Тікелей эфир

"Құдайы ас өткізу уақытша тоқтатылсын". Жаназа мен жерлеу рәсімін өткізудің жаңа тәртібі қандай?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналуға болмайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде жүргізіліп жатқан карантиндік іс-шараларды сақтай отырып, індеттің алдын алу мақсатында ел азаматтарын жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты талаптарды жария етті:

  1. Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізу;
  2. Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдарға бетперде тағу, қол алысып амандаспау;
  3. Жаназа намазын 5 минут ішінде өткізу, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтару;
  4. Зейнет жасындағы кісілерді, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарды және мектеп жасындағы балаларды жаназа намазына қатыстырмау;
  5. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмау;
Оқи отырыңыз: Жаназа және құдайы ас. Індет кезінде бұл рәсімдерді өткізуде қандай талаптар сақталуы тиіс?

Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес (Фәтәуа Һиндия, 1/223). Жаназаны үш қатар болып оқу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі", – деген (имам Тирмизи). Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни, ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады (Фәтәуа Татархания, 1/611).
  1. Жаназа намазын қоғамдық орындарда өткізбеу;
Өйткені адам жүретін жолда жаназа намазын оқу – мәкруһ. Жаназа намазын арнайы орында оқыған дұрыс (Фәтәуа Һиндия, 1/226).
  1. Қабір басын көтеру, кесене салу және оны қоршау жұмыстарын тоқтатып, марқұмның басына белгі қоюмен шектелу;
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі

Шариғатта қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі (Хашияту ибн Абидин, 2/236). Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазғунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған (имам Әбу Дәуіт). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруге, үстіне отыруға және құрылыс салуға тыйым салған (имам Муслим).
  1. Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтату.
"Елімізде вирустық індеттің өршіп тұрғаны өздеріңізге мәлім. Індет жұқтырған адамдардың саны көбейіп тұр, қаза тапқандар да аз емес. "Сақтансаң – сақтаймын" демекші, әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлылық таныту – өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ" делінген ҚМДБ сайтында.
Серіктестер жаңалықтары