Ауған соғысының ардагері Қайрат Елубаев Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери оқ-дәрі қоймасындағы жарылысқа себеп болуы мүмкін деген бірнеше нұсқаны атады. Сондай-ақ, ол әскери қоймалардан 40-50 шақырым радиуста елді мекеннің орналасуы дұрыс емес екенін алға тартты. Өйткені, бүгінде жарылғыш зымырандар 32 шақырым қашықтыққа дейін ұшады.
"Әскери қоймаларда жарылыс бірінші рет болып жатқан жоқ. Бүкіл елді дүрліктірген Арыс оқиғасы енді Тараздан 15 шақырым жерде орын алды. Оның дәл себебін білу үшін арнайы комиссияның шешімі шыққанын күткен абзал. Көп жағдайда мысал ретінде бірнеше себепті атап өтуге болады. Бірінші – мина мен снарядтарға қолжетімділік деңгейі. Екінші – жарылғыш заттарды сақтайтын адамның өз міндетін дұрыс орындамауы. Үшінші – теракт болуы да мүмкін. Бірақ, дәл осы себеп болды деп қазір айта алмаймыз", – деді ардагер.
Әрі қарай ол жарылғыш заттың құрылымына тоқталып, оның өздігінен тұтануы мүмкін еместігін айтты. Десе де, ол халықты дүрліктірмей, арнайы құрылған комиссияның шешімін күтуге шақырды. Бұған дейін Қорғаныс министрлігінің басшысы "қастандық жасалған болуы мүмкін" деген нұсқаны да қарастыратынын мәлімдеген болатын.
"Оны мен де жоққа шығармаймын. Террорлық әрекет болуы да мүмкін. Сол себепті мемлекеттік комиссия шешімін күтейік. Арыстан кейін жарылыс Таразда да болған соң көп сұрақ туындап жатыр. Тротил минаның ішіне салынатын зат. Ол өздігінен жарылмайды. Жарылыс болуы үшін запал тұтануы тиіс. Толығырақ арнайы мамандар айтып бере алады. Біз соғысты, жарылысты көрсек те, арнайы маман пікірі бөлек", – деді Қайрат Елубаев.
Әрі қарай ардагер қандай жағдай болмасын, нақты себептің ашық айтылуы керектігін алға тартты. Бұл алда халықты қайғылы жағдайдан сақтандыруға көмектеседі.
"Жемқорлық кезінде халық көп зат ұрланды деген нұсқаны бірінші ұсынатын шығар. Жалпы бұл нұсқаны да жоққа шығаруға болмайды. Екінші жағынан заңды түрде дәлелденбеген соң дәл айту да қиын. Ең өкініштісі – қаза болған азаматтар бар. Сол әскери бөлімдегі офицер, сарбаздар жарылып жатыр. Біз ең бірінші солардың амандығын ойлауымыз керек. Бүгін жасырып, халықтың бетін "пердемен" жапқан дұрыс емес. Ашық, нақты айту керек. Сонда ғана халық тынышталады. Ал нақты жауап айтылмаса, болашақта мұндай жағдай қайталана береді. Мен соны ойлап тұрмын", – деді ардагер.
Мұнымен қатар, Қайрат Елубаев әскери қоймалардың ескіргенін және олардың жанында қарапайым тұрғындардың орналасуы аса қауіпті екенін айтты. Өйткені, заманауи жарылғыш зымырандар үлкен қашықтықты еңсере алады.
"Қазіргі қоймалар кеңес одағы заманынан қалғандар. Ол кезде жанында ауыл, көп ғимарат болған жоқ. Тәуелсіздігімізге 10 жыл толғанда демографияны дамыту мақсатында Тараз жаққа жаңа ауылдар түсті. Қазір зымырандар 32 шақырым жерге дейін ұшады. Сол себепті әскери қоймалардан 40-50 шақырым жерге дейін қарапайым халық тұрмауы керек деп ойлаймын. Құдай сақтасын, жарылмасын. Бірақ халықты алдын ала осындай жарылыстан сақтандыруымыз керек. Әрине, бұған қаражат керегін, ұзақтығы барын түсінемін. Бірақ адам өмірі бәрінен биік", – деді Қайрат Елубаев.
Еске салсақ, 26 тамыз сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланды.
27 тамыз таңғы сағат 08.00-дегі жағдай бойынша, ауруханаларға 28 науқас жеткізілді, оның алтауының жағдайы ауыр. Сондай-ақ, 66 адамның зиян шеккені белгілі болды. Жарылыстан қаза тапқандар саны 5-ке жетті.
Кейін әскери қоймаларда қандай заттардың сақталғаны анықталды.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысындағы жарылыстан соң отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.