Тікелей эфир

Майра Мұхамедқызы: Оңтүстікте тілі мен ділін сақтаған, қаймағы бұзылмаған қазақы орта бар

Майра Мұхамедқызы
Майра Мұхамедқызы
Опера әншісі директор қызметі, театр қызметкерлерінің төмен жалақысы, қара шаңырақ Абай театрындағы маусымның ашылуы жайлы әңгімеледі.

Абай атындағы опера және балет театры 89-маусымын дәстүрден жаңылмай, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсымен ашты. Операның басты партиясының бірі – Ажарды Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры, Париждегі "Гранд Опера" тетарының Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі Майра Мұхамедқызы орындады. Маусымның ашылуы кезінде Informburo тілшісі опера әншісімен аз-кем сұхбат құрды. 

– Былтыр қаңтар айында Шымкент қалалық опера және балет театры директоры қызметіне келдіңіз. Театрдың беталысы қалай?

– Абай атындағы опера және балет театры, қара шаңырақ әрқашан маусымды "Абай" операсымен бастаса, Шымкент қалалық опера және балет театры XV театр маусым шымылдығын 16-17 қыркүйекте Тасқын Жармұқаметтің "Домалақ ана" операсыменен ашады. Театрдың ашылғанына 15 жыл болды. Бір жарым жыл бұрын мен барғанда аты бар, заты жоқ, жабылып қалудың алдында тұрған шаңырақ еді.

Қаймағы бұзылмаған оңтүстікте бүкіл қазақтың біліктілері шоғырланған, тілі мен ділін сақтаған орта бар. Халқы да тойшыл, музыканы, театрды жақсы көреді. Бір қаланың өзінде 6 театр бар. Беталысы жаман емес. Оңтүстікте консерватория бітірген, талантты опера әншілері өте көп. Алматы секілді үлкен қалада кейбір музыканттар өз жолын таба алмаса, еліне, туған жеріне оралады. Қайтадан сахнаға шығып, опера шырқап жұлдызға айналады.

Жас театр болғаннан кейін қара шаңырақ – Абайға, Астана Операға қараймыз. Кейде олардан көмек сұраймыз. Театр штатында 201 адам жұмыс істейді. Ең қиыны – айлық төмен. Содан көпшілігі өнерін жалғастыра алмай жатыр. Дегенмен, бұл мәселе ақырындап жауабын табады деп ойлаймын.

Ең үлкен қуаныш – мегаполис атанған Шымкентте үлкен опера театры ғимараты салынғалы жатыр. Сол жүрекке қуаныш ұялатады. Келер жылы салынып басталса, Қазақстандағы үлкен тетарлармен иық тіресе қатар тұрармыз деген арманымыз бар. Қазақтың кең даласында шынымен де таланттар өте көп екенін байқадым. Қазір "Домалақ ана" операсын Алматыға әкеліп қою жағын ақылдасып жатырмыз.

Майра Мұхамедқызы. Фото: Inform.kz

Оқи отырыңыз: Досым Сүлеев: "Дос-Мұқасанды" халықтық деңгейге көтерген тыңдарман жастар еді


– Театр ғимараты қашан салынып бітеді?

– Театрдың иесі ретінде сәулетшімен бірге отырып театрдың өзі, фойесі, оң және сол жақ қапталдары қандай болуы керек екенін ақылдасып жатырмыз. Театр ғимаратын салу оңай шаруа емес. Тендерден, үкімет беретін рұқсаттардың бәрінен заңды түрде өту керек. Бәрі дұрыс болса, келер жылы қыркүйекте топырақ жарып, театрымыз бой көтереді.

– Театр қанша орынға арналады? 

– Басында 600 дегенбіз, кейін 800 орынға көтердік. Оңтүстікте халық барған сайын көбейіп келе жатыр. Мәскеуде 800 мың халқы бар кезде үлкен театр салынды. Қазір 20 миллионға жеткенде театрға халық сыймай қалды. "Олай болмайды, 600 деген өте аз, мың демей ақ 800 орыннан бастайық" деп үкіметке ұсынысымды айттым. Келешекте басқа да үлкен театрлар салынатын шығар. Әзірге бізге ғимарат өте қажет.

Опера театрларының сахналарында барлық мүмкіндік болуы керек. Мысалы, төрт үлкен сахнасы бар "Астана Опера" театры қандай керемет. Актерлер сахнаның астына түсіп кетеді, үстіне шығып кетіп жатады. Осындай мүмкіндіктер болса, әлемдік деңгейдегі керемет қойылымдарды сахналай аламыз. Таланттар өсіп келе жатыр. Біз де әлемдік сахналарда талай операны шырқап, біраз нәрсені түсіндік. Сондықтан қолымыздан бәрі келеді. Театр болса, соның бәрін көрсетуге дайынбыз. 


Оқи отырыңыз: Сазгер Еділ Құсайынов: Ұлттық көне музыкалық аспаптардың орны музей болмауы тиіс


– Театр қызметкерлерінің жалақысы аз дедіңіз. Соншалықты төмен бе? 

– 50 мың теңгеден бастап, 140 мың теңгеге дейінгі аралықта. Машинистеріміз жұмыс өтіліне қарай 50-70 мың теңге алады. Театр директоры, яғни менің жалақым – 140 мың теңге.

– Жалақы мәселесі қашан шешіледі? 

– Бұл мәселені де көтерейін деп жатырмын. Айлық төмен болғандықтан бүкіл жастарымыз жан-жаққа тарап, консерваторияларға, басқа театрларға кетіп жатыр. Оңтүстікті білесіздер, әр үйде 5-6 бала бар. Бала-шағасын бағу керек. Неге біздің өнер бағаланбай жатыр? Білім мен медицина қызметкерлерінің жалақысы біртіндеп өсіп жатыр. Ал театр қызметкерлерінікі әлі өскен жоқ. Сондықтан бұл мәселені міндетті түрде көтеремін. Жалақыны көтермесе, театрда жастарды ұстағаным қиянат болады. Қабырғамызға бататыны сол. 

– Париждегі Гранд Опера, Вашингтондағы ұлттық опера театры сынды талай сахнада өнер көрсеттіңіз. Бірақ, өзіңіз айтқан қара шаңырақ Абай атындағы опера және балет театрының орны бөлек екені сөзсіз.

– Театр маусымын ашып жатқаныма қуаныштымын. Өзің директор, өзің ән айту деген оңай шаруа емес. Осы екі үлкен жұмысты атқарып жүрмін. Кеше дайындық кезінде көңіліміз толқыды. Бұл – менің ұшқан ұям, ең алғаш операға қадам басқан театрым. Маған өте ыстық.

Мен аға буын әншілеріміздің, композиторларымыз бен дирежерларымыздың көзін көрген әншімін. Бұл театр қасиетті, киелі шаңырақ. Мұнда рух бар, жан бар. Талғампаз көрермендерінің деңгейі де өте биік. Сахнаға шығарда әліге дейін жүрексінемін. Қашан да жақсы жағымды көрсеткім келеді. Дауысымды, ойнағанымды, өскенімді, қанша жыл сыртта жинаған тәжірибемді өз халқыма көрсеткім келеді. 

Ажардың партиясын төрт-бес рет орындадым. Бұл – менің ең сүйіп орындайтын партиям. 


Оқи отырыңыз: "Айтыстың мазмұны жасарып келе жатыр". Ақын Жүрсін Ерманмен сұхбат


– Тетарда директорсыз, оған қоса шетелдік сахналарда өнер көрсетесіз. Былтыр "Қазақстан дауысында" тәлімгер болдыңыз. Бала тәрбиесі, үй шаруасы бар... Осының бәріне қалай үлгересіз? 

– Төрт-бес сағат ұйықтаймын десем, күлетін шығарсыз. Бұрын өзім де президенттер төрт-бес сағат ұйықтайды десе күліп, мүмкін емес деуші едім. Қазір тура соның кебін өзім киіп жүрмін. Бәріне үлгеру керек, бәріне шыдауың керек. Мақсат қойғаннан кейін бәрін істеу керек. Бала тәрбиесі, отбасың, театр бар. Театрда екі жүз адам бар болса, ол да – отбасың. Әрбірінің жағдайын ойлауың керек. Амал жоқ, кейде қатты шаршап, ауырып та қалатыным бар. Армандар орындалып, қазақтың өнері жанса екен, әлемдік деңгейге жетсе екен деп жүгіріп жүрмін.  

Серіктестер жаңалықтары