Тікелей эфир

70 елде – 600-ден астам концерт. Қазақтың "Тұран" этноансамблін түркі әлемі неге жақсы көреді?

Ансамбль мүшелері – Серік Нұрмолдаев, Мақ­сат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жан­ту Дадабаев.

"Тұран" этно-фольклорлық ансамблі 15 жылға жуық қазақтың ұлттық музы­касын жаңғыртып, Қазақстанда да, шетелде де ән-күйді насихаттап жүрген өнер ұжымы. Осы уақыт ішінде олар 70-тен астам елде 600-дей жеке концерт берген. Оркестрге татитын топ мүшелері жалпы саны 30-дан астам ұлттық музыкалық аспапта ойнай алады. Informburo тілшісі ұлттық өнерді әлемге танытып жүрген өнерпаздармен сұхбаттасты. Ансамбль мүшелері ұлттық музыканы насихаттау, түркі халықтарын музыка арқылы біріктіруге қатысты ойларын айтып, алдағы жоспарларын әңгімеледі.

Алматыдан елордаға көшу

Informburo: Ансамбль қалай құрылды?

Мақсат Медеубек: 2006-2007 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында студент болдық. Бәріміз консерватория ішіндегі "Сарын" ансамблінде ойнадық. Оған қоса қалалық "Сазген сазы" ансамблінде өнер көрсеттік. Дос болдық. "Сазгендегі" ағаларымыз "жастарсыңдар, бізден бөлек жиналып шығармашылықпен айналысыңдар" деп аспапты да, залды да берді. Он алты адамнан соңында бесеу ғана қалдық.

Ансамбль құрамыз деген мақсат болған жоқ. Бір-екі рет сахнаға шыққаннан кейін халық "жаңаша ешкімді қайталамайтын керемет өнер екен, сіздерге ансамбль құрып, жеке репертуар жасау керек" деп ықыласын білдірді. Өзіміз де ойланып, атау іздеп, мақсатымыз бен бағытымызды айқындайық дедік. 2008 жылы 1 наурызда "Тұран" ансамблі болып құрылдық. Ансамбль болып Нұр-Сұлтанға көшіп жатырмыз.

Informburo: Көшуге не түрткі болды? 

Мақсат Медеубек: "Қазақ әуендері" секілді бізбен жұмыс істейміз деген ұжымның бәрі елордада. Жаңа жобалар бар. Астанадан тапсырыс көп түседі. Үлкен концерттерге бізді Алматыдан алдырту бір жағынан қиын. Бірге жұмыс істеуге арақашықтық кедергі болып жатыр. "Тұран" үшін болашағы жақсы деп ойладық. Алматыға еш реніш жоқ. Кіндік қанымыз тамған жер. Ат айналып қазығын табады дейді, бәрібір осы жаққа келеміз. Астана кәсіби тұрғыда өсіп, ансамблді дамытуға жайлы қала.

Алматының көрермені бізді таниды, өнерімізді сүйіп тыңдайды. Дәріс-концерттерімізге адамдар келе береді. Өнерге енді-енді бет бұрып жатқан астаналықтарды да ұлттық өнерімізбен сусындатып, болашақ ұрпақты тәрбиелесек дейміз. Астанада өткен дәріс-концертте зал лық толды, адамдар сыймай қалды. Елордаға көшеміз дегенде қуанғанын көрсеңіз. Баласына ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді үйреткісі келетін ата-ана көп. 

"Ұлттық өнерді дамытатын орталық болуы керек"

Informburo: Қазақтың ұлттық музыкасы қаншалықты насихатталып жатыр?

Бауыржан Бекмұханбетов: Қазақтың ұлттық музыкасына қызығушылық жоқ емес, бар. Бұқаралық ақпарат құралдарымыз дұрыс насихат жүргізуі керек. Қазір болмайтын концерттер, ақпараттар жиілеп кетті. Негізі ұлттық өнерді паш ететін алаңдар бар. Жақында Spirit of Tengri өтеді. Ұлытауда Жошы ханға байланысты үлкен фестиваль болайын деп жатыр. Осындай алаңдар жетерлік.

Іс-шараларды дұрыс насихаттаса, оған барам деушілер көп. Мамырда Түркияның Мерсин қаласына бардық. Концертіміз өтетінін жергілікті 150-ден астам БАҚ таратты. Ал Қазақстанда төрт-бес медиада айтылды. Көбірек насихаттаса адам іздейді, концерттерге барады. Жастар не берсең соны қабылдайды.

Мақсат Медеубек: Мемлекеттік тұрғыда ұлттық өнерді қолға алу керек. Консерваторияға, "Қазақконцертке", өнер университеттері мен колледждер дамытсын деп қарап отыратын уақыт емес. Ұлттық өнердің дамуына бағыт-бағдар сілтеп, қадағалап отыратын мемлекеттік бір орталық болуы керек. Ұлттық өнерді насихаттауға бағытталатын бағдарламалар жүзеге асса дейміз. Халықтың бойына сіңіргенде ғана көзі ашылады.


Оқи отырыңыз: "Оқуға тұрарлық ешкім жоқ емес, оқитын адам жоқ". Жазушы Бақытгүл Сәрмековамен сұхбат 


Бауыржан Бекмұханбетов: "Балапан" арнасында музыкаға қатысты үлкен жобалар жасалып жатыр. Ол аз, бізге одан да көп қажет. Телеарналардағы контенттің 10%-ы ғана қазақтың ұлттық өнері мен салт-дәстүрін насихаттайды, қалғаны керек емес ақпарат. Біздің кезімізде ертегілер, "Дала думан", "Жеті саз", "Алтыбақан" секілді бағдарламалар көп болды. Қазір ондай бағдарламалар саусақпен санарлық. Мұның бәрі жоғарыда отырған басшыларға байланысты.

Рухани ұлт болу үшін салт-дәстүрімізді, ән-күйімізді алға қоюымыз керек. Әлеуметтік желі билеген заманда керек емес нәрсе өте көп. Соны кішкентай балалар, жасөспірімдер көріп, миына сіңіреді, көргенінің бәрін дұрыс деп ойлайды. Баланың тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жауапты, бірақ оларды баласын киіндіру, тамағын алып беру, кредит жабу деген ойлар мазалайды. 

Мақсат Медеубек: Домбыра күні ұлттық өнерге үлкен демеу береді, бірақ бұл да аз. Мектептерде домбыраны ақысыз үйретеді. Үкімет бір домбыраны ғана емес, ұлттық өнеріміздің барлық түрін ақысыз үйретуі керек. Мұғалімнің жалақысын төлесін, бірақ үйренем деушілерден ақша алмауға тиіс. 

"Түріктер бізге түркі әлемінде сендер сияқты ансамбль жоқ дейді"

Informburo: 70 астам елде 600 концерт бергенсіздер. Шетелдегі концерттерді өздеріңіз ұйымдастырасыздар ма?

Мақсат Медеубек: Алғашқы кезде үкімет мұрындық болған концерттерде өнер көрсеттік. Шетелдегі Қазақстан жылы, Астана мен Алматы күндері секілді іс-шаралар қарсаңында әртүрлі ұжымдар концерт қойып кетеді. Қазір өзіміз де ұйымдастырамыз. Қытайға турне жасау идеясы келді, мұны біреу бізге жасаңдар демеді. Қытайдан агент тауып, ол қандас ағамызға барлық шартты айттық. Турнені жарнамалады. Қытайдың алты қаласында концерт қойдық. Енді Түркияға, Еуропаға жоспарлап отырмыз. Қазір шетелден өздері "бүкіл жағдайды жасаймыз, келіп концерт қоясыздар ма?" деп хабарласады. Жарнамаға да шығынданбаймыз.

Мерсинде концерт бергенде қалаға кіргеннен бүкіл жерде біздің афишамыз тұр. Теледидар, радио қоссаңыз да "Тұранның" концертін айтады. Қазақстанда концерт берсек ондай жарнама көрмейміз. Ал Түркияда көшеде адамдар таниды.


Оқи отырыңыз: Дәрмен Сәдуақасов: 50-ден астам жасөспірімге стипендия, 7 шахматшыға грант беріледі


Informburo: Түріктер неге "Тұранды" жақсы көреді?

Мақсат Медеубек: Неге түріктер бізді жақсы көреді? Біз – қазақпыз, қолымыздағы – қазақтың музыкалық аспаптары. Түркі халықтарында "Тұранның" фан-клубтары өте көп. Өткенде Бүниямин деген түрік ғалымы: "Түркі әлемінде сендер сияқты ансамбль жоқ. Музыкалық аспаптарың қазақтыкі бола тұра бүкіл түркі әлеміне рухани берер дүниелерің үлкен. Сендер түркі әлемінің ең бір өзегі сияқты болып тұрсыңдар. Жас бола тұра шығармаларыңда түркі дүниесінің өзекті мәселесін қозғайсыңдар. Жай қозғап қана қоймай жүрекке бойлайсыңдар" – деді. Түркі халқының бірігуіне көп жұмыс істеген Бүниямин қарт осы сөздерді көзіне жас алып тұрып айтты. Түріктер үшін "Ер Тұран" әнұранға айналған. 

Қазақстан әзір басқа толқында. Өкінішке қарай, өзін, тамырын тануға асықпайды. Рухымыз төмен деп айтуға аузым бармайды. Концертімізге көрермен өте көп келеді. Бәрінен ұлттық өнерге, ұлттық тамырға деген қызығушылық қатты байқалады, бірақ сыртқа шықсаңыз ондай нәрсе көрмеймін. Түркия, Әзербайжан халқы концерт қоюға ғана емес, жай өздеріне тұруға шақырады. Жоқ, кешіріңіздер, өз жеріміз, еліміз бар дейміз. "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деген. Өнер арқылы ұрпақты тәрбиелеуіміз керек.

Тойда бізді кішкентай балалар тырп етпей соңына дейін тыңдайды. Ата-аналар концертке кішкентай балаларын алып келеді, бізге сол керек. Ұлттық өнерді сусындап өскен баланың еліне деген құрметі, көзқарасы мүлдем басқаша болады. Әзербайжанда сахна артына қаншама бала келді. "Ер Тұранды" тартуды сұрайды, жан-жақтан жұлмалап суретке түскісі келеді. Сол күні екі-үш мың адаммен фотоға түскен шығармыз. Ұлттық өнерге деген осындай қызығушылық бізде болса екен деп еңбек етіп жатырмыз.

Ақылы және ақысыз дәріс-концерттер өткіземіз. Өзіміз оқу орындармен келісіп концерт қоямыз. Қарттар мен балалар үйіне сұранып барамыз. Ұлттық музыкалық аспаптарымыздың тарихын айтып, қалай жасалатынын түсіндіреміз, құрылымын таныстырамыз. Бір де бір адам тұрып кетпейді. Концерттен адам аспаннан көтерілген күйде керемет эйфориямен шығуы керек. Біз сияқты ұжымдар көп болса екен дейміз. Ансамбль болам, ұлттық аспаптар үйренем деушілер болса көмегімізді аямаймыз. Ансамбль концепциясын құруды, күйдің формасын жасауды, қай аспапты қай жерде қолдануды, қандай тақырып қозғауды түсіндіреміз. Халық көбірек әсерленсе, рухани азық алса, ұлттық өнерімізді білсе екен дейміз. 

Жетіген тартатын ер адамдар неге аз?

Informburo: Жетіген тартатын ер азаматтар өте аз. Соның бірі "Тұран" ансамблінің мүшесі – Ержігіт. Қоғамда "жетіген – қыздардың аспабы" деген стереотип қалай қалыптасты? 

Ержігіт Әлиев: Ұлттық аспаптың қай түрі болмасын оны жасаушы – ер адам. Бертін келе Қарақат Әбілдинаның демеуімен көп қыз бала жетіген аспабын үйренді. Жетігенді қыздар ғана тартады деген стереотип пайда болды. Олай емес, Еділ Құсайынов ағамыз жетігенді биікке көтеріп жүр. Әйел адам мен ер адамның ойнағаны екі түрлі. Ер ойнаса дыбысы өзгеше шығады дейді. Жетігенді саусақпен тартып іліп алған кезде қолдың күші әсер етеді. Қыз балалар ауыр аспапты тасуға қиналып жатады. Бұл жағы бізге жеңіл деп ойлаймын.

2012 жылы музыкалық колледжде 2-курс оқып жүргенде "Тұран" ансамблінің құрамына ендім. Бұл топта Қорлан Картенбаева апайымыз өнер көрсетіп жүрді. Отбасылық жағдайына байланысты топтан шығып, орнына топ мүшелері кастинг арқылы мені алды. Қыздардың аспабы деген ой менде де болды, Серік ағаға жетігенде ойнамай-ақ қойыншы деп талай рет айттым. Тарихын білгеннен кейін ер адамның ойнағаны дұрыс екенін ұқтым. Сол кірген сәттен бастап жетігенді үйреніп, он жылдан бері аспапта ойнап келе жатырмын.

Жетігеннің қиын-қисыны өте көп. Сахнада жарықтың әсерінен бір ішек екі-үш ішек болып көрінеді. Домбыраның пернесінде ноталар бар, кез келген әуенді басып ойнай беруге болады. Ал жетігенде әр шығармаға ішек бұрауын бұрап, дыбысын келтіріп ойнау керек. Дыбысы жүрекке жақын, нәзік, қоңыр үнді, жоғары дыбыстағы үндері өте ерекше. 


Оқи отырыңыз: Сазгер Еділ Құсайынов: Ұлттық көне музыкалық аспаптардың орны музей болмауы тиіс


Қазір мешіттегі имам кісі домбыра мен жетіген үйреніп жүр. Ол кісінің имам екенін кейін білдім. Өзі зейнеткер. Рухани байып, ұлттық құндылықтарды білгім келеді деп музыкалық аспаптарға қызыға бастаған. 

"Бес қана адам, бірақ үлкен оркестр ойнап жатқандай" 

Informburo: "Тұран" ансамблі несімен ерекше?

Мақсат Медеубек: Қарапайым халық кәсіби музыканың қандай екенін білмейді. Эстраданы, жеңіл музыканы тыңдайды. Кезінде ансамбль құрылғанда орыс оркестрі негізінде еуропалық үлгіде жасалды. Уақыт өте келе ансамбльдік орындауға деген көзқарас кішкене өзгерді. "Тұранды" жаңашыл дейтіндері содан. Өңдеуіміз, аспаптардың құлағын бұрау мүлдем басқаша. Қарапайым партитураны алсақ стильдік өңдеу басқаша. Әр аспаптың табиғи нақышын жеткізе орындаймыз.

Кей ансамбльдерде аспаптар негізгі табиғи нақышымен қолданылмайды деп сеніммен айта аламын. Мысалы, қылқобыз бен сыбызғыда қос дыбыс бар, бірақ бір дыбыспен ғана ойнайды. Еуропалық ансамбльдер біздің күйімізді орындағанымен, өңдеуге, аспаптарды ұтымды пайдалану мен табиғи нақышында қолдануға келгенде кемшіліктер кездеседі. Кәсіби музыканттар мұны түсінеді.

Ансамбльдік өнер арқылы қарапайым халықтың бойына кәсіби, сапалы музыканы сіңірсек дейміз. Ұрпақ таза музыканың қандай болатынын біліп өсуі керек. Тартқан аспабымыз, киген киіміміз, музыка көне болғанымен, одан заманауи үн естіледі. "Ер Тұранды" орындағанда бізді оркестрмен салыстырып, "тұтас оркестр ойнап жатқандай" дейді. Соншама дыбысты бес адам ғана беріп жатыр. Мұны құбылыс деп біледі. 

Informburo: Қазақтың ұлттық музыкасы шетелде ғана емес, өзімізде бағаланбай жатыр деген пікір естіп едім...

Мақсат Медеубек: Бұрын сондай болған шығар. Бізде қағазбастылық, жұмысбастылық көп. Концертке барып рухани тәрбие алайын, мәдени тұрғыда өсейін деу жоқ. Неге? Халықтың әлеуметтік жағдайы мәз емес, басында несиесі бар. Баламды қалай асыраймын, қалай нан табамын деп жүргенде концерт неге керек? Қолын бір сілтеп, одан да арба сүйреп елу теңге табайын дейді. Өзекті мәселе. Отыз жылда жаман болмадық, дегенмен кем тұстар бар. Ел-жер көргеннен кейін Қазақстанда неге мұндай емес дейміз. Кей елдерде халықтың жағдайы жақсы, рухани күйзеліс жоқ, өмірге деген көзқарасы бақытты, қарны тоқ, мемлекет жағдай жасап қойған. Халықтың жағдайы жақсы болса көбейеді, тамырын таниды, өнерге қызығады. Ойын-сауық, сауда орындарына бара бермей мәдениет ошақтарына барады. 


Оқи отырыңыз: "Айтыстың мазмұны жасарып келе жатыр". Ақын Жүрсін Ерманмен сұхбат 


Informburo: Музыкалық аспаптарды үйрететін мектептеріңіз жұмыс істей ме?

Мақсат Медеубек: Мектепті ашып қойдық. Әркім жеке-жеке үйретіп жатыр. Жұмыс қарбалас болып, Астанаға көшу мәселесі қозғалғаннан кейін тоқтап тұр. Бәрі бір ізге түскенде қолға аламыз.

Informburo: Онлайн үйрену мүмкін бе?

Мақсат Медеубек: Әрине, пандемияның үйреткен жақсы тұсы – онлайн оқу, қашықтан жұмыс істеу. Үйде отырып та жиналысқа қатысып, дайындала бересің. Венгрия, Франциядан онлайн сабақ алатын студенттерім бар. Бетпе-бет отырып үйрену мен онлайн үйренудің ешқандай айырмасы жоқ.

"Тұран" ансамблінің ішіне бүкіл түркі әлемін жинасақ дейміз"

Informburo: Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Мақсат Медеубек: Парақшамызда тамыз айындағы концерттердің кестесін жарияладық. Желтоқсан айына дейін концерт өте көп. Жұмыс бабымен жоспарланған концерттер, арасында дәріс-концерттер бар. Күйтабақ шығаруды көздеп отырмыз. Келер жылы "Тұранға" – 15 жыл. Мерейтойға үлкен жобалар жоспарлап қойдық.

Тамыз соңында Түркияда тағы бір концертіміз болуы мүмкін. Қыркүйекте Әзербайжанда симфониялық оркестрмен бірге концерт береміз. Швейцарияға сапарымыз бар. Әр ай сайын Instagram желісінде жоспарымызды бөлісеміз.

Informburo: Түркі әлемінің тобына айналу деген мақсат бар ма?

Мақсат Медеубек: Түркі әлеміне танымал болсақ деген амбиция жоқ. Түркі халықтарының ауызбіршілігін арттыру бағытында жұмыс істесек. Кезінде идеология тамырымыздың барлығын тарқатып, жан-жаққа бөліп тастады. Мәдениетіміз бен тіліміз өте ұқсас болса да, бір-біріне қарағанда танымайды, тілін түсінбейді. Тамырынан үзгеннен кейін түсінікті. Бірақ соны қайтадан біріктіру керек. Бірігіп, бір бірімізді қолдауымыз керек. Тамырымыз бір болғандықтан ұрпақ тамырын тани білуі керек.

Танымал болуды емес, "Тұран" ансамблінің ішіне бүкіл түркі әлемін жинасақ дейміз. Музыка арқылы кім екенін танып, көзін ашу керек. "Ер Тұранды" тыңдап көп адам оянып жатыр. Қаншама тілге аударылды. "Бөлінгенді бөрі жейді, бірігіңдер, бірігіңдер!" деп аяқталатын туындымыз түркілердің ұстанымына айналды.

Серіктестер жаңалықтары