Тікелей эфир

"Бірінші кезекте ата-ана жауапты". Буллингпен кино арқылы қалай күресуге болады?

"Күнбағыс" картинасы 2022 жылдың сәуірінен бастап кинотеатрлардан көрсетіледі.

Режиссер Эля Гильманның "Күнбағыс" картинасы халықаралық кинофестивальдерде 50-ге жуық марапат жеңіп алды. Адамзатқа ортақ мәселені қозғайтын фильм шетелдік көрерменнің де көңілінен шыққан.

"Күнбағыс" – "орта жас" дағдарысына ұшыраған отбасының драмаға толы хикаясы. Ата-анасы ішкі қайшылықтарымен әуре болып жүргенде қараусыз қалған жасөспірім бала үйде де, мектепте де "буллингке" ұшырап, шеттетілген адамға айналады. Мектепке баруды қойып, компьютер клубынан шықпайтын Әмірді ата-анасы мен ұстаздары қалай құтқарамыз деп дал болады.

Эля Гильман фильм фестивальде үздік танылады деп ойламаған. Көтерген мәселе әлемді сілкіндіргеніне режиссердің өзі таң қалған. 

"Күнбағыс" – жасөспірімдер арасындағы суицид, кибербуллинг туралы. Бұл біздің қоғамда ғана емес, бүкіл әлемде де өзекті проблема. Шетелде фестивальдерде көрсетілгенде олар да өздерінде осындай мәселе бар екенін айтты. Фильмнің айтар ойы бүкіл әлемге түсінікті болып шықты. Өте қайғылы оқиға. Фильм идеясы кенеттен дүниеге келген жоқ. Достарымның ұлынан айырылып қалуы жүрегіме қатты тиді. Жасөспірімдерге ең алдымен, біз, ата-ана жауап береміз. Мемлекет, үкіметті кінәлап жатады. Ең бірінші ата-ана өзіміз кінәліміз. Баланың сау болып өсуі үкіметке емес, әрқайсысымызға тәуелді. Әлемді біз өзгерте аламыз", – деді фильмнің режиссері Эля Гильман.

Командаға картинаны түсірмес бұрын жобаны қорғап шығу, фильмнің қоғамға не үшін керек екенін Үкіметке түсіндіру қиынға соққан. Үш жыл дегенде жоба мақұлданып, екі жылдың ішінде қаншама марапатқа ие болды. 

"Көңіл көтеретін, коммерциялық фильмдер де керек. Олармен қатар кинематографистер, жазушылар, суретшілер, муызканттар қоғамдағы өзекті мәселерді қозғауы қажет. Баламыздың не ойлайтынын, немен айналысып жүргенін біле бермейміз. Олар өз әлемінде өмір сүріп жүргенде кенет жоғалтып аламыз. Жасөспірімдердің психикасы нәзік, тез сынады. Ал мұны байқамаймыз, түсінгіміз келмейді не көңіл бөлуге уақыт болмайды. Статистиканы қарадым, адам шошиды. Бұл буынға дұрыс тәрбие бере алмадық. Олардың кінәсі емес, бұл біздің міндетіміз еді. Балаларды ересектер ғана құрдымнан алып шыға аламыз", – деді Эля Гильман.

"Күнбағыс" фильмінен кадр

Режиссер үш баласымен терезеден секіріп кеткен әйелдің оқиғасын естігенде үш күн ұйықтай алмағанын айтады. Оның пікірінше, адамдар көз жұма қарағандықтан, тыңдамағандықтан, көмектеспегендіктен, немқұрайлық танытқандықтан осындай қайғылы оқиғалар болады. 

"Картина мен үшін де маңызды, себебі балам осы кезеңді бастан өткерді. Университетке түскен соң өмірі қалыпты арнаға түсті. Өте ауыр фильм. Монтаждау сәтінде әр кадрдан соң сыртқа шығып, тыныстап келдім. Алдымызда әрдайым таңдау бар. Фильмде шешімді көрерменнің өзіне қалдырғым келді. Біз үнемі бәрі жақсы болғанын қалаймыз, өкінішке қарай, өмір жақсы мен жаманнан тұрады. Сондықтан екі финалы бар", – деді режиссер.

Эля Гильман фильмді баласынан айырылған отбасыға арнаған. Бұл – өмірде болған оқиға. Бас кейіпкер Әмір өте тұйық бала. Қанша тырысқанымен ешкім оның тілін таба алмайды. Анасы музыкамен айналыссын деп пианино сабағына береді, ал әкесі жігіт болсын деп аңшылыққа ертіп әкетеді. Барлығы сырттай көмектесуге тырысады. Шын мәнінде балаға махаббат керек. 

"Сарапшылар комиссиясы сценарийді жоғары бағалады. Актерді үш ай іздедік. Кастинг директор түсірілім өтетін мектепке барғанда өзін біртүрлі ұстайтын баланы байқаған. "Іздегенімізді тапқан секілдімін" деп хабарласты. Рашид Мусин кастингке келгенде бірден "біздің жігіт" деп айттым. Таза органика, рөлін жақсы сомдап шықты. Аралас неке болғанын қаладым. Бұл көрерменге өтті. Киносыншылар "отбасында бізде де осындай жанжал болады, балаларымыз да сондай" деп жазды", – деді Эля Гильман.

"Күнбағыс" фильмінің режиссері Эля Гильман

Кастинг директор Әмірдің анасын ойнайтын актрисаны да ұзақ іздеген. Соңында серб актриасы Слабода Мичаловичті бекіткен.

"Ол сынаманы жібергенде мен көрген аналардың ең күштісі деп санадым. Актрисаның жұмысы қымбат тұрады. Сценарий оған қатты ұнады. Жалақы аз екеніне қарамастан келісті. Деңгейі жоғары актерлер сценарийге қарап таңдау жасайды. Слабода орысша сөйлемейді. Мәтінді жаттап алды. Мәскеудегі ресми дублері дыбыстады", – деді Эля Гильман.

"Күнбағыс" фильмінен кадр

Актер Еркебұлан Дайыров Әмірдің әкесінің рөлін сомдайды. Ол осы рөлі үшін Cannes Film Awards фестивалінде "Азияның ең үзік актері" атанды. 

"Сценарий басқа фильмдерге ұқсамайды. Жанры да, айтар ойы да бөлек. Осындай жанрдағы картинада бақ сынап көргім келді. Актерді жобада ең бірінші сценарий, көрерменге қалдырар ойы мен айтар мағынасы қызықтырады. Әркім өзіне керегін алып, финал жасай алады. Түсініктемесі бір-ақ нәрсе: қарамасаң қатын кетеді, бақпасаң бала кетеді. Түсірілім тобын марапаттармен құттықтаймын. "Оскардың" ауылы алыс емес. Командаға әр сәт үшін алғыс айтамын. Бұл фильмге түскенім үшін мақтанамын. Керемет жұмыс", – деді Еркебұлан Дайыров "Күнбағыс" фильмінің көрсетілімінде.

Картина 2021 жылы сәуірде үлкен прокатқа шығады. Прокаттағы нұсқа фестиваль нұсқасынан сәл өзгерек. Режиссер Эля Гильман "Күнбағыс" фильмін әр ата-ана баласымен бірге тамашаласа екен деп тілейді. 

"Күнбағыс" фильмінің марапаттары

  • "Үздік толықметрлі фильм" сыйлығы – New York Cinema Independent Awards, Toronto International Woman Film Festival, Crown Wood International Film Festival (Үндістан), Rome Movie Awards, Milan Gold Awards, KIFF (Kotka International Film Festival, Finland), МосфильмФест (Мәскеу, Ресей), SLATE International Film Festival (Гонконг, Қытай):
  • "Үздік режиссер" сыйлығы – Venice Film Awards, Crown Wood International Film Festival (Үндістан), Paris International Film Festival, Tokyo International Monthly Film Festival, Milan Gold Awards, Hollywood Gold Awards;
  • "Үздік әйел-режиссер" – Cannes World Film Festival, Istanbul Film Awards, New York Cinema Independent Awards, Crown Wood International Film Festival (Үндістан);
  • "Үздік шетелдік фильм" сыйлығы – Cannes World Film Festival, Istanbul Film Awards;

  • "Үздік драма" сыйлығы – Red Movie Awards (Франция), Istanbul Film Awards, Prague Film Awards;
  • "Орыс тіліндегі үздік фильм" сыйлығы – Near Nazareth Film Festival (Израиль);
  • "Үздік актер" сыйлығы – Istanbul Film Awards (Еркебұлан Дайыров, Слобода Мичалович, Рашид Мусин), Milan Gold Awards (Слобода Мичалович), Hollywood Gold Awards (Слобода Мичалович);
  • "Үздік жас актер" сыйлығы – Cannes World Film Festival (Рашид Мусин);
  • "Азияның үздік актері" – Cannes Film Awards (Еркебұлан Дайыров);
Актер Еркебұлан Дайыров
  • "Үздік оператор" сыйлығы – Istanbul Film Awards (Алексей Кирюхин);
  • "Үздік сценарий" сыйлығы – Hollywood Gold Awards (Расул Шыбынтай);
  • "Үздік қоюшы-суретші" сыйлығы – Paris International Film Awards, London International Monthly Film Festival, Hollywood Gold Awards (Оксана Азаматова);
  • "Үздік продюсер" сыйлығы – Beijing Film Festival (China), Hollywood Gold Awards (Гүлсина Мұстафина, Александр Гильман);

  • "Үздік композитор" сыйлығы – LA Independent Film Awards;
  • "Шеберлігі үшін" сыйлығы – WRPN Women’s International Film Festival;
  • Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – White Nights Film Festival (Санкт-Петербург);
  • "Ерекше аталым" сыйлығы – Paris Film Festival, LA Independent Film Awards.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары