1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда 98 баптан тұратын Қазақстан Конституциясы қабылданды. 1995 жылдан бері Ата заңға бес рет өзгеріс енгізілген. Іnformburo.kz Конституцияға енгізілген маңызды өзгерістерге шолу жасады.
1998 жыл. Президенттің өкілеттілігін кеңейтетін өзгертулер
1998 жылы 7 қазанда алғаш рет Конституцияға өзгерістер енгізілді. Негізгілеріне тоқталсақ, президент бес жыл емес, жеті жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс енді. Ал президент болуға үміткерлер 40 жасқа толуы керек екені жазылып, 65 жастан аспау керек деген талап алынды.
Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаса не кетірілсе, қайтыс болса оның өкiлеттiгi қалған мерзiмге көшетін лауазымды тұлғаларға Парламент сенатының төрағасы мен премьер-министрмен бірге Парламент мәжiлiсiнiң төрағасы қосылды.
"Парламенттiң өкiлеттiк мерзiмi – төрт жыл" деген сөздер алынып тасталды. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады.
Бұрынғы редакцияда мәжілістің 67 депутаттан тұратыны жазылса, жаңа редакцияда 77 депутатқа артты.
Парламент депутаттардың бестен төртінің көпшілік дауысымен Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң қабылдауға хақылы.
Өзгерген баптардың толық тізімі
33-бап. Мемлекеттік қызметшіге қойылатын жас шектеуі алынып тасталды. Конституцияның алғашқы редакциясында мемлекеттiк қызметшiнiң жасы 60 жастан, ал ерекше жағдайларда 65 жастан аспауға тиiс деп жазылған.
41-бап. Президент бес жыл емес жеті жыл мерзімге сайланады деген өзгеріс енгізілді. Президент болуға үміткерлердің жасы 35 емес, 40 жасқа толуы керек екені жазылып, 65 жастан аспау керек деген талап алынып тасталды.
42-бап. Кезектен тыс сайлауда сайланған президенттің өкiлеттiгi кезектен тыс сайлаудан кейiн бес жыл өткен соң өткiзiлетiн кезектi президенттiк сайлауда сайланған Республика Президентiнiң антына кіріскенге дейiн жүзеге асырылады деген тармақ алынып тасталды.
44-бап. Президент Орталық сайлау комиссиясы мен Есеп комитетінің төрағасын ғана емес, екі мүшесін де бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды деген толықтыру енгізілді.
48-бап. Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаса не кетірілсе, қайтыс болса оның өкiлеттiгi қалған мерзiмге көшетін лауазымды тұлғаларға Парламент сенатының төрағасы мен премьер-министрмен бірге Парламент мәжiлiсiнiң төрағасы қосылды.
49-бап. "Парламенттiң өкiлеттiк мерзiмi – төрт жыл" деген сөздер алынып тасталды. Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады.
50-бап. Бұрынғы редакцияда мәжілістің 67 депутаттан тұратыны жазылса, жаңа редакцияда 77 депутатқа артты. Оның ішінде 67 депутат республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi ескерiле отырып құрылатын және шамамен сайлаушылардың саны тең бiр мандатты аумақтық сайлау округтерi бойынша сайланады. Он депутат бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша және бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланады. Бұл бап "Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi – алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi – бес жыл" деген тармақпен толықтырылды.
51-бап. Сенат депутаттарының жартысы екі жыл емес, әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады деп өзгертілді. Мәжiлiске сайлаушылардың кемiнде жетi процентiнiң даусын алған саяси партиялар жiберiледi. Егер дауыс беруге таңдаушылардың елу процентiнен астамы қатысса, Сенатқа сайлау өткiзiлдi деп есептеледi.
52-бап. "Парламент депутатының өкiлеттiгi, тоқтатылған немесе мерзiмi аяқталған жағдайда оның бұрынғы жұмысын (қызметiн) сақтауға немесе нақ сондай жұмыс (қызмет) тауып беруге кепiлдiк берiлмейдi" деген сөйлем алынып тасталды.
56-бап. Мәжілістің ерекше қарауына президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау жатпайды.
57-бап. Парламенттің әр палатасы дербес, басқа палатаның қатысуынсыз тағайындай алатын Есеп комитетінің мүшелері үшке артты.
66-бап. Жаңа редакцияда үкіметтің міндетіне республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті әзірлеу кірмейді. Үкімет есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді. Үкімет есеп комитетінің төрт мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды деген тармақша алынып тасталған.
68-бап. Ескі редакцияда үкімет мүшелерінің өздері қабылдаған шешімдерге, тіпті оны қабылдауға жақтап дауыс бермесе де, бірақ келiспеушiлiктерiн бiрден мәлiмдемесе де ортақ жауапты екені жазылған. Жаңа редакцияда үкiмет мүшелерi өз құзыретi шегiнде шешiмдер қабылдауда дербестiкке ие әрi өздерiне бағынысты мемлекеттiк органдардың жұмысы үшiн премьер-министрiнiң алдында жеке-дара жауап бередi. Үкiметтiң жүргiзiп отырған саясатымен келiспейтiн немесе оны жүргiзбейтiн үкiмет мүшесi орнынан түсуге өтiнiш бередi не ол лауазымнан босатылуы тиiс.
75-бап. Толықтыру: Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқа заседательдерiнiң қатысуымен жүзеге асырылады.
82-бап. Ескі редакцияда Жоғары сот кеңесін президент басқаратыны жазылса, жаңа редакцияда президент тағайындайтын төраға басқаратыны жазылған.
87-бап. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерiн олардан жоғары тұрған әкiмдер тағайындап келсе, жаңа редакцияда олар президент айқындаған тәртiппен тағайындалады немесе сайланады.
91-бап. Парламент депутаттардың бестен төртінің көпшілік дауысымен Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң қабылдауға хақылы.
94-бап. Толықтыру: Президент келiсiмiмен оның өкiлеттiк мерзiмi Парламент қаулысымен қысқартылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда Парламент Мәжiлiсi бiр ай iшiнде президент сайлауын тағайындайды. Президент сайланған күннен бастап бiр ай iшiнде ант бередi және жетi жылдан кейiн кезектi президент сайлауында сайланған президент қызметiне кiрiскенге дейiн өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.
95-бап. Конституциядағы Парламент мәжілісi депутаттарын партиялық тiзiмдер негiзiнде сайлау туралы ережелерi екiншi шақырылатын Парламент мәжілісi депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады деген тармақпен толықтырылды.
2007 жыл. Тұңғыш Президент шектеусіз сайлана береді
2007 жылы да Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстанның елордасы Астана қаласы деп түзетілді.
Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленді.
Президент енді жеті жыл емес, бес жыл мерзімге сайланатын болды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керектігі айқындалды.
Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайлана алмайды. Бірақ, жаңа редакцияда бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайтыны жазылды.
Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деген тармақ алынып тасталды.
Жаңа редакцияда президент сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайтыны, премьер-министрдің актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады.
Өзгерген баптардың толық тізімі
2-бап. "Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы, астанасының орналасатын жерi мен мәртебесi заңмен белгiленедi. Қазақстанның елордасы Астана қаласы" деп түзетілді.
5-бап. Қоғамдық және мемлекеттік институттардың бiрiгiп кетуiне, қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға жол берiлмейдi.
15-бап. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді. Осыған дейін аса ауыр қылмыс жасағандарға қолданылатыны жазылған.
16-бап. Ескі редакцияда заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады делінген. Жаңа редакцияда прокурордың санциясы қосылды. Ал тұтқындалған адамға сотқа шағымдану құқығы берiледi.
41-бап. Президент жеті жыл емес, бес жыл мерзімге сайланады. Президент Қазақстанда кемiнде 15 жыл емес, соңғы 15 жыл бойы тұруы керек.
42-бап. Бiр адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайлана алмайды. Жаңа редакцияда бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
43-бап. Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы қызметiн тоқтата тұрады деген тармақ алынып тасталды.
44-бап. Жаңа редакцияда президент сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайтыны, премьер-министрдің актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады. Парламент Сенатының келісімімен ғана Ұлттық банк төрағасын, Бас прокурорды, ҰҚК төрағасын қызметке тағайындап, босата алады деп жазылған. Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Президент Қазақстан халқы Ассамблеясын құрады.
46-бап. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және конституциялық заңмен айқындалады.
50-бап. Сенаттың 15 депутатын президент тағайындайды. Бұрынғы редакцияда жеті депутат еді. Мәжіліс ендігіде 77 депутаттан емес, 107 депутаттан тұрады.
51-бап. Мәжілістің 98 депутаты сайлау арқылы сайланады. Қалған 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Жаңа редакцияда Қазақстанда он жылда тұрақты тұрып жатқан ел азаматы Сенат депутаты бола алатыны жазылған. Ескі редакциядағы кемiнде "бес жыл Қазақстан азаматы" деген сөздер алынып тасталды.
52-бап. Парламент депутаты Қазақстан азаматтығын жоғалтса мандатынан айырылады. Ал Мәжіліс депутаты конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шықса немесе шығарылса, конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
53-бап. Ескі редакциядан палаталардың бірлескен отырысында президентінің қарсылығын туғызған заңнамалар бойынша ол қарсылық жiберген күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткiзедi, Парламенттің президенттiң премьер-министрді, Ұлттық банк төрағасын тағайындауына келісім бередi, премьер-министрдiң үкiмет бағдарламасын мақұлдайды немесе қабылдамай тастайды, үкiметке сенімсiздiк бiлдiредi, республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтередi деген тармақшалар алынып тасталды.
56-бап. Ескі редакциядан Мәжілістің ерекше қарауына қарауына президентінің ұсынуымен ОСК төрағасын және онынбасарын, хатшысы мен мүшелерiн сайлау және қызметтен босату, Әдiлет біліктілік алқасының құрамына екi депутатты жiберу, президентке қарсы мемлекетке опасыздық жасады деп айып тағу жататыны жазылған. Оның орнына жаңа редакцияда палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен президентке премьер-министрді тағайындауға келісім беру, үкіметке сенімсіздік білдіруге хақылы екені жазылған.
57-бап. Парламенттiң әр палатасы дербес, басқа Пплатаның қатысуынсыз енді есеп комитетінің үш мүшесін ғана емес, ОСК екі мүшесін, Конституциялық Кеңестің екі мүшесін қызметке тағайындайды.
58-бап. Парламент Палаталарының төрағалары палаталарға Конституциялық Кеңестiң екi-екiден мүшелерiн тағайындайды деген тармақша алынып тасталып, оның орнына Конституциялық Кеңестің, ОСК, Есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады деп жазылды.
61-бап. Заң шығару бастамасы құқығы президентке де тиесілі. Бұрын Парламент депутаттары мен Үкіметке берілген еді.
63-бап. Президент Парламент палаталары төрағаларымен және премьер-министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе мәжілісті тарата алады.
64-бап. Үкімет бүкіл қызметінде президент алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты. Ескі редакцияда Парламентке есеп беретіні ғана жазылған.
67-бап. Премьер-министр тағайындалғаннан кейiнгi бiр ай iшiнде Парламентке үкiмет бағдарламасы туралы баяндама ұсынады деген тармақша алынып тасталды.
70-бап. Премьер-министр жаңадан сайланған мәжіліс алдында үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
72-бап. Конституциялық Кеңес Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Конституцияға сәйкестігін қарайды деген толықтыру енгізілді. 84-бап алынып тасталды. Онда қылмыстық iстер бойынша анықтама жүргiзу мен алдын ала тергеудi арнаулы органдар жүзеге асыратыны, бұлар сот пен прокуратурадан бөлiнгені жазылған.
86-бап. Мәслихаттарды жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл емес, бес жыл мерзiмге халық сайлайды. Мәслихаттың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын сенат емес, президент тоқтата алады.
87-бап. Президент облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкiмдерiн премьер-министрдің ұсынуымен емес, сондағы мәслихаттарының келісімімен тағайындайды.
89-бап. Қазақстанда жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды ұйымдастыру мен олардың қызметі заңмен реттеледі. Ескі редакцияда заңмен белгіленген шекте азаматтардың өзі белгілейді делінген.
2011 жыл. Президент кезектен тыс сайлауды тағайындайды
Президент сайлауына қатысты 41-бап "Президенттің кезектен тыс сайлауы президент шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі" деген тармақпен толықтырылды.
2017 жыл. Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы
2017 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістердің маңыздылары деп келесілерді атауға болады:
Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі.
Президент мемлекеттік бағдарламаларды, премьер-министрдің ұсынуымен бюджет есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтедi деген тармақшалар мен "Президент Республикалық ұланды жасақтайды" деген сөйлем алынып тасталды.
Үкімет өзінің қызметінде президент қана емес, парламент алдында да жауапты. Сәйкесінше, Үкiмет қызметi туралы президентке ғана емес, парламентке де баяндап отырады.
Конституциялық кеңес парламент қабылдаған заңдардың Конституциясына сәйкестiгiн президент қол қойғанға дейiн қарайды.
Өзгерген баптардың толық тізімі
2-бап. Астана қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін.
4-бап. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады деп толықтырылды.
10-бап. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі.
41-бап. Конституциялық заңда президенттікке кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
44-бап. Президент мемлекеттік бағдарламаларды, премьер-министрдің ұсынуымен бюджет есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтедi деген тармақшалар мен "Президент Республикалық ұланды жасақтайды" деген сөйлем алынып тасталды.
45-бап. "Президент заңдар шығарады" деген тармақ алынып тасталды.
55-бап. Cенаттың ерекше қарауына президенттің ұсынуымен Адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жыл мерзімге қызметке сайлау және оны қызметінен босату жатады.
64-бап. Үкімет өзінің қызметінде президен қана емес, парламент алдында да жауапты.
66-бап. Үкімет президент келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді, сондай-ақ олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітеді. Бірақ құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындап, босата алмайды.
67-бап. Үкiмет қызметi туралы президентке ғана емес, парламентке де баяндап отырады.
72-бап. Конституциялық кеңес парламент қабылдаған заңдардың Конституциясына сәйкестiгiн президент қол қойғанға дейiн қарайды.
79-бап. Ескі редакцияда 25 жасқа толған, жоғары заң білімi, заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс өтілі бар және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтар судья бола алады делінсе, жаңа редакцияда мұның бірі жазылмаған. Оларға қойылатын талаптар конституциялық заңда айқындалады.
86-бап. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын президент премьер-министрмен және Парламент палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін тоқтатады.
87-бап. Ескі редакцияда облыс, республикалық маңызы бар қала және астанадан өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері мәслихаттардың келісімімен президент тағайындайды делінсе, мұнда заңда айқындалатын тәртіппен қызметке тағайындалып, босатылады делінген.
91-бап. Ескі редакция: Конституцияда белгiленген мемлекеттiң бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды. Жаңа редакция: Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді.
2019 жыл. Астана аты Нұр-Сұлтан болып өзгерді
2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. 20 наурызда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, уақытша президент болды. Сол күні ол ел астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Парламент жедел түрде Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдады.
Осылайша ҚР Конституциясының 2-бабы 3-тармағы мынадай редакцияда жазылды: Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып табылады.