Тікелей эфир

Пәтер жөндеуге қанша қаражат қажет? Құрылыс базары мен гипермаркет бағасын салыстырамыз

Ауданы шамамен 40 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге орта есеппен 2,8-3,4 миллион теңге қаражат қажет. Жіктейміз.

Көп адам толық әрленген пәтерді сатып алғысы келеді, себебі жөндеу жұмыстарына көп шығын мен уақыт кетеді деп ойлайды. Онымен қоса соңғы уақытта құрылыс материалдары қымбаттады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кей тауарлардың бағасы жыл басынан бері 100%-ға өскенін атап өтіп, құрылыс материалдар бағасының өсуі мәселесін шешу үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Өткен жылы бір бөлмелі пәтерге қарапайым жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1,5-2 миллион теңге қажет болса, құрылыс материалдары мен бригадалар қызметі қымбаттауынан жөндеу шығындары екі-үш есеге өсті. Осы орайда Informburo.kz базарлар мен ірі дүкеніндеріндегі құрылыс заттары бағасын салыстырып, көлемі 40 м2 болатын бір бөлмелі пәтерді жөндеуге кететін шығындарды есептеді. Ең арзан бағамен есептегендіктен тауар сапасы мен көлеміне, фирмаға байланысты бұдан да қымбатқа шығуы мүмкін екенін ескертеміз.

Әлі әрлеу жұмыстары жүргізілмеген жаңа пәтерді сатып алғанда, жөндеу жұмысы сатыларының реттілігін сақтау өте маңызды. Мәселен, бірінші кезекте үйдің электр желілері, сантехника, құбыр жабдықтарын ретке келтіріп алу қажет. Сапасыз сантехника жүйесі уақыт өте келе істен шықса, үйге жөндеу жұмысын түгелдей қайта жүргізуге тура келеді. Екінші кезекте пәтердің қабырғасы мен еденін тегістеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан кейін пәтердің төбесін аспалы не керілмелі материалмен жапқаннан кейін барып қабырға әрленеді. Бұл реттілік сақталмаса, еңбек зая кетуі мүмкін.

Алғашқы әрлеу жұмыстары

Алғашқы әрлеу жұмыстарына қабырға мен төбені, еденді тегістеу, қара сылақ, жылыту жүйесі, терезелер мен кіреберіс есіктерді қою кіреді. Ең алдымен еденге құм мен цемент құйып бетін тегістейді. Кіреберіске металл есік қойып, пластик немесе ағаш терезелер орнатады. Қабырғалар мен төбелерді сылап әрлеуге дайындайды.  Құрылыс компаниясы осының бәрін жасағанымен үй иесіне қайтадан қабырғалар мен еденді, төбелерді сылап тегістеуге тура келеді. Материалдар мен жұмыстарға кемі миллион теңге кетеді.

  • Цемент сылақ (25 кг)800 тг бастап/1190 тг бастап; 
  • Гипсті сылақ (25 кг)1500 тг бастап/1840 тг бастап; 
  • Тегістегіш (5 кг)700 тг бастап/800 тг бастап;
  • Монтаждау көбігі (1 баллон)1200 тг бастап/1460 тг бастап;
  • Төсеме бояу (5 л) – 400 тг бастап 1370 тг бастап.

Оқи отырыңыз: "Пәтер сатып алдым". Жөндеу жұмысын неден бастау керек?


Электр жабдықтары

Тұрғын үйді салушы газ, жылу, электр желісі мен сумен жабдықтау секілді коммуникация желілерін тартып, пәтерге жылу батареяларын орнатуға міндетті. Алайда пәтердің ішіне электр желісін жүргізу және құбыр тарту жұмыстарын үй иесі өз ақшасына жасауы қажет. Ал мұны кәсіби мамандарға тапсырған дұрыс. 

  • Кабель (1 м) – 100 тг бастап/190 тг бастап;
  • Розетка асты (1 дана) – 150 тг бастап/190 тг бастап;
  • Розетка (1 дана) – 300 тг бастап/475 тг бастап;
  • Ажыратқыш (1 дана) – 400 тг бастап/515 тг бастап; 
  • Электр тұстама (1 дана) – 1 500 тг бастап/2610 тг бастап.

Сантехника

Қарапайым ванна мен унитаздың әрқайсысын 25 мың теңге деп есептесек, асүй мен жуынатын бөлме раковиналарын 10 мың теңгеге табуға болады. Крандардың бағасы бірдей – ең кемінде 3-5 мың теңге, яғни жуынатын бөлме мен ас үйге арналған раковинаны толық жабдықтау үшін шамамен 30-40 мың теңге қажет.

  • Полипропилен кәріз құбыры, 0,5 м (диаметр 50 мм) – 200 тг бастап/300 тг бастап;
  • Суық сумен қамтуға арналған полипропилен құбыры, 2 м (диаметр 20 мм) – 200 тг бастап/300 тг бастап;
  • Акрил ванна – 25 000 тг бастап/26 600 тг бастап;
  • Душ кабинасы – 75 000 тг бастап/80 000 тг бастап; 
  • Асүй мен жуынатын бөлмеге арналған шұңғылшалар (раковина) – 10 000 тг бастап/10 000 тг бастап.

Үй иесінің бұл салада білімі мен тәжірибесі жоқ болса, жұмысты сала маманына тапсырған дұрыс не жұмысты сантехниктің кеңестеріне сүйене отырып жүргізу қажет. Құрылысшылар жүргізген құбырдың бойында тесік не сызат болса, жағымсыз иіс шығып тұрса, онда құбырды ауыстырған жөн. Әйтпесе, уақыт өте келе ауыстыру үшін кейін жасалған әрлеу жұмыстарын бұзуға тура келеді.

Декорация

Жуынатын бөлме мен ас үйге арналған плиткаларға кемінде 300 мың теңге жұмсалады. Төсеу қызметінің құнын есепке ала отырып еден мен төбе ернеулеріне және дәнекер бөлшектеріне 200 мың теңгедей қажет. Төбені ақтауға не бояуға, не болмаса керме материал орнатуға болады. Қалай болғанда да, төбені әрлеуге арналған материалдарға шамамен 50 мың теңге жұмсалады.

Жөндеу жұмыстарында аспалы төбе мен керілмелі төбе жиі қолданылады. Аспалы төбе гипсокартоннан жасалады. Аспалы төбені эмульсиямен тұрақты түрде ағартуға болады. Гипсокартон аспалы төбені түрлі пішінде жасауға мүмкіндік береді (ою не бірнеше қабатты төбе жасауға болады). Бір кемшілігі – бағасы керілмелі төбеге қарағанда қымбат. 

Керілмелі төбенің пленкасы ПВХ материалынан жасалады. Артықшылығы:

  • Су мен ыстыққа төзімді;
  • Экологиялық тұрғыда зиянсыз;
  • Бағасы аспалы төбеге қарағанда арзан;
  • Фотосуретпен әрлеуге болады.

Кемшілігі: жылтыр төбе арнайы күтімді қажет етеді және аспалы төбеге қарағанда қолдану мерзімі қысқа.


Оқи отырыңыз: Пәтер таңдауда неге мән беру қажет?


Бөлмеге, дәлізге және асүйге арналған қымбат емес флизелин тұсқағаздар жалпы 70-80 мың теңге тұрады. Қабырғадағы жарықтарды білдірмес үшін мамандар түсқағаз жабыстыруға кеңес береді. Түсқағаз жуылатын, жууға жарамсыз және суретті деп бөлінеді. Суретті түсқағазды жататын бөлмеге де, қонақ бөлмеге де, асүйге де жабыстыруға болады. Қандай сурет таңдау пәтер иесінің талғамына байланысты.

Бөлме кең әрі жарық көрінуі үшін:

  • Қабырғаны ашық түске бояу немесе ашық түсті түсқағаз таңдау керек;
  • Еденге де ашық түсті ламинат немесе линолеум төсеген дұрыс;
  • Қабырғаға үлкен айна ілген жөн, ол кеңістікті ұлғайтып көрсетеді.

Бөлмеаралық есіктердің әрбірі кем дегенде 20-25 мың теңге тұрады. Үлкен бөлмеге, асүйге және жуынатын бөлмеге үш есік қажет. Сонда барлығы – 60-75 мың теңге. Әр бөлмеге люстра орнатар болсақ, тағы 30-60 мың қажет болады.

  • Тұсқағаз (флизелин негізіндегі, орамы – 10 м) – 5 000 тг бастап/5 500 тг бастап;
  • Линолеум (м2) – 700 тг бастап/1 210 тг бастап;
  • Ламинат2) – 2 000 тг бастап/2 180 тг бастап; 
  • Кафель2) – 1 600 тг бастап/2 664 тг бастап;
  • Плиткаға арналған желім (25 л) – 550 тг бастап/845 тг бастап;
  • Тұскағаздар желімі (50м2) – 2 200 тг бастап/2 600 тг бастап;
  • Керілмелі төбелер 1 000 тг бастап/1 000 тг бастап;
  • Еден ернеуі (2,5 м) – 300 тг бастап/380 тг бастап;
  • Төбе ернеуі – 200 тг бастап/250 тг бастап.

Әрлеу жұмыстары жүргізілмеген үйге жөндеу жұмыстарын жүргізер кезде еденнің, қабырғаның түсі қандай болатынын, қандай перде алып, қандай жиһаз қай жерде орналасатынын елестетіп, тіпті, қағазға сызып алыңыз. Бұл жөндеу жұмыстарын жүргізетін адамдармен жұмыс істеуді де жеңілдетеді.

Жылу мен дыбыс оқшаулағыш орнатамын деушілер қосымша материалдарға шығынданады. Мысалы, гипсокартон бағасы 1 400 тг басталса, минерал мақта 3 200 тг басталады. Ал жылуұстағыш базарда 750 теңгеден бастап сатылса, ірі құрылыс дүкендерінен 1 160 теңгеге табуға болады.

Жұмыс ақысы

Жөндеу шығындарын есептегенде электрик, сантехник секілді мамандар қызметтерінің бағасын да ескеру қажет. Құрылыс бригадалары орта есеппен бір шаршы метр үшін 20 мың теңгеден алады, яғни 40 м2 үшін шамамен 800 мың теңгедей төлеу қажет. 

  • Қабырғаларды жылыту – 3000 тг бастап;
  • Электр (пәтерге желілерді тарту, розетка, ажыратқыш, электр тұстамасын орнату) – 20 000 тг бастап;
  • Сантехника (құбырларды тарту және салу, ванна, душ кабинасы, унитаз орнату) – 50 000 тг бастап;
  • Бөлмеаралық есіктерді орнату (бір есік) – 8000 тг бастап;
  • Керме төбелерді орнату (м2) – 700 тг бастап; 
  • Тұсқағаздарды жапсыру (м2) – 500 тг бастап;
  • Линолеум, ламинат төсеу (м2) – 500 тг бастап; 
  • Плитка төсеу (м2) – 2500 тг бастап.

Жалпы алғанда (бірінші әлеу мен таза әрлеуге) қымбат емес материалдарды қолдану арқылы толық жөндеуге шамамен 2,5 миллион теңге қажет болады. Күтпеген шығындарды ескеріп осы сомаға оның 20-30%-ын қосқанда жалпы шығындар ең кемінде 2,8-3,4 миллион теңгеге жетіп қалады.

Серіктестер жаңалықтары