Тікелей эфир

Суретші Есенгелді Тұяқов: Сценографтың жұмысы театр сахнасында қалып қоймауы қажет

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында Қазақстан сценографтар көрмесі ашылды.

Театр қойылымының сәтті шығуы біріншіден орындаушыға, екіншіден сценографияға байланысты. Сценография – актерлік, режиссерлік өнер сияқты қойылымның ажырамас бөлігі. Режиссер өз авторымен бірге өзіне мұраттас бола алатын сценографты іздейді. Қойылым – режиссер, актер және суретші ойының ортақ жемісі. Декорация құрудың маңызы қойылым үшін қаншалықты орасан зор екенін осыдан-ақ байқауға болады. Бірақ, соңғы жылдары елімізде сценография өнері кенжелеп қалды. Ал суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Есенгелді Тұяқов Informburo тілшісіне сұхбат беріп, сценографтардың еңбегі еленбейтінін айтты. 

– Көрмеге қандай жұмыстар қойылды?

– Жиырма шақты суретші әр жылдары театрда қойған спектакльдердің суреттерін көрмеге әкелді. Жүздей шығарма бар шығар. Спектакль идеялары макет, эскиз, кескіндеме түрінде көрсетілген. Өнер академиясында қырық жылдан бері сабақ беріп келе жатқандықтан бәрін де шәкіртім десем болады. Бәрі театрда қоюшы-суретші ретінде жақсы спектакльдер қойып жүр. 

Сценографтар көрмесі. Фото: Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры

– Театрда сценографияның рөлі қандай?

– Сценография спектакльге үлкен мағына береді. Қойылымның сәтті шығуы сценографияға тікелей байланысты. Сахнада көрініс болмаса, қойылым да болмайды. Режиссер ұсынған идеяны суретші іліп әкетсе, не болмаса идеяны ойлап тапқан суретші режиссерге сахнада қалай жұмыс істеуді ұсынса, сол кезде бір бүтін болып, жақсы шығарма дүниеге келеді. Суретшінің жұмысы сурет салумен бітпейді. Театрда сценографтың жұмысы өте қиын, өйткені режиссермен, актерлермен бірге бір шығарма жасап шығуы керек.

Спектакльді құрылымдап, пьесаға анализ жасай білуі керек, жақсы ұйымдастырушы болуы керек. Сахнаның тереңдігі – 20 метр, ені – 15 метр, биіктігі – 10 метрден жоғары. Осының бәрі – суретшінің кеңістігі. Сол кеңістікте жұмыс істеп көріңізші. Осы жұмысты, міне, суретші ұйымдастырады. Сахнаның технологиялық жағын да қарастырады. Сценография – көп қырлы мамандық. Сондықтан оған ұқыппен қарау керек.

Бұл ең күрделі, тарихы ертеден келе жатқан мамандық. Ежелгі гректерде бірінші адам туғанда қаламмен сөз жазған. Архитектор ғимарат салса, декорациясын жасауға сценографты шақырған. Сценография дамып, гүлдене береді. Бірақ, бізге жұмысымызды халыққа "мінекей" деп көрсететін көрмелер керек. Сценографтың жұмысы театрда қалып қоймауы қажет. Сыртқа, халықаралық аренаға шығу керек. Мұндай көрмелер жыл сайын өткізілгенін қалаймын. Суретшілердің көрмелері жиі өтіп жатады. Ал сценографтардың еңбектері еш жерге қойылмайды. Мені бұл қынжылтады.


Оқи отырыңыз: Театртанушы Мәншүк Тәшімова: Балалар әдебиетіне бойлай алатын драматургтер аз


– Сонда бізде сценографияға дұрыс көңіл бөлінбей ме?

– Театр суретшісі – театрға шын берілген адам. Жасым 74-ке келсе де, зейнетке шықсам да әлі театрда жұмыс істеймін. Елу жыл театрда өмір сүрдім. Сценографияға еш көңіл бөлінбейді. Бұл өнер үшін менің жаным ауырады. Режиссураның дамуы сценографияға байланысты ғой. Спектакль болса, сахнада көрініс болса, сахнаға жаңа технология келсе – театр да өседі. Әсіресе, театр басшыларына көп нәрсе тәуелді. Сценография – қараусыз қалған өнер. Осы жайт мені қатты қынжылтады, жаным ауырады. Спектакльде алдыңғы қатарға суретшілер шықпайды. 

Көрмелеріміз жоқ. Қоюшы-суретшілерге өзін көрсету үшін, өнерін көрсету үшін көрме керек. Көрмені маңызды көрмейміз, өйткені суретшінің еңбегі театрда қалады. Ал суретшінің идеясы эскиз бен макеттен басталады. Театр оны қолданады, спектакль шығарады. Ал суретшінің қолтаңбасы қағазда қалып қояды да, одан кейін еш жерге шықпайды. Сол еңбектерді дүйім жұртқа көрсету керек. Сценографтың жұмысы сахнаның артында, шымылдықтың арғы бетінде қалып жатыр, соған ренжимін. 

"Қарагөз" спектаклінің сценографиясы. Қоюшы-суретші – Мұрат Сапаров. Фото: Informburo.kz

– Сценографтардың еңбегі еленбей ме?

– Иә, еңбегі еленбейді де, көрсетілмейді де. Суретші пьесаны оқығаннан кейін сценография шешімін ойдан шығарады. Оны қолмен бояйды, кішігірім сахна жасайды. Сосын оны дамытады. Ол жай сала салатын портрет не пейзаж емес. Суретшінің бір еңбегінде кескіндеме, графика, мүсін, инженер, технологтың еңбегі жатыр. Өзі менеджер де болады. Театр суретшісі болу өте қиын, бағаланбайтыны сол. Жұмысы театрдан сыртқа шықпайды. Ешкім көрме өткізбесе, сценограф жұмысын қайдан көреді? Тіпті, қойылым аяқталып, көрермен қошемет көрсеткенде сахнаға режиссер мен актерлерді шығарады да, суретшіні шығармайды. Осыған ренішім бар. 

Қазақ сценографиясы төмен түсіп кетті. Бізді бағаламайды. Еңбектеріміз көп, бірақ өзіміз бастама көтермесек, театр суретшілерінің көрмесі өтпейді. Республика деңгейінде сценографтардың көрмесі жиырма жылдан бері әлі өтпеді. Бұл кәсіби көрме емес. Халық сценографтардың еңбегін көруі керек. Театрда күні бойы оны көрерменге көрсететін жағдай жоқ. 


Оқи отырыңыз: Лейло Бекназар-Ханинга: Сахна сатқындықты кешірмейді


– Елу жылдан бері театрда жүрсіз. Сценография қалай өзгерді?

– Заманауи сценография ерекше, қазір компьютерлік графика, неше түрлі жарық, 3D қолданылады. Технология өзгеріп жатыр. Ағашты, шүберекті бір-біріне желімдеп жасай салуды қою керек. Алюминий, пластик секілді жеңіл материалдар бар. Жарықты қабылдайтын материалдар керек. Кешке дейін матамен жасайтын спектакльдерден шаршадық. Жаңа технологияларды дамыту керек. Италиялықтар қалай жасайтынын көріп жүрмін. Сондай деңгейге жетуіміз керек.

– Өзіңіз қанша спектакльдің қоюшы суретшісі болдыңыз?

– Жалпы екі жүз спектакль қойдым. Бір өмірде аз емес. Осы Мұхтар Әуезов театрында "Қарагөзден" бастап сексендей қойылым қойдым. Ең есте қалатын спектакль – "Қарагөз". Атақты, талантты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовпен жұмыс істеген бақытты жанмын. Образ, костюм, декорация бәрі бір-бірімен ұйысып кетті. Қаншама жыл театр сахнасынан түспеді. Ресейге, Францияға да апарып қойдық.

Елу жыл театрда өмір сүрдім. Әбден өнерге берілген адаммын. Зейнетке шықсам да театрда жұмыс істеп жүрмін. Театр ауру сияқты, театрмен ауырамын. Театр халыққа керек. Ал сценографтарсыз театр өмір сүре алмайды.

Серіктестер жаңалықтары