Театртанушы Мәншүк Тәшімова: Балалар әдебиетіне бойлай алатын драматургтер аз

Маман балаларды көркем әдеби шығармаларды оқуға ынталандыру туралы ойларын айтты.

2022 жыл – балаларды қолдау жылы. Балаларды қолдау жылында балалар әдебиетіне де алабөтен көңіл бөлінсе деген үміт бар. Өйткені қазақ әдебиетінің ертеңгі қуатты оқырманы бүгінгі балалар. Балаларды көркем әдеби шығармаларды оқуға қалай ынталандырамыз? Жасөспірімдер мен жастарға арналған драмалық шығармалар жеткілікті ме? Осы тақылеттес сауалдарды Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты "Театр және кино" бөлімінің ғылыми қызметкері Мәншүк Тәшімоваға жолдадық. Сұхбатымыздың негізгі ауаны да, әңгімеміз де балалар әдебиеті, оның ішінде балалар драматургиясы жайында өрбіді.

Мәншүк Тәшімова. Фото Мәншүк Тәшімованың Facebook парақшасынан алынды

– Мәншүк ханым, сіз әдеби жыл қорытындысында балалар драматургиясына қатысты толғамды баяндама жасадыңыз. Қазіргі беталысымыз жалпы қалай?

– Балалар драматургиясы, балаларға арналған шығамарлар жазуға не түрткі болды дегеннен бастайын. Мен бұрын мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істедім. Балалар әдебиеті, балалар психологиясына арналған кітаптарды көп оқыдық. Кейін, 2009 жылы театртану саласына қарай ойысқан соң, "Мәдениет" журналының редакциясынан тапсырма берілді. Алматы қаласындағы Қуыршақ театрының қазіргі жай-күйі туралы зерттеп жазуға бардым. Сонда таңғалғаным, қуыршақ театрының репертуарында 30 пайыз ғана қазақ тіліндегі қойылымдар, ал орыс тілді көрермендер өте көп.

Қуыршақ театрының жетекшілері репертуарда қазақ тілді қойылымдардың тым аз болуы қазақтілді көрермендердің қызығушылығы төмен деген жауапты көлденең тартты. Театртанушы болғандықтан балаларға арналған шығармалар сахналанатын Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, қуыршақ театрының жұмыстарын жиі қадағалап, талдау, зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп келемін.

Біз Мұхтар Әуезовтің "Ел боламын десең бесігіңді түзе" деген қанатты сөзін қағидаға алып, үнемі айтып жүреміз. Тәрбиеңді отбасыңнан, тіпті бесігіңнен бастап берік ұстан, бүтінде, кем-кетігін толықтыр дегенді айтамыз. Бірақ іс жүзіне келгенде олай болмай да жатады. Көрерменнің көңілінен шығатын татымды туындылар жазылып, сахналанса құба құп болар еді.

Сұрағыңызға оралайын, маған жазушы, Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті секциясына жетекшілік ететін Нұрдәулет Ақыш ағамыз ұсыныс айтып, балалар драматургиясына қатысты баяндама жасап, әдеби жыл қорытындысында талқылауға шықсаң деген ұсыныс айтты. Өзімнің зерттеп, зерделеп, жазып жүрген салам болғандықтан да қуана-қуана келісім бердім. Әдеби жыл қорытындысындағы жиындарда бұған дейін баяндама оқып, шолу жасап көрген жоқ едім.

Соңғы бір жылдың ішінде жазылған шығармаларға талдау жасау шарт екен. Сенсеңіз, былтыр, яғни, 2021 жылы балалар драматургиясына ешқандай шығарма жазылмапты. Әйтеуір көп ізденгеніммен, жаңа шығармаларды кезіктіре алмадым. Көбіне, тіпті барлығына дерлік екі-үш, одан да бұрын жазылған драматургиялық шығармаға талдау жасап, саралап, сараптауға тура келді.


Оқи отырыңыз: "Біртуар" мен "Құлыншақ". Қазақ балалар не оқып жүр?


– Жас драматургтердің аяқ алысы, тынысы қалай екен?

– Қолғанат Мұрат есімді жас драматургтің "Мұғалім" деген драматургиялық шығармасы бар. Мектеп оқушыларына арналған шығармада мұғалім мен оқушы арасындағы, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, жалпы мектеп өмірі, түрлі әлеуметтік жағдайларды қамтиды. Мектеп оқушыларының отбасылық мәселелері қамтылған. Бұл жоғары сыныпқа арналған шығарма. Еуропада болсын балаларға арналған қойылымдар жас ерекшелігіне қарай бөлініп, сараланады. Баланың таным-түсінігне қарай сарапталады. Әлібек Байболдың "Ғинаят" деген кітабы қолыма тиді. Кітап 2021 жылы шыққанымен де ішіндегі пьесалар екі, үш жыл бұрын жазылған екен.

Жаңа шығарма болып саналмаса да, бұл авторлардың пьесалары еліміздің балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанды. Әлібектің "Әріптер әлеміне саяхат" деген қойылымы дер уақытында жазылған шығарма деп санаймын. Өйткені қазақ қоғамы қазір латын әліпбиіне өтудің кезеңдерін өткеріп жатыр. Осындай шақта темірді қызғанда соққан жазушымыздың осы бір пьесасы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында сахналауын орынды деп санаймын. "Жеті ойыншықтың жемісі", "Әз наурыз кезіндегі таңғажайып оқиға" деген туындылары жайында талдау жасап, атап өттім.

Әдеби жыл қорытындысында баяндама жасағанда аса бір қуанатындай жайт болған жоқ. Өйткені Мұхтар Әуезов айтқандай "жыл келгендей жаңалық күте" алмадық. Жастардың қалам тартуы, балалар әдебиетіне бойлай алуы тым сирек. Қыздар қауымынан Айдана Аламан есімді жас жазушымыз бар. Ол қыздың "Жалқаубектің жыры" деген пьесасы Талдықорған театрында екі жыл бұрын сахналанды. Жас дрматургтердің қатарына Нұр-Сұлтан қаласындағы қуыршақ театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейтін Қуат Еженбек деген жас драматург бар. Қуаттың негізгі мамандығы – театртанушы. Қуыршақ театрында жұмыс істегендіктен де балалар әдебиетіне деген адалдығы, жанашырлығы жазған шығармаларынан байқалады.

Сіздің сұрағыңызға жауап беру үшін әдеби жыл қорытындысында байқалған авторлардың есімдерін атап отырмын. Әрине, балалар әдебиетіне қалам тартуға, шығарма жазуға кез келген ақын-жазушының жүрегі дауалай бермейді. Өйткені, бұл өте талғампаз, талапшыл оқырмандар оқитын шығарма жазылатын орта. Сондықтан да көптеген қаламгерлер беттей қоймайды. Десе де үмітті үзбеу керек, жас драматургтер өсіп келеді. Сол көңілге медеу болады. "Ер Төстік" ертегісін ақын Қасымхан Бегманов сахналық жүйеге түсіріп, мемлекеттік қуыршақ театрының тапсырысымен жүйеленіп сахналанды.

Репертуарын толықтырып жаңалауда, басқа да тың шығармалармен толығу шаруасында қуыршақ театры да, балалар мен жасөспірімдер театры өз күндерін өздері көріп келе жатыр десем артық айтқаным емес. Жоқтан бар жасап, жаңа шығармаларды іздеп тауып келе жатыр. Қазақ режиссерлері көбіне фольклорлық дүниелерді сахналық жүйеге негіздеп, көрермендерге ұсынып келеді. Саннан сапа туындайды, сондықтан да балалар әдебиетіне қара ойысқысы келетін, балалар драматургиясына жазуға ұмтылған жастар болсын, үлкен буын өкілі бола ма оларға өріс ашып беріп, еркін самғатуымыз керек. Сонда ғана көптеген шығармалар жазылып, сапалысы, салмақтысы, көрерменнің жүрегінен жол табатын туындылар жарқырап жарыққа шығады деп санаймын.  

– Қазақ әдебиетінің өкілдері, оның ішінде осы драматургия жанрына қалам тартатындар санаулы. Сондан кейін де театрлардың көркемдік жетекшілері сахналық қойылымға драматургиялық шығармалардың аздығы қолбайлау етеді дейді. Бұл пікірге не дейсіз?

– Балалар драматургиясы туралы баяндама жасағанда осы мәселені де қамтып, авторлардың аздығын, балалар әлеміне арналған шығармалар, оның ішінде сахналық қойылымға келетін пьесалар жазуға көпшілігінің жүрегі дауалап, батылы бара бермейтініне де баса тоқталдым. Сонымен бірге балалар драматургиясын да көрерменнің, тыңдарманның жас ерекшелігіне қарай бөліп қарастыру қажеттігіне де баяндамада басымдық бердім.

Мысалы үшін мектеп жасына дейінгі, яғни балабақшаға баратын бүлдіршіндерге арналған шығармалар болса, одан кейін мектеп табалдырығын аттаған 1-сыныптан бастап 3-сыныпқа дейінгі оқушылардың танымына лайықталып жазылған қойылымдар сахналанса. Жоқ дей беруге болмайды, жоғарыда атап өткен Әлібек Байболдың "Әріптер әлеміне саяхат" атты шығармасы 1-сынып оқушыларын, әріпті танып, "Әліппемен" дос болған балдырғандарға арналған туынды.

Осындай жастарының ерекшелігі мен қабылдау қабілеттеріне сай шығармалар жазылса дейсің. Бала ес біліп, айналасын тануға ұмтылғанда ұлттық құндылықпен суарылған баланың таным көкжиегін кеңейтетін шығармалар жазуға ұмтылуымыз керек. Баланың әлемі, арғы ішкі жан-дүниесі тап-таза, мөлдір. Сол мөлдірлікті лайлау да, тұнығын бұзбау да қоғамның қолында. Балаға жастайынан елдікті, ұлттық калоритті санасына мықтап сіңіретін шығармалармен сусындатсақ, ертеңіміз кемел болары анық. Бұндай тәрбиенің бір ұшы балалар әдебиетіне келіп тірелетіні жасырын емес.


Оқи отырыңыз: 18-29 жастағы қаламгерлерге арналған президенттік әдеби сыйлық тағайындалады


– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биылғы жыл Балалар жылы болып жарияланды. Балалар әдебиетіне қолдау, демеуді бір жыл аясында толық атқаруға бола ма?

– Балалар әдебиетіне көңіл бөлу тек балалар жылында ғана іске асырылуы керек деген түсінік қате, өрескел қате. Балалар әдебиетіне қамқорлық үнемі керек. Өйткені үлкен әдебиетті тудыратын да, жасайтын да, қалыптастыратын да тұлғалар осы балалар әдебиетінен тамыр алады. Осыны ұмытпауымыз керек. Сондықтан жас драматургтерге, оның ішінде балалар тақырыбына қалам сілтейтін жас жазушыларымызға үнемі қолдау, демеу қажет. Тек бір жылмен шектеліп қалуға болмайды. Бүгінгідей нарық заманында балалар әдебиетіне ғана емес, жалпы әдебиет әлеміне ат шалдырып, қалам тартып жүрген барлық ақын-жазушыларға, руханиятқа үлкен қолдау, демеу қажет. Ел боламыз десек осы қаперде тұруы тиіс.

Елімізде 70-тен астам театр бар екен. Қазақ тілді аудиторияға арналған балалар мен жасөспірімдер театры Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы қарашаңырақ қана еді. Бірнеше жыл бұрын Шымкенттегі қуыршақ театры аясын кеңейтіп, балалар мен жасөспірімдер және қуыршақ театры болып құрылып, көрермендеріне жылылық сыйлап келеді. Астанада музыкалық балалар театры да ашылып, көрермендеріне қызмет етіп жатыр. Осындай ақжолтай жаңалықтар көптеп айтылса, игілікті істер іске асырылса құба-құп болар еді. Балаларға мән береміз, балалар әдебиетін дамытамыз десек, қуыршақ театрларын көптеп салып, ашуға тиіспіз. Бұл мәселе кезек күттірмейді деп санаймын.

Мен сізге бір қызық дерек айтайын. Театртануға келгенге дейін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болғанымды айттым ғой. Оқушыларды театрларға жиі апаратынмын. Танымы кеңейсін, ықыласы оянсын, зердесі рухани қазынамен байысын деген ниетпен ерінбей оқушыларымды ертіп алып қуыршақ театрына да, балалар мен жасөспірімдер театрында қандай жақсы қойылым, тұсаукесерлер өтеді – баруға, көруге ұмтылатынбыз. Енді қызықты қараңыз, осындай рухани байлығы кемеріне келген оқушылардың сабақ үлгерімінде де оң өзгеріс, жақсы нәтиже болды.

Балалардың сабаққа деген құлшынысы ерекше артты. Ата-аналар, мұғалімдер балаларын, шәкірттерін театрларға жиі апарып тұрса деп кеңес берер едім. Өйткені балалар театрларының репертуарындағы шығармалар көбіне ертегілерді қамтитындықтан көрерменнің көкжиегін кеңейтуге тигізер септігі мол. Қай ертегінің желісіне көз жүгіртсеңіз де жамандықтан жиренуге, жақсылыққа ұмтылуға үйретеді, соған бастайды. Елін, жерін қорғап, ата-анасын құрметтеп қадірлеуге баулиды.

Балалар әдебиетінің кенжелеп қалуы әдебиеттің тоқырауына әкеліп соғады. Кеңес үкіметі кезінде "барлығы да балаларға" деген әдемі үрдіс болды. Сол дәстүрді жаңғыртып, жалғастыра алғанда ғана біз балалар әдебиетін өзінің биігіне жеткізе аламыз.

– Балалар әдебиетіне ат байлау, шығарма жазу ауыр да аманаты мол қиын жол дейді. Балаларға арнап қалам тартуға не себеп болды?    

– Балалар әдебиетіне қалай келгенімді жоғарыда айтып өттім. Жалпы бұл саланы, оның ішінде қуыршақ театры мен балалар театры туралы зертеушілер жоқтың қасы. Бақыт Нұрпейіс есімді профессор апайымыз ғана тыңнан түрен салып ғылыми жұмысын жазып, соы саланың қатпар-қатпарын ақтарып үлкен зерттеу еңбек жазды. Бақыт апайымыз балалар театрын зерттесе, Еркін Жуасбек ағамыз қуыршақ театры туралы зерттеу жүргізіп, тұшымды монография жазды. Жалпы осы саланы зерттеп доктор атанған – Бағыбек Құндақбайұлы ағамыз. Міне, осындай санаулы ғана тұлғалар қалам сілтеген бағытта жұмыс істеп келеміз.

Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрына Талғат Қоңқабайұлы басшылыққа келгелі бері де менеджерлік қырымен танылып, ұжымның дамуын жан-жақты өрбітуге күш салып жүр. Жақсының жақсылығын айтуымыз керек. Театрға жас драматургтер, режиссерлерді тартты. Репертуарды тың, жаңашыл көзқарастағы қойылымдармен толықтырды. Театр труппасы, яғни шығармашылық ұжым елімізде ғана емес, шетелде өткен халықаралық театр фестивальдерінде жүлделі орын алды.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты: Әлем әдебиетін орыс тілінен аудару көркем шығарманың сапасын көтермейді


– Өзіңіз баяндама жасадыңыз, әдеби талдау жүргізіп ой қорыттыңыз. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге жарамас. Өсіп келе жатқан жастардың шоғырында осы балалар драматургиясына қарай ойысқандардан "жыл келгендей жаңалықты" кімдерден күтесіз?

– Балалар мен жасөспірімдер театрында, қуыршақ театрында режиссер, бас режиссер болып жүріп те тұшымды шығармалар жазған автор бар. Мысалы, Ерсайын Төлеубай, Атыраудағы қуыршақ театрының бас режиссері Надежда Насырова. Аймақтардағы театр режиссерлері де пьесалар жазып, қойылым қойып келеді. Бұл дегенің әлі де авторлардың аздығын байқатады.

Жас драматургтерден кімдерден үміт күтесіз деп сұрадыңыз, бұл сұраққа сөз арасында жауап бердім деп ойлаймын. Десе де, артық етпес, Әлібек Байбол, Қолғанат Мұрат, Айдана Аламан, Қуат Еженбек сынды авторлардан үлкен үміт күтемін.

Балалар жылы деп жарияладық, оған да қуанып келеміз. Енді осыны жарияладық деп қарап отырмай, әркім өзінің әлеуеті жеткенше үлесін қосып, балалар әлемін өркендетуге күш салуы керек.  

– Балалар әдебиетінде ақындарымыз бен жазушыларымыздың аса тереңдеп бара алмай жүрген тақырыптары бар ма, әлде барлығын қамтып жүр ме?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін қайта айналып балалар әдебиеті деген қазығымызға соға береміз. Ақын-жазушылар қай тақырыпқа салсаң да тереңдеп барады, бізде қолдауға зәрулік әлі де басым. Балалар шығармашылығына арналған "Тәуелсіздік толғауы" деген конкурс бар. Соның ішінде келешекте балалар драматургиясына арналған шығармаларға да бәйге бөлініп жарияланса дейміз. Осы бағытта қалам сілтейтін жастарымызға да қаламақы мәселесі бойынша қолдау көрсетілсе екен дейміз. Театртанушыларымыздың да қаламақы мәселесін шешіп беріп, қызықтыратын болсақ, онда бұл салаға жазатындар да молаяр еді.

Әлемді бір тарының қауызына сидырардай қысқан ковид кезіндегі шектеулерден тоқтап қалды, әйтпесе қуыршақ театрларының фестивальдері жиі өтіп тұратын-ды. Мұның барлығы да театр ұжымдарының дамуына, тәжірибе алмасуына үлкен септігін тигізуші еді. Қуыршақ фестивальдері алдағы уақытта да жалғасын тапса екен деп тілейміз. Қалай болғанда да биылғы жылды балалар жылы деп жариялауы көптеген ірі жобалар мен жоспарларыдң жүзеге асырылуына септігін тигізіп, серпін береді деп санаймын.


Материал автордың рұқсатымен Qazaqstan tarihy порталынан көшіріліп басылды. 

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары