Тікелей эфир

Дэннис Кин: "Абай жолының" ағылшын тіліне аударылмағанына таң қаламын

Дэннис Кин \ ©Тимур Батыршин
Дэннис Кин \ ©Тимур Батыршин
Мұхтар Әуезовтың "Америка әсерлері" очеркі мен сапар кезінде жазған күнделігі ағылшын тіліне аударылды.

Алматыда қазақ драматургі Мұхтар Әуезовтің очерктері мен естеліктері негізінде жазылған "Америка әсерлері" кітабының тұсаукесері өтті. Жазушы 1960 жылы әріптестерімен бірге АҚШ-қа барып, кейін сапары туралы очерк жазған. Кітапты аударған California Academy мектебі мен Walking Almaty қызметінің негізін қалаушы Дэннис Кин неліктен қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылық танытқаны, Мұхтар Әуезов мұрасын ағылшын тіліне аудару туралы ойдың қалай келгені туралы әңгімеледі. 

– Қазақстан сізді несімен қызықтырды? Қазір немен айналысасыз?

– Алматы қаласында тұрып жатқаныма 9 жылға жуық уақыт болды. Өзім білім алған университетте қазақ тілін оқып, кейін осы білімімді жетілдіру үшін Қазақстанға келдім. Қазақ тілі мен халықтың мәдениетіне деген қызығушылығым орасан зор болды. Осы жерде әйеліммен танысып, екеуіміз шаңырақ көтердік. Соңғы 7 жылда негізінен туризммен айналысамын. Бірақ басты ерекшелігі – шетелден келген қонақтарға қаланың ішін ғана көрсетемін. Ол көк базар, барахолка, кіші астана, "Компот" және т.б. Сондай-ақ, Американың Лос-Анджелес қаласындағы университетінде студенттерге сабақ беремін. 

– Университетте қай сала бойынша білім бересіз?

– Ол жақтағы жұмысым да қазақ мәдениеті, әдебиеті және тарихымен тікелей байланысты. Бірінші курс "Қазақ мәдениеті мен тарихы" деп аталады. Ал екіншісі – "Базалық қазақ тілі". Біздің студенттер бастапқыда Ресейде оқып, кейін саяси жағдайға байланысты Қазақстанның Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде білім алып жатыр. Сол себепті мұнда келерде олар қазақ тілін аздап болсын білуі керек. 


Оқи отырыңыз: Бақыт Оразымбетова: Қазақстанда Шоқан Уәлиханов маршрутын ұйымдастыру қажет


– Мұхтар Әуезовтың "Америка әсерлері" очеркін ағылшын тіліне аударуыңызға не себеп болды? Бұл ой қалай келді?

– Осыдан екі жыл бұрын пандемия кезінде newspapers.com онлайн журналынан қазақ халқы туралы қандай да бір мәлімет іздеп көрдім. Қазақ мәдениетін зерттеуші адам ретінде архивтен көп материалдың табылғанына қатты қуандым. Кейін газетке Мұхтар Әуезовтың шыққанын анықтадым. Бұл Джек Лондон мақаласының Жезқазған газетінде жүруімен тең еді. Жазушының "Америка әсерлері" кітабы бары есіме түсті. Мұхтар Әуезовты барлық қазақстандық біледі, бірақ оның Америкаға барғаны, сапардан алған әсері туралы очерк жазғанын көп адам біле бермейді. Мұхтар Әуезов туралы Америка газеттеріндегі барлық басылым мен суреттерді жинақтап, Auezov in America атты мақала жарияладым. Барлығы осыдан басталды. Кейін Қазақстанға оралған соң, Дияр Асқарұлымен таныстым. Мақаламды оқып шығып, екеуіміз аудиторияны кеңейтуді мақсат тұттық. Бұл очерктер орыс тіліне де аударылмаған екен. 

©Тимур Батыршин

– Кітаптың авторлық құқығы кімге тиесілі?

– Бұл жерде түсінбестік болмауы керек. Мен кітап жазған жоқпын, қандай да бір идея қоспадым, тек ағылшын тіліне аудардым. Қалай десек те бұл Мұхтар Әуезовтың мұрасы. Сондықтан авторлық құқық Мұхтар Әуезов орталығына тиесілі. 

– Мұхтар Әуезовтың осы сапар кезінде жазған күнделігін де аудардыңыз. Бұл сапар жазушыға қандай әсер қалдырды деп ойлайсыз?

– Очеркті кеңес одағының өкілі ретінде жазғаны байқалады. Яғни Американы "Қалалары әдемі, бірақ моральдық сана төмен" деген сияқты. Бірақ күнделігін оқып отырсаңыз, тамаша әсер алғанын байқауға болады. Бір ай АҚШ-та болып, 10 рет кинотеатрға барып фильм көрген екен. Ерекше ләззатқа бөленгені туралы жазады. Ал супермаркеттер туралы "Бұл жерде кеңес одағындай емес, дүкенге кіріп азық-түлікті өзіміз ала берсек болады екен" деп жазады. Мұндағы жазған әсері очерктегіден өзгешелеу. 

– Кітапқа қандай маршруттар енгіздіңіз?

– Кітаптың соңына ол кісі барған жер, қала, фильм және т.б. атауларын жазып шықтым. Бұл болашақта зерттеушілер Мұхтар Әуезовтың Америкада қай жерде болғанын түсіну үшін. Бұдан өзге Дияр Қонаев пен украин жазушысы Олесь Гончардың жазушының осы сапары туралы эссесі бар. 

Дэннис Кин мен жары Адиса \ ©Тимур Батыршин

– Алдағы уақытта тағы да қазақ тіліндегі кітаптарды аудару жоспарыңызда бар ма?

– Демеушілер тауып жатсам, мен қуана-қуана қолға алатын едім. Өйткені, үлкен қызығушылықты көріп отырмын. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" Қазақстандағы ең танымал роман. Ал ағылшын тіліне аударылмаған. Неліктен осы күнге дейін аударылмағанын түсіне алмаймын. 


Оқи отырыңыз: Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған кітапта ғалым жайлы тың деректер ашылды


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары