардың, сондай адамдарды жазаламайтын басшылардың, ит-мысықтарды пайда табу үшін сатып, қолданатындардың құрбаны.

Олар көшеде аш, қараусыз қалғанына қарамастан адамдарға қауіпті деп айыпталады.

Брижит Бардо. Фото: Philippe Arnassan

Кинода жануарларға қастандық жасау, оларға түрлі зертханалық тәжірибе жасау тақырыбы кең тараған. Бұған көзқарасыңыз қалай? Жалпы қазіргі кинотуындылармен таныссыз ба?

– Өмірімді жануарларға арнау үшін кинодан кеткенімді білесіздер. Бұл қиын жəне кері қайтарылмайтын шешім болды. Бірақ, жануарларды азаптауды, оларды пайда көзі ретінде көруді тоқтату одан да маңызды еді. Мен вегетарианмын, жасым 87-де және жағдайым өте жақсы. Ет мені қатерлі ісікке шалдықтырды. Одан бас тартқалы бері денсаулығым түзелді.

Қазақстан халқы Сіз түскен фильмдерді қанша жыл өтсе де, әлі күнге сүйіп көреді. Актрисалық мансабыңыздағы қандай естеліктер жаныңызда жатталып қалды?

– Актрисалық мансабымның артта қалғанына өте көп уақыт өтті. Мен артқа қарағанды ұнатпаймын. Бірақ, атақ-даңқым жануарлар үшін күресімде көп көмектесті, көптеген есікті ашты. Жануарларға қамқор жандарға көмектесіп, маған жақсылық жасаңыздар. Иттің мойылдай көзінің, мысықтың сұлулығының, жылқының күшінің, қойдың жұмсақтығының алдында жүрегіңіз сөйлесін. Бұның бәрі менің еңбек жолымдағы естеліктермен барабар. Жануарлардың адамға бақыттан басқа берері жоқ. Сондықтан, жаңа мүшені отбасыңызға қабыл алыңыз деймін.

Серіктестер жаңалықтары