Тікелей эфир

Жарылыстар, коррупция, министр отставкалары, Қорғаныс министрлігімен байланысты ең шулы оқиғалар

Қорғаныс министрлігін 30 жылда 10 министр (оның ішінде Мұхтар Алтынбаев 2 мәрте) басқарған.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери қоймалар мен бөлімдерде 4 рет аса ауқымды өрт пен жарылыс (шағындарының саны бірнеше), 3 ірі жемқорлық оқиғасы (оның екеуі министрдің отставкасына әкелді) болды. Әрбіріне кері хронологиялық тәртіпте жеке тоқталамыз. 

Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылыс 

2021 жылы 26 тамызда сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қайнар ауылынан бір шақырым жерде орналасқан әскери бөлімде қоймалардың бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Қазіргі таңдағы мәлімет бойынша, 5 адам қайтыс болды. 60-тан астам адам жарақат алды. Алдын ала мәлімет бойынша, қоймада 500 тонна тротил сақталған. 

Байзақ ауданындағы Үшбұлақ, Жібек жолы, Қайнар елдімекендерінің 700-дей тұрғыны эвакуацияланды. Жамбыл облысында жолаушылар мен жүк пойыздары тоқтатылып, тас жолдарда шектеу қойылды. 

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Азаттық радиосы тілшісінің сұрағына берген жауабында оқиға салдары жойылғаннан кейін отставкаға кетуін сұрайтынын мәлімдеді


Оқи отырыңыз: Айдос Сарым: Жамбыл облысындағы әскери қойманы тексерген инспекторлар жауапқа тартылуы тиіс


Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыс

2019 жылы 24 маусым күні Шымкент қаласынан 97 км жердегі Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан. Соққы бүкіл Арыс қаласын қамтыды. Қоймада сақтаулы тұрған аса қауіпті оқ-дәрілер атылып, тұрғын үйлерді түгелге жуық қиратты. Ресми дерек бойынша, жарылыстан бір ересек адам, бір бала және екі әскери қаза тапты. Қалада 466 үй мен 258 нысан қирады. Сол күні 71 адам медициналық көмекке жүгінген. 

Жарылыстан кейін Қылмыстық кодекс (462-бап, 1-бөлім) негізінде "Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағиадаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Арыстағы жарылысқа жол бергені үшін лауазымды тұлғаларға қатаң сөгіс жарияланып, кейбірі қызметінен босатылды. Олардың қатарында экс-министр Сәкен Жасұзақов Қарулы күштер жүйесінен шығарылды. 

3 миллиард теңгені жымқыру ісі

2016 жылы тамызда Қорғаныс министрлігінде ірі жемқорлық дауы орын алды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанның Қорғаныс күштерін бөлінген бюджет қаржысын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Арнайы қызмет министрліктің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Жұмқазиевті 20 миллион теңге пара алып жатқан сәтінде ұстады. 

Сот ісін қарау кезінде жүзден астам куәгерден жауап алынды. Қылмыстық іс 150 томды құрады. Бұл іске қатысты 11 адамға 2,94 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылды. Ақша ҚР Қорғаныс министрлігінің қажеттіліктері үшін тауар-материалдық құндылықтарды сатып алуға қосымша қаржыландыру ретінде бөлінген.

Қылмыстық топ құрамында Қорғаныс және Қарды министрліктерінің қызметкерлері бар. Қалған төрт адам – коммерциялық құрылымдардың басшылары. Тергеу органдары министрліктің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Жұмқазиевті қылмыстық істің ұйымдастырушысы деп атады. Айыптауға сүйенсек, Қорғаныс министрлігінің конкурстық комиссия төрағасы ретінде Жұмқазиев кәсіпкерлердің мүдделері үшін лоббистік қызмет атқарып, өзінің заңсыз әрекеттерін жасыру үшін бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларының мүмкіндіктерін пайдаланған. 

Мамандандырылған ауданаралық әскери сот шенеуніктерге қатысты үкім шығарды. Олардың 69 млн теңге көлемінде пара алғаны дәлелденді. Қорғаныс саласының бұрынғы қызметкері, Қаржы министрлігінің маманы және пара берген алты кәсіпкер сотталды. Ал Жұмқазиев он екі жылға бас бостандығынан айырылды. 


Оқи отырыңыз: Ауған соғысы ардагері: Тротил өздігінен жарылмайды. Оның тұтануына әкелген себеп анықталуы тиіс


Отардағы механикалық модульде болған жарылыс

2013 жылы 27 тамызда Жамбыл облысы Қордай ауданының "Отар" станциясында орналасқан "Қазақжарылысөнеркәсібі" АҚ аумағында оқ-дәрілерді жою жұмыстарын жүргізу барысында механикалық модульде жарылыс болды. Сегіз адам ауырлығы әртүрлі термиялық күйік алып, оның төртеуі көз жұмды.  

Қордай аудандық соты "Қазақжарылысөнеркәсібі" АҚ қоғамының кәдеге жарату департаментінің бастығы Оракеевке, "Қазақжарылысөнеркәсібі" АҚ пайдалану орталығы филиалының инженер-технологы Орловқа және ПУ-1 станциясының бастығы Отар Гурьяновқа қатысты үкім шығарды. Олар Қылмыстық кодекстің 307-бабының 4-бөлігінің 246-бабы 2-бөлігімен  жалпы режимдегі түзеу колониясында жазасын өтей отырып бес жыл бас бостандығынан айырылды.

Министр Даниал Ахметовтың отставкасы 

2009 жылы 17 маусымда Қорғаныс министрі Даниал Ахметов отставкаға кетті. Президенттің оны не үшін қызметтен босатқаны айтылмаса да, сарапшылар қызметінен алынуының басты себебі қорғаныс саласында жемқорлықтың етек жаюы деп баға берді.

Өйткені, 10 сәуірде Даниал Ахметовтың орынбасары ажымұрат Маерманов сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен қамауға алынған болатын. Оған 82 миллион АҚШ доллары көлеміндегі республикалық бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған деген айып тағылып, ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.  

2009 жылы маусымда Қорғаныс министрлігінің ведомствоның құрылыс және әскери қызметкерлерді қоныстандыру жөніндегі бас басқармасының бастығы Әнуарбек Оразалинов өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттің мүлкін жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Сот үкімімен Әнуарбек Оразалинов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ақмола гарнизонының әскери сотының үкімімен Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асхат Шойынбаев "билігін асыра пайдаланғаны үшін" төрт жылға бас бостандығынан айырылды.  

Тоқырау маңындағы оқ-дәрі сақтайтын қоймадағы өрт

2001 жылдың 8 тамызында Қарағанды облысы Тоқырау елдімекенінің маңында орналасқан Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрі сақтайтын ең үлкен қоймасы өртенді. Ол жерде Ауғанстандағы соғыс кезінен келе жатқан кеңес әскерінің миналары мен снарядтары сақталған. Оқ-дәрілердің бір бөлігі 1988 жылы Спитакскийдегі жер сілкінісінен кейін Армениядан әкелінген. Сондай-ақ, елдімекен маңындағы 18 жерасты қоймасында әуе бомбалары мен артиллериялық оқ-дәрілер сақталған.

Елдімекеннің 1 300 тұрғыны шұғыл эвакуациялануға мәжбүр болды. Өрт бірнеше күн дегенде ғана ауыздықталды. Тоқыраудағы жарылыс электр жеткізу желілеріне  зақым келтірді, теміржол қатынас жолы мен жалғыз су айдайтын мұнараны қиратты.

Жойғыш ұшақтарды Солтүстік Кореяға сату оқиғасы

1999 жылы Қазақстан заңсыз жолмен Солтүстік Кореяға жойғыш ұшақтар (МиГ-21) топтамасын сатқан. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі мәміленің мән-жайы анықталғанға дейін Қазақстанға қаржылық көмек көрсетуді тоқтататынын жариялағаннан кейін Қазақстан Солтүстік Кореяға МиГ-21 ұшақтарының партиясын заңсыз сатқанын ресми түрде мойындады. 

Вице-премьер және Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәмілеге мемлекеттік органдардың қатысуын үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның айтуынша, мұны "проблемалы елдерге қару жеткізуді" жоққа шығаратын Қазақстанның экспорттық бақылау жүйесін айналып өтетін "адамдар тобы" жүргізген. Вице-премьер олар ұшақтар үшін "ірі көлемде АҚШ долларымен қолма-қол ақша" алғанын айтып, КХДР-ға заңсыз қару жеткізу бойынша тергеу ісі жақын арада аяқталатынына уәде берді.

Тергеу барысында "адамдар тобы" Солтүстік Кореяға астыртын жолмен 30-ға жуық "МиГ" ұшағын тасымалдаған. Олар барлығы 40 әскери ұшақты сатпақ болған.

Осы даудан кейін қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев отставкаға кетті. Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев оларды қару-жарақ экспортына бақылаудың жеткіліксіздігі үшін айыптады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары