Тікелей эфир

Досым Сүлеев: "Дос-Мұқасанды" халықтық деңгейге көтерген тыңдарман жастар еді

Досым Сүлеев. Фото: Baiqonyr International Short Film Festival
Досым Сүлеев. Фото: Baiqonyr International Short Film Festival
Аңыз ансамбль "Дос-Мұқасанның" құрылғанына биыл – 55 жыл.

Алматыда VII Байқоңыр халықаралық шағын фильмдер фестивалі режиссер Айдын Сахаманның "Дос-Мұқасан" фильмінің премьерасымен ашылды. Картинаны ансамбльдің негізін қалаған Досым Сүлеев те тамашалады. Фильм соңында көрермен бірнеше минут қол шапалақтап, түсірілім тобына ризашылығын білдіріп қана қоймай, "Дос-Мұқасан" ансамбліне деген ыстық ықыласы мен қошеметін көрсетті. "Дос-Мұқасанның" шығармашылық жолын экраннан тамашалаған Досым Сүлеев тіпті көзіне жас алды. 


Досым Сүлеев – "Дос-Мұқасан" вокалдық аспаптар ансамблінің алғашқы жетекшісі. "Той жыры", "Алматы түні", "Күт мені", "Жан досым" секілді жиырмадан астам әннің авторы. Ғылымға бет бұрғаннан кейін де талай жетістіктерге жетті. Техника ғылымдарының докторы, профессор, академик атанды. Премьерадан кейін Досым Сүлеевтің Informburo тілшісіне берген сұхбатын ұсынамыз.


– Досым аға, картинаны бүгін бірінші рет тамашалап отырсыз ба?

– Иә. Жігіттер фильм түсірейік деп рұқсат алды, батамды бердім. Түсірілім басталғанда кеңес, көмек сұрап келді. Мен ресми кеңесші болдым. Ансамбль тарихын басынан бастап айтып бердім. Газеттерді, фотосуреттерді, кино, клип, деректі фильм, пластинкаларымызды, костюмдерімізді, өзім ойнаған саксофонға дейін бердім. Соның бәрін пайдаланды деп ойлаймын. 

Фильм ертерек дайын болды. Көрсетіңдер десем, "аға, көрмей-ақ қойыңызшы" дейді. "Консультантпын, қалай көрмеймін" десем, "29 қыркүйекте премьерада көресіз, сізге де тосынсый болсын" дейді. Жарайды деп көндім. Сол күнді күтіп жүрсем, продюсер Айгүл Байбек "Досеке, "Байқоңыр" фестивалін ұйымдастырушылар "Дос-Мұқасанмен" шымылдығын ашайық деп сұрады, рұқсат бердік" деп хабарласты. Бүгін тамашалауға "Дос-Мұқасаннан" жалғыз мені шақырды. 

Фото: Baiqonyr International Short Film Festival 

Оқи отырыңыз: Сазгер Еділ Құсайынов: Ұлттық көне музыкалық аспаптардың орны музей болмауы тиіс


Фильм түсірушілер бізді тарихта қалдыратын болды. Оларсыз да қалдық қой. Теледидарға, газетке шықтық. Бірақ, фильм деген – көркемсурет, мәңгілік. Ббасқа жастар жүз, тіпті мың жылдан кейін де көреді. "Дос-Мұқасанның" кім екенін біледі. Кино көп жыл өмір сүрсе, жастарға ұнаса, шабыт алса деймін. Соның арқасында студенттер сабағын жақсы оқып, оқуын үздік бітіріп, жақсы өмір жолын тапса, "Дос-Мұқасан" сияқты елдің абыройын көтеріп, елдің атын шығарса деймін. 

– "Дос-Мұқасан" – аты аңызға айналған ансамбль. Мұндай атақ-даңққа қалай жеттіңіздер?

– Халықтың "Дос-Мұқасан аңызға айналды" дегені рас шығар. Сондай деңгейге сол кездегі жастар жеткізді. Үлкендер бізді мүлдем түсінбеді. "Мынау не бәле?", "гитара ма, электрогитара ма?", "саксофонмен шығып жатыр" десті. Жазушылар одағында, кімдер екенін айтпай-ақ қояйын, үлкен-үлкен белгілі жазушылар "күнде де, түнде де, күндіз де, қалада да, далада да жоқ не деген қыз" деп "Қайдасың" әнінің сөздерін талдап жатты. Сол кездегі жастар алпыстан асып, жетпіске жетіп жатыр. Солардың алдында бас иемін.

Бес жылдың ішінде атымыз дүркіреп шығып, Минск қаласында әр республикадан ең мықты деген вокалдық аспапты ансамбльдер жиналған байқауда, Берлиндегі дүниежүзілік анамбльдер арасында лауреат атағын иелендік. Сол кездегі ең үлкен марапат – "Ленин комсомолы сыйлығын" алдық. Өнердің ең биік шыңына шыққаннан кейін ғылымға бет бұрып, аспирантураға түстім. Тағы бір-екі жігіт кетті. Содан кейін кәсіпқой ансамбльге айналып, "Дос-Мұқасан" әлі күнге дейін жасап келе жатыр.

Сол кезде ансамбль жастардың рухын көтеріп, сана-сезімін байытып, тәрбие беріп, намыс, патриоттық сезімдерін оятты. Оны қазір түсінбейтін шығарсыңдар. Ансамбль Қазақстанда ғана емес, Кеңес одағында бірінші болды. Сондықтан концертімізде қазақтар "Дос-Мұқасан", "біз – қазақпыз", "Қазақстан" деп мақтанышпен айтып, қыздар жылап, сондай қызықтар болған. Бізден кейін кетті әр мектепте, әр институтта, әр ауылда ансамбльдер қозықұйрық сияқты қаптап кетті. Бір-екі жыл өнер көрсетеді де, жоқ боп кетеді. Кейбірі ғана ансамбльді сақтап қалды. 


Оқи отырыңыз: "Менің атым Қожа" фильмінің кейіпкерлері есіңізде ме? Тест


Фильмдегі Досым Сүлеев. Фото: kazakhcinema.kz

– Фильмде ансамбль тарихы шынайы көрсетілген бе?

– Өзім бірінші рет көріп отырмын. Тарихты бұрмаламай, сол күйінде қалдырғаны ұнады. Хроника, деректерді сақтаған. Деректі емес, көркем фильм болғандықтан кей эпизодтарды ойдан қосқан. Кей оқиғаларды қызық болсын деп шиеленістірген. Ол да керек. Тарихын ғана көрсете берсе, көрерменге де қызық емес. Ойдан шығарылғаны бес пайыздай ғана. Ал ансамбль тарихын жүз пайыз көрсеткен.

– Актерлер рөлдерін қалай алып шықты? Фильмдегі Досым сіздің мінезіңізді көрсете алды ма?

– Түсірілімге бір рет қана шақырды. Сол кезде қазақ драма театрында рольдегі Досыммен таныстым. Біздің жас кезімізді сомдауға тамаша жігіттерді таңдап алған. Фотосуреттерімізді беріп едік, дәл ұқсатыпты. Менің рөліме актерді қалай таңдағанын білмеймін, әйтеуір бұл Досым менің жас кезімдегідей өте сымбатты жігіт екен. Басқа жігіттердің де түрі келіп тұр. Құрманайды сомдаған актриса аумайды.

Актерлік құрам маған бес минуспен ұнады. Олардың бәрі бірдей жақсы ойнады деп айта алмаймын. Ал Досым №2 фильмде тұйық, көбіне көзімен ойнап шықты. Оған қарағанда мен тірі болдым.

– Фильм соңында көзіңіздегі жасты байқадым...

– Иә, жыладым (тебіреніп – авт.) ...

– Сол кездер еске түсті ме?

– Әрине. Жастық шағымды еске алып жылап отырдым ғой.


Оқи отырыңыз: Режиссер Дәрежан Өмірбаев: Жеке кино институтының болмауы – ауру


– Музыкадан кетіп, ғылым жолын таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

– Жоқ. Ансамбльде қалмағаным үшін, әрине, ренжігендер болды. Бірақ, ғылымда да жетістіктерге жеткенімді көрді. "Дос-Мұқасанды" ұмытпадым. Аспирантураға түскеннен кейін оларға "Жан досым" әнін жазып жібердім. Сол әнді Мәскеуге келгенде алғаш рет орындағанда жылап отырдым. Құрманайдың дауысы деген тамаша ғой. 

Музыка мен ғылымның бірін таңдау өте қиын болды. Қаншама атаққа, дәрежеге жеттім. Солай шешуге тура келді. Ата-анам бала кезден "ұлымыз инженер болады" деуші еді. Кандидат, доктор, академик болдым. Сол себепті еш өкінбеймін. Өнерде де, ғылымда да жетістікке жеттім.

– Фильм түсірушілерге сізден басқа кім кеңес берді?

– Ресми консультант мен болдым. Мейірбек пен Мұрат кішкене қатысқан болар. Ресми кеңесші болып тағайындалған соң өз қызметімді орындап, барлық құжатты, деректі ұсындым. Бірақ, фильмде бәрін дерлік көрсетпеді. 

– Картинада Мұрат ағаның сізге деген ренішін көрсеткен. Қазір араларыңыз жақсы ма?

– Иә. 

– Фильмде Досым Мұратқа "музыка деген – нота" дейді. Ал Мұрат болса, көрерменнің ықыласы, махаббаты екенін айтады. Неге Мұраттың сөзімен келіспедіңіз?

– Ансамбльде нота білетін, музыкалық сауаты бар адам жалғыз мен едім. Музыка мектебінде баян сыныбын бітірдім. Басқа жігіттер ештеңе білмейді. Кейін соның бәрін үйретіп, екі дауысқа, нотаға жазып бастаған едім. Сондықтан "музыка деген – нота" деп айттым. Негізі сол ғой, нота болмаса, ойнай алмайсың. 

"Дос-Мұқасан" фильмі. Фото: kazakhcinema.kz

– Сонда да ғылымға бет бұрғанда көрерменнің ыстық ықыласын қимастық болған шығар?

– Әрине, ол кезде мәселе шешу өте қиын болатын. Досым Сүлеевті бәрі біледі. Үлкеннен кішіге дейін. Оқуға бара жатырмын, ертең қорғай алмай қалсам, өкінемін ғой, қатты өкінемін. Бірақ, әке-шешем "музыкаң жақсы, бірақ инженер болуың керек" деп айтып еді. Политехке түскенім де сол. Көп ойландым. Білімім бар, жақсы оқыдым. Соны пайдаландым да, ғылымға бет бұрдым. "Дос-Мұқасанмен" де ең биікке шықтық.


Оқи отырыңыз: 70 елде – 600-ден астам концерт. Қазақтың "Тұран" этноансамблін түркі әлемі неге жақсы көреді?


– Фильмде ансамбльдің жолын үнемі кес-кестеп жүретін кейіпкер өмірден алынған ба?

– Жоқ, осы тұсы шын емес. Мұны кино қызық болсын деп қосқан. Ал партия фильмде көрсеткендей басында жолымызға тұрды. Ансамбль атын неге "Жастар", орысша "Юность" деп қоймасқа дегендей айтылды. Бірінші хатшы орыс болған, фильмде қазақты қойып отыр. КГБ-ның тергегені де рас.

– Партия "Дос-Мұқасанды" одақ, комсомол жайлы ән жазбайды деп сынайды. Мұндай ән жазбауларыңыздың себебі неде?

– Ол кезде белгілі әншілердің әнін орыс, украин және басқа да тілдерде айтқанбыз. Орысша айтпасаң ешқайда жібермейді. Бір-екеуін орысша айтамыз да, қазақша басамыз, халық әндерін шырқаймыз. Басқа ансамбльдерге қарағанда барынша қазақша айттық. Небір тамаша әніміз болса да, конкурсқа жіберсін деп репертуарға "Соловьи России" әнін қостық. Конкурста бір орысша, екі қазақша ән айттық. Кезінде жағдай солай еді.

Досым Сүлеев. Фото: Baiqonyr International Short Film Festival 

– "Дос-Мұқасан" 55 жылдық мерейтойын қалай атап өтпек?

– Астанада жігіттер концерт беріп жатыр. 

– Сіз өнер көрсетпейсіз бе?

– Қазір ғылым жолын қуып жүрмін. Жұмыстарым бар. Академик болғаннан кейін, ғылыммен айналысуым керек. Академияда күрделі мәселелер шешіліп жатыр, соны дайындайтын комиссияның мүшесімін.


Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржылай қолдауымен Aray Media Group компаниясы түсірген "Дос-Мұқасан" фильмі 29 қыркүйектен бастап кинотеатрлардан көрсетіледі. 

Серіктестер жаңалықтары