Тікелей эфир

"Демократиялық институт": Конституциялық сотты не үшін қайтару қажет?

Қазақстанда Конституциялық сот 1992-1995 жылдар аралығында қызмет етті.

Қазақстанда Конституциялық сот қайта жаңғырады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастама әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екенін айтқан еді. 1993 жылы құрылып, екі жылдан кейін таратылған Конституциялық сотты қайтару не үшін маңызды? Informburo.kz тілшісі сарапшылардан сұрады.

Конституциялық сот деген не?

Конституциялық сот – мемлекеттік биліктің сот тармағына жататын конституциялық бақылау органы, оның құзыретіне құқықтық нормалардың конституцияға сәйкестігін бағалау кіреді. Егер орган президенттің жарлықтары мен қабылданып қойған заңдар Конституция нормаларына қайшы келеді деп тапса, күшін жоя алатын еді. 

Қазақстанда Конституциялық сот 1992 жылы 6 маусымда қабылданған "Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы" заңы негізінде құрылды. Оған 11 адам: төраға мен он судья кірді. Конституциялық соттың алғашқы және жалғыз төрағасы Мұрат Баймаханов болды. 

1995 жылы наурызда Конституциялық сот сол кездері парламент рөлін атқарған Жоғарғы кеңес сайлауын заңсыз деп танып, Жоғарғы кеңес таратылды. Бірақ сол жылы тамыз айында жаңа Конституция қабылданып, Конституциялық кеңес құрылды. Соған сәйкес, Конституциялық сот жұмысы тоқтады.

Конституциялық кеңес президент пен парламент сайлауының, референдумның заңға сәйкес өтуін қадағалайды. Сонымен қатар, президент әлі қол қоймаған, бірақ парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексереді. 


Оқи отырыңыз: Конституция 1995 жылдан бері қалай өзгерді? Таймлайн


Жаңа Конституциялық сот қандай болады?

Егер 5 маусымда өтетін референдумда өзгерістерді қолдаушылар саны басым түссе, елде 11 судьядан тұратын жаңа Конституциялық сот құрылады. Оған 11 судья кіреді. Төрағасын сенатпен келісе отырып, президент тағайындайды. Төрт судьяны – президент, қалған алтауын парламент (мәжіліс пен сенаттан үш адамнан) тағайындайды. Органға ел азаматтары, бас прокурор және адам құқықтары жөніндегі уәкіл жүгіне алады. 

Конституциялық сотты қайтарудың маңызы қандай?

Конституциялық сот Конституциялық кеңеске қарағанда демократиялық институт, деп түсіндірді заң ғылымдарының докторы, профессор Айдарқан Сқақов

"Оған барлық азаматтар, қарапайым адамдар өздерінің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған туралы өтініш бере алады. Ал Конституциялық кеңеске жеке тұлғалар жүгіне алмайды. Конституциялық кеңес тек ұсынымдар ғана бере алады, оның шешімдерінің заңды күші жоқ. Ал енді (егер халық референдумда түзетулерді жақтап дауыс берсе) Конституциялық сот шешімдері міндетті болады. Бұл қарапайым азамат үшін өте жақсы", – деп түсіндірді  Айдарқан Сқақов.

Профессордың ойынша, қазір елде құқығы бұзылып, әділетке қол жеткізе алмаған адамдар барлық сотқа жүгінуге мәжбүр. Тіпті халықаралық соттарға, соның ішінде Гаага сотына жүгінуден басқа амалы жоқ.

"Көп жылдар бойы билік реформалар туралы айтып келеді. Бірақ бұл реформалар үстірт жүргізіліп жатыр. Құдды косметикалық жөндеу сияқты жасалады, бірақ проблемалар сол күйі қалады. Бұл халықтың сот институтына деген сенімін жоғалтты. Әсіресе, Жоғарғы соттың алты мүшесі қызметінен босатылып, екеуі 10 және 12 жылға сотталғанын ескерсек. Бұл сот реформасын жүзеге асыру сот жүйесін айтарлықтай жақсартатын сияқты. Әсіресе, Конституциялық сот шынымен тәуелсіз болса, оның барлық шешімдері мүлтіксіз орындалса, президент кепілдік берсе жақсы", – деп есептейді Айдарқан Сқақов.


Оқи отырыңыз: Айдос Сарым: Мақсат – саяси алаңды жаңартып, жаңа ойыншыларға мүмкіндік беру


"Бұрынғы конституциялық сот суперпрезиденттік республика жүйесіне сәйкес келмеді"

Заң ғылымдарының докторы, профессор Сергей Ударцев Конституциялық сотты қайта құру мүмкіндігі үкімет пен парламенттің рөлі мен күшінің артуына байланысты пайда болды деп есептейді.

"90-жылдардың басында жұмыс істеген Конституциялық сот заңдардың, Жоғарғы кеңес шешімдерінің, президент жарлықтарының, министрлер кабинеті шешімдерінің күшін жоюға құзыретті болды. Азаматтар оған өз құқықтарын қорғау үшін жүгіне алатын. Алайда бұл конституциялық бақылау органы суперпрезиденттік республика жүйесіне сәйкес келмеді және 1995 жылы оның орнына негізінен заң жобаларының Конституцияға сәйкестігін тексеретін және Конституцияның кейбір нормаларына түсіндірме беретін "жұмсақ" Конституциялық кеңес құрылды. Оған тек тар шеңбердегі субъектілер жүгінеді", – деп атап өтті Сергей Ударцев.

Судьяларды президенттің, мәжіліс пен сенат депутаттарының тағайындауы осы жаңа, маңызды мемлекеттік органда белгілі бір тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тиіс. 

"Сонымен бірге, ол нақты сот істерін қараған кезде жалпы және өзге де арнаулы юрисдикциядағы соттардың құзыретіне араласпайды. Жоғарғы сот нақты жеке істерді, азаматтардың дауларын, құқықтық істерді қарайтын жоғары сот органы болып қала береді. Конституциялық сот заңдар мен заңға тәуелді актілердің Конституцияға қаншалқты сәйкес келіп-келмейтінін қарайды. Конституциялық сот енгізілгеннен кейін нақты конституциялық бақылаудың аясы толықтай кеңейеді. Нормативтік актілердің немесе олардың бөліктерінің Конституцияға қайшы екені анықталса, Конституциялық Сот олардың күшін жояды", – деп атап өтті Сергей Ударцев.


Оқи отырыңыз: Президенттің қандай өкілеттіктері қысқарады?


"Конституция нормалары бір президентке арналмаған"

Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов қазақстандықтар Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдайды деп үміттенеді.

Конституцияның 78-бабында "Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті" деп жазылған.

Бірақ Марат Башимовтың айтуынша, бұл норма іс жүзінде жұмыс істемейді.

"Нұр Отан" сайлаған парламенттің қызметіне күмән келтірмеу үшін бұл баптың жұмыс істеуіне рұқсат етілмеді. Судьялардың өздері қорықты, цензура болды. Тіпті Конституцияның қолданыстағы нормалары да жұмыс істемеді. Енді азаматтардың құқықтарын қорғаудың әлемде ортақ барлық нысандары мен тетіктерін қамтитын Конституциялық сотты қайта құру ұсынылып отыр. Қазіргі уақытта тиісті нормалар қаралып жатыр. Оған сәйкес Конституциялық сот парламент қабылдаған заңдарды ғана емес, сонымен қатар, шағым түссе, үкімет қаулыларын, президент жарлықтарын да қарай алады", – деп түсіндірді Марат Бәшімов.

Президент жолдауына сәйкес, азаматтар сотта қаралған ісіне қатысты шығарылған шешім Конституцияға сәйкес келмейді деп тапса, Конституциялық сотқа жүгіне алады. Дәл осындай құқық Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де берілген.

"Әрине, бұл өте жақсы. Заң немесе заңға тәуелді акт Конституцияға сәйкес келмесе, азаматтың өз құқығын қалпына келтіруі үшін түрлі тетіктер іске қосылады", – деді сараптама институтының директоры.

Оның айтуынша, 1992-1995 жылдар аралығында Конституциялық сот өте күшті және тәуелсіз болды, ол азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істеді.

"Бүгінгі күні адамдар мемлекеттік органдарға жиі жүгінеді, олар заңдарға шағымданып, ештеңе істей алмайтынын айтады. Ал қазір басқа механизм ұсынылып отыр. Конституцияға сәйкес келмейтін заң нормалары (немесе жалпы заңның өзі) қаралады. Бізде мұндай заңдар өте көп", – деп түсіндірді институт басшысы.

Оның пікірінше, Қазақстанда қабылданған Еңбек кодексі адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілерге сәйкес келмейді. Өйткені ол жұмысшылардың емес, жұмыс берушінің құқығын қорғайды. Кәсіподақтар толып қалған, ұжымдық келісім-шарттар жұмыс берушінің мүддесіне құрылған. Соның салдарынан, әсіресе, батыс өңірлерде жұмысшылар жиі наразылыққа шығады.


Оқи отырыңыз: Референдумға 11 млн 722 мың адам қатысады


Маман енгізіліп жатқан реформалардың игілікке бағытталғанына сенімді.

"Мен 30 жылдан бері конституциялық құқықтан сабақ беріп келемін және студенттерге адам құқықтары саласындағы халықаралық пактілердің нормаларын – бүкіл әлем нені басшылыққа алатынын Конституциямыздың бірінші және екінші тарауларымен салыстыру тапсырмасын беремін. Олар бірін-біріне қатты ұқсайды, өзгермейді, бұл дұрыс. Түзетулерде тек президент, парламент және үкімет арасындағы құзыреттерді бөлу қағидаттары үнемі өзгереді", – деді Марат Башимов.

Атап айтқанда, президент бюджет саласындағы бақылау өкілеттіктерін енді Жоғарғы есеп палатасы деп аталатын Есеп комитетіне беру туралы ұсыныс жасады. Ол парламентке бағынатын болады.

"Конституция нормалары бір президентке арналмаған. Бұл барлығы үшін, болашақ үшін ең маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін жалпыға бірдей міндетті құқықтық нормалар. Ешкім одан үстем емес. Ал біз бірінші президенттің айрықшалығын енгіздік. Бұлай болмайды. Әлемнің ешбір елінде мұндай нәрсе жоқ.

Кейбіреулер мұсылман елдерін мысалға келтіреді, бірақ біз Еуропалық адам құқықтарын қорғау конвенциясында бекітілген дамыған елдердің адам құқықтарын қорғау тұжырымдамасына тоқталамыз. Мен Конституцияның 12-бабына сүйенемін, "адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған", бұл табиғи құқықтар", – деп сөзін түйіндеді Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры.

Серіктестер жаңалықтары