Тікелей эфир

Елімізде ең көп жалақы алатындар аталды. Еңбек нарығына жасалған талдау нәтижелері жарияланды. Жаңалықтарға шолу

Құрбандық шалатын орындар белгіленді. Ана сүтімен емізу баланы семіздіктен қорғайды.

Зорлаудың кез келген түрі ауыр қылмыс санатына жатқызылуы керек"

Депутат Дания Еспаева осылай деп мәлімдеді. Халық қалаудысы "Тальго" пойызында қыз зорлап, қылмыстық кодекстің 120-шы бабында қарастырылған мерзімнен екі есе аз уақытқа сотталған жолсеріктерге қатысты шығарылған сот шешіміне наразылық білдірді.

– 2019 жылдың басынан бері Қазақстанда 799 адам зорлау фактісі тіркелген. Бұл сотқа дейін жеткендері ғана. Жұртқа жария қылудан қорқып, құқық қорғау органдарына сенбей, оларға жүгінбеген бірнеше жағдайлар бар. Сондықтан мен заңнама деңгейінде адам зорлау фактісінің кез келген түрін ауыр қылмыс санатына жатқызып, жазасын күшейтіп, уақытынан бұрын шартты түрде босатуды жою қажет деп санаймын, – деді депутат.

Д.Еспаева педофилдерге қолданылатын химиялық кастрация жазасын зорлаушыларға да қолдану керектігін атап өтті. Бұл ретте ол фракциядағы әріптестерімен бірге қолданыстаығ заңнамаға тиісті өзгерістерін дайындап жатқанын жеткізді.

Бас қалада құрбандық шалатын орындар белгіленді

Биыл Құрбан айт мейрамы 11 тамызда басталады. Астана қаласының әкімдігі құрбандық шалуға арналған орындарды бекіткенін хабарлады. Байқоңыр ауданында "Нұрбереке-555" ЖШС, Алаш тас жолы, 30 ("Көк Базар"-дың артында), Есжанов А. ЖК, "Жайлау", Алаш тас жолы, Ц 313 көшесі, "Шәушен" ШҚ, а/ж"Астана-Павлодар", 9 км, "Темеш", шаруа қожалығы а/ж Нұр-Сұлтан – Софиевка 7 км құрбандық шалуға болады"деп көрсетті "Әзірет Сұлтан" мешітінің өкілдері.

Сарыарқа ауданында "Ұлжан" әмбебап базары (бұрынғы "Саянұр" базары), Есіл ауданында "Алтын-Таға" базары Қосшы ауылының алды, ал Алматы ауданында "Метро" СҮ (Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолы) маңында құрбандық шалуға орындар қарастырылған.

Президент Алматы әкіміне қаланың инфрақұрылымының сапасын арттыруды тапсырды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Алматы облысының әкімі Б.Сағынтаевты қабылдады. Б.Сағынтаев Президентке Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы, үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді.

Қ.Тоқаев оған қоғамдық қауіпсіздікті, көлік жүйесін, медицина және білім салаларын дамытуды, сондай-ақ, "халықтың үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын белсенді түрде жүзеге асыруды жүктеді.

Биржада доллар бағамы рекордтық деңгейге жетті

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 386,47 теңгеге сатылды. Сөйтіп доллар тағы 0,64 теңгеге қымбаттап, өткен жұмада жеткен рекордтық деңгейін жаңартты.

Валюта айырбастау бекеттері долларды 385,5-386,5 теңгеге сатып алып, 387-388 теңгеден сатып жатыр.

Мұғалім – еліміздегі сұраныс жоғары мамандық

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы таратқан мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы әрбір 20-шы жалдамалы қызметкер білім беру орындарында жұмыс істейді. Балаларға білім беретін мекемелерде еңбек ететін жалпы саны 352,2 мың адам тіркелген.

Сұраныс бар кәсіптердің рейтингінде есепшілер екінші орынды иемденген. Барлығы 268,2 мың адам немесе елдегі әрбір 25-ші жалдамалы қызметкер осы салада тер төгіп жүр.

Үздік үштікті супервайзерлер, дүкендегі сатушылар мен олардың көмекшілері тұйықтайды.

Еңбек нарығын талдау нәтижесінде 2019 жылдың 1-ші тоқсанында ең көп жалақы алғандар топ-менеджмент, ақпараттық технологиялар, байланыс, туризм, сату, маркетинг, жарнама, бұқарамен байланыс саласының мамандары екені белгілі болды. Олардың орташа айлық ақысы 149-184 мыңнан 912 мыңға дейін жетеді.

Алматының Наурызбай ауданы 2021 жылы толықтай сумен қамтылады

Тамыз айының ортасында жаңа құбырдың құрылысы басталады. Құбыр мен кәріз желісінің жалпы ұзындығы 40 км болмақ. Құрылыстың бірінші кезеңі тамыздан қараша айына дейін жалғасады. Жұмыстарды 2020 жылы көктемде жандандырып, келер жылдың қыркүйегіне дейін жалғастыру жоспары бар.

Комуналдық жұмыстар кезінде тұрғындар ескі су құбырынан ажыратылмайды. "Пайдалануға енгізілгеннен кейін әкімдік су құбырларын "Алматы су" мекемесіне береді. Тұтынушылар монополистпен келісім-шартқа отыра алады" деп хабарлады Алматы қаласының энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасының бас маманы Н.Өмірханов.

Президенттің тапсырмасымен Әкімдер халықтан кешірім сұрады

Өзбекстандағы екі білдей облыстың әкімі үйлерді заңсыз бұзғаны үшін тұрғындар алдында кешірім сұрады. Оларды осындай қадамға баруға ел Президенті Ш.Мирзиеев итермеледі.

Ферғана облысының әкімі Ш.Ғаниев Риштан ауданының тұрғындары алдында сөз сөйлегенде болған жайттың қателік екенін, ал оған қатысқан барлық басшының қызметінен қуылғанын хабарлады.

Қашқар облысының әкімі З.Рузиев те қарап қалған жоқ. Үйді бұзуға облыс және Яккабаг ауданы әкімдігіндегілер кінәлі деді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Ана сүтімен емізу баланы семіздіктен қорғайды. Ана сүтінде баланың сау дамуына қажетті барлық пайдалы заттар: майлар, ақуыздар, көмірсулар, дәрумендер және минералдар бар. Оның құрамындағы табиғи антиденелер жаңа туған нәрестенің иммунитетін нығайтады, балалар ауруынан сақтауға көмектеседі. Яғни, ана сүтімен қоректенетін балаларға өте сирек суық тиеді және жасанды қоректенетін балаларға қарағанда жұқпалы ауруларға, диарея мен аллергияға сирек шалдығады.

Baq.kz:Түрлі мемлекеттік жеңілдікті алу үшін ажырасуға өтініш беретіндер көбейді. Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының төрағасы Ербол Тулеев осылай дейді. "Бізге ажырасу үшін келген жұбайлардың кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар болса оларды міндетті түрде психологтарға жібереміз. Сонымен қатар ойлану үшін мерзім береміз, ол алты айға дейін болуы мүмкін. Психолог алынған шара ешқандай нәтиже бермеді деген қорытынды беріп жатса әрине оларды ажыратуға тура келеді. Алайда соңғы кездері түрлі мемлекеттік жеңілдіктерді алу үшін жалған ажырасу көбейіп кетті. Біз оның бәрін қараймыз, шынымен бөлек тұра ма, оның артында не тұр деген мәселенің бәрін тексереміз", – дейді сот төрағасы.

Тengrinews.kz: 43 градус аптап, бұршақ. Төрт облыста қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды. "Қазгидромет" РМК мамандарының айтуына қарағанда, 6 тамызда күндіз Қызылорда облысында солтүстік-шығыстан, солтүстіктен жел соғады, күші кей жерлерде 15-20 м/с шаңды дауыл болады. Күндіз 42°С қатты ыстық болады. Ал осы күні Түркістан облысының кей жерлерінде шығыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с болады екен. "6-7 тамызда күндіз кей жерлерде 41-43 градус қатты ыстық күтіледі. Түркістан қаласында 6-7 тамызда күндіз 41-43 градус қатты ыстық күтіледі" делінген ескертуде. Сондай-ақ, Қостанай облысының кей жерлеріңде найзағай, оңтүстік-шығыстан соғатын жел батысқа ауады, күші 15-20 м/с болады. Күндіз кей жерлерінде бұршақ жауады. Қостанай қаласында күндіз 6 тамызда оңтүстік-шығыстан соғатын жел батысқа ауысады, екпіні 18 м/с болады. Ескерту жарияланған төртінші аймақ - Солтүстік Қазақстан облысы. Бұл өңірдің кей жерлерінде күндіз 6 тамызда найзағай, дауыл, бұршақ күтіледі.

Серіктестер жаңалықтары