Бұл туралы ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов хабарлады. Оның айтуынша, карантин кезінде жақындарына тұрмыстық зорлық көрсеткен 8 мыңнан астам заң бұзушы анықталып, олардың жартысы әкімшілік қамауға алынған.
"Біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әдістерін енгіздік. Енді заңбұзушылыққа бейім азаматтар мен есепте тұрғандарды әлеуметтік желі мессенджеріндегі бейнеқоңырау арқылы қашықтан бақылаймыз. Бұл әдіс азаматтардың үйіне бармай-ақ алыстан тиімді бақылауға мүмкіндік береді", – дейді Әсет Оспанов.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық 4 есе көбейген. Агрессорларды ашудан арылтудың жолы бар ма?
Оспановтың айтуынша, қазір Қазақстанда 41 дағдарыс орталығы бар. Оның 29-ында тұрмыстық зәбір көрген жандарға паналайтын орын берілген.
"Биыл 500-ден астам тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны дағдарыс орталықтарына жіберілген. Карантин кезінде барлық аймақтарда осындай жандарға арнап қонақүй қорынан резерв құрылды. Алматы және Түркістан облыстарында қосымша 50 орын бөлінген", – дейді басқарма басшысы.
Ал, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің ерекше істер жөніндегі аға тергеушісі Арман Мәтжан биылғы 16 наурыз бен 5 тамыз аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 241 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелгенін айтты. Пандемия басталғалы тұрмыстық жанжал барысында 33 адам көз жұмған.
Оқи отырыңыз: "Бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін". Дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр әйелдердің оқиғалары
Арман Мәтжанның хабарлауынша, биыл 16 наурыз бен 31 шілде аралығындағы жасалған қылмыстар саны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 41,7 пайызға өскен.
Биыл 31 шілдеге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 237 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Ал өткен жылы осы уақыт аралығында 168 осындай қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген болатын", – деді тергеуші.
Статистикаға сәйкес, Қазақстанда:
- әрбір үшінші әйел отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болады;
- әрбір жетінші әйел экономикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды;
- әрбір алтыншы әйел физикалық зорлық-зомбылықты бастан кешеді;
- әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болады.