Тікелей эфир

Қазақстанда онлайн-петиция неге нәтиже бермейді?

Қазақстанда кейбір онлайн-петициялар жүздеген мың қол жинаса да, олардың ешқандай заңды күші жоқ.

Қазақстанда соңғы 2 жылда жарияланған петициялар саны күрт өсті, бірақ нәтиже өте аз. Соңғы екі жылда бірнеше петиция алаңдары ашылса да, олардың кейбірі жұмысын тоқтатты. Қазір тек Egov.Press жұмыс істейді.

Оның ішінде 166 мыңнан астам адам "Әйелдердің зейнет жасын 55-58 жасқа дейін төмендетуді талап ету туралы" петицияға қол қойған. Сонымен қатар, "Көліктерге салынатын утилизациялық алымды алып тастау туралы" петицияны да сонша адам қолдады.

3 желтоқсан күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2022 жылы зейнетақы жинағын шешуге арналған жеткіліктілік шегі өскенін хабарлады. Сол күні кешке egov.press-те "Біз БЖЗҚ-дан зейнетақыны мерзімінен бұрын алу үшін шекті төмендетуді талап етеміз" деген петиция пайда болды. Алғашқы тәулікте оған қол қоюшылардың қатары бірден артты. (Бүгінгі күнге дейін оған 55 633 адам қол қойған – авт.) Ал 9 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің өтінішіне құлақ асып, үкіметке шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Egov.press ресми платформа емес

Иә, egov.press ресми платформа емес. Бұл туралы сайтта "Біз ресми веб-сайт емеспіз және тек ақпараттық мақсаттарға арналған" деп ескертілген. Петицияға қол қою үшін оны әлеуметтік желіде бөлісу жеткілікті.  

Egov.press сайтының скрині.

Бұрын Қазақстанда ашық ресми үндеулер Change.org халықаралық электронды платформасында жиі жарияланатын. Онда қолтаңба санын өтірік арттыру әлдеқайда қиын болатын. Бірақ бұл ресурс Қазақстанда 2016 жылы бұғатталып қалды. Оның алдында ресурста сол кезде премьер-министр болған Кәрім Мәсімовтің отставкаға кетуін талап ететін петиция пайда болған еді.

Сол жылы "Қазақстан 2050" қозғалысының сол кездегі төрағасы Данат Жумин Қазақстанда онлайн-петиция жариялап, қол жинауға арналған портал ашуды ұсынды. Ол белгілі бір мөлшерде қол жинаған құжат заңды күшке ие болса, уәкілетті органда қаралса деген еді. Алайда, бастама қолдау таппады.  


Оқи отырыңыз: Парламентке бармаған партиялардың айтары не? Сараптама


Оtinish.kz ғұмыры тым қысқа болды

Кейін онлайн-петицияға арналған otinish.kz платформасы құрылды. Бірақ, бұл да ресми плафторма емес еді. Оның да ғұмыры ұзақ болмады. 2021 жылдың наурыз айында жұмысын тоқтатты.

Қазір сайтта "Е-петиция" бірыңғай онлайн платформасын құруға байланысты ресурс жұмысын тоқтатқаны" туралы хабарландыру пайда болды.

Otinish.kz сайтының скрині

Белсенділер онлайн-петицияларды Google формаларын қолдану арқылы да жасап жүр. Оның ішінде ең танымалдарының бірі – "Не Молчи" қорының бастамасымен жасалған "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдау туралы" петицияға 92 мыңнан астам адам қол қойған.

Онлайн-петиция жариялаудың мәні бар ма?

Онлайн-петициялардың заңды күші болмаса, оларды жасаудың, таратудың, қол қоюдың қандай мәні бар? Заңгер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға арналған "Не Молчи" қорының басшысымен сөйлесіп көрдік.

Дина Смайылова, "Не Молчи" қорының басшысы:

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы оқиғалар қоғамның назарын аударып, оның салдарынан бір әйел қайтыс болғанда адамдар петициямызға белсенді түрде қол қоя бастады. Өкінішке қарай, петицияның мемлекеттік органдарға ресми әсері жоқ. Дегенмен, қол жинаудың мәні бар. Бұл арқылы қандай да бір жағдайға, бастамаға қатысты қанша адамның пікірлес екенін, ойы бір жерден шығатынын анықтауға болады. Мысалы, экология, қандай да бір мәдени нысанды сақтап қалу туралы петицияны қолдайтындар қатары көп. Қазір зейнетақы жинағына қатысты петицияға қол жинап жатыр.

Менің ойымша, бұл – адамдарды бір мақсатқа біріктіретін ең тиімді құрал. Құжаттың ресми статусы болмаса да, Үкімет оған қайткенде де назар аударады. Олар қандай да бір жобаларды қорғау керек болған кезде халық қолдаған петицияларға сүйенеді.

Мысалы, біз Ақтөбеде кәмелетке толмаған баланы қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы петицияға қол жинадық. Бірінші күні екі мыңнан астам адам қол қойды. Ары қарай оны қозғаудың да қажеті болмады, себебі бірден адвокаттар іске ірісіп, баланы қорғау үшін Ақтөбеге кетті. Яғни, петиция қоғамның назарын аударды, қозғау салды. Сол себепті де онлайн-петициялар керек.


Оқи отырыңыз: Халықтың түрлі-түсті революция жасауына биліктің өзі кінәлі ме? Сараптама


Халида Әжіғұлова, қауымдастырылған заң профессоры, Еуразия технологиялық университетінің Адам құқықтары, инклюзия және азаматтық қоғамды зерттеу орталығының директоры:

– Онлайн-петиция – адвокаттық компаниялар шеңберінде бұрыннан қолданылатын халықаралық құрал. Яғни, белгілі бір мәселеге байланысты пікірлес азаматтардың санын білу үшін осындай петиция жинаудың маңызы зор. Қоғамда үлкен резонанс тудырған мәселелерге байланысты жекелеген адамдар жазған арыз бен өтініштің мұндай әсері, саяси күші жоқ. Егер қандай да бір хатқа өте көп адам қол қойса, оған өкілетті органдардың, депутаттардың назарын аудару мүмкіндігі көп. Бұл мәселенің бір адамды ғана емес, өте көп адамды толғандыратынын көрсетеді.

Қазір қазақстанда онлайн-петициялардың заңды күші жоқ. Мысалы, АҚШ-та онлайн-петициялардың заңды күші бар. Қандай да бір сауалды парламентте қарауды ұсынған петицияға белгіленген мөлшерде қол жиналса, бұл сауалды депутаттар қарауға міндетті. Осылайша, азаматтардың заң шығару бастамасы құқығы іске асады.

Ал, бізде заң шығаруға бастама болу құқығы президент пен парламент депутаттарында, үкіметте ғана бар. Егер онлайн петицияның заңды күші пайда болса, халық депуттаттар мен уәкілетті органдардың қандайда бір заң жобасын ұсынуына түрткі бола алады. Қазір утилизациялық алым мәселесі өте өзекті болып отыр. Себебі, кей сарапшыларға сүйенсек, Еуропада утилизациялық алым көлемі 100 еуро болса, Қазақстанда шетелден көлік сатып алушылар 7000 еуроға дейін төлейді. Айырмашылық үлкен. Еліміздің көп тұрғыны мұның әділетсіз екенін айтып, алым көлемін халық табысына лайықтап азайтуды сұрап отыр. Сол себепті олар онлайн-петицияға қол жинап жатыр. Онлайн-петиция заңды құжат емес, бірақ өте күшті саяси құжат екенін түсіну керек.

"Е-петиция" қандай болуы керек?

Қазір елімізде "Е-петиция" порталы жасалып жатыр. Алайда, оның қашан іске қосылатыны белгісіз.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл туралы: "Мұндай платформаны іске қосу үшін тиісті нормативтік-құқықтық база қажет және бұл бағыттағы жұмыс белсенді фазада. Қоғамдық бақылау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін заң жобасы әзірленді. Ресурстың қашан іске қосылатыны заң жобасы қабылданғаннан кейін белгілі болады. Биыл жоба Мәжілістің қарауына жіберіледі", – деп түсіндірген.


Оқи отырыңыз: "Алматының бас жоспарына өзгеріс енгізуге тыйым салу қажет". Белсенділер жаңа құжатқа неге қарсы?


Ресурс іске қосылса, оның жұмысы қаншалықты ашық әрі сенімді болады деген сауал туады. Заңгер Халида Әжіғұлова дауыс саны сенімді болуы үшін әр адам өзінің электронды-цифрлық қолтаңбасы арқылы қол қойғаны дұрыс екенін айтады.

"Егер мұндай формат болса, дауысқа манипуляция жасау мүмкіндігі аз болар еді. Себебі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы, балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасына қатысты петицияларға қол жинағанда, ресейлік сайттар қолданылды. Оған кез келген адам, тіпті ҚР азаматы емес адамдар да қол қоя алатын. Ондай жерде, әрине, өте үлкен манипуляциялар болды. ЭЦҚ қолдану осындай жағдайлардың болуын азайтар еді", – дейді заңгер.

Ал Дина Смайылова ресурсты қолдану барынша қарапайым болуы керек деп ойлайды. "Петицияға қол қою үшін Egov.kz-ке кіріп, электронды-цифрлы қолтаңба қоюдың керегі жоқ. Бұл процессті күрделендіріп жібереді. Біз қазір Google платформасын қолданамыз. Ол өте қарапайым және тиімді. Тіркелудің де қиындығы жоқ. Сол себепті петицияға қол қою процесі де халыққа қолжетімді болуы керек",– дейді "Не Молчи" қорының басшысы.

Серіктестер жаңалықтары