Тікелей эфир

Даниялық қазақ әулетінің елу жылдық иммиграциялық биографиясы

Сурет Акбар Аюбидің жеке мұрағатынан алынған.
Сурет Акбар Аюбидің жеке мұрағатынан алынған.
63 елмен байланыс жүргізетін даниялық компанияның қызметкері Қажы Акбар Аюбидің айтуымен өзі естіп-куә болған үш ұрпақтың жарты ғасырлық көшінің баяны.

Даниялық қандасымыз, экономист Қажы Акбар Аюби – Мемлекетті экономикалық басқару мен жекелеген бизнес секторын экономикалық тұрғыдан басқарудың кәсіби маманы. Қазір әлемдегі ең ірі және ең алғашқы жел генераторларын өндіруші даниялық "Vestas" компаниясының бас кеңсесінде бизнес-сарапшы боп жүр.

Қазақстан (Қызылорда, Қармақшы) – Өзбекстан (Науаи, Үшқұдық) – Ауғанстан (Герат, Ақсарай) – Иран (Гүлстан, Горган) – Дания (Орхус) бағытындағы қазақ әулетінің елу жылдық иірімі көп иммиграция тарихын біледі.

Шырағы сөнбеген жансыз шаңырақ

Ныспысы Базарбай. Бұхарада діни-мантық білім алғандықтан ел ішінде Молла Базар атанып кеткен. Сайы малды, сарайы жанды Аю бидің ұрпақтары ара-тұра жылқы түлігін алдына салып, Орынбор базарына айдап, өткізеді екен. Тапқан қаражатқа молынан қант-бұрыш, қалалық бұйым алып келеді.

Қызыл мен ақ арасындағы шабын-тартыс саябырсып, байға кегі кеткен жалшылар тұғыры беки түскен кеңес үкіметінің "есе қайтарасыңдар", "бәрі тең болады" деген пәлелі пәрменіне еріп, ел ішін ала тайдай бүлдірген кез. Молда-байды ұстап бергіш тыңшылық пен шолақ белсенділік айналада өршиді.

Екі ай бұрын жақын жолдасының "Кешкілік саған бармақ, қамдан, ізіңді суытып үлгер" деген ескертуінен бері қалың қызыл жыңғылдың бұтасы арасында жатыр.


Кәмпескелеу кезіндегі көшуге дайындық

Кәмпескелеу кезіндегі көшуге дайындық / Көрнекі сурет e-history.kz сайтынан алынған


1930 жылы бай-құлақтардың малын, мүлкін тәркілеп, кәмпескелеу күшейді. Шүлендей үлестірілген шен туыс арасын суытып тастаған. Ауқатты ағаға белсенді іні қас. Өткенде ғана Ханшагүл аудандық батырақтар комитетінің уәкілі боп кеткен қайнысы түсіндіру науқаны деп баса-көктеп кіріп, "ағаңнан хабарсызбыз" дегеніне еліріп, үйдегі көз көрер тұстағы бұйым-күмісті тартып алғанын айтқан.

Ал бүгін ауылдағы ағайынды Ханшагүл келіншегінің қатысымен астыртын ғана ұйымдастырған, ойлағандары – бір түнде күнгейге қарай жылжу. Сыр білдірмес үшін түн іші тоқал тамдары мен қойторы үйлерін жықпай, шырағын жағулы қалпында, бірді-екілі кәрі иттерін қалдырып барады. Артта болар-болмас жарығы жыпылықтаған ауылдың үстіне қорғалаған ай ғана.

Құдайдың Үшқұдыққа апарар мехнатқа толы құқай жолы

Іштен шыққан қос шұбар жылан, қызылға құлқы кеткен екі қазақ жігіті мен көк көз орыс лейтенанты көшкен жұрттың артына түсіпті деген хабар жеткен бойда Молла Базардың аталас інісі Тақан қарап отыра алмайды. Орнынан жұлқына тұрып, келген ізбен кері қайтыпты. Сайға құлай жайғасқан түйетас тасасында кеш қарайғанша қуғыншыларды ұзақ күтеді. Жұлдыз самсап, көз байлана бергенде иек астынан үш ожардың күңкілдеген даусы естіледі. Олар бір төбенің басында от жағып, жүгін түсіреді.

Аяқ суытып отырған үшеудің Әзімбай, Ескелді байларды қалай қор қылғанын жарыса сөз еткенін естіп, қаны қайнайды. Әлгілер қорылға басқанда мылтықтың дүмбісімен жайратып салып, аярлардың ат-қаруын барымталап, аяқ-қолдарын матап, айдалаға қалдырып кетеді.


Ауылға келе жатқан большевик өкілі

Ауылға келе жатқан большевик өкіл / Көрнекі сурет e-history.kz сайтынан алынған


...Жансауғалап жер ауған жұрт жат елдің қарақшылары мен әскерилерінен қатты секемденді. Тіпті мазасызданып жылай берген жас балаларының етегіне ылғал құм толтырып, жолда қалдыруды жөн деп тапқан. Молла Базар елден артық жерім жоқ деген оймен үш жасар ұлына тақай келгенде, Ханшагүл "ойыңа келмесін, өлсем де осы баламмен қаламын" деп бой бермеген соң тастаймын деген райынан қайтқан екен.

Күндіз көлеңкеде аялдап тынығады, негізгі жүріс түнде. Жол бойында құндақтаулы балаға тазалап-қарауға мұрша болмай, бірнеше күн бойы жаялығы ауыстырылмай, күтімсіз жүрген қызының денесі құрттап, етіне өтіп кеткен екен. Көбі "адам болмайды" деген кішкентайдың көрері бар екен. Кейуана кимешегін кию бұйырды.

Бас сауғалап үдере көшкен қазақ ұзақ сапардан соң Үшқұдық елді мекеніне келіп орнығыпты. Кете, табын, кедей рулы жергілікті халықтың қабылдауы, қас-қабағы жылы болған деседі. Кіші жүздің Шөмекей руынан Аспанның, одан тараған Аю би ұрпақтары, өзіміз екен десіп туысқан ағайынмен табысқанына үшқұдықтықтар қауқылдасып жатты. Көзге сіңген көп қиындық санада көнеріп, ел ертеңіне үмітін артып, жаңа тірлікке көндіге бастады.

Ауғанстанға ауу: Әмудария мен шөптен ажал тапқандар

Осы екі жыл ішінде терістіктен көшіп келген, үйреніскен жұрттың қарасы қалыңдай түскен. 33 жылдары күз түсе Науаи уәлаятының райондарында желбіреген қызыл ту көбейе бастады. Осыдан әрі орыс қысымы күшейген тұста елдің бір бөлігі кеңесіп, тағы да көшуге бел буған. Большевикке соңғы бұзауыма дейін беріп қойып, қарап тұрар мен емес дейтіндер мен күйлі 500-ден аса түтін бас қосып, жолға қамданды. Тірлігінен өзгеге тігер артық тұяғы жоқ қазақ қалып қойды. Қазіргі Өзбекстанның Науаи облысына қарасты Тамды, Үшқұдық және Қанимех аудандары тұрғындарының 90 пайызы – сол қазақтар.

Буржуазияны жау тұтып, теперіш көрсеткен кеңестік биліктен ірге бөліп, бұрынғы кермек дәмі таныс, алды бұлыңғыр жол азабымен қайта жолықты.


Тәркілеу-қуғындау кезіндегі ауыл кеңесі

Тәркілеу-қуғындау кезіндегі ауыл кеңесі / Көрнекі сурет e-history.kz сайтынан алынған


Әмудария өткелінде де суға кеткендер болған. Тораңғыл алқаптан кәді-асқабақ талғажау етіп, жан сақтап қалған жұрттың ахуалы "шықпа, жаным, шықпа". Уқорғасын атанған бәрпі, батпақ қырықбуын, құм сүттігені, лаңса тамырларымен қоректенгендерден уланып өлгендері де бар.

Қара киік жылы, 35 жылдарға қарай аспандар мен адайлар, өзгелері 450-ден көп отбасы болып Ауғанстан үкіметінен пана, тірлікке жер сұрайды. Осы лағзын мүшелінде (көне түркі тілінде, "доңыз" мағ. – авт.) аман-сау жеттік деп, тәубе ишаратымен кейіпкеріміздің анасы Амангүл Боранбайқызы дүниеге келеді.

Жергілікті билік келімсек арзан жұмыс күші ретінде қазақтарды Пәкістан мен Ауғанстанның арасындағы Шахнозар каналын қазуға жібереді. Бөтен гео-экологиялық жағдайға жерсінбей, үйреніспей көз жұмғандар болды. Тіпті бір күні бірнеше жаназа қатар шығарылды. Ауыр хәлдегі қазақтар орайы келгенде басы ауған жаққа қаша бастады. Әркім әр жаққа. Он үй шығысқа, бес үй батысқа. Сондықтан бүгінгі Ауғанстандағы 150-дей қазақ (30 шақты отбасы – авт.) Құндыз провинциясында, Тахарда, Балх пен Бағланда шашыраңқы орналасқан.

Жарып ішерге асы, жаңалап киерге киімі болмаған жұпыны қазақтардың қазанға қойдың аяқ-сирағын қайнатқандағы ақ көбікті көрген ауғандар "адам жейді екен" деген сыпсыңынан болған текетірес. Ішінара түсінбестіктер. Әйтсе де Қотыр-сарайдағы қоныс та бейбіт тірлікпен баспана ретінде қадірі туа бастап еді.

Ауғандағы Ақсарай – өсіп-өнген қара шаңырақ

Молла Базар мен Ханшагүлдің отбасы Ауғанстан батыс уәлаяты, Иран шекарасы тұсындағы Гератқа келіп, орыс-иран қуғындауынан қашқан жаумет түркмендер жұртына орнығады.

Білімі мен діндарлығына тәнті болған дәулетті түркімендер Молла Базарды өз ортасына имам хатыбтық (молда – авт.) қызметке сайлап алады. Үй болысып, күйі түзелген соң, өзге қазақтармен қайта табыса бастайды. Біршама бейімделдім-ау дегенде қанатына алған түркімен разылығын алып, Ақ сарай мекеніне, қазақ ішіне көшіп келеді. Сөйтіп ол кәсіп игеріп, көпестермен келісіп Иранға қара елтірі өткізіп, істің көзін табады. Ал жалғыз ұлы Қожамұрат ел ішіндегі байларға кептірілген құрғақ жемісті жеткізіп берумен, Иран мен Пәкістанға пісте-мейіз, мәуе-шәуе экспорттаумен айналысады. Әкелі-балалылар тіпті Чехиядан Мушкет маркалы қару тасымалдап, мол табысқа кенеледі.


Мушкет мылтығы

Мушкет мылтығы / Көрнекі сурет yandex.ru сайтынан алынған


Шамамен 1962 жылдары Молла Базар ең алғашқы ұшақ рейсімен Меккеге қажылыққа аттанған. Қажылықтан оралған соң дүние ісінен баз кешіп, сауда-кәсіпті доғарып, қалған өмірін діни-рухани ізденіске біржола бағыштайды. Жылан жылы, 1965 жылы Молла Базар өзі көтерген Ақ сарайдағы шаңырағында дүниеден өтеді. Ұлы – мұсылманша сауаты бар Қожамұрат әкесінің іскерлігі мен таныс-білістерімен байланысын жалғастырады. Көптен күткен қуаныш. Көрмегені жоқ күрескер әулеттің көңілін шуаққа бөлеген хабар – жалғыз тұяқ Қожамұраттың Амангүлмен шаңырақ көтереді. Олардың Мұхаммед, Ысматұлла, Нұрарман мен Қажы Акбар атты ұлдары болады. Қожамұрат қолайы келгенде тұңғышы Мұхаммед Рафиғты жағрафия саласы бойынша Кабул университетіне үш қазақтың бірі ретінде оқытқан.

1972 жылы Қожамұрат Аюби анасы Амангүлмен жолшыбай Иран, Ирак және Сүрия арқылы қажылыққа аттанған сапарында, кенже ұлы Акбар дүниеге келеді. Сол себепті Қажы анықтауыш сөзі қосарланып аталған.

Бұдан соң бірнеше рет үйінің мүлкі тоналып, бұзақылар да бопсалаумен қару-жарақтарын тартып алады.

1979 жылы Ауғанстанға Кеңес әскері кіргізіліп, жас жігіттерді әскерге қайта-қайта шақырта берген соң, елдегі топалаң жағдайдан бас сауғалап, шалғайдағы Қазақстаннан "Шалқар" газетін алдырып тұратын Қожамұрат-Аманкүл шаңырағы 1981 жылдары Иранға қарай өтеді.

Гүлстандағы жалаң аяқ балалық шақ

Ирандағы тұрмыс хәлі өте мүшкіл. Бәрін қайта бастауға тура келеді. Гүлстан провинциясының орталығы Горган шаһарында үйелмелі қазақ ішіне қоныстанады. Жоғары білімді Мұхаммед Аюби 1985 жылы ауылдастарының қарсылығына қарамастан, әкесінің ақ батасымен халықаралық босқындар қауымдастығы арқылы Данияға қоныс аударуға мүмкіндік алады.

Әлеуметтік жағдайдың әлсіздігі себепті Қажы Акбар 14 жасына дейін мектеп табалдырығын аттап көрмеген. Таңнан кешке дейін 40 градус ыстықта жалаң аяқ қыш құйып, ұсақ-түйек саудамен айналысып, үй-ішіне қолғабыс болады.

Үш жылдан кейін, 1988 жылы 15 шамадан сәлем-сауқатпен келген ағасы Мұхаммед отбасының басқа мүшелерін де көшіріп әкетеді... Маңғыстау мен Ауған қазақтарының ағынынан құралған қазіргі Ирандағы қазақ диаспорасында 400-дей түтін бар.

Даниядағы жаңа өмір

Данияның Орхус қаласына көшіп келген қазақтардың қуанышы ерекше. Бейбіт әрі молшылық өмір. Оқу, баспана, жәрдемақы, әлеуметтік қолдау – үкімет тарапынан. Бұғанасы еңбекпен қатайған жасөспірім Акбар наубайханада 3 айдай тегін қол үйренгенше жұмыс жасап, алғаш рет 16 жасында бірден 8 сыныпқа барады. 9 жылдық мектептің тек бір жылында-ақ жас қазақ өзіне мүлдем бөтен география, химия, биология деген пәндерін зор ықыласпен жата-жастана меңгеріп, жыл соңында бәрін "жақсы" деген бағаға тапсырып шығады. Одан кейін туыстарының кеңесімен техникалық инженерия гимназиясына тапсырып, үш жыл электротехника саласы бойынша білім алады.

"Қазақ болса, ертіп кел"

1991 жылы жаз күндерінің бірінде Музыка музейінде Алтын адамның көрмесі болып жатқанын естіген әкесі Қожамұрат делегация ішінен "қазақ болса түрінен белгілі, ертіп кел" деп ұлын жұмсап жібереді. Ұлдың үлкені Мұхаммед аймақты аралап бір тоқты алып келіп, Амангүл бәйбіше қазан көтереді.

Музей маңынан азиаттық өңдегі кісі іздеп сарылып жүрген Акбар қалай табарын білмей таң. Әлден уақытта таяқ тастам тұста көлеңкедегі орындықта отырған ер адамға көзі түсіпті. Қос қасы қоп-қою қара, бидай реңді, көзі қысыңқы кесек тұлғалы... Біраз қарап тұрып, "Excuse me, what time is it?" дейді қапыда сасып не айтарын білмей. Отырған кісі де ақтара үңіліп "Өй, қазақпысың, мұнда қазақтар жоқ еді ғой" деп құшақтай жөнеледі. Сөйткен қонағы – қазақтың мүйізі қарағайдай тарихшы ғалымы, академик Манаш Қозыбаев екен.

Партия тыңшыларының көзіне түспес үшін екі айлық көрме барысында Манаш Қабашұлы мен Бекен Нұрмұқамбетұлы Қожамұрат үйіне жасырын қонақ болып кетіп жүреді. Сондағы Аюбилер ұрпағының атажұрт туралы аңсары алғаш естіген тарихи деректер, ғылыми пікірлермен күшейіп, ұлттық өзегі беки түскен. Қожамұрат ақсақал Манаш Қозыбаевқа елге қайтарда "мына Акбарға ел ішінен оқыған бір бұрымдыны қарай жүрсең" деп аманатын табыстайды.


Қажы Акбар Аюби

1994 жылдың жазында Арал теңізіне қатысты бір жобамен үш айға кеме-көлік арқылы 14 күн жүріп Алматыға келеді. Осы сапарда 9 кісі өзара бөлісіп алып келген бір қорап толы экономика-демография ілімдерінің заманауи оқулықтарын сол кездегі АГУ кітапханасына өткізеді.

Проректор өтінішімен шетелдік жаспен кездесу кеші өтіп, Акбар аудиториядағы қалың қаракөздің ішінен өз болашақ жарын жолықтырады.

Осылайша 3 айға деп жоспарланған сапар 2 жылға ұзарады. Жолдасы Назгүлдің оқуын аяқтағанын күтті. 1996 жылы Данияға қайта оралып, Орхус университетіне экономика магистрі дәрежесінде білім алады.

P.S.

Бүгінде Аюбилерден әулетінен тараған 15-ке жуық отбасы Данияның әр аймағында өмір сүреді. Аюбилердің қыбыласы – жасы 80-нен асқан Амангүл Боранбайқызы әжей. Данияда жетілген жаңа буынның бәрі дерлік жоғары білім алған. Әрқайсы өз саласы бойынша маман атанып, қоғамнан орнын тапқан. Елдің ең ірі, танымал компаниялары мен мемлекеттік мекемелерінде еңбек етіп келеді. Қожамұрат балаларының алды ата-әже атанып үлгерген.

Акбар Аюби жолдасы Назгүлмен бірге өнер десе ішкен асын жерге қоятын Даниял мен Кәмила есімді екі перзент тәрбиелеп отыр.

Еуропа қазақтарының ана тілді меңгеруі әсіресе кейінгі жастар арасында күрделі мәселеге айналған. Тоғыз жыл Ауғанстанда, жеті жыл Иранда, екі жыл Қазақстанда болып, қазір Данияда өмір сүріп жатқан Қажы Акбар Аюби қайткенде де келешек үшін алаңдайтынын жасырмайды. Даниядағы қазақ мәдени қоғамын көп жылдар бойы басқарған Қажы Акбардың айтуынша, Еуропа қазақтары Құрбан айт, Ораза айт, Наурыз мейрамдарында дәстүрлі түрде үзбей арнайы жиналады. Ол мұндай басқосулардың қазақтардың арасында тығыз байланыс орнап, ауызбіршілік артып, елден жырақта балаларының жат болып кетпей, салт-дәстүрді сақтасын деген ниеттен туғанын айтады.


Қажы Акбар мен Назгүл балаларымен

Қажы Акбар мен Назгүл балаларымен / Сурет кейіпкердің жеке отбасылық мұрағатынан алынған


Қажы Акбар Аюби атамекені Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктерінің зор екенін, оның гүлденіп, өсуіне мүдделі екенін үнемі әлеуметтік желідегі парақшасында сарапшылық пікірлері мен мақалалары арқылы білдіріп отырады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары