Тікелей эфир

Елімізде қанша дін бар? Діни араздыққа жол бермеу үшін не істеу керек?

Сурет Ақорда сайтынан алынды
Сурет Ақорда сайтынан алынды
Қазақстанда қанша діни бірлестік және ғибадатхана бар? Жаңадан тіркелгені қанша? Съезде не талқыланады?

Астанада 10-11 қазанда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VI съезі өтеді

Кеше сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтің төрағалығымен съезд хатшылығының жұмыс тобы жиналды.

Кездесуге ислам, христиан, иудаизм, буддизм және индуизм өкілдері қатысты. Съезде төрт тақырып талқыланады деп жоспарланған. Олар:

  • "Манифест "Әлем. ХХІ ғасыр" жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде";
  • "Құбылмалы геосаясаттағы дін: адамдарды шоғырландыруға арналған жаңа мүмкіндіктер";
  • "Дін және жаһандану";
  • "Экстремизм және терроризммен күрестегі діни лидерлер мен саяси қайраткерлер".

Оқи отырыңыз: Дін атын жамылған теріс ағымдар туралы


Кездесуден бір сурет

Кездесуден бір сурет / Сурет ҚР Сыртқы істер министрлігі сайтынан алынды


Әр үш жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан съезге осы жолы 42 елдің дін басшылары мен дінтанушылары, саясаткерлері және түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.

Елімізде дінге қатысты даулы мәселелер бар

Тамыз, қыркүйек айларында әлеуметтік желіде қызу пікір-талас тудырған мәселенің бірі – діни көзқарастан туындаған "хижап және орамал дауы". Бір қарағанда тек "орамал дауы" секілді болып көрінгенмен біреулер үшін кәдімгідей бас қайғыға айналды. Тіптен үкіметтің де араласып жатқаны өтірік емес.

Әлемде түрлі діни сипат алған қақтығыстар да дінге қатысты саясаттың маңызды екенін көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Тәңір – қазақтың құдайы ма, әлде ескі дәуір тарихы ма?

Діни араздық туралы заң не дейді?

Қазақстан Республикасының Қылмыстық істер кодекісінің 174 бабы:

"Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру

1. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айырмашылығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі" – деп көрсетілген.

Оқи отырыңыз: Қазақстан исламның ұлттық моделін жасауы керек


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съез қатысушылармен түскен суреті

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезіне қатысушылар / Сурет ҚР Президент әкімшілігінің сайтынан алынды


Осыған орай Президент әкімшілігінің дін істері бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру секторының меңгерушісі, мемлекеттің дін саласын көп жыл басқарған саясаткер Ғалым Шойқин мырзамен және абайтанушы, шәкәрімтанушы, философ Омар Жәлелұлымен пікірлестік.

Алдымен Қазақстандағы діннің жағдайына қатысты қысқаша шолу жасайық.

Оқи отырыңыз: Трамп исламофобиясы. Америкада мұсылман болу қаншалықты қауіпті?

Қазақстанда қанша дін мен діни ұйымдар бар?

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің мәліметі бойынша 2017 жылғы 1 қаңтарда ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3 658 діни бірлестік тіркелген.

Олардың ішінде саны жағынан ең көбі – ханафи мазхабындағы мұсылман мен православ христиандар. Сондай-ақ католиктер және протестанттар конфессиялары, иудейлер, буддашылар және басқа да діни қауымдар бар.

Жалпы елімізде 3464 ғибадат үйі тіркелген, оның ішінде 2 550 мешіт, 294 православие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 "Кришна санасы қоғамы" және бахаи қауымының ғибадатханасы бар.

Ғибадатханалар кімге тиесілі?

Жұмыс істеп тұрған 2550 мешіт "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы" республикалық діни бірлестігінің (бұдан әрі – ҚМДБ) меншігіне жатады. Соңғы жылдары ҚМДБ филиалдарының саны, әсіресе, Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көбейгені байқалады.

"Қазақстан православие шіркеуі" республикалық діни бірлестігі (бұдан әрі – ҚПШ) өкілдерінің саны жағынан екінші орында. Құрамына 325 діни субъект, оның ішінде 301 приход, 9 епархия және 294 діни құрылыс, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі кіреді.

Оқи отырыңыз: Хиджаб кию қазақ дәстүрінде болған ба?

Республика аумағында армян апостол шіркеуі, шетелдегі православие шіркеуі, помор православие шіркеуі және 3 ескі ғұрыптық шіркеу жұмыс істейді.

Қазақстандағы Рим католик шіркеуі (бұдан әрі – РКШ) 85 діни қауымнан тұрады, оның 5 қауымы грек католик шіркеуіне қарайды. РКШ орталығы католик шіркеуі провинциясына (митрополия) жататын Астана қаласындағы Әулие Мариям Архиепархиясы болып табылады. РКШ Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 19 мамырдағы № 141 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісім негізінде 1998 жылдан бері жұмыс істейді.

667 протестанттық діни субъект қызмет атқарады. Ең ірі протестанттық қауымға елуіншілер шіркеуі, інжіл христиан-баптистер шіркеуі, пресвитериан, жетінші күн адвентистері және інжіл-лютеран шіркеулері жатады.

Қазақстанда қанша миссионер бар?

Республикада 13 конфессияның 531 миссионері тіркелген. Тіркелген миссионерлердің арасында саны жағынан РКШ өкілдері басым –257. Православиені 84 миссионер насихаттайды, оның басым көпшілігі Ресей азаматтары.

Оқи отырыңыз: Әулие, бақсы-балгер және тылсым күш туралы алып-қашпа әңгімелер қаншалықты шын?

Қазақстанда 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жанындағы 400 бастауыш курс, ғибадат үйінен тыс діни іс-шараларды өткізуге арналған 383 үй-жай, оның ішінде намазхана, ғибадат бөлмесі және шіркеулер бар.

Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған 257 арнайы стационарлық үй-жай және бар.

Жаңадан тіркелген діни ағымдар да бар

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің "Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы" мәліметі бойынша жаңа діни ағымдарға (дәстүрлі емес діндер) нақты бір этникалық топтармен байланысы жоқ, салыстырмалы түрде жақында пайда болған (ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында) ағымдар жатады. Олардың ілімдерінің мемлекеттік немесе арнайы этностардың мәдениетімен, тарихымен ешқандай байланысы жоқ.

Бұл ағымдар көбінесе дәстүрлі емес деп аталады. Олар: "Бахаи" қауымдастығы, соңғы күн әулиелерінің Иса Мәсіх шіркеуі (мормондар), Кришна санасы қоғамы (КСҚ) және Мун бірлестік шіркеуі (муниттер).

Бахаи қауымы

Бахаи қауымы 2002 жылы 19 Баһаи қауымдастықтары әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтті. Қазіргі таңда елімізде 6 Баһаи Діни Бірлестіктері тіркелген. Қазақстандағы Бахаи қауымының пайда болу тарихы 1938-1939 және 1950 жылдары Орта Азия және Кавказдан Петропавловскіге, Ертіске, Павлодарға және Алматы облысының Шілік ауылына отбасыларымен бірге қоныс аударған табынушылармен тығыз байланысты.

Кейін кейбір отбасылар діни әрекет ету бойынша қатаң шектеуге қарамастан, Қазақ ССР жерінде қала берді. 1990 жылдың қазанында Алматы қаласында Бахаи қауымының жергілікті діни жиыны құрылды.

1991 жылдың мамырында Кеңес Одағының Ұлттық Діни Жиынның сайлауына Алматы қаласындағы қауымы қатысты. Қазақстан қалаларындағы Бахаулла идеясының таралуы негізінде 1992 жылы жергілікті діни жиында 18 қауымы болды.


Баhауллaның 200 жылдық мерейтойын өткізіп жатқан Бахайлар

Баhауллaның 200 жылдық мерейтойын өткізіп жатқан Бахайлар / Сурет Бахайлардың қазақстандағы сайтынан алынды


1994 жылы Қазақстанның Бахаи Ұлттық Діни жиынына сайлау өтті. Ұйым осы жылы тіркеліп, 1997 жылы қайта тіркеуден өтті.

Соңғы күн әулиелерінің Иса Мәсіх шіркеуі (мормондар)

Өздерін христан ретінде санайтын аталған дін орталығы – АҚШ-тағы Юта штатының бас қаласы Солт-Лейк-Сити. Мормондар шіркеуі 1830 жылы пайда болған. Алғашқы рухани жетекшісі – Джозеф Смит.

Жұмысы 1997 жылы Қазақстанға шіркеу мүшелері келгеннен басталды. 2000 жылы "Қазақстандағы соңғы күн әулиелерінің Иса Мәсіх шіркеуі" атты діни бірлестік тіркелді.

2012 жылдың тамыз айындағы есебі бойынша Қазақстандағы шіркеу мүшелерінің саны – 193 адам.


Мормондардың алғашқы рухани жетекшісі Джозеф Смит

Мормондардың алғашқы рухани жетекшісі Джозеф Смит / Сурет Wikipedia-дан алынды


2012 жылғы қарашада Қазақстан аумағындағы діни бірлестіктерді қайта тіркеу үрдісінен кейін Астана, Алматы қалаларында соңғы күн әулиелері Иса Мәсіх шіркеуінің 2 діни бірлестігі қызмет етеді. Қазіргі ақпар бойынша 2 шіркеуі жұмыс атқарады.

Кришнаиттер неге табынады?

Халықаралық Кришна санасы қоғамы Харе Кришна Қозғалысы немесе Кришна санасы қозғалысы атымен де таныс неоиндуистік діни ағым кришнаизмге негізделген. XV ғасырда құрылған Чайтаньи-бхакти діни доктринасы бойынша, Вишну құдайына айналған "малшылардың көк құдайы Кришна" үстемдікке ие деп есептеледі.


Кришнаиттердің негізін салушы Шрила Прабхупада 1896 жылы Индияда туылған.

Кришнаиттердің негізін салушы Шрила Прабхупада 1896 жылы Индияда туған / Сурет Кришнаиттердің қазақстандағы сайтынан алынды


Ұйым мүшелерінде төрт негізгі қағидат бар, атап айтар болсақ: олар еттен, ішімдіктен, темекі шегуден және нашақорлықтан бас тарту, құмар ойындардан, ақша қулығынан, жыныстық қатынастан (жұбайымен тек ұрпақ өрбіту мақсатында жақындасуға болады) бас тартады.

Индуизмде Құдай (Абсолют) тұлғалы емес және оны танып білу мүмкін емес. Кришнаиттер Абсолютті Кришна бейнесінде тұлғалық келбетін құрған. Қазіргі уақытта Қазақстанда 8 діни бірлестік қызмет етеді. Діни ғимараттар саны – 3. Этникалық құрамы – славянтілді халық. Қазақстан бойынша 450-ге жуық ізбасарлары бар. Кришнаиттердің белсенділігін олардың жиі ұйымдастыратын шараларынан көруге болады.

Кришнаиттер гаудия-вайшнавизмді ән салу арқылы таратады. Қоғамдық жерде Харе Кришна мантрасын орындау және санскрит тілінен аударылған, Бхактиведант Свам Прабхуладтың түсіндірмелерімен жазылған кітаптарын сатумен айналысады.


Балхаштағы кришнаиттердің сиыну орны

Балқаштағы кришнаиттердің сиынатын орны / Сурет voxpopuli.kz сайтынан алынды


Халықаралық Кришна қоғамының басқару ұйымының атауы Джи-би-си деп қысқартылған – Халықаралық Кришна санасы қоғамының басқарушы органының атауы.

Мунның бірлестік шіркеуі (муниттер)

"Бірлестік шіркеуі" Қазақстанда 2013 жылы тіркелген. Қазіргі таңда республикада Алматы қаласында орналасқан бір ұйым жұмыс жасайды.

"Бірлестік шіркеуі" – 1954 жылы Сеулда (Оңтүстік Кореяда) қасиетті Мун Сон Мен негізін қалаған, жаңа діни қозғалыс.


Мун бірлестік шіркеуінің негізін салушы Мун Сен Мен (1920-2012)

Мун бірлестік шіркеуінің негізін салушы Мун Сен Мен (1920-2012) / Сурет unification.ru сайтынан алынды


Муниттердің басқарушы орталығы Нью-Йорк қаласында (АҚШ) орналасқан.

Мун тұлғасы "Бірлестік Шіркеуі" ілімінің орталығы болып табылады, оның негізін – құрушының жаңалықтары құрайды, сондықтан оның ілімі "мунизм", ал ерушілері "муниттер" деп аталады.

2016 жылдың бірінші сәуірдегі жағдай бойынша ҚР бір мунның бірлестігі тіркелген.

Ғалым Шойқин: "Уақыт сынынан өткен рухани құндылықтарымыз бен мәдениетімізді сақтауымыз қажет"


Президент әкімшілігінің дін істері бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру секторының меңгерушісі, мемлекеттің дін саласын көп жыл басқарған саясаткер Шойқин Ғалым Нұрмағамбетұлы

Ғалым Шойқин / Сурет ФБ парақшасынан алынды


– Қоғамдағы діни даулар ҚМДБ-ның осы мәселеде Қазақстандағы діндарлармен түсіндіру жұмыстарын жеткілікті деңгейде жүргізбегенінің салдарынан туындайтынын мойындау қажет.

Зайырлы қағидаттарды қорғайтын мемлекет пен мемлекеттік органдар халықтың дінге сенуші бөлігімен тікелей тартысуға мәжбүр. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Діндар азаматтарға зайырлы мемлекетке тән заңнамалар мен талаптарды құрметтеуді діни құрылымдар үйретуі қажет. Бұл жағдайда діни бірлестіктер өз жамағаты арасында ағартушылық білім беру функцияларын жүргізуі тиіс, басты рөлді діни заңдар емес, демократиялық заңнама атқаратын, құқықтық және демократиялық мемлекетте жұмыс істеп, өмір сүруді үйретуі керек.

Дін – жеке мәселе, ал әлеуметтік қатынастар – мемлекеттік даму мәселесі, сондықтан мемлекет бұл саланы реттеп келеді және реттей береді де.

Зайырлы мемлекет дегеніміз ең алдымен оқыту мен тәрбиелеудің зайырлы жүйесі деген сөз. Бұл – құқықтық және демократиялық мемлекеттің негізі. Сондықтан мемлекет мектептегі балалардың бір-бірінен діни, этникалық, әлеуметтік, мүліктік немесе кез-келген басқа кедергілер салдарынан оқшауланбауы үшін барлық шараларды қолданған және қолдана береді де.

Балаларға толық және жан-жақты білім беру, кез-келген салада шығармашылығын дамытып, таланттарын ашу үшін барлық мүмкіндіктермен қамтамасыз ету қажет. Менің ойымша, мектепті аяқтағаннан кейін және толық кәмелет жасына жеткеннен кейін балалар өз өміріндегі діннің орнын өздері анықтауы керек. Тиісінше, діндарлардың мемлекеттік мектептердегі зайырлылық қағидаттары мен талаптарын сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстарында ҚМДБ-ның рөлін күшейту қажет. Діни бірлестіктер қоғамдағы діни себептерге байланысты жанжалдарды болдырмауға елеулі үлес қосуы керек.

Омар Жәлел:

– Қазақ мәдениеті – біртұтас. Оның өзегін Дін құрайды. Сондықтан мемлекет дін ісіне араласпағанмен, дінді мәдени біртектілік ретінде қорғауға міндетті деп санаймын, – дейді.


Абайтанушы, философ Омар Жәлел
Абайтанушы, философ Омар Жәлел / Сурет Жайық пресстен алынды

"Ділі қатты діншілдік – кәпір" деген аталарымыз. Әсіредіншілдік қоғамға қауіпті

Ғалым Шойқин:

– Дәрінің өзі шектен тыс көп болса, ол уға айналады. Сондықтан шектен шығудың бәрі зиянды. Әр нәрсенің өз шегі болады, бұл дінге де қатысты.

Дін адамды рухани жағынан байытып, оның адамгершілік және этикалық қасиеттерін дамытса, қоғамда ізгілік пен бейбітшіліктің жалпыға ортақ адами құндылықтарын насихаттаса, бұл елдің дамуы мен оның халқының өркендеуіне баға жетпес үлес қосады. Басқаша айтқанда, егер дін қоғамның сапалы дамуы мен мемлекеттің экономикалық өркендеуіне ықпал етсе, нұр үстіне нұр.

Алайда егер адам толығымен дінге беріліп кетіп, бұл дүниелік өмірден қол үзіп, о дүниені ғана армандаса, онда бұл адамның қоғам мен мемлекет дамуына қосар үлесі айтарлықтай төмендейді.

Қазір біздің қоғамымызда кейбір діндарлар белгілі бір діни ережелерді қаз-қалпында қабылдап, соның салдарынан қоғам мен мемлекетке, оның заңдары мен дәстүрлі негіздеріне қарсылық көрсете бастаған мысалдары жеткілікті. Өздеріне қатысты әр қадамында заңсыз болса да діни догмаға сүйеніп жауап табуға тырысады. Осыдан діни негіздегі экстремизм мен терроризмге құрылған қылмыстық фактілер пайда болады.

Ашығын айтқанда, діндегі шектен шығушылық – тұйыққа тірейтін жол, – дейді Ғалым Шойқин.

Омар Жәлел;

– "Наданның діні қатты болады" деген сөз бар. Ақылмен таппаған кез келген дін надандыққа алып барады. Әсіредіншілдік те осы ақылмен таппаған діннен пайда болады, – дейді.

Дін – тек дінтанушылардың мәселесі емес

Ғалым Шойқин:

– Азаматтық қоғамның арасына түскен шаладай тұтанған түрлі секталар ертең елімізді отқа орамай ма деген қорқыныш та жоқ емес. Қазір діни сала – елдің ішкі саясатының ең маңызды бағыттарының бірі. Бұл салаға барлық мемлекеттік органдар тарапынан үлкен көңіл бөлінеді. Мемлекет діни экстремизм мен лаңкестік көріністеріне жол бермейді, ол ұлтаралық және конфессияаралық келісімді үнемі қадағалап отырады. Сонымен бірге, азаматтық қоғамның, ең алдымен қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және саяси партиялардың діни саладағы жағымсыз құбылыстардың алдын-алуға белсенді түрде араласпайтынын көріп отырмыз.

Біз қоғамда радикализм мен экстремизмнің кез-келген түрін жалпы жұртшылық болып қабылдамау қабілетін қалыптастыруымыз қажет.

Омар Жәлел:

– Дін – мәдениет ретінде бүкіл қоғамның, әрбір отбасының ісі. Отбасын да, мемлекетті де діни біртектілік сақтап қалады.

Қазақтардың аруаққа сенімі исламға жат па?

Ғалым Шойқин:

– Қазақтардың дәстүрлі ислам сенімі әруақтарға деген құрметті жоққа шығармайды. Бұл – қазақ этносы дамуының тарихында, далалық рухани дәстүрлер әсерінен қалыптасқан ерекшелік. Бұдан қорқудың қажеті жоқ, бұл бізді ислам дінін ұстанатын басқа ұлттардан ерекшелейтін нәрсе.

Қазақстанның кең даласына қарап көріңіздерші – онда жүздеген жылдар бұрын өмір сүріп, біздің жеріміздің тарихын қалыптастырған адамдарға арналған қаншама киелі кесенелер мен ескерткіштер бар. Оларды жадында сақтай отырып, қазақтар бұл үрдісті ешқашан Жаратушыға деген сенімдеріне қарсы қоймаған. Сондықтан, әрине, бұл мәселеде бөлшектеушілікке жол бермеуіміз керек.

Өкінішке қарай жат діни ағым өкілдері далалық исламның осы ерекшелігін қазақтардың дәстүрлі дүниетанымына соққы беру мақсатында пайдалануға тырысып жүр. Қайталап айтамын, бұған жол беруге болмайды.

Омар Жәлел:

– Мемлекет өзін тудырып отырған қоғамның дәстүрлі дүниетанымын сақтап қалуға міндетті. Сондықтан Аруақ, Әулие деген дәстүрлі қазақ дүниетанымына жасалып жатқан шабуылды діни астыртын әрекет деп бағалаймын.

Әр діндарға азамат ретінде не істеу керек?

Ғалым Шойқин:

– Барлық іс-әрекеттері арқылы уақыт сынынан өткен рухани құндылықтарымыз бен мәдениетімізді сақтауымыз керек. Қоғамдағы бейбітшілік пен келісімге ықпал етпесе болмайды. Діни немесе өзге де негіздер бойынша қақтығыстарға жол бермеуі тиіс.

Мемлекеттің заңдарын сақтауы және құрметтеуі қажет. Үздік білім мен мамандық иесі болуға тырысуы керек. Өз бойында ең жақсы адами қасиеттер мен құндылықтарды дамытуы қажет.

Омар Жәлел:

– Азамат ретінде әрбір қазақ "Мұсылман болғың келсе, әуелі қазақ болып ал!" қағидасын берік тұтынуы қажет.

Серіктестер жаңалықтары