Тікелей эфир

Парасат Тәнен, Ordagen жетекшісі: Балалар екі беттен асатын ертегіні оқымайды

Жоба аясында мыңнан астам ертегі жарияланып, тоғыз кітап жарыққа шыққан.

Былтыр балаларға арналған ертегілерді қамтитын, сол ертегілердің аудио нұсқасы мен мультфильмін шығаратын танымдық Ordagen жобасы бастау алды. Осы орайда Informburo.kz тілшісі жоба жетекшісі Парасат Тәненмен сұхбаттасып, жоба мен оның балаларға беретін тәрбиесі туралы сұрақтарға жауап алды. 

– Ordagen қандай жоба? Бұл идея қалай дүниеге келді?

– 20-30 жылдан кейін орда бұзатын емес, біздің контентті оқыған, тыңдаған, көрген балалардан орда құратын ұрпақ тәрбиелейік деген ниетпен "орда" сөзін алдық. Ал Gen – generation деген сөз, ұрпақ деген мағынаны білдіреді. "Орда құратын ұрпақ" деген мағынада жобамызды Ordagen деп атадық. Идея авторы – Айбек Қуатбай. Ой 2018 жылы келсе де, іске 2020 жылы сәуірде белсене кірістік. Ал бұл идея қалай келді десеңіз, ол қажеттіліктен туындады. Менің де кішкентайым бар. Жобаның бас қасында жүргендер "балаларымызға не бере аламыз, олар не көреді, не тыңдайды?" деген сұрақтарға жауап іздедік.

Пандемия кезінде Daryn.Online жобасын халыққа тегін ұсынғанда платформадағы видеосабақтардың сапалы екенін көптеген ата-ана біліп, "неге балаларға арналған дүние жоқ, оны қашан жасайсыздар?" деген сияқты сұрақтар қоя бастады. Бұл бізге берілген белгі секілді болды.

– Неге ертегі? Контенттің басқа да түрі көп қой.

– Қазір балалардың тілі орысша, ағылшынша немесе шала қазақша шығып жатыр. Ел жойылу үшін алдымен тілі жойылады. Тілі жойылса, ел де қалмайды. Сол себепті балаларымыздың тілі таза шықса, жүрегі қазағым деп соқса, мәдениетті, тәрбиелі, интеллекті жоғары ұрпақ болса дедік.

Рас, ертегі десе, оған басқаша қарайтындар жетерлік. Ал бала кезден ата-әжесінен, әке-шешесінен ертегі тыңдап, оны өз қиялымен дамытып, түрлі бейнені елестетіп өскен бала адам миында шекара болмайтынына, өмірде мүмкін емес нәрсенің жоқтығына сеніп өседі. 


Оқи отырыңыз: Айбек Қуатбай, Bugin холдингінің директоры: Daryn.online платформасын биыл 1 500 мектеп қолданады


– Қазір қанша ертегі дайын? Олар балалардың жас ерекшелігіне қарай әзірленді ме?

– Нарыққа 9 кітабымыз шықты. Мыңға жуық жаңа да заманауи ертегі бар. Оның ішінде 700-ге жуығы – заманауи ертегілер болса, 200-і – Marvel жанрындағы фантастикалық ертегілер. Сондай-ақ, әлемдегі жүз ұлттың ең мықты деген бір-бір ертегісін қазақ тіліне аудардық. Ертегінің бәрінің аудионұсқасы жазылып, 2D форматында суреттер салынған. Жас ерекшеліктері бар: 0-3 жас, 3-6 жас, 6-10 жас, 10-13 жас аралығы.

– Ертегілерді кім жазады?

– Қазақстан бойынша кез келген автор жаза алады. Бастысы – балаларды ертегіге сендіре білу. Бірінші сөйлемнен бастап соңғы сөйлемге дейін сюжетті бұзбай, жүйелі түрде жеткізетін авторлар болса, жұмыс істеуге дайынбыз. Бізде небір авторлар – аудиожазбамен жіберетін аталарымыз да, филологияны тәмамдаған жазушылар да бар. Жалпы саны 40-қа жуықтайды.

– Шығармалардың стилистикасы мен мазмұнын тексеретін комиссия бар ма? Контентті қалай іріктейсіздер?

– Редакторлық топ ертегінің бәрін стандарт бойынша іріктейді. Ертегі көлемі екі беттен артық болмауы керек, одан көп болса, бала оқымайды. Психолог мамандармен кеңесіп, осыған тоқтадық. Біз үшін ең басты комиссия – балалар. Әрине, арнайы фокус топ бар. Өз арамызда шығармаға қатысты пікірталас болса, оны фокус топқа жібереміз. "Бала соңына дейін тыңдап отырды" не "ортасында ұйқысы келді", "тыңдағысы келмеді" деген секілді кері байланыс болса, соған қарай ертегіні жобаға қосамыз не алып тастаймыз.

Бала дүниеге келген сәттен игеретін адами, ұлттық, таным және қоршаған орта құндылықтары деп төртке бөлдік. Оның ішінде де бөлініп, ертегілерді жалпы 33 құндылық бойынша қабылдаймыз. Адами құндылықтардың ішінде "Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет" деген құндылыққа ертегі жазғыңыз келсе, кейіпкерді қалай суреттеуді өзіңіз шешесіз. Екі бетті оқығаннан кейін бала үлкенге құрмет көрсетуді, кішіге ізеттілікті түсінуі керек. Кейіпкерге өзіңіз ат қоясыз, тақырыпты да өзіңіз бересіз. Басты талап 33 құндылықтың біріне сай келуі керек. Дін, саясат секілді мүлдем қозғамайтын тақырыптар бар. Міндетті түрде авторға қаламақы төленеді.


Оқи отырыңыз: Алматыда "Orda ертегілері" кітабы оқырманға жол тартты


– Менің білуімше, ертегіні 3 түрлі форматта ұсынасыздар?

– Иә, үш форматта ұсынып жатырмыз. Олар – мәтін, аудио және видео. Өз ішімізде Orda Animation деп аталатын команда құрдық. Тәжірибе үшін 3 ертегінің анимациясын жасадық. "Берке аю және кәсіп" кітабына сұраныс өте жоғары болды. Осы ертегі желісімен 13 бөлімнен тұратын мультфильм түсіріп бастадық. Қандай мультфильм шығарсақ та, барлығы тегін. Олары Ordagen-нің YouTube арнасынан тамашалап, бағасын беруге болады.

– Бауыржан Момышұлы "Ұшқан ұя" кітабында "Ертексіз өскен бала рухани мүгедек бала" деген. Сіздің пікіріңізше, бала тәрбиесіндегі ертегінің рөлі қандай?

– Иә, Бауыржан атамыздың бұл сөзін әрбір қазақ біледі деп ойлаймын. Мен өзім 5-сыныпқа дейін ертегі тыңдап және оқып өстім. Ертегі тыңдаған баланың ата-анасымен қарым-қатынасы жақсы болады. Ақпаратты интернет арқылы алғаннан гөрі сұрақтарына ата-анасынан жауап алғанды дұрыс көремін. Ертегіге негізі тәрбие құралы деп те қараймын. Бала кезде бұзықтық жасаймыз, еркелейміз. Бір күні таңертең ұйқыдан тұрғанда "бетіңді жумасаң болмайды" деген атамның сөзін тыңдамай, ойнаймын деп қашып кеттім. Жатарда атам: "Баяғыда Алмас деген бала болыпты. Оянған соң бетін жумайды екен. Бір күні жуынбай далаға шығып еді, бетіндегі тағам қалдығын көрген ит келіп тістеп алды", – деп ертегі айтып берді. Осы үзінді есімде жатталып қалды. Сонда атам менің қылығымды Алмас арқылы жеткізіп, маған жақсы тәрбие беріп тұр. Келер күні айтқызбай бетімді өзім жудым. 

– Ертегілер жинақ болып шыға ма?

– "ORDA ерегілері" жинақ кітабында 33 ертегі бар. Одан бөлек "Берке аю және кәсіп", "Әлем халықтарының ORDA ертегілері", екі түрлі боямақ, "Бестаным", "Тәуліктің төрт мезгілі" деген секілді әртүрлі кітабымыз бар. Мың ертегімен тоқтап қалмаймыз, жұмыс жалғаса береді. 

– Кітаптарды қайдан алуға болады?

– Алматы қаласында бас кеңсемізден (Бөгенбай батыр, 158 мекен жайы) кітаптарды сатып алуға болады. Сондай-ақ, кітаптар KITAPAL дүкендер желісінде, бес қаладағы "Еврофарм" дәріхана желісінде сатылымға қойылған.

– Ал мобильді қосымшаны пайдалану ақылы ма? Тұрақты түрде қанша адам қолданады?

– Ordagen деп аталатын мобильді қосымшада кез келген ертегіні оқу да, тыңдау да тегін. Ол үшін бір рет тіркелсеңіз жеткілікті. Бастапқыда қосымша екі ай тегін болып, кері байланыс жақсы болуы үшін бір ай ақылы қылдық. Соның арқасында көп дүниені түзедік. Ал қазір қосымша қызметі толықтай тегін.

Қосымшаны 80 мыңға жуық адам жүктеп алған. Күніне кейде 8, ал кейде 12 мың адам пайдаланады. Кешкі уақыттағы белсенділік жоғары.


Оқи отырыңыз: Мектеп оқушыларының білім алуына арналған 10 мобильді қосымша


– "Қазақстанда балалар аудиториясы – игерілмеген тың" деген едіңіз. Әсіресе қазақ аудиториясына арналған сапалы контент жоқтың қасы. Бұған не себеп? Нарықта бәсекелестеріңіз пайда болса, оған қалай қарайсыз? 

– Бәсекеге жақсы қараймын, қайта болса екен деймін. Өйткені, ұрпақ мәселесі бәсекелестіктен де маңызды. Өнімдердің сапасы артса, балаларымызға мемлекеттік тілде беретін дүниелер көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бір-бірімізбен жарыссақ та, балаларымыз тұтынатын сапалы дүние жасасақ деймін. Сапалы контент, рас, жоқтың қасы. Оның нақты себебін айту қиын. Дегенмен, қажеттілік барын байқап, бірақ нарықтан таба алмаған соң өзіміз кірісіп кеттік.

– Әлеуметтік желіде бала тәрбиесі жайлы жақсы мағлұматтарды жариялайсыздар. Психолог мамандармен бірге жұмыс істейсіздер ме?

– Психолог мамандар кеңседе бізбен бірге отырмайды. Алайда, аутсорсинг арқылы сурет, мәтін таңдағанда сұрақтар туса, ақыл-кеңес сұрап тұрамыз. Мультфильмді қалай жеткізген дұрыс, бала неден шошиды, музыкалық сүймелдеу қалай болғаны дұрыс? Осының бәріне психологпен кеңесіп барып жауап табамыз.

– Ата-аналарға арнап бала тәрбиесіне қатысты кітаптар шығару жоспарда бар ма?

– Әрине, жоспарда бар. Бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты жақсарта түсуге көмектесу ниетіміз бар.

– Жоба аясында әрі сапалы, әрі ата-ананың қалтасына салмақ түсірмейтін отандық ойыншықтар шығаруды жоспарлап отыр екенсіздер. Осы жайында әңгімелесеңіз.

– Orda Toys жобасы аясында көп оқылған, көп тыңдалған, мультфильмі көп көрілген халыққа танымал ертегі кейіпкерінің қолжетімді әрі сапалы ойыншығын шығаруды көздеп отырмыз. "Ойыншықтарың күшті, бірақ қымбат" деген сөзді естігіміз келмейді. Сондықтан, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіретін баға қоймаймыз. 2022 жылдың соңына қарай ойыншығымыз дайын болады деген ойдамыз. 

Сондай-ақ, жақында мобильді қосымшамызға Orda Games атты жоба салынады. Ең көп оқылған он ертегіге он турдан тұратын алғашқы ойын шығарамыз. Бала бір турдан келесі турға өтуі үшін ертегіні оқуы керек. Бұл жаңалықты алғаш рет айтып отырмын. Бір апта бұрын команда құрып, бұл іске де кірісіп кеттік.

Серіктестер жаңалықтары