Тікелей эфир

Елімізде ең жоғары жалақы алатындар – Атырауда. Аймақтағы айлық республикалық шамадан 74,2 пайызға артық. Жаңалықтарға шолу

2050 жылға қарай елімізде халық саны 24,5 млн жетеді. Дәрігерлер аз ұйқының қауіпті тұстарын атады.

Сыртқы істер министрлігі Гонконгтағы қазақстандықтарға үндеу жариялады

"Қазақстанның Гонконгтағы Бас консулдығы Гонконгтағы (ҚХР) жағдайдың шиеленісуіне және жаппай наразылық акцияларының жалғасуына байланысты біздің азаматтарға қалада қалыптасқан төтенше жағдайды ескеруді ұсынады. Адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу, жиындарға, демонстрацияларға қатыспау, қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау, сондай-ақ жергілікті билік органдары мен БАҚ-тың жағдайдың дамуы туралы хабарламаларын бақылау ұсынылады" деп жазылған ведомстваның хабарламасында.

Министрлік төтенше жағдай туындаған жағдайда қазақстандықтарға +852 5689 6282, +7 778 001 6442 (What’sApp) нөмірлері арқылы консулмен хабарласуға болатынын мәлімдеді.

"Астана су арнасының" бұрынғы бас директоры 7 жылға сотталды

Жемқорлыққа қарсы қызметтің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, кәсіпорынның бұрынғы басшысы Уәлихан Досаев ЖШС-ның иелігіне жылжымайтын мүлікті беру туралы қосымша келісім жасау үшін қарамағындағы қызметкер арқылы "Технополисжилстрой" ЖШС-нің басшысынан "Жас отбасы-2" тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер және 60 мың доллар көлемінде пара алған.

Кеше, 14-ші тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты У.Досаевты 7 жылға соттады. Сот үкімімен ол жазасын төмен деңгейдегі қауіпсіздік мекемесінде өтейді, сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды.

2050 жылға қарай елімізде халық саны 24,5 млн жетеді

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары осылай деп мәлімдеді. Айтуларынша, олардың 9 млн-ы Астана, Алматы, Шымкент тұрғындары болады. Орталықтың департамент директоры Д.Шумековтың келтірген деректеріне сүйенсек, 2050 жылға қарай Астана тұрғындарының саны 3,1 млн-нан асса, Алматы тұрғындары 3,3 млн-ға жетеді. Ал, Шымкент шаһарында халық саны 2,6 млн-ға дейін өседі.

Халық саны артқанымен, сарапшылар Қазақстанда 2050 жылдарға қарай 20-29 жастағы әйелдердің саны күрт азаятынын айтады. "Бұған 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында туу көрсеткішінің төмендеуі себеп" дейді мамандар.

Қазақстандықтардың жалақысы өсіпті

Биылғы жылдың екінші тоқсанында елімізде бір жұмысшының орташа айлық жалақысы 186,5 мың теңгені құрап, бір жылда 14,6% өскен. Инфляция мен сатып алу жарамдылығын ескергенде жалақының нақты өсімі 8,9%-ды құраған. Мамандардың айтуынша, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.

Өңірлерге бөлгенде ең жоғары орташа айлық жалақының Атырау облысының жұмысшыларына тиесілі (325 мың теңге) екені анықталған. Былтырғы жылдың екінші тоқсанында мұндағы жалақы мөлшері 291,3 мың теңге болған. Екінші орында Маңғыстау облысы (289,6 мың теңге), үшінші орында Елорда (287,7 мың теңге). Орташа айлық жалақының мөлшері жағынан үздік бестікті Алматы мен Батыс Қазақстан облысының жұмысшылары тұйықтайды.

Еліміздің 4 өңірінде орташа айлық жалақы мөлшері орташа республикалық шамадан жоғары: Атырау облысында 74,2%, Маңғыстау облысында 55,2%, Астанада 54,2% , Алматыда 21,9%.

Ең төменгі жалақы мөлшері Жамбыл (126,5 мың теңге), Түркістан (128,1 мың теңге) және Солтүстік Қазақстан облысында (130,3 мың теңге) екені белгілі болды.

8 қалада инклюзивті сыныптар ашылады

Тұңғыш Президент қорының қолдауымен елімізде "Қамқорлық" жобасы іске асады. Бастама дамуында ауытқушылығы бар балаларды қолдауға арналған. Қазіргі таңда Қазақстанда 86 мың мүгедек бала бар. Бұған қоса 156 мың бала ерекше білім беруді талап етеді.

Елбасы қорының атқарушы директоры Ә.Исекешовтың айтуынша, инклюзивті орталықтар Астана, Тараз, Түркістан, Семей, Қостанай, Орал, Атырау, Талдықорған қалаларында тапшы. Оорталықтарды қажетті жабдықтармен "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ қамтамасыз етеді. Тұңғыш президент қоры мамандарды даярлауды және шоғырландырылған электрондық платформаны құруға жәрдемдеседі.

"Қамқорлық" бастамасының бірінші кезеңінде жыл сайын ерекше қажеттіліктері бар 5 мыңға жуық балаға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Жалақының аздығынан жас мамандар мектепте мұғалім болғысы келмейді

Астанадағы №72 мектеп-лицейдің директорының орынбасары Б.Әбдірахманова мектепте орыс тілінде сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімінің жетіспейтінін айтады. Айтуынша, бұл бір мектептің ғана емес, қаладағы барлық мектептің проблемасы. Мектеп әкімшілігі жыл сайын Елордадағы колледждер мен жоғары оқу орындарына барғанмен, жас мамандарды жұмысқа тарту оңай емес.

– Жас маманның жалақысы да аз. Оның үстіне мұндағы колледждердің түлектері – көбіне сырттан келгендер. Астанада жұмыс істеу үшін баспана – басты проблема. Пәтер жалдау өте қиын, өйткені жалақысы жетпейді. Оларды жатақханамен қамтамасыз етсек жақсы болар еді, – дейді Б.Әбдірахманова.

Мектеп мұғалімдері түрлі курстарға қатысып, аттестациядан өтіп, емтихан тапсырып тұрады. Олардың санынан қарай жалақысына үстемеақы қосылады. Әйтпесе, мектеп мұғалімінің базалық жалақысы 35 мың теңге ғана.

Мұғалімдермен бірге Елордада бала-бақшаның тәрбиешілерін табу қиын. Таудай талап қойылатын мамандар бар болғаны айына 70 мың теңге айлық алады.

Қарағанды облысы Арыстағы жұмыстарын аяқтады

Апатты аймақтағы жарылыстан қираған ғимараттарды қалпына келтіру әр облысқа, сектор-секторға бөлініп берілгені туралы бұған дейін де жазылған еді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қарағанды облысының әкімдігіне тиесілі №5 секторда жұмыстардың толықтай аяқталғанын хабарлады. Бұл секторда 83 үй, оның ішінде 11 көпқабатты үй жөндеуден өткен.

Қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын Маңғыстау, (98%), Ақмола (98%), Солтүстік Қазақстан (98%), Жамбыл (97%), Қызылорда (96%), Батыс Қазақстан (96%), Ақтөбе (96%) және Қарағанды облыстары (95%) қарқынды жүргізіп жатқанға ұқсайды. Ал, Астана (21%), Атырау облысы (60%), Шымкент (61%) пен Алматы облысы (73%) артта қалып барады.

Арыстағы жұмыстарды аяқтау 1-ші тамыздан 20-шы тамызға жылжытылды. Министрліктің мәліметінше, толықтай қалпына келтірілген үйлердің саны бүгін 7 мыңға жуықтайды. Ал, жалпы жарылыстан 7516 үйге зақым келген. Енді бес күннің ішінде оларды аяқтап үлгере ме, жоқ па, әзірге белгісіз.

Түрмедегілерді азаптау күдігімен 7 қызметкер қамауға алынды

Заречный кентіндегі ЛА 155/8 колониясының 7 қызметкеріне қатысты Алматы облысының арнайы прокурорлар басқармасы ҚР ҚК 146-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істерді тергеу аясында тергеу изоляторына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады.

Түрмедегі азаптау оқиғалары туралы желіде жарияланған бейнежазба арқылы белгілі болды. Осы оқиғадан кейін колония басшысы жұмысынан босатылып, оның екі орынбасары ішкі істер органдарынан қуылды. 14 қызметкерге түрлі жаза тағайындалды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Дәрігерлер аз ұйқының қауіпті тұстарын атады. Түнде 6 сағаттан аз ұйықтайтын адамдарда жүректің ишемиялық ауруының даму қаупі жоғары. Бұл туралы арнайы зерттеу жүргізген медицина профессоры Пол Гринграс айтты. Зерттеуге Ұлыбританиядан 2 мың ересек адам қатысқан. Ғалымдар олардың 44%-ы тәулігіне 6 сағаттан аз ұйықтайтынын анықтады. Эксперимент қатысушыларының тек 17%-ы күніне 8 сағат ұйықтайтынын айтқан. Гринграстың айтуынша, түнде 6 сағаттан аз ұйықтайтын адамдарда жүректің ишемиялық ауруы ғана емес, инсульт қаупі де 60%-ға жоғары болады. Сондай-ақ, оларда қан қысымы және холестерин мөлшері де жоғары болған.

24.kz: 1$ = 387,05. Қазақстан қор биржасындағы таңғы және күндізгі сессиялардың қорытындысы бойынша бір АҚШ долларының орташа бағамы – 387 теңге 05 тиын.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары