Тікелей эфир

Бейжің Олимпиадасында бақ сынайтын 34 спортшы ішінде кімдерден жүлде күтеміз?

Фото: olympic.kz
Фото: olympic.kz
Олимпиадада барлығы 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 

2022 жылы 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Informburo.kz Олимпиадаға кімдер барады, карантин талаптары қалай сақталады, қысқы ойындарға қатысуға қанша қаржы бөлінді, спортшылардың дайындығы қалай деген сұрақтарға жауап іздеді. 

Олимпиадаға кімдер қатысады?

Қазақстандық 34 атлет 8 спорт түрінен 87 жолдама жеңіп алды. Бейжіңге баратын 19 спортшының бұл алғашқы Олимпиадасы.

  • Шаңғымен жарыс: Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.
  • Фристайл-могул: Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.
  • Шаңғы акробатикасы: Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев.
  • Тау шаңғысы: Захар Кучин слалом мен гигантты слаломда, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая жарысқа шығады.
  • Шаңғымен секіру: Сергей Ткаченко мен Данил Васильев. 
  • Шаңғы қоссайысы: Шыңғыс Ракпаров. Ол бұл спорт түрінен Олимпиадаға қатысатын тұңғыш қазақстандық.
  • Биатлон: Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев.
  • Конькимен жүгіру: Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузин. Олар бірнеше қашықтық бойынша жарысқа түседі.
  • Шорт трек: Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.

Туды кім ұстайды?

2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында шорт-тректен Қазақстан командасының көшбасшысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова ту ұстап шығады.

Екатерина Айдова 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасына, Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарына қатысты. Ол конькимен жүгіруден әлем кубогі кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.

Фото: akorda.kz

Абзал Әжіғалиев шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерінің барлық жүлдесін жеңіп алған. 2017 жылғы Универсиадада, 2011 жылғы Азия ойындарында медаль алған. Бейжің спортшының үшінші Олимпиадасы. Ол 2018 жылы Пхенчханда Қазақстан туын көтеріп шықты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада және Паралимпиада ойындарына баратын спортшылармен кездесті.

"Олимпиадада лайықты өнер көрсететіндеріңізге сенімдімін. Паралимпиадашылар үшін де маңызды сәт жақындады. Елімізде инклюзивті қоғамды дамыту жолында Паралимпиада ойындарының маңызы зор. Қазақстандық паралимпиадашылардың жеңістері – мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Өкінішке қарай, біздің спортшылардың соңғы дайындық күндері қаңтардағы қайғылы оқиғалармен тұспа-тұс келді. Біз бүкіл ел болып ұлттық құрамаға жанкүйер болатын жарыс күндері де жалпыұлттық бірлігімізді көрсететінімізді білемін", – деді мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz

Олимпиада құрамасының капитаны Абзал Әжіғалиев пен Паралимпиада құрамасының капитаны Александр Герлиц президент қолынан Мемлекеттік ту алып, ант берді.

Қазақстан құрамасының формасы

Олимпиада құрамасының формасы тұңғыш рет қазақша QAZAQSTAN деген атаумен шығады. Халықаралық белгіден ұлттық белгіге өзгерту үшін Халықаралық Олимпиада комитетінен арнайы рұқсат алынған. Қазақстан ХОК-тың үш әріптік кодтарының тізімінде KAZ белгісімен қала береді. 

Фото: olympic.kz

2022 жылғы Бейжің ойындарына арналған Қазақстан командасының формасында Qazaqstan деп жазылады. Форманы қазақстандық ZIBROO компаниясы шығарды. Шеруге арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий Шишкин дайындаған. Экипировканы дайындауға бір жылдан аса уақыт кеткен. Спортшылардың өзі де форманың дизайны, сапасы мен функционалына қатысты ұсыныстарын білдірген. 

Фото: olympic.kz

Киім Қытайдағы қысқы климатқа арнайы ойластырылған. Мұнда температура кей кездері 20 градустан да төмендейді. Сондықтан, сыртқы киім табиғи қаздың жүнімен толықтырылған, жылуды сақтап, суықты өткізбейтін заманауи жарғақтық материалдар қолданылған. Көлеміне қарамастан, киімнің салмағы аз, өте иілімді және еркін қозғалуға ыңғайлы.

Қысқы Олимпиадаға қанша қаржы бөлінді?

Қазақстан құрамасының Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға қатысуы үшін бюджеттен 228 млн теңге бөлінген. Ал Олимпиадаға дайындыққа шамамен 400 млн теңге жұмсалған. 

"Бейжің Олимпиадасына шамамен 250 млн теңге жоспарланғанымен бұл сома бұдан аз болады. Нақты сома – 228 млн теңге. Ұйымдастырушылар делегацияны, қатысушылар санын қысқартатындықтан қаржы да азаяды", – деді Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков. 

Әзірше Қазақстан шамамен 100 делегат жіберуді жоспарлап отыр. Оның 34-і – спортшылар. Қалғаны – 20 бапкер, 10 дәрігер мен массажист, 7 қызмет көрсетуші персонал, 7 штаб қызметкері.

"Коронавирус инфекциясына қатысты қатаң талаптар қойылған. Covid-19 анықталған адамды жібермейміз. Қазір бәріміз карантиндеміз. Карантиннен өтпегендер ұшаққа мінбейді", – деді Андрей Крюков.

Олимпиадаға мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен оның орынбасары Серік Жарасбаев, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев, құрылым басшылары да барады. Ал Сыртқы істер министрлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатына қатысуы бойынша мәселені пысықтап жатыр. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан рекордтар кітабына 2021 жылы кімдер енді? 


Пандемиямен тұспа-тұс келген Олимпиада

Спортшылар коронавирус пандемиясы жағдайында алғашқы қысқы Олимпиада ойындарына қатысады. 2018 жылы Пхенчанда өткен қысқы ойындарға 36 спортшы қатысты. Ол кезде құрама 91 лицензия иеленді. Биыл лицензия саны – 87. Атлеттер Олимпиадаға жолдама алу қиынға соққанын жасырмайды. Мысалы, фристайл могулдан виза мәселесіне байланысты АҚШ-тағы әлем кубогы кезеңіне Антон Бондарев бара алмаған. Ал Сергей Романов жарақат алып қатыса алмаған. Шаңғымен жарысудан спортшылар барлық қашықтық бойынша сынға түскенімен, эстафетадан сырт қалған.  

"Алғашында сегіз жолдама аламыз деп жоспараладық. Бір квотаны ала алмадық. Ерлер мен әйелдер арасындағы екі эстафетаға да қатысамыз деп ойлаған едім. Пандемия мен шектеулерге байланысты біраз турнирге қатыса алмадық. Тек қана Германияның Оберстдорф қаласында өткен әлем біріншілігінде ғана бақ сынадық", – деді команданың бас бапкері Александр Батяйкин.

Юлия Галышева / Фото: olympic.kz

Шаңғымен тұғырдан секіруден төрт лицензия жеңіп алған Қазақстан командасы іріктеу сыны өте қиын өткенін, әлемде бәсекелестік күн санап артып жатқанын, пандемияға байланысты жағдай да команданың жоспарына бірқатар өзгеріс алып келгенін айтады.

Биыл мәнерлеп сырғанаудан ешкім қатыспайды. 2014 жылы Денис Тен Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері атанған болатын. 2018 жылы Пхенчханда өткен ойындарда Юлия Галышева қола медальға ие болды.


Оқи отырыңыз: "Психологиялық дайындықтың маңызын әлі түсінбей келеді". Спорт дәрігері Олимпиада спортшыларының ойыны туралы 


Карантин шаралары 

Қазақстандық атлеттер жабық карантин аймақтарында орналасқан. Бейжің-2022 ұйымдастыру комитеті мен Халықаралық Олимпиада комитеті ойынға қатысушылардың денсаулығын сақтау үшін қатаң шаралар қолданады. Олимпиадаға баратын Қазақстан делегациясы 27 қаңтарда Нұр-Сұлтаннан Алматы арқылы чартерлік рейспен Бейжіңге ұшады. Ал шетелде жиында жүрген спортшылар 29 қаңтарда және 3 ақпанда ұшып келеді. 

Арнайы карантин аймақтары Нұр-Cұлтан мен Алматыда ұйымдастырылған. Екі апта бойы "Алау" мұзайдыны сарайының базасында конькимен жүгірушілер мен шорт-трекшілер жаттығып жатыр. 

Конькимен жүгірушілер / Фото: olympic.kz

Алматы карантин аймағына тау шаңғысы, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы командалары орналасқан. Командаларға тауда және трамплинде жаттығуы керек. Олар қонақ үй мен жаттығу аймағына "таза" көлікпен тасымалданады. Карантин аймағында жұмыс істейтін барлық көлік жүргізушілер мен қызметкерлер де "таза" аймақта тұрады және үнемі ПТР тапсырады. Сыртқы ортамен барлық байланыс шектелген, бірақ жаттығулар жоспарланған режимде өтеді.

Шетелдегі үш базада дайындалып жатқан фристайл, шаңғышылар және биатлоншылардың жағдайы күн сайын қадағаланады. Спортшылардың барлығы Бейжіңге барған соң төрт күн карантинде болады.

Спортшылармен екі психолог онлайн режимде жұмыс істейді. ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков "спортшының ең басты психологы – бапкері" дейді. 

"Қытайда карантин шаралары өте қатаң. Спортшылар күн сайын арнайы ПТР тест тапсырады. Карантин талаптарын сақтап, Олимпиадағаға толық құраммен қатысуға барымызды саламыз. Атлеттер "баблда" тұрады, ешкіммен қарым-қатынас жасамайды. Токиода қабылдаған шаралардың барлығы нәтижесін берді, ешкім коронавирус жұқтырмады. Бұл жолы да солай болады деп үміттенеміз", – деді Андрей Крюков.


Оқи отырыңыз: Олимпиада тарихта үш рет өтпей қап, бір рет шегерілген. Дүбірлі додаға қатысты 10 қызық мәлімет 


Бейжің Олимпиадасында жарыстар қайда өтеді?

Олимпиада ауылы ресми түрде 27 қаңтарда ашылады. Дегенмен шетелдік делегацияларды қабылдауды бастап кетті.

Бейжің Олимпиадасы үш негізгі кластерде өтеді. Спортшыларға ыңғайлы болу үшін ойын өтетін әр кластерде бір ауылдан бар. Яньцинде сынға түсетін спортшы жатын орнына жету үшін ұзақ уақыт жоғалтуы мүмкін. Ауылдардың жалпы аумағы – 330 мың шаршы метр. Спортшылар тұратын ғимараттар тұрғын үйге айналып, халық игілігіне беріледі.

Үш кластер:

  • Бейжің 2008 жылғы Олимпиада спорт нысандарын іске қосады және барлық мұз жарыстарын (керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты), сондай-ақ қарда төрт жарысты (ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр) қабылдайды.
  • Яньцинь Бейжіңнен солтүстік-батысқа қарай 80 км жерде орналасқан. Онда шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортынан медальдар сарапқа салынады.
  • Чжанцзякоу Бейжіңнен шамамен 162 км жерде орналасқан. Ондағы танымал қысқы курорт Чунли сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлоннан қалған жарыстарды қабылдайды.

Әрбір Олимпиада ауылында 18 бөлімшесі бар үлкен аурухана жұмыс істейді. Спортшылардың бірінен коронавирус анықталса, жедел жәрдеммен басқа ауруханаға жеткізіледі. Роботтар спортшыларға маска тағуды, қолын жиі жуып, артық әңгімелесуден аулақ болуды ескертеді. 

Олимпиадашыларға арналған ас мәзірі 4 жыл бойы дайындалған. Диета, діни көзқарас, вегетериандық ас, халал тамақ секілді ерекшеліктер есепке алынған. Аханада атлеттерге маска, қолғап, спирт жағылған мақта мен санитайзерлер беріледі. 

Олимпиада жеңімпаздарына медаль, тоқылған гүл, арнайы тапсырыспен дайындалған ойынның бойтұмары сыйға тартылады.


Оқи отырыңыз: Бейжің Олимпиадасында жүлде иеленген спортшылар қанша сыйақы алады? 


Сыйақы көлемі

Бейжің Олимпиадасында жүлде алған Олимпиадашылар мен Паралимпиадашыларға мемлекеттік резервтен сыйақы беріледі. 

  • 1-орын – 250 мың АҚШ доллары (109 млн 129 мың 500 теңге);
  • 2-орын – 150 мың АҚШ доллары (65 млн 477 мың 700 теңге);
  • 3-орын – 75 мың АҚШ доллары (32 млн 738 мың 850 теңге).

Төртінші, бесінші және алтыншы орын алғандар да құр қол қалмайды.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары