Айбек Қуатбай, Bugin холдингінің директоры: Daryn.online платформасын биыл 1 500 мектеп қолданады

Daryn.online негізін қалаған Нұрбақыт Жұлдызбайұлы мен Айбек Қуатбай
Daryn.online негізін қалаған Нұрбақыт Жұлдызбайұлы мен Айбек Қуатбай

Жобаға мұғалімдердің табыс табуына арналған Daryn Teacher және репетитор табуға көмектесетін Daryn Tutor қызметі қосылған.

Былтыр Қазақстанда 3 миллионнан астам оқушы қашықтан оқыды. Соған орай, онлайн білім беру платформалары дамып, бір-бірімен бәсекеге түсті. Солардың бірі – Bugin holding директоры Айбек Қуатбай мен Нұрбақыт Жұлдызбайұлы негізін қалаған Daryn.online жобасы. Бұл жобаның жүзеге асып жатқанына 2 жылға таяды. Ал коронавирус пандемиясы басталғанда Daryn.online 3 миллион қолданушыға тегін қызмет ұсынып, 3 мыңға жуық мектептің күндіз-түні онлайн білім алуына жағдай жасады. Айбек Қуатбай платформаның мақсаты – дәстүрлі мектептерге бәсекелес болу емес, керісінше онлайнға оңтайланған заманда оқушы мен ұстазға көмекші құрал рөлін атқару екенін айтады.

Осы орайда Informburo.kz кәсіпкер Айбек Қуатбайдан биыл мектептер дәстүрлі оқуға қайта көшкен кезде Daryn.online білім беру платформасы қалай жұмыс істеп жатқанын сұрап білді. 

– Bugin holding жобасы қалай басталды? 

– Bugin holding – екі студенттің ойынан шыққан жоба. 2012 жылы bugin.kz сайтын жасап шықтық. Сайтты одан әрі дамытуға қаражат керек болған соң IT салада әртүрлі тапсырыс орындадық. Ал 2013 жылдан бастап сайт уақытша тоқтады. Бұл аралықта IT саласында тәжірибе жинау және ақша табуды мақсат еттік. Сөйтіп біз нарыққа сай мобильді қосымшалар жасауға кірісіп кеттік. Серіктесім – Нұрбақыт Жұлдызбайұлымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Механика-математика факультетінде оқыдық. 

– Daryn.online білім беру платформасы қашықтан оқу кезінде қалай жұмыс істеді?

– 2019 жылы Daryn.online платформасын жасап, 2020 жылы наурыз айында оны 60-70% деңгейде дайындап қойған едік. Былтыр оны мектептерге тегін ұсындық. Шыны керек, Білім және ғылым министрлігінде ешқандай танысымыз жоқ. Содан бізге вице-министрдің көмекшісі өзі хабарласып, кездесу ұсынды. Сол кездері елордада жүрген едім. Вице-министрге кіріп, онлайн платформаны таныстырдым. Жоба оларға ұнады, тек бір-екі ескерту жасады. Оны тез арада өзгерттік. Платформаны төртінші тоқсанға толық дайындауға 20 күн уақыт берді. Күн-түн демей жұмыс істедік. Сол кезде командамыз үш айдың жұмысын бар болғаны 20 күнде бітірді. 

Bugin holding командасы

Оқи отырыңыз: BilimLand, Daryn.Online, Opiq және өзге онлайн оқу платформалары. Қолдану нұсқаулығы


– Оқу платформасын қанша оқушы пайдаланды? Бұл тегін болды ма? 

– Платформаға 1,5 жыл ішінде 3,5 миллионға жуық оқушы тіркелді. 70% бөлігін тегін беріп, қалған 30%-ын ғана ақылы негізде ұсынамыз. 320-дай курс бар, соның 200-дейін тегін пайдалануға болады. Тек қана курс емес, тегін байқау, олимпиада, марафон тестілері бар. Платформада геймификация бар, яғни қолданушының әрбір оқығанына, жұмыс істеген қадамына қаржылай бонус беріледі. Ол бонусты платформадан басқа оқу құралын сатып алуға пайдалана алады.

– Биылғы оқу жылы дәстүрлі форматта басталды. Оқушылар сервисті қолдана ала ма? 

– Білім және ғылым министрлігімен серіктестік жалғаса береді. Олар үшін біз дайын платформа болсақ, олар біз үшін – бағыттаушы ұйым. Сол себепті серіктестік тоқтамайды. Былтыр төртінші тоқсанда платформамыз толық тегін болды. Одан соң әр мектеп өзіне ыңғайлы білім беру алаңын таңдап, тендер арқылы бір жылға қызметті 300 мың теңгеге сатып алды.

Оқу дәстүрлі форматқа өтсе де, мектептер біздің қызметтерімізді алып жатыр, себебі оқушыларға қосымша білім ретінде мұндай онлайн платформа керек. Қазіргі таңда 1 500-ге жуық мектеп бізбен келісімшартқа отырып жатыр. 

– Daryn.online платформасы оқушылар мен мұғалімдердің сұранысына орай жаңарып отыра ма? 

– Жаңарту өте көп, әсіресе, мұғалімдерге, дайындық сыныптарына көптеген жаңа контент қостық. Оларды биыл қолданушыларымыз көре алады. Мысалы, мұғалімдердің аттестацияға дайындық курстары, мұғалімдер оқушыларға онлайн сабақ беру арқылы ақша таба алатын Daryn Teacher, репетитор іздеуге арналған Daryn Tutor қызметтері қосылды.

Bugin holding директоры Айбек Қуатбай

Оқи отырыңыз: "Бірыңғай оқу платформасы бәсекені жояды". Білім беру мамандары президент тапсырмасына неге қарсы?


 – Онлайн білім беру саласының болашағы қандай? Қазақстандықтар пандемия кезінде бұған бейімделе алды ма?

– Салыстырып қарайық. Онлайн білім беру – кино болса, офлайн білім беру – театрмен тең. Кино пайда болғаннан кейін ол бірден театрдан озған жоқ, ақырын-ақырын қолжетімділігімен озды. Онлайн білім беру бәрібір бірте-бірте, шамамен 10-15 жылда кең қолданысқа ие болады. Қазақстандықтар пандемия кезінде бастысы, онлайн білім берудің не екенін түсінді. Екіншіден, оған сенім артып, өздері қолданып үйрене бастады. Сондықтан пандемия бұл жағынан пайдалы болды.

– Коронавирус пандемиясы кезінде холдинг жағдайға қалай бейімделді?  

– Пандемия кезінде холдинг ұжымы 20 адамнан 200 адамға дейін өсті. Табысымыз шамамен 40 есе артты. Бір жылда 40-50 миллион теңге табыс табатын болсақ, пандемия кезінде бір жылда 2 миллиард теңгеден астам пайда түсірдік.. Холдингтің қазіргі жылдық капитализациясы – 40 миллион АҚШ доллары.

Рас, маман жетіспеді. Сұранысымызға лайық маман болмаған соң үш адамның жұмысын бір адам атқаруына тура келді. Қазіргі таңда холдингтің өзінде 90-ға жуық, ал филиалдарда 200-дей адам жұмыс істейді. Соңғы 6 айда қызметкерлер саны 300-ге өсті. Пандемия кезінде жұмыс істеу оңайға соқпады, дегенмен бұл – біз үшін үлкен сабақ, керемет тәжірибе болды. 

– Bugin holding қандай бағыттарда дамып жатыр?

– Қазіргі тада компания мектепке дейінгі және мектептен кейінгі білім беру, еңбек нарығы бойынша жобаларды іске асырып жатыр. Бала дүниеге келе салысымен біздің сервистерімізді қолдана алады. Болашақта мультфильм түсіру, ойыншық жасау, балабақша ашу да ойда бар. Орта білім беру саласында онлайн элементтерді пайдаланатын офлайн орталықтар, гибридті мектептер ашуды жоспарлап отырмыз. Мектепке дейінгі жобамыз – Ordagen. Мектептен кейінгі Daryn Tandau жобамыз арқылы балалар мектепте жүріп-ақ өзінің таңдауын біле алады, кіс болғысы келетінін және кім бола алатынын анықтайды. Horda атты жобамыз балаларды еңбек нарығына бейімдеп, алған білімі бойынша жұмыс іздеп табуға көмектесуді көздейді. Міне, осы бағыттар аясында дамып жатырмыз. 

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары