18 қыркүйекте Алматыда жуықта ғана қабылданған жаңа Денсаулық кодексіне қарсы митинг өтті. Наразылық шарасы "Сары Арқа" кинотеатрының артындағы скверде ұйымдастырылды. Әкімдік шараға 200 адамға қатысуға рұқсат берген. Алайда, митингке келгендердің саны 50-ге ғана жуықтады.
Оқи отырыңыз: Президент жаңа Денсаулық кодексіне қол қойды. Дау тудырған жаппай вакцинациялау мәселесі енді қалай шешіледі?
Митингке маска тақпа келгендерге медициналық бетперделер ұсынылды. Ұйымдастырушылар қатысушылардың дене қызуын өлшеп, қолдарын өңдеуді сұрады. Сондай-ақ, митингтегі тәртіп ережелері жазылған жадынамалар таратты.
Митингті ұйымдастырушы – невропатолог дәрігер Қайырғали Қонеев. Ол барлық қатысушыларды әлеуметтік қашықтықты сақтауға, белгіленген сызықтардың жанында тұруға және медициналық масканы дұрыс тағуға шақырды.
Наразылық шарасын ұйымдастырушылар бірден "Біз мемлекет пен үкіметке қарсы емеспіз. Тек кодекстің кей пункттері көңілімізден шықпайды" деп мәлімдеді. Олар жаңа заңда адамдардың мүдделеріне сәйкес келмейтін нормалар көп деп есептейді. Әрі құжаттың Қазақстанның конституциялық жүйесінің негіздеріне сәйкес келмейтінін айтады.
Қайырғали Қонеев екпе салдырудың өте маңызды екенін айта келіп, вакцинаны мәжбүрлеудің дұрыс емес екенін алға тартты. Оның ойынша, екпе алмаған балаларды балабақшаға қабылдамау – сорақылық. Сол арқылы жаңа заң баланың білім алуға деген конституциялық құқығын шектеп, физикалық дамуын тежейді дейді ол. Сондай-ақ, белсенді дәрігер жаңа кодекс жемқорлықтың жолын ашуға оңтайлы құжат екенін алға тартты.
"Санитарлық дәрігерлерге ерекше құзырет беру сыбайлас жемқорлық деректерін арттырады. Жаңа заңға сай, санитарлық дәрігер соттың шешімінсіз кәсіпкерлік қызметті шектей алады. Кәсіпкерлік кодексте тек сот шешімімен шектелетіні жазылған. Ал жаңа заңға сай аудандық санитарлық дәрігер кәсіпкерге келіп, ұйғарым жасап, қызметін шектей салады", – деді митинг ұйымдастырушысы.
Наразылық шарасында "вакцинаның кесірінен 9 айлық қызымнан айырылдым" деген қазақстандық Марина Шаймаханова да төбе көрсеттті. Ол бұған дейін міндетті екпеге қарсы "Бас тарту құқығы" петициясын жариялаған болатын. Құжатқа 170 мың адам қол қойып, кодекске қарсылық танытты. Белсенді вакцинаны салғаннан кейін баланың бойында болатын ауытқулар үшін жауапкершілік жүктеу керек дегенді алға тартты.
"Біздің ең басты талабымыз – екпе міндеттілігін алып тастау. Екіншіден, екпеден кейінгі асқыну бойынша тергеу жүргізу үшін құжаттарды қалпына келтіру. Екпе салмас бұрын баланың денсаулығын толық тексеру керек. Қан, несеп жолдарына тиісті ультрадыбыстық тексеріс жасап, барлығын бақылаған жөн. Ата-анаға вакцинаның және оның әсері туралы толық ақпарат беру қажет. Егер екпе салғаннан кейін баланың денсаулығына қандай да бір зиян келсе, материалдық, ақшалай көмек беру немесе реабелитация жасау керек", – деді Марина Шаймаханова.
Оқи отырыңыз: Алматыда несие амнистиясын талап еткен рұқсат етілген митинг өтті. Фоторепортаж
Наразылық шарасын ұйымдастырушылар "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінен төмендегі пункттерді алып тастауды талап етті:
- кез келген адамға міндетті вакциналарды алу міндетті;
- жасына шек қоймаған балалардың репродуктивті денсаулығын қорғау туралы ақпарат алу құқығын күшейту, бұл олардың жыныстық тәрбиесін білдіреді;
- балаларға 10 жастан бастап құпия (ата-анасыз) психикалық және репродуктивтік денсаулық сақтау қызметтерін ұсыну;
- мектеп және мектепке дейінгі медицинаны енгізу;
- анық емес критерийлер бойынша мәжбүрлі психиатрияны қабылдау;
- азаматтарды профилактикалық медициналық тексеруден және скринингтік тексерулерден өтуге міндеттеу;
- адамның келісім презумпциясы негізінде өлімнен кейінгі мүшелерді алуға мүмкіндік беру;
- адам ағзалары мен тіндерін Қазақстан халқына қажеттілігін сылтауратып, сондай-ақ диагностикалық және ғылыми мақсаттар үшін шетелге әкетуге рұқсат беру;
- медициналық қызметті көрсетудің цифрлық нысанын, сондай-ақ медициналық деректерді адамның келісімінсіз цифрландыруды қамтамасыз ету;
- дау-дамайсыз сандық денсаулық паспортын тағайындау;
- санитарлық дәрігерлердің жеке және кәсіпкерлік қызметті шектеу құқықтарын кеңейту;
- медицинадағы сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасау.
Митинг резолюциясында жаңа Кодекстің қоғам келіспейтін нормаларын тоқтата тұру, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен осы мәселелерді талқылау үшін жұмыс тобын құруды ұсынылды. Сондай-ақ, талқылаулардың нәтижелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне "Халық денсаулығы кодексіне" және денсаулық сақтау жүйелеріне өзгерістер мен толықтырулар жобасын әзірлеу тапсырылмақ. Әрі мұндай заңның қабылдануын республикалық референдумға ұсынбақ.
Наразылық шарасын ұйымдастырушылар митингке қатысушыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазылған үндеуге қол қоюды ұсынды. Онда, белсенділердің талаптарынан бөлек, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар" жобасын шұғыл енгізу және Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүшелігін тоқтату туралы талаптар қойылды. Қол қоюшыларының пікірінше, ДДСҰ-ның Қазақстан азаматтарының денсаулығына араласуы кодексті қабылдауға соқтырды.