Тікелей эфир

Covid-19: Қазақстандағы жағдай қайтсе тұрақталады? Cараптама

Сурет depositphotos.com cайтынан алынды
Сурет depositphotos.com cайтынан алынды
Сарапшылар Нұр-Cұлтан және Алматы қалаларында жағдай тұрақталғанымен, өзге аймақтарда халық әлі де көмекке зәру деген пікірде.

Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Коронавирусты енді мал дәрігерлері емдей ме?

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой зерттеу диагностикасын күшейтуге тапсырма берген. Бірақ, емдеу процесіне мал дәрігерлері араласпайды.

"Қазір ауыл шаруашылығы министрлігінде бос тұрған аспаптар, ПТР-сынамалары бар. Аудан орталықтарында, шағын елдімекендерде зертханалар жоқ болғандықтан, министр бос тұрған аспаптар мен білікті мамандардың потенциалын қолдануға шешім шығарды. Мал дәрігерлері өз ісімен айналысады, олардың адам емдеуге арнайы сертификаты жоқ. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпарат өтірік, оған сенбеңіздер", – деді Жандарбек Бекшин.

"Сұңқар" медицина орталығының басшысы Қуаныш Керімқұловтың пікірінше, ветеринарлық зертхана мамандарының біліктілігі өте жоғары. Сондықтан, халықтың бұл зертханаларға сенімсіздікпен қарауына еш негіз жоқ.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың білім беруге әсерін Қазақстан экономикасы ондаған жылдар бойы сезінеді

5 тегін дәрі қалай беріледі?

Жандарбек Бекшин бұл дәрілерді емхана қызметкерлері симптомсыз ауырып жатқан науқастардың үйіне әкеп беруі керек десе, Қуаныш Керімқұлов "дәрігердің негізгі ісі дәрі тасу емес, адам емдеу" деп есептейді.

"Науқас дәріхана мен ауруханаларды жағалап, дәрі іздеп жүргенде вирусты қаншама адамға жұқтырады. Одан да емханадағы учаскелік дәрігер науқастың үйіне дәрі әкеліп, шағымын тыңдағаны дұрыс. Қазір көптеген адамдар үйде отырып, өзін-өзі емдеумен айналысып жатыр. Дәрігерлер осы емнің дұрыс-бұрыстығын айтып, бағыт береді", – деді Жандарбек Бекшин.

Оқи отырыңыз: Алексей Цой: Covid-19 жұқтырған қазақстандықтар тағы 5 дәріні тегін ала алады

Дәрігер-нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев бас санитардың пікірімен келіседі:

"5 тегін дәріні әрбір науқасқа арнайы пакетке салып беруге болады. Біздің ауруханамызда бір жылдан бері "орталықтандырылған дәріхана" деген қызмет іске қосылды. Дәрігер дәрі тағайындайды, сосын оны "орталықтандырылған дәріхана" пакетке салып, науқасқа әкеп береді. Осындай қызметті әрбір емханада іске қосуға болады деп ойлаймын. Ол соншалықты қиын шаруа емес".

Өңірлердегі халық қарапайым парацетамол таппай отыр

Пандемия кезінде 500 мың теңгеге халыққа дәрі-дәрмек таратқан тележүргізуші Жанат Бақыт Нұр-Cұлтан және Алматы қалаларында жағдай тұрақталғанымен, өзге аймақтарда халық әлі де көмекке зәру екенін айтады:

"Қазірдің өзінде маған қаншама адам көмек сұрап хат жазып жатыр. Мысалы, Нарынқолда, Семейде парацетамол жоқ дейді. Ақтау, Атыраудың халқы қарапайым шприц таба алмай отыр. Наурыз-cәуір айларында үйден шықпай отырдық. Үкімет неге сол кезде жағдайды түзеуге тырыспады? Неге қазір халық дәрі іздеп сабылып жүр? Осы сұраққа кім жауап береді? Менің туған ағам ауырған кезде қаланы шарлап, кәдімгі парацетамолды таппадық. "Жедел жәрдемге" салып, ауруханаға апарғанымызда, 10 аурухананың біреуі есігін ашпады. Орын жоқ дейді. Жап-жас жігіт төрт-ақ күн ауырып, қайтыс болып кетті. Әншейінде бағасы 2600 теңге тұратын "Дексаметазон" 50 мың теңгеден сатылды. Біз соны сатып алуға мәжбүр болдық".

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі: Вакцина табылса, оны Қазақстанның ертерек алуы үшін келіссөз жүргізудеміз

Жанат Бақыт қоғам белсенділері халықтан ақша жинап, 5 мың оттегі концентратын сатып алғанын хабарлады. Оның мың данасы елге жеткізілген болса, қалған 4 мың аппарат енді таратылады.

"Денсаулық сақтау министрлігі осы аппараттардың елге жеткізілуіне көмек жасады. Сол үшін алғыс айтамыз. Дегенмен, біз енді сол құралдардың діттеген жеріне жетуін қадағалаймыз. Себебі, халықта сенім жоқ. Дәрісін де, оттегі аппаратын да өзі сатып алып, өзін-өзі емдеп жатыр. Үкімет бөлген миллиардтаған ақша қайда кетіп жатқанын білмеймін. Үлкен-үлкен базарлар әлі де жұмыс істеп тұр, іші құжынаған адам. Карантин кезінде неге сондай адам көп жиналатын жерлер жабылмады?" – деді тележүргізуші.

Жандарбек Бекшин карантин кезінде жабық базарлар жабылғанымен, ашық аспан астындағы базарлар мен сауда орталықтары жұмыс істей беретінін айтты:

"Біз базарлар мен дүкендерді түгел жауып тастай алмаймыз. Себебі, халыққа тамақ керек. Ашық алаңда орналасқан базарлар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, кафе, мейрамханаларда даладағы террасада 30 адамға дейін отыруына рұқсат бердік".

Оқи отырыңыз: Онлайн құрбан шалу, айт намазы мен дастарханы. Карантин кезінде құрбан айт мерекесі қалай өтеді?

Әділдікті өзімізден бастайық

Бағдарлама соңында Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ел тұрғындарын алда келе жатқан Құрбан айт мерекесінде сақтық шараларын барынша сақтауға шақырды:

"Мереке кезінде адамдардың көп шоғырланбағаны дұрыс. Алматылықтарға да, діни қызметкерлерге де айтарым, Құрбан айт кезінде әрдайым қолға қолғап киіп, антисептик қолданып жүріңіздер! Адамдардың тәртіпті сақтамауы, бір жерде көптеп жиналуының арты қаншама шығынға әкеледі".

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов "шілде айында жарияланған екінші карантинді халық өз қолымен жасады" дейді:

"Қазірге дейін дүниежүзіндегі 40 елдің халқының 90 пайыздан астамы коронавирустан емделіп шықты. Ал, біз, азғантай ғана халық ауырып, шашылып қалдық. Мұның бәрі – жауапкершіліктің төмендігінен. Карантин талаптары жеңілдетіліп еді, бірден той жасап, бәріміз құшақтасып, көшеге шығып кеттік. Алдағы уақытта пандемияның екінші толқынының болу-болмауы халықтың өзіне байланысты".

Ал, Жанат Бақыт тұрғындарға "адалдық, әділдікті өзімізден бастайық" деп өтініш жасады:

"Карантин кезінде халық арасында біресе зімбірдің бағасын, біресе саумалдың бағасын қымбаттатқан жандар кездесті. Әншейінде 2 600 теңге тұратын дәрінің бағасын пәлен есе көтеріп сатқан адамдар да жетерлік. Осындай қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге көмектескеніміз дұрыс. Әділдік пен адалдықты айналамыздан талап ете бергенше, өзіміз де сондай болуға тырысайық!"

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары