Тікелей эфир

Олимпиада тарихта үш рет өтпей қап, бір рет шегерілген. Дүбірлі додаға қатысты 10 қызық мәлімет

1896 жылдан бастап – жазғы, 1924 жылдан бері дәстүрлі түрде қысқы Олимпиада ойындары өтеді.

Informburo.kz күллі әлем көз тігетін, төрт жыл сайын спортшылар өзара мықтыны анықтайтын Олимпиада ойындарына қатысты қызықты деректер ұсынады. 

1. Олимпиада ойындары "пұтқа табынушылық" деп тоқтатылды

Ежелгі Грекияда Олимпиада ойындары діни мереке ретінде Зевс құдайының құрметіне біздің заманымызға дейінгі 776 жылы басталған. Христиан діні үстемдік орната бастаған соң Олимпиада "пұтқа табынушылық" көріп, император Феодосия I жарлығымен біздің заманымыздағы 393 жылы тоқтатылды. Бірнеше ғасыр өткеннен кейін француз қоғам қайраткері Пьер де Кубертен Олимпиада ойындарын жаңғырту бастамасын көтерді. Соның арқасында 1896 жылы қазіргі заманғы Олимпиада ойындары Афиныда бастау алды. Төрт жылдық додаға гректерге жақын 14 елдің спортшылары қатысты. Сол кезде спорттың 9 түрі – күрес, велоспорт, жеңіл атлетика, жүзу, спорт гимнастикасы, теннис, семсерлесу, ауыр атлетика, садақ атудан 43 турнир өткізілді. Сол жылы Грекия ең көп медаль жеңіп алды.

2. Тудағы шеңберлердің мәні

Олимпиада туындағы көк, қара, қызыл, сары және жасыл түсті шеңберлер бес құрылықты білдіреді: Африка, Австралия, Америка, Азия және Еуропа. Эмблеманы 1912 жылы Пьер де Кубертен ойлап тапқан. Олимпиада эмблемасы мен ту алғаш рет 1920 жылы Антверпенде өткен ойындарда қолданылды. 1988 жылы Сеул Олимпиадасында ту жаңартылды.

1952-1972 жылдары қолданылған эмблемада түрлі-түсті шеңберлердің орны ауысып кеткен. Мұны 1972 жылы Саппорода өткен қысқы Олимпиада ойындарының ашылуында көрермендердің бірі байқап қойған. Ұйымдастырушылар ұзақ уақыт өзінікін дұрыс деп тапқанымен, эмблеманың түпнұсқасын қарағанда көрерменнің қатені дұрыс байқағанын білген. 

3. Олимпиада алауы 

Олимпиада ойындарының ең басты символы – ежелден келе жатқан олимпиада алауы. Аңыз бойынша, Прометей Зевс құдайынан алауды ұрлап алып, адамдарға сыйға тартқан. Прометейдің құрметіне ежелгі гректер олимпиада алауын жағып, бүкіл ойындар бойы өшірмей ұстаған. Әлі күнге дейін бұл дәстүр сақталып келеді. 

Алғаш рет Олимпиада алауы 1928 жылы Амстердамда өткен ойындарда тұтанды. Ал алау эстафетасы 1936 жылы Берлин Олимпиадасында басталды. Алауды ойындардың өтуіне бірнеше ай қалғанда Олимпиада ойындарының отаны Грекиядағы Гера құдайының ғибадатханасында ескі дәстүрмен жағады. Грек абыздары секілді киінген әйелдер парабол айнасына түскен күн сәулесімен отты тұтатады. Таңдаулы адамдар алау жағылған факелді бір-біріне эстафета түрінде беріп, бес құрлықты басып өткен соң Олимпиада ойындары өтетін елге жеткізеді. Олимпиаданың ашылу салтанатында эстафетаның финалисі ең үлкен алауды тұтатқаннан кейін ғана ойындар басталды деп есептеледі. Барлық жарыс түрлері біткен соң алау сөнеді. Бұл Олимпиада ойындарының аяқталғанын білдіреді. 

4. Өтпей қалған Олимпиадалар

Қазіргі заманғы Олимпиада ойындары тарихында үш рет төрт жылдықтың бәсекесі өтпеді. Оған себеп – соғыс. 1916 жылы Берлинде өтуге тиіс ойындар бірінші Дүниежүзілік соғыстың кесірінен өтпеді. 1940 жылы Хельсинкиде, 1944 жылы Лондонда жоспарланған Олимпиада ойындары Екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен ұйымдастырылмады. 

2020 жылы күтпеген жерден коронавирус инфекциясы бүкіл әлемге таралып, соның салдыран Токио-2020 Олимпиадасы бір жылға шегерілді. Пандемияға байланысты өтпей қалу қаупі болған еді. Халықаралық Олимпиада комитеті мен Токио жазғы ойындарын ұйымдастыру комитеті жарыстар көрермендердің қатысуынсыз, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өтеді деп шешті. 

5. Алтын жалатылған медаль

Алғашқы Олимпиадада бірінші орын алған спортшыға күміс медаль мен зәйтүн бұтағы, күміс жүлдегерге жезден жасалған медаль мен лавр бұтағы табыс етілген. Ал үшінші орын иегері марапатталмаған.

Олимпиада ойындарында чемпиондарға берілетін алтын медальдар күмістен жасалған, сыртына ғана алтын жалатылған. Соңғы рет тұтас алтыннан құйылған медаль 1912 жылы Стокгольмде табысталды. Ал 1900 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында жеңімпаздарға домалақ емес, бірнеше бұрышты алтын мен күмістен жасалған жүлделер табыс етілді. Бүгінгі таңда алтынның үлесі шамамен медаль салмағының 1%-ын ғана (6 грамм) құрайды. ХОК стандарты бойынша, барлық Олимпиада медалінің диаметрі – 6 см, қалыңдығы – 3 мм. Марапаттардың дизайны мен композициясын Олимпиаданы қабылдаушы қаланың ұйымдастыру комитеті анықтайды, бірақ соңғы сөзді ХОК айтады. Дәстүрге сай жеңіс тұғырынан көрінген атлеттерге медальмен қоса Олимпиада бойтұмары беріледі.

6. Ең жас және ең егде олимпиадашы

Олимпиада ойындарында қатысушылардың жасына байланысты бірыңғай ереже жоқ. Әр спорт түрінде жас ерекшеліктері ескеріледі. Көп жағдайда 16 жастан бастап қатысуға рұқсат берілсе, кей спорт федерациялары жас спортшыларға мүмкіндік береді. Мысалы, Токио-2020 ойындарында Олимпиадаға алғаш рет қосылған скейтборд спортынан 13 жасар жапон спортшысы Момиджи Нисия чемпион атанды. Ал күмісті оның құрдасы бразилиялық Райсса Леал жеңіп алды.

Олимпиада ойындары тарихындағы ең жас спортшы – грек гимнасты Димитриос Лундрас. Ол 1896 жылғы алғашқы Олимпиадаға қатысқанда 10 жаста ғана болған. Сол жылы Лундрас қола медаль жеңіп алды. Олимпиада ойындарыынң ең қарт қатысушысы – швед Оскар Суон. 1908 жылы Оскар Сван 60 жасында алғашқы Олимпиада алтынын алды. Бірінші дүниежүізілік соғыстан кейін өткен 1920 жылғы Олимпиада ойындарына 72 жасында қатысып, көздеп ату сайысында күміс жүлдеге ие болды. 

7. Олимпиада ойындарына қатысқан ең алғашы әйел

Әу бастан Олимпиада ойындарына тек ер адамдар қатысты. 1900 жылдан бастап әйелдерге рұқсат берілді. 1964 жылға дейін әйелдерге волейбол мен шаңғы жарысына қатысуға рұқат етілмеді. 2000 жылдан кейін ғана ауыр атлетикадан сынға түсуге рұқсат етілді. 2012 жылы әйелдер бокстан Олимпиада жүлдесіне таласа бастады.

Хелен Барби Олимпиада ойындарына қатысқан және чемпион атанған алғашқы әйел. Ол 1900 жылы Парижде өткен ойындарында желкенді қайық спортынан сынға түскен. Кей деректерде британ теннисшісі Шарлотта Купер Стерри әйелдер арасында алғашқы Олимпиада чемпионы деп аталады. 

Тағы бір қызық дерек, 1900 жылы америкалық Маргарет Эбботт анасымен біргеПарижге Бүкіләлемдік көрмеге келген. Сол жерде гольфтен жарыс өтіп жатқанын көрген де, сайысқа түсіп қана қоймай жеңіске жеткен.  АҚШ-қа үйіне келгеннен кейін ғана Олимпиада алтынын алған алғашқы америкалық әйел екенін білген. 

8. Олимпиада ойындарын ең көп қабылдаған ел

Олимпиада ойындары екі құрлықта – Африка мен Антарктидада бір де бір рет өткізілмеген. Солтүстік Америка құрлығында алғаш рет Олимпиада 2016 жылы Бразилияда өтті. 

Олимпиада ойындарын ең көп өткізген ел – АҚШ. Бұл ел төрт рет – жазғы, төрт рет қысқы Олимпиада ойындарын қабылдады. 1932, 1960, 1980 және 2002 жылдары төрт рет ойындарды қабылдады. 2028 жылы төрт жылдықтың басты бәсекесі тағы да осы елде өтеді, Лос-Анджелес жазғы Олимпиада ойындарын үшінші рет қабылдайды. 

Ал Жапония бола өз жерінде төртінші рет Олимпиаданы қабылдап отыр. Осыған дейін Токиодан 1964 жылы жазғы ойындар өткен болатын. 

9. Медаль санынан рекордсмен

Майкл Фелпс – Олимпиада тарихында ең көп жүлде алған және чемпион атанған спортшы. Америкалық жүзгіш жазғы Олимпиада ойындарында барлығы 28 медаль жеңіп алған, оның 23-і – алтын. 

Әйелдер арасында КСРО сапында сынға түскен Лариса Латынина Олимпиада ойындарында спорттық гимнастикадан 18 медалға ие болған, оның 9-ы – алтын.

Ал медаль саны жағынан АҚШ бірінші орында тұр. АҚШ атлеттері жазғы Олимпиада тарихында 2500 медаль жеңіп алса, оның мыңнан астамы – алтын. Ал қысқы ойындар нәтижесі бойынша Норвегия мен Германиға жол береді. 

10. Тарихтағы ең қымбат Олимпиада 

Токио Олимпиадасын 2021 жылға ауыстыру шешімі ұйымдастыру комитетін тағы 3,3 миллиард АҚШ долларына шығындады. Ресми деректерге сүйенсек, бюджеті 15,9 миллиард АҚШ долларынан асып түскен Токио-2020 жазғы ойындар тарихындағы ең қымбат Олимпиада атанды. Бұған дейінгі қымбат Олимпиада саналған Лондон-2012 бюджеті 14,9 миллиард теңгеге бағаланған болатын.

Ал ең қымбат қысқы Олимпиада ойындары 2014 жылы Сочиде өтті. Бюджеті – 21,9 миллиард АҚШ доллары. Таяуда ғана басталған Токиодағы ойындар шығыны 20 миллиард АҚШ долларынан асып жығылып, тарихтағы ең қымбат Олимпиада болуы мүмкін деген болжам бар.

Тағы бір қызық жайт, 1976 жылы Монреалда өткен Олимпиада ойындары Канада экономикасына үлкен соққы болды. Канада билігі Олимпиада комитеті қорынан алған бес миллиард доллар қарызын отыз жыл дегенде төлеп бітті. 

Серіктестер жаңалықтары