Лейло Ақназарқызы Бекназар-Ханинга Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет", "Парасат" орденінің иегері, өнертану профессоры. Театр көрерменіне "Бопай ханым", "Ізгілік формуласы", "Алтын тордағы тоты", "Асауға тұсау", "Мен ішпеген у бар ма?" және тағы басқа көптеген қойылымдардағы рөлдері арқылы танымал. Кейінгі телекөрермен "Ана жүрегі", "Келінжан" сериалдары арқылы біледі. Жуырда Түркістан музыкалық драма театры "Бөрте" қойылымымен шымылдығын түрген еді. Лейло Ақназарқызы қойылымдағы Шыңыс ханның анасы Уәлін-әжіннің рөліне арнайы шақыртылған.
Информбюро тілшісі халықтың сүйіктісіне айналған актрисамен сұхбаттасып, өмірі мен шығармашылығына қатысты сыр тартты.
"Театр директоры мен актерге қойылар талап өзгерді"
– "Бөрте" қойылымымен Түркістан театрын ресми түрде ашып қайттыңыздар. Қандай әсер алып келдіңіз? Түркістан халқы қалай қарсы алды?
– Түркістан халқы жақсы қарсы алды. Белгілі драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің "Бөрте" пьесасын Давиде Ливерморе мен Карло Шаккалуга деген итальялық режиссерлер сахналады. Барлық мизансценаларды, режиссерлік шешімді алдын ала сызып, дайындап әкеліпті. Бірден жұмысты бастап кеттік. Басында таңғалдым. Бізде жаңа қойылымға дайындық кезінде бір айдай, ең аз дегенде екі жеті отырып, талқылайтын еді. Ондай болған жоқ. Десе де режиссерлер біздің актерлердің ойынын жоғары бағалап, риза болып кетті.
Бізді қойылымға Түркістан театрының директоры және көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова шақырды. Ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Ал театр труппасындағы жиырма шақты жас әртіс екінші рөлдерді сомдады. Қазақстанның әр аймағынан жиналған алдыңғы қатарлы актерлердің ойыны жас буынға шеберлік сағаты болды деп ойлаймын.
Мен қырық жылдан астам уақыт театрда қызмет етіп келемін. Мұндай театр үшін барын салатын, өнерге құштар менеджер көрген емеспін. Айнұр Көпбасарова Дулат Исабековке осы пьесаны жаздырып, басқа театрдан әртістер шақырып, шетелден режиссерлер алдырды; сахнаны лед экран, Dolby дыбыстау сынды жаңа технологиялармен жабдықтады, жанталасып демеуші іздеді, меценаттарды тартты. Негізі менеджерлердің жұмысы солай болуы керек. Кезінде марқұм Әзірбайжан Мәмбетов директорларды орнында отырғызбайтын. Демеуші іздетіп, театрдың мәселелерін алдын ала шешкізіп отыратын.
Қазір заман басқа, заң басқа. Театр директорлары заманға бейімделуі керек. Театрға директор неге керек? Ол үкіметтің берген ақшасын санап отырмай, халықты, зиялы қауымды, қалталы азаматтарды театрға тартуға тиіс. Кезінде Мәскеуде Савва Морозов деген миллионер фабрикант болған. Оның театрға жасаған демеушілігі, өнерге деген құштарлығы тарихта атын қалдырды.
Айнұр Көпбасарова сол бағытта жұмыс істеп жатыр екен. Осы тәжірибесін басқа театр директорларымен бөлісіп, шеберлік сағатын өткізгені жөн.
– Бүгінде театр басшылығына қойылатын талаппен қатар, актерлерге қойылатын талап та өзгерген шығар?
– Әрине. Сахна үлкен болғандықтан, бой, ой, дауыс, интеллект, талант міндетті түрде керек. Бір сөзбен айтқанда, актер нағыз сегіз қырлы, бір сырлы болуға тиіс. Бірақ қазіргі жас әртістердің жолы болды деп айта аламыз. Біздің кезімізде апайлар 40-60 жасқа келгенше 18 жастағы қыздарды ойнайтын. Соларға қарап, "Шіркін-ай, біз қашан осындай рөл ойнаймыз?" деп қызығатынбыз. Бізге театрға келгеннен бес-алты жыл өткен соң ғана рөл бұйыратын. Ал қазіргі жастарға келе салысымен рөл береді.
Көпке топырақ шашқым келмейді, бірақ әртістердің интеллекті төмендеп барады. Көз – жанның айнасы. Сахнада актердің көзінен бәрі оқылады. "Актер – адам жанының инженері" деген сөз бар. Ал ол үшін көп кітап оқу керек, іздену керек. Мысалы, А.Чеховты ойнасаң, сол 1890 жылдары не болды, адамдар қалай өмір сүрді, этикет қандай болды – хабарың болуы керек. Режиссер оны қазіргі заманауи көзқараспен қойса да, сен әртіс ретінде соның бәрін білуге міндеттісің. Ол саған образ жасауда қорек болады.
Қазір ондай әртістер аз. Талапкерлер мектеп бағдарламасын білмей келеді. Кей жастар Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповті шатастырады. Жүрегің ауырады. Мені бірде Гумилев университетінде өтетін қыз сынына әділқазы ретінде шақырды. Қатысушылардан "Абай жолы" романындағы Шүкіман деген кім?" деп сұрасам, білмейді. Қазіргі жас буынға қарап, қарным ашады.
"К.Станиславскийдің өнердегі шөпшегі"
– Сіздің Хадиша Бөкееваның шәкірті екеніңізді білеміз. Ол кісі туралы естеліктерде шәкірттеріне тек актерлік шеберлікті ғана емес, ақсүйектікті үйреткенін айтып жатады.
– Шынымен, ол кісі сахнадағы жүріс-тұрыс, актер шеберлігімен бірге этикетті үйретті. Дастархан басындағы этикет, сахнадағы этикет, жүріс-тұрыс этикеті, тіпті шашты әдемі қылып жинауды да үйрететін. Талғамы жоғары кісі еді. Мінсіз киінетін. Әр саусағы сөйлеп тұратын. Қатты сөйлемейтін.
Бір қызық айтып берейін. Бірде Хадиша апай бізді саяжайына шақырды. Талғар жақтағы Аққайың деген жерде тұрады екен. Жігіттер бізден бұрын кетіп қалыпты. Қыздар оны Медеу жақтағы Березкамен шатастырып алыппыз. Адасып-адасып түскі 2-де әрең жеттік. Келсек, лағман созып қойыпты. Қып-қызыл қылып бауырсақ пісірген. Жігіттер тамақ ішіп алған. Хадиша апайдың қабағы қатулы. "Жеңдер ал, шаршаған шығарсыңдар", – дейді. Тойсақ та, қорыққанымыздан жей бердік. Таңертең сабаққа келсек, Хадиша апай: "Масқара, біздің қыздар сондай ашқарақ екен", – деді. (Күлді – авт.). "Сендер қалай әртіс боласыңдар? Әртіс деген жартылай аш жүруі керек", – деп отыратын.
Кейде біздің қарнымыз ашып отырғанын байқаса, блокнотын ақтарып отырып, ақша тауып алған сияқты болатын. "Ой, қараңдар, мына 25 сомды мұнда қашан салып қойғаным есімде жоқ. Барып, тамақ ішіп келіңдер" деп бізге беретін.
Топта 24 бала оқығанымызбен, бәрі әртіс болмады. Бірақ, Хадиша апайдың маған деген көңілі ерекше еді. "Дегеніңе жететін қызсың, талпын", дейтін. Қартайып, ауруханада жатқанында көңіл сұрап бардым. Мені таныды. Ұзақ әңгімелестік. Балконға шыққанда: "Өмір қандай тәтті, Ләля! (Мені Ләля дейтін). Раушан гүлдердің иісін сезесің бе? Осы иісте қанша құпия жатыр", – деді. Сондай сезімтал адам еді. Қайтыс болғанда Әшірбек ағаның тапсыруымен сүйегіне түстім. Апам тәкаппар да сұлу қалпында ұйықтап жатқандай, қазір көзін ашатындай болып көрінді.
– Әшірбек Сығай туралы айтып қалдыңыз. Сол кісі кезінде сізді ГИТИС-тің қабылдау комиссиясынан көріп, "Өзімізге де жақсы актрисалар керек" деп қайтарып жіберген екен.
– Иә, Әшірбек аға мені ұрсып-ұрсып қайтарып жіберген (жымиды – авт.). Ол кісі мені көзімше көп мақтамайтын. Менменсіп кетпесін дегені болар... Сыртымнан айтқан жылы лебізін естіп жүремін. Бірде Сұлтан Сраилов екеуі Мәскеуге барыпты. Сонда "Ленком" театрында Марк Захаровтың бір қойылымын көріпті. Басты рөлде Марк Захаровтың қызы ойнайды екен. Керемет қойылым болыпты. Сонда Әшірбек аға: "Сұлтан, біздің Лейло бұдан да күшті ойнайтын еді", – деген екен. Мұны маған Сұлтан айтты. Кейін "Ізгілік формуласы" деген қойылымды көргенде: "Өте дұрыс, осылай ұста, айналайын", – деді.
Әшірбек аға үнемі: "Сен Хадиша апайдан оқыған соңғы буынсың, сол туды құлатпай, биік ұстауың керек", – деп айтып отыратын еді.
– Аманат еткендей екен.
– Иә, мен өте мықты ұстаздардан дәріс алдым. Хадиша апаймен қатар екінші педагогымыз Дәмеш Арынғазиева болды. Біз 1-курсқа түскенде "Қазақстан театрларындағы Михаил Чехов" деген тақырыпта кандидаттық жұмысын қорғап жүр екен. Қазір бүкіл дүние жүзі осы М.Чехов әдіснамасымен жұмыс істейді. Бірақ, неге екенін білмеймін, Қазақстанға тасбақа сияқты әлі сүйретіліп келе жатыр...
Дәмеш апай біздің курсқа М.Чехов әдіснамасымен тәжірибе жасады. Айтуынша, топтағы екі адам ғана сол әдіснаманы меңгеріппіз. Дәмеш апай – Мария Кнебельден, Мария Кнебель Михаил Чеховтан оқыған. Михаил Чехов Константин Сергеевич Станиславскийден білім алды. Сонда мен К.Станиславскийдің өнердегі шөпшегі болып тұрмын ғой (жымиды – авт.).
Дәмеш апайдан көп дүние үйрендім. Сол кісі маған үнемі "Ляль, сен міндетті түрде актриса боласың. Бірақ, көп актрисаны тұрмыс жеп қояды. Сен соған жол берме. Барлығын махаббатпен істе. Театр мен тұрмыс бір-бірімен қатар жүруі керек. Талантты адам барлық жерде талантты болуға тиіс. Балаңды балабақшаға апара жатқан кезде де ойна, айналаңды бақыла" деп құлағыма құятын. Шынымен, біздің мамандығымыз айналаңды бақылаудан тұрады. Егер бақыламасаң, қиял әлемің бос болса, сахнадан кетуің керек...
Бір өкінішім бар. Біздің, 58-60 жылдары туған буынның, нағыз ойнайтын шағы КСРО-ның тарауымен тұспа-тұс келді. Инфляция болып, өнер ешкімге керексіз болып қалған кезде көп талантты қыз-жігіттер театрдан кетіп қалды. Жастық шағымның 7-8 жылы солай босқа өтті. Сондай "әттең-ай"-ым бар.
"Күлімхан апаның рөліне бірден келіспедім"
– Бүгінде, ұстаздарыңыз айтқандай, халықтың сүйікті актрисасына айналдыңыз. Сахнада қырық жылдан астам уақыт өнер көрсетіп келесіз. Бір естелігіңізде 5-сыныпта Зоя Космодемьянскаяны ойнағаныңызды айтыпсыз. Сол туралы толығырақ айтып бересіз бе?
– Ол кезде кішкентаймыз ғой. Маған мұғалімдер Зоя Космодемьянскаяның рөлін берді. Содан оны зерттедім. Комсомол мүшесі, партизан екенін, фашистер қанша қинаса да, Отанын сатпағанын білдім. Сонда менің қасымда отыратын сыныптасым: "Сен Зояны ойнай алмайсың", – деп қоймады. Мен: "Ойнаймын", – деймін. "Ал ойнасаң, мен қазір сені қинаймын", – деді де, қауырсын қаламды алып, қолыма "қырш" еткізіп қадап алды. Мен түр бермей, нағыз фашистердің қолында қалған Космодемьянская сияқты қабақ шытпастан тұрып алдым. Балалық-ай (күлді – авт.).
– Сол кезден-ақ актриса болатыныңыз белгілі болғандай екен.
– Біз бес ағайындымыз. Әкеміз айдауға түскенде анам бесеуімізді жеткізу үшін Алматыға көшіп келді. Үш-төрт жерде жұмыс істеді. Соның бірі Әуезов театры еді. Екі жасымнан бастап сонда өстім десем де болады. Театр менің үйім сияқты болып кетті. Бүкіл әртістерді танитынмын. Кім қай рөлге қандай киім киіп шығады, қандай монолог оқиды – бәрін жатқа білетінмін. Фарида апай Шарипованы, Ыдырыс аға Ноғайбаевты, Бикен апай Римованы барып құшақтай алатынмын. Сол кезде ол кісілер анама: "Сенің қызың әртіс болады", – дейтін.
Біздің кезімізде Алматыда бірде-бір қазақ мектебі болмады. Тек санаулы ғана интернат бар еді. Мен №4 интернатта оқыдым. Әлі есімде, 47-бөлмеде жиырма шақты қыз жататынбыз. Жұрттың бәрі сағат 22.00-ден кейін ұйқыға кеткенде, бізде "өмір" басталатын. Темір төсектерді сахна қылып, жамылғылардан шымылдық құрамыз, киім жасаймыз. Сол кезде Мұхтар Әуезовтің театрда көрген "Қарагөз" қойылымын еске түсіріп, арасына өз сөздерімді қосып, қыздарға рөл бөліп беремін. Ал кеп ойнаймыз. Неше түрлі қызық болатын. Бәрі "Лейло актриса болады" дейтін еді.
Бізге сол кездегі зиялы қауымның жұбайлары сабақ берді. Үлкен махаббатпен, "қазақтың балалары – қазақтың болашағы" деп қарайтын. Тарих, география, орыс және қазақ әдебиетін шемішкедей шағатынбыз, тек физикадан ғана нашар болдым (күлді – авт.).
– Бірақ ағаларыңыз сіздің заңгер болғаныңызды қалаған екен...
– Заңгер немесе тарихшы болғанымды қалады. Сол кезде заңгер оқуына барсам, қазір керемет адвокат, прокурор болушы едім. Себебі, бір нәрсені қолға алсам, түбіне жеткізбей қоймаймын. Қазір де шәкірттеріме: "Сен өз рөліңнің прокуроры да, адвокаты да болуың керек",– деп айтамын. Кемшіліксіз адам жоқ. Кемшіліксіз тек Алла ғана. Сен сомдайтын Қарагөз де, Джульетта да – қарапайым пенде. Нағыз актер соны бірінші прокурор ретінде кінәлап, кейін адвокат ретінде ақтап алуға тиіс. Көрермен қойылымнан кейіпкердің неге олай істегенін түсініп шығуы керек.
– Заңгер оқуын оқымасаңыз да, заңгердің рөлін ойнап жүрсіз. Актердің бақыты да сол шығар?
– Шынымен, адам бір-ақ рет өмір сүреді ғой. Ал біз, актерлер, сол жалғыз ғұмырда бірнеше кейіпкердің өмірін сүреміз. Міне, сол нағыз бақыт.
"Келінжан" сериалы да солай. Продюсер Гүлнұр Мамасарипова хабарласып, Күлімхан апаның рөлін ұсынғанда бас тарттым. Себебі, қаланың қызымын. Күлімхан апа – нағыз ауылдың әжесі. Алайда Гүлнұр көнбеген соң келістім. Есіме бірден ауылдағы ата-әжелерімді түсірдім. Олардың кешке мал өрістен қайтқанда алдынан күтіп алуға шығатыны, таяқты беліне қойып алып, батып бара жатқан күнге сығырайып қарап тұратыны көз алдыма келді. Зурақ деген апам болатын. Сол кісінің жүріс-тұрысын, асықпай, баппен сөйлеу мәнерін алдым. Менің анам 98 жаста. Көп сөйлемейді, бір нәрсе жақпаса, қабағын шытып бір қарайды. Анамның сол қылығын салдым.
Мен көрген әжелер өте дана кісілер еді. Теледидарда ауылдың әжесі ретінде көрсетіп жататын образдар маған ұнамайтын. Біреулермен ұрсысып жатады. Біздің әжелер ондай емес еді ғой?! "Келінжан" эфирге шыққан соң, жан-жақтан көрермендер "Марқұм әжеме ұқсайсыз", "Тура енемді көргендей болдым", "Анам жарықтық сондай кісі еді" деп жаза бастады. Қарасақ, жинақталған образдан қазақтың анасы пайда болыпты. Сөйтсек, біздің аналарымыз ұрысқақ, өсекші емес, қабағымен басқаратын, дана, ақылды, кемеңгер, ұстамды екен.
