Тікелей эфир

Электронды оқулық дегеніміз не, онымен қалай жұмыс істеу керек?

Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Арнайы informburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Informburo.kz электронды оқулықтың мұғалімдер мен оқушыларға қандай басымдық беретінін зерттеп көрді.

Электронды оқулықтар оқушыларға ауыр сөмке асынып жүруден құтылуға жол ашады. Алайда, бұл – басты басымдық емес. Олар барынша көп білім алып, материалдарды бірнеше рет қайталап тыңдауға, сондай-ақ тапсырмалардың дұрыс жауаптарын бірден білуге мүмкіндік береді.

Электронды оқулықтар дегеніміз не және оларды Қазақстанда қандай баспа үйлері дайындап жатқанын талдап көреміз.

№1. Электронды оқулық дегеніміз не?

Сабақ бойынша ақпараттардың бәрі мәтін, суреттер, бейне, аудиожазба, анимациялар және басқа да графикалық құралдар түрінде берілетін оқу курсы.

Дамыған байланыс пен іздеу жүйесі оқулықтың бір бөлімінен екіншісіне немесе фрагментінен басқасына бір демде ауысуға мүмкіндік береді. Материалдарды меңгеру дәрежесін интерактивті тапсырмаларды орындап болған соң бірден білуге болады. Электронды оқулықтың online және offline нұсқалары болуы мүмкін. CD-дискке немесе басқа да ақпарат тасымалдаушы құралдарға, болмаса интернетке сайтқа орналастырылуы мүмкін.

№2. Электронды оқулық кәдімгі кітаппен бірдей ме?

Жоқ. Электронды форматтағы алғашқы оқулықтар шынында кітаптарды қайталаған еді. Қазір интернетте PDF, DOC, EPUB, FB2 форматтарында салынған бірнеше оқулық бар. Араларында Power Point форматындағы оқулықтар да бар. Мұның бәрін оқулықтың электронды нұсқасы деп атауға ғана болады.

Электронды оқулық жасау үшін кітаптың ішіндегін электронды нұсқаға ауыстыра салу жеткіліксіз. Оны ролик, иллюстрация, ойындармен толықтыру қажет.

№3. Кітаптан сапасында қандай айырмашылықтар бар?

– Электронды оқулықтар кітаптардай тұрақты емес, оларды дамытып тұруға мүмкіндік болады, өйткені ішінде мультимедиялық құралдар бар, – дейді "Келешек 2030" баспасының өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Ольга Лосенко.

– Электронды оқулықтардың кітаптарға қарағанда атқаратын қызметтері де кең, жан-жақты. Оқулықтар орыс және қазақ тілінде шығарылады. Бұны бар болғаны бір сандық баспа шеңберінде қамтамасыз етуге болады. Бұдан бөлек сандық оқулықтар мектептегі ауыр сөмкелердің проблемасын шешеді: оқушыларға оқулықтарды үйден мектепке, мектептен үйге тасудың қажеті жоқ, – дейді Ольга Лосенко.

№4. Қай елдерде мектептер электрондық оқулыққа көшкен?

Әлемнің бірде бір елінде әлі де толықтай қкітаптан бас тартқан жоқ. Алайда мектептерге электронды оқулықтарды сәтті енгізген елдер бар. Оның арасында Испания, Венгрия, Бразилия, Сингапур, Финляндия және Эстония бар.

Жаппай электронды оқулықтар енгізу Оңтүстік Корея, Ресей және т.б. елдерде болды. Мәселен, 2011 жылы "Роснано" АҚ ресей мектептеріне перспективті электронды оқулығы ретінде Plastic Logic 100 электронды оқулығын ұсынды.

№5. Қазақстанда электронды оқулықты шығарумен кімдер айналысады?

"Оқулық" республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директорының орынбасары Саят Омаровтың айтуынша, соңғы екі жылда төмендегі баспалар сараптама үшін өздерінің электронды оқулықтарын жолдаған:

  • "Келешек-2030";
  • "Алматыкiтап баспасы";
  • Bilim Media Group білім беру порталы;
  • "Бөбек" Ұлттық ғылыми-тәжірибелік білім беру орталығы;
  • "Білім беруді ақпараттандырудың педагогикалық технологиялар орталығы";
  • "Ұлттық ақпараттандыру орталығы" АҚ;
  • "Жаңа білім беру технологиялары" ЖШС.

Өнімдері әзірге ресми түрде сараптамадан өтпеген бұлардан басқа да әзірлеушілер бар.

№6. Электронды оқулықтар қандай сараптамадан өтеді?

Кітап сияқты олар да "Оқулық" ортадығынан 8-деңгейлі сараптамадан өтеді. Басылымдар мен құжаттар пакеті мұнда "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы түседі. Сараптама 60 күн жүргізіледі. Нәтижесінде сарапшылар төмендегі қорытындылардың бірін жазып береді:

  • "Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылады";
  • "Түзетулер енгізу талап етіледі";
  • "Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылмайды".

Түзетулер енгізуге авторларға қорытындыны алғаннан кейін 30 күн беріледі. Содан соң олар оқулықты қайтадан сараптамаға тапсырып, жаңа нәтижелер күтуі керек. Түзетулер енгізуге екінші қайтара жолданбайды.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Электронный учебник: что это такое и как с ним работать?

№7. Жақсы оқулық қандай талаптарға жауап беруі тиіс?

Сапалы электронды оқулықты дайындау – күрделі жұмыс. Оған бірнеше маман талап етіледі: редакторлар, дизайнерлер, беттеушілер мен бағдарламашылар. Әзірлеушілер оқулықтың сапасы мен эргономикалық тұрғыдан сәйкес болуына жауап береді. Электронды оқулыққа қойылатын талаптардың ішінде төмендегілер бар:

  • Материалдың гипермәтінді мазмұнда берілуі;
  • Қарапайым навигация;
  • Иллюстрациялардың қолданылуы;
  • Әрбір тақырыпқа мәтіндік және басқа да бақылау тапсырмаларын беру;
  • Материалдар мен жаттығуларды күрделілігіне қарай әр түрлі деңгейде орналастыру.

Мазмұны толықтай типтік бағдарламаға сәйкес келуі керек.

№8. Электронды оқулықтардың басымдықтары неде?

Жақын болашақта электронды оқулықтар өзінің басымдықтарының арқасында оқытудың ажырамас бөлігіне айналады. Оларды оқығанда ақпаратты беруге арналған түрлі каналдар ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.

Егер бала ақпаратты есту арқылы жақсы қабылдайтын болса, оны тыңдай алады, ал егер көзбен көру керек болса, видеофрагменттер мен анимацияларды қарай алады. Электронды оқулықтардың басқа да басымдықтары арасынан сарапшылар төмендегілерді атайды:

  • Кез келген жерден, кез келген құрылғы арқыры кіруге болады;
  • Ақпаратты іздеу мүмкіндігі;
  • Интерактивтілік;
  • Балл қоюда объективтілік;
  • Тапсырмалардың күрделілігінің түрлі деңгейі;
  • Озат оқу үшін жасалған жағдайлар;
  • Өтіп кеткен материалдарды қайталау мүмкіндігі.

№9. Қазақстанда қай мектептерде электронды оқулықтарды қолданып жатыр?

2018-2019 оқу жылында Қазақстанда "Алматыкiтап баспасы"-ның электронды оқулықтары пилоттық жобамен қолданылды. Компанияның баспа ісі жөніндегі вице-президенті Рано Әнуардың айтуынша, жобаға 350 педагог пен 3, 6 және 8 сыныптардың мыңдаған оқушылары қатысқан.

"Келешек-2030" баспасының электронды оқулықтары да жалпы білім беру мектептеріне қолжетімді дейді", – Ольга Лосенко.

– Оқулықтарға бірінші іштей сараптама және сынамадан өткізу жұмыстары баспаны әзірлеу кезеңінде педагогтарды, шығармашылық топ – пән мамандарын, қалалық әдімтемелік бірлестіктер мұғалімдерін тартумен жүргізіледі. Осылай оқулықтың типтік оқу бағдарламаларына, дидактикалық, әдістемелік, психологиялық, эстетикалық, гигиеналық талаптарға сәйкестігі тексеріледі – деп түсіндірді Ольга Лосенко.

№10. Электронды оқулықтар тегін бола ма?

Оқулықтардың тегін болатыны немесе шетелдегідей оларды пайдалануға ақы енгізілетін болашақтың еншісінде. Мәселен, Эстонияда 150 оқулықтың ақысы жылына 40-50 еуроны құрайды, шығындарын мемлекет өтеп береді. Оқушыларды гаджеттермен қамтамасыз ету де талқылану үстінде: аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға планшеттер сатып алып беруге демеушілерді тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

№11. Электронды оқулықтарды алу үшін қандай қосымшаны жүктеу қажет?

"Bilim Media Group" ЖШС электронды оқулықтарын пайдалану үшін bilimland.kz, itest.kz, twig-bilim.kz и imektep.kz сайттарына тіркелу жеткілікті.

"Келешек-2030" баспасы 7-11 сыныптарға арналған электронды оқулықтарын БҒМ бекітілген тізіміне сәйкес диск түрінде жеткізіп береді.

"Алматыкiтап баспасы" электронды оқулықтарының кітапханасы opiq.kz платформасында қолжетімді. Оған кез келген құрылғыдан: ноутбук, планшет, смартфоннан кіруге болады. Сайт автоматты түрде сол форматта жұмыс істей бастайды.

№12. Жарық және интернет болмағанда қалай оқу керек?

Электронды оқулықтарды пайдаланғанмен кітаптан бас тартқан жоқпыз. Үй тапсырмалары бірдей болғандықтан оларды кітап бойынша да, сондай-ақ электронды оқулық арқылы да орындауға болады.

Интернет болмағанда оқулықтың offline нұсқасын қолдануға мүмкіндік бар.

№13. Планшет/ноутбукпен жұмыс істегеннен балалардың көзіне зиян келмейме?

Рано Әнуардың айтуынша, санитарлық норма бойынша оқушыларға электронды оқулықтарды сабақ үстінде тек 20 минуттан көп емес уақыт қолдану қажет. Қажет жағдайда балалар тақырыпты егжей-тегжейлі түсіну үшін суретті ұлғайта алады.

Электронды оқулықтардың қаріптері стандартқа сәйкес жасалған, түстердің гаммасы байыпты реңктермен берілген. Сабақ кезінде де, сабақтан тыс уақытта да гигиеналық талаптарды сақтаса электронды оқулықтар балалардың көзіне нұқсан келтірмейді.

Авторы Наталья Батракова

Аударған Мәншүк Шапхатқызы

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары