Тікелей эфир

Қазақстан рекордтар кітабына 2021 жылы кімдер енді?

514 беттік КИнЭС анықтамалығында 1 100-ден астам дерек, 1 354 фотоиллюстрация бар.  

"Тұран" университеті Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Қазақстан рекордтар кітабының мерейтойлық басылымын таныстырды. Алғашқы Қазақстан рекордтар кітабы 1999 жылы жарық көрген болса, бұл – он екінші басылым.

Informburo.kz 2021 жылы рекорд орнатып, кітапқа енген бірегей жетістіктердің авторларын ұсынады. 

Спорт

Велосипедпен – Момышұлы шыңына

Алматылық Андрей Талалаев 2021 жылы 19 қыркүйекте Сюррон электрі велосипедімен 3 сағат ішінде Іле Алатауындағы 4 068 метр биіктіктегі Бауыржан Момышұлы шыңына шығып, Хард Эндуро және Триал бойынша Қазақстан рекордын орнатты. Ол Қазақстандағы төрт мыңдық шыңға алғаш рет моторы бар екі дөңгелекті көлікпен шықты.

Сусыз жерде ескек ескендер

2021 жылы алматылық Юрий Пономарев пен Талғар қаласының тұрғыны Евгений Голяткин "құрғақ есуден" (спорттық қайықта еске есуді имитациялайтын құрылғыда жаттығу) Қазақстан рекордын орнатты. Олар 24 сағат бойы ұйықтамай, үздіксіз эстафетамен ескек есіп, сағат сайын кезекпен ауыса отырып 328 км 153 метр қашықтықты еңсерді. Есудің орташа жылдамдығы – 13 700 м/с. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін спортшылар 38 мың рет ескек есіп, 50 литрден астам су ішті, сондай-ақ 8 келі салмақ тастап, 30 мың калория жұмсады.

Ультрамарафоншылар

Павлодар облысы, Баянауыл ауданының жас дәрігері Нұрсұлтан Бірлік пен дене шынықтыру мұғалімі Олжас Кәкімжанов 2021 жылы Семей және Павлодар қалаларының арасымен 330 км жүгіріп өтіп, ультрамарафоннан жаңа рекорд орнатты. 

Жұмаевтың кезекті шыңы

Альпинист Мақсұт Жұмаев 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Гималайдың алты мыңдық шыңдарының бірі – биіктігі 6119 метр болатын Лобученің шығысына алғаш рет Қазақстан туын тікті.

Фотода Мақсұт Жұмаев

Эверестті бағындырған Әуезова

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Мария Әуезова Эверестің 5 364 метр биіктіктегі базалық лагеріне көтерілген әлемдегі тұңғыш мүгедек (аяғы жоқ) қыз. Онымен бірге команда еріп жүрді. Ол Бурабайдағы үш шыңды бағындырды. 

Тау жотасымен 127 шақырым

Алматылық Александр Габченко мен Александр Сипетый 2021 жылы Қазақстан рекордын орнатты: команда велосипедтің автономды режимімен Іле Алатау тау жотасының қатты ойлы-қырлы жерлерімен 60 сағатта 127 км жүріп өтті. 

Фотода Александр Габченко мен Александр Сипетый

Түйе көтерген палуан

Қазақ жолбарысы деген атпен танылған қазақстандық палуан 26 жастағы алматылық Алмат Жұманов 2021 жылы 19 ақпанда салмағы 100 тонна көмірі бар вагонды беліне байлап, орнынан жылжытып 8,5 метрге дейін сүйреп жаңа рекорд орнатты. Биыл Алматы облысы Күрті ауданы Ақши ауылында салмағы 300 келі екі жасар түйені иығына салып көтеріп, 13 метр қашықтыққа сүйреп әкетті. Оның беліне жүргізушілері бар екі жеңіл автомобиль және салмағы 4800 кг джип сүйреу арқандарымен байланды.

Фотода Алмат Жұманов

Қазақстандық морж

42 жастағы морж Қайырбек Аяшев 2021 жылы 28 қаңтарда Есіл суында 45 минут бойы тұрып Қазақстанда жаңа рекорд орнатты. Ол өзінің бұрынғы рекордын бес минутқа жаңартты. 

8 жасар рекордсмен

2021 жылы қостанайлық 8 жасар Мұстафа Ерғали классикалық планка ұстаудан жаңа рекорд жасады. Шынтақ пен аяқ саусақтарын тіреп, төрттағандап 1 сағат 2 минут бойы денесін еденге параллель ұстап тұрды.

Фотода Мұстафа Ерғали

Паралимпиада чемпионы

Ақмола облысы, Атбасар қаласының тумасы Давид Дегтярев 2021 жылы Токиода өткен жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды. Ол пауэрлифтингтен жарыста 54 кг дейінгі салмақ дәрежесінде 174 келіні көтеріп жеңіске жетті. Сондай-ақ, Тбилисиде өткен әлем чемпионатында 178 келі зілтемірді көтеріп чемион атанды.

Мәдениет

Аккордеоншы Олжас

22 жастағы павлодарлық Олжас Нұрланов аккордеоншылар арасындағы 74 Халықаралық Әлем кубогында 32 жасқа дейінгі қатысушылар арасында Senior Coupe Mondiale категориясында жеңіске жетіп, осы беделді байқауда жоғары марапатқа ие болған алғашқы қазақстандық музыкант. 

2 тонна наурыз көже

Түркістан тұрғындары Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған "Наурызфест" фестивалінде 2 тонна наурыз көже дайындаудан Қазақстан рекордын орнатты. 

Үздік режиссер әйелдер

Шарипа Оразбаева 2021 жылы Лондонда өткен XXII Rainbow Film Festival Халықаралық кинофестивалінде "Мәриям" фильмі үшін үздік режиссер әйел атанып, марапатқа ие болды. Ал қазақстандық режиссер Катерина Суворованың толық метражды "Ертең теңіз" деректі фильмі Netflix атты әлемдегі ең ірі стриминг плафтормасына шықты. Фильм Еуропадағы көрермендерге қолжетімді, ал АҚШ-та фильмді Amazon платформасынан көруге болады. "Ертең теңіз" деректі фильмінде тартылып кеткен Арал теңізінің бүгіні баяндалады.

"Ертең теңіз" деректі фильмінен кадр

Азияның үздік актері

Қазақстандық актер Еркебұлан Дайыров Канндағы World Film Festival кинофестивалінде "Күнбағыс" фильміндегі рөлі үшін "Азияның үздік актері" атанды. 

Тұңғыш Grammy

Иманбек Зейкенов Saint Jhn-нің Roses әніне жазған ремиксі үшін "Ең үздік ремикс" аталымы бойынша "Грэмми-2021" жеңімпазы атанды. Ол Қазақстанда ғана емес, ТМД-да классикалық емес музыка санатында "Грэмми" жеңіп алған тұңғыш музыкант.

Денсаулық сақтау

6 сағатқа созылған ота

Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері 2021 жылы алғаш рет 44 жастағы ер адамға МРТ трактографиясы мен нейронавигация қолдану арқылы өлшемі 7x7 см алып глиальды ми ісігін микрохирургиялық жолмен алып тастау бойынша алты сағаттық бірегей ота жасады. Сондай-ақ, туа біткен жүрек ақауы бар 14 жастағы жасөспірімге әлемдегі ең кішкентай Micra AV жүрекширатқыш аппаратын сәтті орнатты. 

Білім мен ғылым

Ең жас ректор

"Болашақ" бағдарламасының түлегі, білім беру саласындағы Phd доктор Лаура Қарабасова 2021 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін басқару тізгінін қолға алып, осы ЖОО-ның ғана емес Қазақстандағы ең жас ректор (34 жас) атанды.

16 жастағы магистрант

16 жастағы қазақстандық вундеркинд Абзал Мырзаш АҚШ-тың Нотр-Дам университетінің компьютерлік ғылымдар және инженерия мамандығы бойынша магистратураға түсті. Ол 12 жасында ҚБТУ-ға түсіп, "Ақпараттық жүйелер" мамандығы бойынша бакалавр дипломын алды.

Жас өнертапқыштар

Ақтаудағы NIS 12-сынып оқушысы Ерлан Тұралы мен оның физика пәні мұғалімі Лизавета Хамитова ауадан ауыз су шығаратын бірегей құрылғы жасады. Өнертабысты Hydropanel деп атады. Ол температураның күрт өзгеруіне байланысты ауыз суды жинауға және күн энергиясының көмегімен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Құрылғының прототипі күніне жарты стакан су жинай алады. Өнертапқыштар жобаға авторлық құқық алды.

Лизаевета Хамитова мен Ерлан Тұралы

Үздік әлеуметтік жоба

2021 жылы Атыраудағы NIS оқушылары Әли Азаматұлы мен Әлия Диндербай БҰҰ 17 жаһандық мақсаттарының бірі – тұрақты дамуға арналған " Мемлекеттер арасындағы теңсіздікті төмендету" бағытын жүзеге асырғаны үшін ұйымның алтын медалін жеңіп алды. Жоба әлемнің 150 елінің қатысушылары арасынан үздік әлеуметтік жобалар қатарына енді. 

Серіктестер жаңалықтары