Тікелей эфир

Сазгер Еділ Құсайынов: Ұлттық көне музыкалық аспаптардың орны музей болмауы тиіс

Сазгер Еділ Құсайынов
Сазгер Еділ Құсайынов
Ол төменгі дыбыста да (қарғыра), жоғары дыбыста да (сығыт) көмеймен шырқай алатын орындаушы.

Қатонқарағайда Balkaragai Tunes атты халықаралық этномузыка фестивалі өтті. Тувадан келген Oduchu және Қазақстаннан Steppe Sons топтарымен қатар композитор, фольклортанушы, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, шаңқобыз секілді ежелгі қазақ музыкалық аспаптарының орындаушысы, көмеймен ән айтатын бір өзі бір оркестр атанып кеткен Еділ Құсайынов та өнер көрсетті. Өнерпаз фестиваль барысында сұхбат беріп, қазақтың ұлттық аспаптары мен музыкасына қатысты сұрақтарға жауап берді.

– Сіз үшін музыка деген не?

– Музыка мен үшін бір ғана сөз, ол – өмір. Кейде музыкант болмасам, кім болар едім деп ойлаймын. Балалық шағым еске түскенде әкемді еске аламын. "Музыкаға барасың, болды" деп айтты. Ол кезде жасым 7-8-де. Аздап тентек болған шығармын. Бәрінде, әсіресе ұлдарда сондай болды деп ойлаймын. Мен кей нәрселерге қарсыласып бақтым, дегенмен әкемнің айтқанын тыңдадым. Ақиқаттың жолын көрсеткен әкем мен анама алғысым шексіз.

Музыка – өмір сүру тәсілі. Қол боста спортпен шұғылданамын, оның бәрі музыкамен үйлеседі. Қатонқарағайда скандинавиялық таяқша ұстап жүрдім. Уақыт болса Тайцзи-цюаньмен айналысамын. Рухани практикалар да музыкамен байланысты. Мен осында өзімнің орнымда екенімді нақты білемін. Музыка – мен үшін бүкіл дүние. Отбасылық өмірім де, бәрі музыкамен байланысты. Оның бәрін бір-бірінен бөліп жара алмаймын.


Оқи отырыңыз: "Айтыстың мазмұны жасарып келе жатыр". Ақын Жүрсін Ерманмен сұхбат


– Бүгінгі этнофестивальге қандай баға бересіз?

– Айтысты тамашалауға қаншама адам келді. Көңілдеріне қарап бастамасы өте жақсы деуге болады. Концерттік бағдарламамыз да қызық. Жан-жақтан жақсы артистер жиналды. Түркітілдес халықтардан, мысалы Тывадан келді. Алматыдан өте талантты жастар келіп жатыр. Жастармен жұмыс істеу керек. Мен XX ғасырдың адамымын. ХХІ ғасырдың жастары қазіргі заманның технологияларын біледі. Оны меңгеруге уақытым да жоқ, жастар сол жағынан көп көмек береді. Соның бәрін бірігіп жасағанда өте керемет музыка шығады.

Еділ Құсайынов. Фото: Altyn-orda.kz сайты

– Ұлттық аспаптарымызды келесі ұрпаққа қалай жеткіземіз?

– Мен бастаған кезде бағытым басқалардыкінен өзгеше болды. Әрдайым басқалардың қайда бара жатқанына қарадым. Оларға ілеспеу керек деген принципті ұстандым, өйткені барлығы қайда барса – сонда тобыр, хаос, шу. Онда тамаша дауысыңды ешкім естімейді. Мұны әу бастан білдім. Қазақтар "керісінше жүреді" деп айтады, мен дәл сондай болдым. Әке-шешем – атақты музыканттар. Осындай отбасыда өскеннен кейін музыканың ортасында жүрген адаммын.

Ұлттық аспаптарды баяғы заманның дүниесі, қазір керек емес, музейде тұруы керек деп ойлайтындар көп. Қазақтың ұлттық көне аспаптарын қазіргі заманның музыкасымен бірігіп ойнағанда дауысы өте мықты шығады. Қазіргі заманның дыбысымен, психологиямен, технологиямен біріккенде сондай ерекше ағым туады.

Батыста, әсіресе Еуропа мен АҚШ-та көп концерт береміз. Музыкамызды жақсы көреді, өйткені оларда баяғы заманның музыкасы, аспаптары қалмаған. Бәрін баяғыда ұмытып кеткен. Сондықтан олар біздің фольклорымызды, аспаптарымызды тыңдағанда тарихымызды сезінеміз деп айтады. Жастарға айтарым, ұлттық аспаптар ешқашан қартаймайды, музейде қалып қоймайды. Көбірек орындаушылар болса дами түсер еді деп ойлаймын.


Оқи отырыңыз: Әнші Қазыбек Құрайыш: "Мінезің көркем" әні анама арналған


– Өңірлерде осындай айтыстар, этнофестивальдер өткізу қаншалықты маңызды?

– Қазақстанның ғажап жері Қатонқарағайда алғаш рет халықаралық айтыс пен этномузыка фестивалі өтіп жатыр. Осы жерде болғаныма қуаныштымын. Шығармашылығымның көп бөлігі Алтаймен байланысты. Қатонқарағай тұрғындары үшін осындай үлкен мереке өтіп жатқанына шынымен бақыттымын. Табиғаты тамаша екенін бәріміз білеміз, одан бөлек мұнда тамаша адамдар өмір сүреді. Олар да әуезді музыканы тыңдауға тиіс, олар да осындай мерекені көруі керек.

Халыққа жақын болу деген осы. Қатонқарағайды шағын елдімекен деуге болады, тіпті аудан орталығы емес. Мемлекет негізін құрайтын – халық, сондықтан концертті осындай жерлерде өткізу керек. Мұндай шаралар облыс орталықтарында жиі өтеді, бірақ оған кім барады? Бәрі бірдей шалғай ауылдардан жете алмайды. Логистика, уақыт деген мәселе бар. Қатонқарағайда тұратын адамдардың да уақыты жоқ. Оларға сиыр сауу керек, атқа мініп жұмыс істеу керек. Мұнда халық үшін өткізіліп жатыр. Басқа қаладан келіп жатқандарды көрдім, оларға мұнда жету оңайырақ. Төл мәдениетімізбен сусындау үшін қуана-қуана келеді.  

– Осындай киелі мекенде өнер көрсету әсеріңізбен бөліссеңіз...

– Мен Алтайдамын, ең жүрегінде тұрмын деуге болады. Әркім өз лашығын мақтайды демекші, әркімнің туған жері өзіне ыстық. Қатонқарағай расымен де Алтайдың жүрегі. Алтай Моңғолияда да, Ресейде де, Қытайда да бар. Олардың фестивалдеріне көп қатыстым. Қазақстан төл мәдениетін тереңнен бойлап, толық түсінеді. Алтай – түркілердің отаны, біздің шыққан жеріміз. Атырау, Маңғыстау мұны білмейтін шығар, бірақ бұл олардың мәселесі. Бәріміз Алтайдан шыққанбыз, ұмытпаңыздар. Сол себепті концерт береміз, халық үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз. Ашық аспан астында табиғат, музыка және халық тұтасып кетеді. "Біз біргеміз" деп ресмилетіп жіберді ғой. Мұнда біз шынымен біргеміз.

Серіктестер жаңалықтары