Сосын "Келінжан 2", "Келінжан 3" шықты. Жақында Гүлнұр Мамасарипова хабарласты: "Апай, қаласаңыз да, қаламасаңыз да төртінші маусымы шығатын болды", – деді.
– Бұл жаңалыққа көрермендеріңіз қуанып қалатын болды.
– Халықтың көңілінен шығып жатса, демек мұндай сериалдарға сұраныс бар деген сөз. Бұл да тәрбие берудің бір жолы. Анаға, енеге, балаға, келінге деген құрметті солай көрсетейік, сіңірейік. Біз көрсетпесек, кім көрсетеді?
"Балаларым өнер жолын таңдамады"
– Балаларыңыздың ешбірі өнер жолын таңдамаған екен. Менің жолымды қумады деп өкінбейсіз бе?
– Жоқ. Көп әртістің баласы өнерге келіп жатады. Балаларымды мектепке бергенде-ақ басқа пәндерге қызығушылығын ояттым. Сонымен қатар олар менің үйде әр қойылымға қалай дайындалатынымды көріп өсті. Мен дайындалған кезде балалар "бетегенден биік, жусаннан аласа" бола қалады. Себебі, тәртіпті жақсы көремін.
Негізі театрда әскери тәртіп болуы керек. Бұл менің сөзім емес, К.Станиславскийдің сөзі. Әр образ еңбекпен шығады. Бойыңда 1% талант болса, қалғаны 99% еңбекпен келеді. Талант екенмін деп жата берсең, қарайып қаласың. Өзіміз үш-төрт ай сахнаға шықпасақ, қарайып қаламыз деп уайымдаймыз.
Өнерде жүргеніме қырық жылдан асса да, әр қойылымда сахнаға бірінші рет шыққалы тұрған адамдай жүрегім аузыма тығылып, қатты қобалжимын. Қойылым басталған кезде бәрі жоқ болып кетеді. Ары қарай сахнаның ханшасы боласың. Бір құпия айтайын: егер сахнадан бір рет үркіп қалсаң, сахна сені жеп қояды. Ол өте киелі дүние. Сосын сахна ешқашан сатқындықты кешірмейді.
Өзіңе қатал болмасаң, ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Шығармашылық өмірімді ұзартқым келеді. Сол үшін тұрақты түрде бассейнге барып тұрамын, күтінемін. Ол қартаюдан қорқу емес. Әр рөлге дайын болғым келеді.
Көктемде "Бопай ханым" қойылымының тұсаукесеріне дайындық басталғалы жатқанда коронавирус жұқтырып алдым. Ауруханаға жаттым. Өте жаман ауру: не істеп жүргеніңді, қайда жүргеніңді түсінбей қаласың. Есте сақтау қабілетіңді жеп қояды екен. Бірақ, іштегі жігер, намыс мені алып шықты. Күні-түні есте сақтау қабілетімді қалпына келтіру үшін жаттығу жасадым. Өте қиын болды. Ауруханадан шыға салып, дайындыққа кірістім. "Бопай ханымды" абыроймен қойып шықтық. Одан кейін "Келінжанның" түсірілімі басталды.
– Балаларыңыз туралы айтып беріңізші.
– Үш балам бар. Тұңғышымның есімі – Әйгерім. Ол дүниеге келгенде атын Джульетта немесе Ассоль деп қойғым келді. Ол кезде әжемнің көзі тірі еді. "Әсөлі несі?!"– деп ұрысты. Мен туғанда анамның інісі есімімді Лейла немесе Әйгерім деп қойғысы келіпті. Бірақ құжатқа "Лейло" деп жазылып кеткен екен. Басында есімімді ұнатпайтынмын. "Өзінің қызына жақсы ат таңдап, маған сондай жаман ат қойыпты", – деп ағама ренжитінмін. Қазір өзіме ұнайды. Ерекше. Қызым дүниеге келгенде сол маған қойылмай кеткен есімді қойдым. Әйгерімімнің екі ұлы бар. Ұлым Абзал өзіме тартқан, қайсар мінезді. Одан үш немере сүйіп отырмын. Кенже қызым Томирис Варшавада білім алып жатыр. Өте ақылды, көп ізденеді, жапон мәдениетіне қызығады. Енді осы Томирисімді аяқтандырып, жеке жанұя болғанын көрген кезде ғана көңілім тыншитын шығар. Оған дейін Алла қуат берсін.
– Әңгімеңізге рахмет!