Тікелей эфир

Қазақстандықтарға қай елге бару қауіпті? Жаңалықтарға шолу

Салымшылардың қаражаттарын қайтару мерзімі қысқартылады. Алдағы күндері елімізде 41 градусқа дейін ыстық болады.

11 млн қазақстандық туралы мәліметтің интернетке шығып кетуіне кінәлілер жазаланады

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті қазір осыған жауапты лауазымды тұлғаны анықтау үшін мемлекеттік органдарға сұранымдар жолдап жатыр. Табылған жағдайда оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 641 бабының 1,2 тармағында көзделген талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлға болса – 10 АЕК, шағын кәсіп иесі болса – 15 АЕК, орта кәсіп иесі болса – 30 АЕК, ірі кәсіп иесі болса – 100 АЕК айыппұл салынады.

Салымшылардың қаражатын қайтару мерзімі қысқартылады

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап депозит бойынша кепілдік туралы заңның жаңа нормасы күшіне енеді. Оған сәйкес барлық банк операцияларын жүргізуге берілген лицензиядан айыру Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) қаражатынан өтем төлеуге негіз болады.

Одан кейін салымшылар (жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер) банктің лицензиясынан айрылған күнінен бастап 35 жұмыс күнінен кешіктірмей ҚДКБҚ резервінен ақшаларын алады.

Денис Тен ісі: Жанар Толыбаева қауіпсіздігі орташа колонияға қайтарылады

Жоғарғы соттың кассациялық алқасы Бас прокурордың наразылығын қанағаттандырып, танымал спортшы Денис Тенді өлтіру ісі бойынша сотталған Ж.Толыбаеваны колонияға қайтару туралы қаулы шығарды.

13-ші наурызда Алматы соты Ж.Толыбаеваны бала тууына байланысты жазасын қоныс колониясында өтеу туралы шешім қабылдаған болатын. Осылайша сот оның қорғаушысының жазасын өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы өтінішін ішінәра қанағаттандырып қойды. Жазасы жеңілденген Жанардың қуанышы көпке созылмады. Кассация шешіміне сәйкес ол жазасын өтеп жатқан колонияға қайта оралады.

Шымкентті дамытуға 1,2 трлн теңге жұмсалмақшы

Үкіметте Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны іске асыру үшін 1 трлн 284 млрд теңге қажет. Осының 836 млрд-ы жеке инвесторлардың, 299 млрд-ы республикалық бюджеттің есебінен тартылады екен. 81 млрд-ын жергілікті бюджеттен 68 млрд-ын мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қамту қарастырылыпты.

Қала әкімі Ғ.Әбдірақымовтың айтуынша, осы қаражаттарға тұрғын-үй құрылысы қарқынды жүріп, көлік инфрақұрылымы дамытылады. Әуежайға жаңа терминал салынады. Ескі вокзал жөндеуден өтеді.

6 шілдеде заңсыз митингіге шыққан 100-ден астам адам ұсталды

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, Алматы мен Астанада ұсталған адамдардың 44-і әкімшілік жазаға тартылған. 19 адамға әкімшілік қамауға алынып, 23 адамға айыппұл салынған. Қалғандары әңгімелескеннен кейін босатылыпты.

Министр митингке қатысқандардың Алматыда Абай даңғылындағы, Астанада Республика даңғылындағы қоғамдық көліктің қозғалысын тоқтатпақшы болғанын атап өтті. "Мұнымен қоса адамдардың мереке күні демалуына, мейрамға арналған шаралардың өткізілуіне кедергі келтірді. Сол үшін олар ұсталып, әкімшілік жауапкершіікке тартылды", деп түсіндірді Е.Тұрғымбаев.

Қазақстандықтардың құпия медициналық мәліметтері интернет желісіне тарап кетті

Бұл туралы Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығы хабарлады. Ақпаратқа сүйенсек, Damu Med желісіне тиесілі клиникалардің пациенттері туралы мәлімет әләуметтік желіде жарияланып кеткен. Кеше медициналық ұйым бұл ақпаратты ресми растады.

Facebook желісіне жарияланған жазбада компанияның тексеру жүргізу үшін құқық қорғау органдарына беруге материал дайындалып жатқаны хабарланды. Компанияның мәліметінше, Facebook-тегі скриншоттардың жариялануына еш алаңдаудың қажеті жоқ. Медициналық мәлімет тек авторизацияланған тұлғаларға ғана қолжетімді. Кейін медициналық мекеменің басшысы Наталья Киль желіге жарияланған мәліметтің 12 анализ қорытындысына тиесілі екенін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, келеңсіз жағдайға медициналық ақпараттық жүйе нарығындағы бәсекелестіктің себеп болуы әбден мүмкін.

Қазақстандықтарға қай елге бару қауіпті?

Еліміздің бас санитар дәрігері Ж.Бекшин Отандастарымызға Батыс Африка елдеріне барудың қауіптері көп екенін ескертті.

– Ең бірінші Мадагаскар мемлекетіне баруға кеңес бермес едім. Онда оба қатты таралып жатыр. Одан кейін Бразиялияға барудан да аулақ болған дұрыс. Өйткені Денге мен эбола вирусы, сары қызба аурулары қозып тұр. Батыс Африканың өзге де елдеріне барудан тартыну қажет. Инфекцияға бейім ел ретінде Конго демократиялық мемлекетін атар едім. ДДҰ мәліметінше онда Эбола дертімен ауру көрсеткіші шектен шығып тұр, – деді Жандарбек Бешкин.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Шетелде жүргенде қандай тамақтардан тартыну қажет? Шетелге саяхат жоспарлаған кезде дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайттарына кіріп, қай елдерде қандай аурулар тарап жатқанын біліп алған абзал. Көшеде, базарларда кездейсоқ саудагерлерден тамақ сатып алмау қажет. Ең дұрысы елге танылған дәмханалардан, қонақүй қызметкерлері ұсынған жерлерден тамақтанған абзал. Экзотикалық тағамдар алудан сақтанған жөн. Әсіресе балық және теңіз тағамдарын абайлап тұтыну қажет.

Tengrinews.kz: Алдағы күндері елімізде 41 градусқа дейін ыстық болады. 10-11 шілдеде Атырау облысында 35-38 градус, Жамбыл облысында кей жерлерде 41 градусқа дейін ыстық болжанып отыр. Шығыс Қазақстан облысында да қатты, найзағай, бұршақ болады деп болжам бар. 10 шілдеде Ақмола облысының кей жерлерінде, 11 шілдеде басым бөлігінде 35-38 градус қатты ыстық болады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары