Қазіргі қоғамда, әсіресе, мұсылман емес елдерде Ислам терминін терроризмнің синонимі ретінде қабылдайды. Оған террористік көзқарастағы радикалды исламистердің адам өміріне қауіп төндіре бастағаны себеп болып отыр. Мұсылман мемлекеттеріндегі исламға деген көзқарастың да өзгергені байқалады.
"Соңғы 40-50 жылда көптеген мұсылман елдерінде діни ортаның радикализация бағытында қалыптасып келгенін байқаймыз, қатыгездік культы мен діни экстремизм осы бір радикалды бағыттың кең таралуының нәтижесі. Мысалы, бізге ең жақын мұсылман елі Түркияда осыдан жарты ғасыр бұрын өмір сүрген түріктердің діни көзқарасы мен ұстанымы қазіргіден өзгеше еді. Бүгінде олар Ислам дініне дін мен саясатты қабаттастырып, саяси идеологиямен қарауға үйренді", – дейді белгілі дінтанушы Мұртаза Бұлұтай.
Дін туралы бірқатар еңбектердің авторы Бұлұтай мырзаның айтуынша, араб өркениетіндегі зайырлы мемлекеттердің бірі Тунис болған. Төңкерістен кейінгі Тунисте әртүрлі діни ағымдар билікте шешуші органдарға ие болып отыр, елде алауыздық пен ішкі бұлік басылған жоқ. Араб төңкерісі болған елдердің бәрінің де тағдыры осылай болды, жақсы жаман болсын әйтеуір бір тәртібі, зайырлы низамы бар еді, алайда «араб көктемі» деп аталған төңкерістерден кейін осы елдердің бәрінде радикалды ағымдар билікке келіп, шариғат заңдары орнатылып, берекесі кеткен халық Еуропа елдеріне баспана сұрап ағылып жатыр. Діни-саяси мақсаттағы осы радикалды ағымдар қыз балалардың білім алуына мейлінше тосқауыл қоюда.
"Мысыр елі Абдул Насыр мен Әнуар Садат билігі кезінде зайырлы мемлекет еді. Ал Мубарак биліктен кеткен соң радикалды исламистер келді. Азғантай уақытта осы діни-саяси партия елдің іргесін шайқалтқан соң, армия басшысы әс-Сиси әскери төңкеріс жасап, әлгілерді құлатты", – дейді Мұртаза Бұлұтай.
Одан бөлек, Иран монархиялық билік кезінде исламнан алыстап кеткен жоқ. Дегенмен зайырлы ел болатын. 1960 жылдары Иран үкіметіне қарсы көтерілістер жиілей түседі. 1979 жылы билік Рухолла Хомейни қолына өтіп, Иран тұңғыш мұсылман мемлекетіне айналады. Еуропаланып үлгерген Иран әйелдері бір түнде жаппай қара киім жамылады.
"Осыдан 40-50 жыл бұрын Ауғанстан әйелдері университетте білім алатын, еркін жүре алатын, өнермен, спортпен шұғылдана алатын. Пәкістанда ұйымдастырылған талибандар Ауғанстанды ең бір қатігез ережелермен ұстап, бейбіт халқын қырып, күштеп ұстауға тырысуда. Бұл ел өкінішке қарай 500 жыл артқа кетіп қалды. Осыларға ұқсас радикалдану үрдістері Малайзия, Индонезия, Пәкістан, Тунис, Мысыр, Ливия, Нигерия және Таяу шығыстағы өзге елдерде де байқалады", – дейді Бұлұтай мырза.
Өткен ғасырда негізгі халқы Исламға сенген ел басшыларының барлығы мұсылман болған. Дегенмен, әлемдік көштен қалмаудың амалын жасап, қыз балаларды да оқытуға баулыған, шариғаттың заңдарын Конституцияға бекітпеген.
Конституция әлде шариғат?
Мемлекет Конституциясында шариғат заңы бекітілгеннен кейін әртүрлі радикалды, террористік бағыттағы діни ағымдардың үгіт-насихаты тыйылмайды. Кейін олар қолына қару алып, өз ағымына қосылмаған адамдарды өлтіруге дейін барады.
Қазақстан жаһандану үдерісі негізінде ашық есік саясатын жүргізіп жатқандықтан өзі зайырлы ел болса да, сырттан келген адамдардың идеологиялық көзқарасын анықтап үлгермей кіргізе беруге мәжбүр. Нәтижесін өткен жылы Ақтөбеде болған террористердің жойқын шабуылынан көре аламыз. Оларға шектеу қою үшін Солтүстік Кореяның саяси ұстанымдары мен жабық есік саясатын жүргізу керек. Бұл да біздің принципке сай емес.
Айта кетсек, Пәкістан мен Малайзиядағы кейбір федералды билікке ие аймақтар шариғат заңдарын ресми бекіткен. Қазіргі таңда дәл сол аймақтарда адам құқықтары тапталып, діни заңдарға бағынбағандарды қатігездікпен жазалау үрдістері байқалады.
Діни экстремизмнің өрбуіне сыртқы күштердің әсері бар ма?
"Францияда 5 миллионға жуық мұсылман өмір сүреді. Олардың басым бөлігі Францияның Африкадағы бұрынғы отар елдерінен көшіп келгендер. Екі жыл бұрын Франция үкіметі мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге қатысты шектеу қою туралы қаулы шығарған кезде елдегі денесін толық жауып киінген әйелдердің саны үш есе артып кетті. Шенеуніктер заңмен шектеудің еш нәтижеге әкелмейтінін түсінді", – дейді Париждегі халықаралық зерттеулер орталығының (CERI) маманы, профессор Байрам Балчи.
CERI сарапшысының айтуынша, соңғы жылдары Еуропада ұйымдастырылған террористік шабуылдарға қатысты адамдар сол елде туып-өскендер болып шыққан. Демек қауіп сырттан емес, іштен. Жаһандану үдерісі мен қоғамдағы демократиялық көзқарастың өсуі есебінен адамдардың еліктеп, әртүрлі діни топтарға кіруі жиілей бастады. "Әрине, сол экстремистік топтардың құрылуына сырттан келген діни көшбасшылардың себепкер болуы мүмкін. Бірақ оның негізгі күші ел ішінен шығатынын да ескеру қажет", – дейді Балчи мырза.
АҚШ-тың Аризона штаты университетінің PhD докторанты Мехмет Волкан Кашыкчы доктор Балчимен келісетінін айтады. Сталин кезіндегі Қазақстан жайлы зерттеу жұмысын жазып жүрген ғалым Кеңес кезіндегі Орталық Азия муфтияты Ташкент қаласында болғанын және соған байланысты деректерді Гарвард университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Эрен Мурад Ташардың зерттеулерінен оқығанын айтады.
"КСРО-дағы 5 діни орталықтың бірі Өзбекстанның қазіргі астанасында орналасқан еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ислам діні мен КСРО үкіметі арасында өзара зайырлы келісімдер жасалады. Аталған бес діни орталықтың екеуі Кавказда (бірі шейіт, бірі суннит) ұйымдастырылған. Қалған үшеуі Уфа, Орал және Ташкент қалаларында бой көтереді", – дейді Кашыкчы мырзы.
Америкалық ғалымның айтуынша, 1940-жылдары КСРО назары соғыста болған кезде діни ағымдарға қатысты тергеулер бәсеңдеген. Сол мүмкіндікті пайдаланған кісілер әртүрлі ағымдарды қалыптастырған екен. Олардың көп бөлігі салафиттік көзқараста болған екен.
Айта кетсек, КСРО кезінде шетелдік миссионерлердің шекара асып өту мүмкіндігі дерлік жоқ болған. Демек ағымдардың идеологиясы жергілікті көшбасшылардың үндеуімен негізделген.
Балчи мырза қазіргі қоғамда терроризм терминіне ислам сөзі қалай жақын айтылып жүрген болса, салафизм де солай қараланып жүр. "Салафизмді уахабизмнің бір түрі деп ойлаймыз. Бірақ салафизмнің де дұрыс бағыты бар. Тек оны бұрмалап, атына кір келтіріп жүргендер де көп", – дейді CERI теологы.
Таза Ислам жасағысы келетіндер радикалдар ма?
Соңғы деректерге сүйенсек, екі жыл бұрын ҰҚК басшысының орынбасары Нұрғали Білісбеков шамамен 150 Қазақстан азаматының Сирияда соғысып жүргенін және олардың жанұясын бірге есептегенде тағы 200 адамның сонда екенін айтып өткен болатын. Бұл ресми дерек соңғы екі жылда одан әрмен өскен болуы керек.
Жаңа Исламды қайта қалыптастырғысы келетіндер басқа дінге сенетін адамдар мен өз бағытын ұстанбағандарды өлтіруге серттеседі. Ирак пен Сирияның территориясын жартылай иемденіп алған ДАИШ әскері өзіне осындай міндет алып отыр. Әлемнің әртүрлі нүктесінде болған террористік акттарға қатысы бар екенін үнемі ресми мойындайды.
Әдетте мұндай діни хаос ел үкіметінің ықпалы төмен, шариғат заңдары ел Конституциясында бекітілген мемлекеттерде орнайдын. Айта кетсек, Пәкістанның солтүстігіндегі Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Техрик-е Талибан Пәкістан діни ағымы саяси партия ретінде күшке ие. Сол өңірде өскен Малала Юсуфзай тағдыры жайлы хабардармыз. Қыздардың білім алу құқығын қорғап, талибанның қолынан қаза таба жаздаған Юсуфзай ханым өз бағытынан еш тайған емес.
Жабық саясат?
"Ашық капиталистік қоғамда көп нарсеге шектеу қою мүмкін емес. Біз енді Солтүстік Корея емеспіз ғой. Қоғамды қатаң бақылауға алу да кері әсерін береді. Менің ойымша, қоғамға деген сеніммен жаңа механизм жасаған тиімдірек", – дейді КМЭБИ профессоры, саяси ғылымдардың докторы Наргис Қасенова.
Қасенова ханым "әртүрлі діни ағымдарға адамдардың өздері тосқауыл қойғаны абзал" дейді. Оны үкімет тарапынан бақылауға алу қару қолдануға дейін алып келіп, қоғам тарапынан белгілі бір агрессияны оятуы мүмкін.
"Бізде екі жол бар. Өзбектер сияқты қоғамды қатаң бақылауға алып, полицейлік мемлекет құру немесе қырғыздар сияқты ел азаматтарының еркіне беру. Біріншісін таңдасақ, жаһандану үдерісімен даму көшінен артта қалып қоямыз және қоғам қысымның әсерінен қатігез бола бастайды. Ал екіншісі демократиялық қоғамның қалыптасуына негіз болады. Бірақ бұрын жасырын өмір сүрген ағымдар үгіт-насихатын ашық жүргізе бастайды. Мысалы, Қырғызстан азаматтары үкіметтен ешбір әлеуметтік көмек көрмегендіктен, өздерін толғандырған сұрақтарға жауапты әртүрлі діни ағымдардан іздеуге мәжбүр", – дейді КМЭБИ профессоры.
Ислам қоғамындағы жаңашыл көшбасшылардың қалыптасуы мен олардың идеологиясын анықтаумен муфтият айналысуға тиіс.
Ұлттық модель
Соңғы 20 жылын посткеңестік кеңістіктегі ислам дінінің рөлін зерттеуге арнаған Балчи мырзаның айтуынша, Қазақстанға ислам дінінің өзіндік моделін дайындау керек. "Қазіргі Қазақстан осыдан 40 жыл бұрынғы Түркияның күйін кешіп жатыр. Кезінде Түркияда да іштен және сырттан қалыптасқан діни топтар мен ағымдар қоғамды дүрліктіріп жіберген болатын. Ал қазіргі Түркия қоғамы Исламның ұлттық моделін жасап үлгерді. Түркия ДАИШ шекарасында орналасса да, түрік қоғамына теріс ағымдарға еніп, азғындап кету қаупі төніп тұрған жоқ", – дейді CERI зерттеушісі.
Расында, қоғамның рационалды ойлау қабілетін дамыту керек. Сонда ғана арамызда жүрген үгітшіл азаматтардың шын бейнесін анықтай аламыз. Байрам Балчи Ислам дінінің шариғат заңдарына емес, ұлт дәстүріне бейімделуі керек екенін айтады. Мұсылман адам өз салты мен дәстүрін, ұлттық тарихы мен ата-баба мұрасын ардақтауы тиіс. Мемлекеттің ұлттық идеологиясы – ұлттық модель құрудың негізгі жолы.