Тікелей эфир

Форма міндеттелмейді. Баланы мектепке дайындауға қанша ақша қажет?

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Оқушылар мектепте маска режимін сақтауға міндетті.

Ведомствоаралық комиссия жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастау мүмкіндігі туралы шешім қабылдады. Мектептерде келессі санитарлық шектеулерді сақтау қажет:

  • маска режимі;
  • кварцтау, дезинфекциялау режимі;
  • сыныптың бір кабинетте болуы.

Кабинеттік жүйе алынып тасталады. Бір сынып бекітіледі. Үзіліс те әртүрлі уақытта болады. Бір оқушыдан коронавирус шықса бүкіл сынып қашықтан оқыту форматына көшіріледі. Оқушының, студенттің ата-анасы немесе білім алушының өзі ауырып қалса, онда одан аурудың клиникалық белгілері мен симптомдары байқалмаса да білім ордасына кіргізілмейді.

Осы орайда Informburo.kz жаңа оқу жылында баланы мектепке дайындау қанша тұратынын есептеп көрді.

Мектеп формасы міндеттелмейді

Жаңа оқу жылында мектеп формасы міндеттелмейді. Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ былтыр министрлік оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге рұқсат берді.

"Ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Десе де біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық", – деді Білім және ғылым министрі Асхат аймағамбетов.

Бұл шешім тек ғана келесі оқу жылы үшін қабылданды. Министрлік бұл шешімді қабылдаған кезде ең бірінші эпидемиологиялық жағдайды ескерген. Қазақстанның көптеген аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейді. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Министрдің сөзінше, ата-аналар баласына мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін. Екіншіден, кейбір отбасыларға уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу қосымша жүктеме болуы мүмкін. Ата-ана түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда баласын уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен жібере алады. 


Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Биыл да оқушылардың мектеп формасын кимеуіне рұқсат етіледі


Мектеп формасы қандай болуы керек?

Мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіледі және күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.

Ұлдардың мектеп формасы:

  • пиджак;
  • жилет;
  • шалбар;
  • мерекелік жейде;
  • күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка).

Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Қыздардың мектеп формасы:

  • пиджак;
  • жилет;
  • юбка;
  • шалбар;
  • классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка).

Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады.

Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.

Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимаратындағы температуралық режим ескеріліп, іске асырылады. Жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады. Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады. Түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айықындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. 

Сонымен қатар, ата-аналар балаларына мектеп формасынан бөлек классикалық стильдегі кез келген киімді сатып әпере алады. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметшісі Мөлдір Абдуалиева мектеп формасына қатысты қатаң талаптар болмайтынын ескертті. Шалбар мен юбка қара көк, қара жасыл, қара болуы керек – ата-ана мен мектеп оқушысының қалауына қарай. 

"Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып келер оқу жылында классикалық стильдегі ыңғайлы киім киюіне болады. Классикалық стильдегі киімнің түсі мен пішімі, матасы ұстамды және қатаңдау болғаны жөн. Сондай-ақ, киімнің үстіңгі бөлігін ашық түсті, ал төменгі бөлігін қаралау етіп таңдаған дұрыс", – деді Мөлдір Абдуалиева.  


Оқи отырыңыз: Мектеп оқушылары оқу формасы мен оқу ұзақтығы туралы не білуі тиіс?


Мектеп формасы қанша тұрады?

Бүгінде дүкендерде, базарларда Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Түркия және Қытайдан келетін көптеген өндірушілердің формасын табуға болады. Қазақстандық өндірушілер мектеп формасын орта бағада не одан жоғары бағада ұсынады. Баға киім сапасына қарай есептеледі. Мысалы, синтетика матадан тігілген ақ жеңдені 2500 теңге мен 4000 теңге аралығында, ал мақтадан тігілген жеңдейлер 6000 теңгеден басталады. Полиэстерден жасалған белдемше не шалбар – 4000-5000 теңге айналасында, ал жүн қосылған аралас матадан тігілгендері кемінде екі есе қымбат бағада тұр. Сонда мектеп формасы жинағы 30 000 теңге көлемінде тұрады. Аяқ киімді де ұмытпау керек, туфли 5000 теңгеден басталады. 

Дене шынықтыру сабағына қажет кроссовка түрі мен материалына қарай қымбаттай береді. Бағасы 3000 теңгеден басталады. Футболка – 500 теңгеден, ал шалбарлар – 3000 теңгеден. Спорт костюмін алам десеңіз бағасы 5000-6000 теңгеден басталады. Дене шынықтыру сабағына арналған жинақтың өзі кемінде 12-15 мың теңге тұрады.

Жаңа оқу жылында оқушылар маска тағуға міндетті. Бірінші сынып оқушылары үшін арнайы балаларға арналған медицина маскасын дәріханалардан шамамен бір данасын 25-45 теңгеге алуға болады. 

Мектеп рюкзактары 2000 теңгеден басталады. Оқу құралдарын базардан да, супермаркеттерден де табуға болады. Дәптерлер 19 теңгеден басталады, қаламсап жинағы – 300 теңгеден, қара қарандаш жинағы – 100 теңгеден, түрлі-түсті қарандаш жинағы – 300 теңгеден, фломастер жинағы – 400 теңгеден, өшіргіш – 20 теңгеден, ұштағыш – 25 теңгеден, сызғыш – 50 теңгеден, сурет салуға арналған бояулар – 300 теңгеден, сурет салатын дәптер – 150 теңгеден, дәптер мен кітап тысы – 15 теңгеден, қаламсауыт 350 теңгеден басталады. Осылайша оқу құралдары мен рюкзакты ең арзан бағада 5000 теңге көлемінде алуға болады. 

Бір оқушының киіміне, сөмексі мен оқу құралдарына шамамен 40-50 мың теңге қажет. Кей отбасыда балалар өткен оқу жылында киген киімдерді киер болса бұл сомадан да аз болуы мүмкін. Баланы мектепке дайындайтын ата-ананың қаржылық жағдайына байланысты болып отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары