Тікелей эфир

Өлім жазасынан мүлде бас тарту дұрыс па?

Президент таяуда өлім жазасын Қазақстан заңнамаларынан алып тастау қажеттігін айтқан болатын.

31 арна эфиріндегі "Неге?" ток-шоуының жаңа хабары заңдарды ізгілендіру тақырыбын арқау етті. Бұған себеп – таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Жеміс Тұрмағамбетованың өлім жазасынан толық бас тарту идеясын қолдап, оны Қазақстан заңнамаларынан алып тастау қажеттігін айтқан болатын. Соңғы жылдары Қазақстан заңнамаларын ізгілендіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылса, енді қандай өзгерісті күтуге болады? Ел заңгерлері бұл бастаманы қолдай ма? Түрлі пікір "Неге?" эфирінде тоғысты. Бағдарлама бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетіледі. 

Қандай жағдайда өлім жазасы тағайындалады?

Бағдарламаға елордадан онлайн қосылған Бас прокурордың Парламенттегі өкілі Мейрамбай Кемалов Қылмыстық кодекстің 17 бабы бойынша өлім жазасы тағайындалатынын атап өтті.

"Қылмыстық кодекстің баптары Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабына негізделеді, яғни, адам өліміне әкелген терроризм, әскери жағдай кезінде жасалған аса ауыр қылмыстар. Қылмыстық кодексте аса ауыр қылмыстарға жататын 133 құрам бар. Олардың ішінде 17 бап бойынша өлім жазасы тағайындалады", – деді Мейрамбай Кемалов.

Оның сөзін толықтыра түскен заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Орынбасар Тілепберген бұл 17 баптан өзге 140-қа жуық қылмыстық құрам бойынша да өлім жазасы тағайындалатынын еске алды. Яғни, егер бұл қылмыс түрі әскери жағдай кезінде жасалатын болса, онда ең ауыр жаза түрі қолданады.


Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?


"Референдум өткізілуі керек еді..."

Алматы қалалық сотының судьясы Жанболат Батыров келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда соңғы рет 2018 жылы бір адам өлім жазасына кесілген. Дегенмен, кейінгі жылдары өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған қылмыскерлер үлесі арта түскен. Мәселен, сол 2018 жылы мұндай 6 шешім шықса, 2019 жылы 1 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Мұндай қатаң жазаға 2020 жылы тағайындалғандар саны 12 болса, биылғы 9 айдың өзінде 15 адам тіркелген.

Бұл ретте заң ғылымдарының докторы Орынбасар Тілепберген Президенттің өлім жазасынан бас тарту туралы шешім қабылдағанын айта келе, мұндай шешім референдум өткізу арқылы қабылдануы қажет еді деген ойын ортаға салды.

"Менің ойымша, мұндай мәселені референдум арқылы шешу керек. Сол арқылы халықтың пікірін білер едік. Адам өміріне қатысты мәселе осылай шешілуі тиіс. Жалпы, бізде өлім жазасы – ең ауыр жаза түрі деген қате түсінік бар. Ең ауыры – өмір бақи бас бостандығынан айырылу. Көршілес Ресейде бандиттік топ өкілдерінің өзіне өмір бақи бас бостандығынан айырылудан гөрі өлім жазасын сұраған оқиғалар жиі кездеседі", – деп атап өтті ол.

Өлім жазасы қажет пе, қажет емес пе?

Адвокат Бауыржан Азанов өзінің өлім жазасына қарсы екенін айтады. Алайда, өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазаларының қайсы ауыр, қайсы жеңіл екенін айту қиын екеніне тоқталды.

"Ешбір ғылыми зерттеу өлім жазасының тиімділігін және қылмыстардың алдын алуға әсер ететінін дәлелдеген жоқ. Адам аса ауыр қылмыс жасар алдында Қылмыстық кодексте қандай баптар бар екенін ойланып жатпайды. Негізінен мұндай қылмыстар спирттік ішімдік ішкен кезде не жаппай төбелес кезінде жасалады. Ашумен не масаң күйде адам өлтіреді. Сондықтан қылмыскерді өлім жазасына кесу арқылы кейін мұндай аса ауыр қылмыстардың алдын аламыз дегенге өз басым сенбеймін", – деді адвокат.

Ал заңгер, заң ғылымдарының магистрі Нұрым Тұрлыби керісінше халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлаған кезде қандай да бір идеология керектігін айтады. Оның сөзінше, адамдар өлім жазасынан қорқуы керек.

"Тіпті, өлім жазасына кескен күннің өзінде біздің заңнама жаза түрін 25 жылдан соң өзгертуге мүмкіндік береді. Қоғам адам өміріне қол сұққан ауыр қылмыс жасаған адамнан айырылғаннан ештеңе жоғалтпайды. Керісінше, біз қоғамды тазалаймыз", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Иісшіл иттер қылмысты қалай ашады? Одорологиялық криминалистер жұмысынан фоторепортаж


Сот қателігіне кім жауапты?

Бағдарлама жүргізушісінің "Кейде 10-20 жылдан соң өлім жазасына кесілген адамның қылмыскер емес екені анықталып жатады. Бізде мұндай жағдай болды ма?" деген сауалына Алматы қалалық сотының судьясы Жанболат Батыров Қазақстанда мұндай оқиға тіркелмегенін айтты. Қазақстанда өлім жазасына кесіліп, кейін өмір бақи бас бостандығынан айыруға ауыстырылғандардың бәрі қазір темір тор ішінде.

"Қазір заңнаманы ізгілендіру процесі жүріп жатыр. Төрт сатылы сот жүйесінен біз қазір үш сатылысына өттік. Бүгінде бірінші сатыдан кейін апелляциялық және Жоғарғы сот қана бар. Бұл жеткілікті", – деді ол.

Әріптесінің сөзіне қосылған заң ғылымдарының докторы Орынбасар Тілепберген сот қателігі ұғымына тоқталды.

"Қазақстана өлім жазасы туралы үкім шыққаннан кейін біз тағы бір жыл күтеміз. Үкімнің орындалуын 1 жылға шегеріп, болуы мүмкін жаңа жағдайларды ескереміз. Оның да өз тәртібі бар. Қазір одорология, ДНҚ талдаулары, генетикалық сот-медициналық сараптамасы – бәрі-бәрі дамып жатыр. Осылардың бәрі өте жоғары деңгейге жеткен кезде өлім жазасы бойынша сот қателігіне орын қалмайды", – деп түсіндірді ол.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 04 желтоқсан күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Серіктестер жаңалықтары