Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Азаттық тілшісінің сұрағына берген жауабында отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді. "Жарылыстар туралы хабарланған алғашқы минутта отставкаға кету туралы шешім қабылдадым. Оқиға салдары жойылғаннан кейін отставка сұраймын. Шешімді мемлекет басшылығы қабылдайды", – деді ол.
Министрдің отставка сұрауы – дұрыс шешім
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Министр Нұрлан Ермекбаев азамат, офицер және министр ретінде өз жауапкершілігін ұғынып, өз еркімен отставкаға кетуге әзір екенін айтты. Бұл – дұрыс ұйғарым. Алайда Арыс оқиғасынан кейін бұл министрлікке осындай апатты жағдайға жол бермеу, әскери қоймалардың елді мекендерден қашық жерде орналастыру туралы нақты тапсырмалар берілген болатын. Барша әскери қоймаларды қатаң тексеріп, қару-жарақ пен әскери техниканың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы комиссия да құрылды. Дәл осы Байзақ ауданындағы қойманың жұмысын кім тексерді? Инспекторлары кімдер? Осы адамдар да жауапқа тартылуы тиіс.
Сондай-ақ, апат кесірінен зардап шеккен, мүлкі өртеніп немесе қираған барша азаматтарға өтемақылар төленіп, қираған инфрақұрылым, бизнес, сауда кешендерінің иелеріне көмек көрсетілуі тиіс. Бұның барлығы да – айналып келгенде мемлекеттің тікелей жауапкершілігі, абыройының мәселесі.
Бүгінгі брифингте министр апаттың себептері туралы сөзінде бұл оқиға себебі арнайы диверсия, яғни қолдан қойылған өрт те болуы ықтимал екеніне болжам жасады. Мұны да мұқият зерттеу керек. Керек болса, шетелдік мамандарды, сарапшыларды іске қосу қажет. Өйткені, диверсияның мысалы Еуропа, басқа құрлықтардың елдерінде көп. Әскери қоймалардағы өрт сыртқы күштердің ісі болуы әбден мүмкін.
Ауғанстандағы жағдайдың ушыққанын ескерсек, барша әскери қоймалардың, әсіресе оқ-дәрі сақтайтын орындарды ерекше, айрықша қадағалауға алып, олардың күзетін еселеп күшейтіп, көбейту керек.
Тек министр емес, министрліктің сала мамандары да жауапты
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
– Ең бірінші осы жарылысқа қандай себептер алып келді, яғни Арыс жарылысынан кейін техногендік объектілерге неге дұрыс тексеріс болмаған? Осыны анықтау керек. Екіншіден, Қорғаныс министрі өзі отставкаға кететінін мәлімдеді. Дегенмен де, Қазақстанда осы қоймалардан басқа да нысандар өте көп. Солардың бәрін кешенді түрде тексеру керек. Бұл – ең негізігі мәселе.
Одан кейінгі мәселе – біздің сыртқы жағдайымыз өте күрделі болып тұр. Ол – геосаяси, яғни Ауғанстандағы жағдай. Ал осындай жарылыстар еліміздегі қоғамдық қарым-қатынасты шайқалтуға, саяси тұрақтылықты бұзуға алып келуі мүмкін. Сондықтан осы нысандардың барлығын жан-жақты күзетке алу керек. Сосын тек министр емес, министрліктегі осы салаға жауапты мамандардың заң алдындағы міндетін анықтау керек.