Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі ресми түрде 2020 жылдың 1 қаңтарынана бастап іске қосылды. Бірақ, коронавирус пандемиясына байланысты 1 шілдеге дейін барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған деп саналды. Сондықтан медициналық сақтандыру қорына жарна аудармаған жандар да қызмет алу мүмкіндігіне ие болды.
Ал шағын және орта бизнес субъектілерінің жұысшылары 1 қазанға дейін шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Бұл мерзім де таяу қалды. Одан кейін ШОБ қызметкерлері жұмыс берушіден нені талап етуі тиіс? Медициналық жүйеде сақтандырылған немесе сақтандырылмаған қазақстандықтар қандай қызметтерге жүгіне алады? Бұл сұрақтардың жауабын Informburo.kz ұсынады.
№1. Медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден кімдер босатылады?
1 қазанға дейін 29 қызмет түрін көрсететін шағын және орта бизнес субъектілері МӘМС жарналарын төлеуден босатылады. Олардың қызметкерлері әлі де шартты түрде сақтандырылған болып саналады. Жарнадан босатылғандардың тізімі:
- заң кеңесшілері, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар;
- коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша кеңесшілер;
- туристік агенттіктер мен туроператорлар;
- санитарлық-эпидемиологиялық, ауруханалық және санаториялық-курорттық ұйымдар;
- жеке меншік мектепке дейінгі, бастауыш және орта оқу орындары;
- жеке дәрігерлік практика, стоматология;
- концерт және театр залдары;
- фитнес-клубтар;
- тоқыма және үлбір бұйымдарын жуу және химиялық тазалау;
- шаштараздар мен сұлулық салондары.
№2. Жарна төлеуден босатылған кәсіпкер өз қызметкерлерін қалай сақтандыра алады?
Егер сіздің бизнесіңіз 1 қазанға дейін медициналық сақтандыру қорына жарнаны төлеуден босатылғандардың тізіміне енсе, онда сіз өз қызметкерлеріңізді сақтандырылғандардың тізіміне қосуыңыз керек. Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында арнайы сілтеме бар. Онда жұмыс беруші электрондық-цифрлық қолтаңбаның көмегімен өз қызметкерлерінің деректерін жүктейді. Тізімді ай сайын жаңартып отыру керек.
Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру: ең маңызды 33 сұраққа жауап
№3. Жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін жарна төлеуден босатылған кәсіпкер өткен айлар үшін қызметкерлеріне аударымдар төлеуі керек пе?
Иә. Жеңілдік кезеңі – бұл төлемдерді кейінге қалдыру, оларды төлеу бойынша міндеттемелерді жоймайды. Осылайша, "МӘМС туралы" Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес, қорға жарнасы төленбеген тұлғалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығын алу үшін, қорға төленбеген кезеңдерге, бірақ төлеу күнінің алдындағы он екі айдан аспайтын мерзімде жарналарды төлеуге міндетті. Сондықтан жұмыс берушілер қызметкерлері МӘМС пакетін пайдалану мүмкіндігіне ие болуы үшін өткен айлардың жарнасын төлеуі қажет.
№4. Қызметкерлерге аударымдардың мөлшері қандай?
Жұмыс беруші қызметкер үшін қызметкердің табысынан 2% мөлшерінде аударымдар төлейді, сондай-ақ қызметкердің есептелген жалақысынан 1% ұстап қалады.
№5. Жұмыс берушіге қызметкерлер үшін аударымдарды уақытылы төлемегені немесе толық төлемегені үшін өсімпұл не айыппұл есептеле ме?
Иә. Өз қызметкерлері үшін жарна аударатын жұмыс берушілерге МӘМС бойынша берешек үшін төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күнге берешек сомасының 1,25% мөлшерінде өсімпұл көзделген. Егер жұмыс беруші қызметкерге ақы төлемесе немесе оны уақтылы жасамаса, қызметкер МӘМС пакетінен медициналық көмек ала алмаса, оның мәртебесі автоматты түрде "сақтандырылмаған" күйіне өзгереді.
№6. Қазақстандықтар МӘМС арқылы қандай медициналық көмекке жүгіне алады?
1 шілдеден бастап қазақстандықтар екі санатқа бөлінді:
- МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар;
- МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар.
- консультациялық-диагностикалық көмек, оның ішінде білікті мамандардың қабылдауы;
- амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
- стационарды алмастыратын көмек;
- жоспарлы стационарлық көмек, оның ішінде қымбат тұратын операциялар;
- диагностикалық қызметтер;
- оңалту және қалпына келтіру емі.
- жедел жәрдем және санитарлық авиация;
- алғашқы медициналық-санитарлық көмек;
- шұғыл стационарлық көмек;
- паллиативтік көмек;
- әлеуметтік маңызы бар және кейбір созылмалы аурулар кезіндегі медициналық көмектің толық спектрі.
"Егер сіз сақтандырылмаған болсаңыз да, сіз мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакетінде медициналық көмекке құқығыңыз бар екенін есте ұстаған жөн. Учаскелік дәрігер, педиатр, жалпы практика дәрігері мамандарының қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, жедел жәрдем, емхана мен стационар деңгейіндегі шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы ауруларды, онкологиялық ауруларды емдеу осы пакетке кіреді және сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлығына көрсетіледі", – деп хабарлады Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Коронавирусты анықтайтын ПТР-тестті қалай тегін жасатуға болады?
№7. Қандай медициналық көмек халыққа жаппай тегін көрсетіледі?
Мемлекет бұрынғыша халықты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында базалық медициналық қызметтермен қамтамасыз етеді:
- жедел және шұғыл медициналық көмек (қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызу);
- емханаларда қызмет көрсету (әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруға шалдыққан адамдарды терапевтің, оның ішінде бейінді мамандардың қабылдауы және кеңес беру, зертханалық қызметтер, диагностика, емдеу, вакцинация, скринингтер, 1 жасқа дейінгі балаларды патронаждау, жүктілікті жүргізу);
- диагностика және емдеу: әлеуметтік мәні бар аурулар (туберкулез, АИТВ, психиканың бұзылуы, қатерлі ісіктер);
- негізгі созылмалы аурулар (диабет, артериалық гипертензия, вирустық гепатит, ревматоидты артрит және т. б.) айналадағыларға қауіпті жіті жұқпалы аурулар;
- белгілі бір ауру мен жағдайлар бойынша диспансерлік есепте тұрған азаматтар тегін дәрі-дәрмек ала алады.
№8. Сақтандырылмаған азаматтарға емханада медициналық қызмет көрсетуден бас тартса, не істеу керек?
Емханаларда ТМККК пакеті бойынша медициналық көмек көрсетуден бас тартса, qoldau24/7 мобильді қосымшасы арқылы қорға хабарласуға болады.
№9. МӘМС арқылы коронавирус пен пневмониямен ауырған, бірақ сақтандырылмағандар емделе ала ма?
Covid-19 науқастарын емдеу тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді, өйткені коронавирус – жұқпалы ауру. Адам сақтандырылған ба, жоқ па, коронавирустық инфекцияның белгілері бар кез-келген науқасқа – емханадан бастап ауруханада емделуге дейін көмек көрсетіледі. Дәл сол сияқты, теріс ПТР сынағы бола тұрып, пневмониямен сырқаттансаңыз тегін медициналық көмек ала аласыз. Пневмония коронавирустың ықтимал жағдайын білдіреді. Тиісінше, емдеу сіз сақтандырылғаныңызға немесе сақтандырылмағаныңызға қарамастан жүргізіледі.
№10. МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді қалай тексеруге болады?
МӘМС жүйесіне қатысу мәртебесін (сақтандыру мәртебесі) бірнеше жолмен тексеруге болады:
- Медициналық сақтандыру қорының сайтында төменгі оң жақ бұрышта "мәртебені анықтау" батырмасы орналасқан. Онда ЖСН нөмірін енгізіп, жүйеде сақтандырылған немесе сақтандырылмаған екеніңізді білуге болады;
- "МӘМС туралы ақпарат алу" қызметін таңдауды ұсынатын Telegram-бот арқылы. Мұнда да ЖСН нөмірін енгізу арқылы мәртебеңізді анықтайсыз;
- eGov.kz электрондық үкімет порталында. Жеке кабинетте: "Денсаулық сақтау" – "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру" бөлімін таңдау керек. ЖСН мен телефон нөмірін енгізгеннен кейін жүйе анықтаманы PDF форматында береді.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан кейінгі оңалу. Ағзаны сауықтыруға арналған 5 пайдалы кеңес
№11. Егер босатылған адам сақтандырылған адамдар тізіміне енбесе не істеу керек?
Егер сіз МӘМС жарналарын төлеуден босатылған кәсіпорында жұмыс істеп жүргеніңізге қарамастан, "сақтандырылған" мәртебеңіз жоқ екенін анықтасаңыз, qoldau 24/7 мобильді қосымшасын жүктеңіз. Онда 1 қазанға дейін МӘМС жарналарынан босатылған ШОБ қызметкерлеріне арналған қосымша парақ бар. Сол парақшаға кіріп, жұмыс істейтін ұйымыңыздың БСН-ін көрсетіп, жұмысқа қабылданғандығыңыз туралы бұйрықты жүктеп, сауал жіберу қажет. 30 минут ішінде Қор қызметкерлері сұранысты өңдейді. Егер мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша БСН МӘМС жарнасын төлеуден босатылған тізімге енсе, онда сізге бір айға сақтандырылған статус беріледі.
№12. Егер сіз жеңілдік санатына кірсеңіз, бірақ сақтандырылмаған болсаңыз не істеу керек?
Мемлекет 15 жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейді:
- Балалар.
- Есепке тұрған жұмыссыздар.
- Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер.
- Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста жүрген ата-аналар.
- Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыздар.
- Декреттік демалыстағы әйелдер.
- Зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері.
- Пенитенциарлық жүйе мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталғандар (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда).
- Тергеу изоляторларындағы ұсталғандар.
- Жұмыс істемейтін оралмандар.
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" белгілерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар.
- Мүмкіндігі шектеулі адамдар.
- Жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, магистранттар.
- Бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыссыздар.
- Атаулы әлеуметтік көмек алушылар.
Егер сіз осы санаттардың біріне жатсаңыз, бірақ емханадағы жүйе сіздің сақтандырылмағаныңызды көрсетсе, сізге төмендегілердің біріне хабарласу керек:
- медициналық ұйымның науқасты қолдау қызметіне;
- qoldau 24/7 мобильді қосымшасына өтінім жіберіңіз;
- 1406 - медициналық сақтандыру қорының байланыс орталығына қоңырау шалыңыз;
- өз өңіріңіздің медициналық сақтандыру қорының филиалына қоңырау шалыңыз.
№13. Егер бір жыл ішінде емханаға медициналық көмекке жүгінбесеңіз, ақшаңызды қайтарып алуға бола ма?
МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидаттарына негізделеді. Медициналық сақтандыру қорына енгізілген ақша жинақталады және тек медициналық көмекке ақы төлеуге жіберіледі. Егер бір жыл ішінде сізге көмек қажет болмаса, онда бұл көмек сіздің отбасыңыз бен жақындарыңызға қажет болуы мүмкін. Сондықтан медициналық сақтандыру қорынан ақша қайтарылмайды.