Тікелей эфир

Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді

Ал өтініш қабылдау 3 шілдеден 3 тамызға дейін жалғасады.

Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев биыл докторантураға грантқа түсу үшін шекті балл 75 балды құрайтынын мәлімдеді. Ал оқуға ақылы негізде түсу үшін шекті балл – 50.

Оның айтуынша, биыл докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді. Докторантураға түсу үшін бір ғана жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламаларының тобын таңдауға болады.

"Докторантураға түсу үшін өтініштер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады. Бұдан әрі өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Оқуға түсушілер өңірлік тестілеу орталықтарында түсу емтихандарын тапсырады. Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсушілер емтихандарды өз жоғары оқу орындарының базасында тапсырады", – деді Әділет Тойбаев.


Оқи отырыңыз: Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге өтініш 18 маусымнан бастап қабылданады


Түсу емтихандарының кестесін Ұлттық тестілеу орталығы әзірлейді. Емтихан өткізу бағдарламалары мен кестесі оқуға түсушілерге емтихан басталғанға дейін хабарланады.

Оқуға түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балды құрайды. Оның ішінде:

  • эссе – 20 балл;
  • докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл;
  • бейінді емтихан сұрақтары – 50 балл.

Емтиханға 4 сағат беріледі.

2021-2022 оқу жылына PhD мамандарын даярлауға 1 890 грант бөлінген.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары